Адай арғымақтары. Балуанияздың Құласы
… Бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз жылқы туралы. Жылқы болғанда да Балуанияздың Құласы туралы!
Бұл уақиғаның 1856 жылдың жазында болғандығы бiзге тасқа басылған тарихтан белгiлi. Ал аңызға айналып кеткен, Балуанияз Құласының түрiкмендер қолына түсiп, бiр жылдай тұтқын болып, ақыры қашып құтылып, мыңдаған шақырым шөл даланы кесiп өтiп, қожасының – оқ тиiп өзiнiң үстiнен ауып түскен жерiне жетiп жығылып, дәл сол жерде жан тәсiлiм еткенi туралы болған уақиғаны естiмеген бүкiл Маңғыстаудан тiрi жан таба алмассыз. Бiрақ сол бiр жыл iшiнде Құла ат басынан қандай уақиғалар өттi, қандай азаптар шектi, оны көпшiлiк бiле бермейдi. Бұл әңгiме сол туралы.
Балуанияздың мерт болғанына да жыл толыпты.
Батырға ас берудi оның соңғы демi үзiлген, жау оғынан мерт болып, қасиеттi қаны төгiлген жер – Қараған-Босағада жыл садақасын таратудан бастаған дұрыс деп шештi, ақсақалдар.
Жер арасы шалғай болса да Қараған-Босаға басына ел мол жиналыпты. Дәл бiр жыл бұрын ел шетiне жау тигенiн естiгенде, асығыс:
– Ал, кеттiк! – деп, өздерiнен сан есе көп Хиуа әскерiнiң соңынан ойланбастан алпыс кiсiмен, алпыс кiсi емес алпыс арыстанмен ұран сала ұмтылған Балуанияз, өзiнен бес-алты есе көп жауды тас-талқанын шығара жеңедi. Жауларының тiрi қалғандары қаруларын тастап аттан түсе бастағанда, астындағы тұлпарына сенiмдi бiреуi жырыла жөнеледi. Балуанияз дәл осы жерде дұшпанын қуып жеткенде, құмалақтай қорғасыннан ажалын табады.
Мiне, қалың ел – Балуанияздың қаны тамған, бiр жыл бұрын жүздеген қыз-келiншектiң, бастарына түскен құлдық ноқталары сыпырылған осы жерге мiнәжат ете келiп, көз көрмеген, құлақ естiмеген ғажайыпқа кездесiп отыр. Өз көзiңмен көрсең де сенбестей, өз құлаңыңмен естiсең де нанбастай уақиға. Ел – Балуанияздың құлаған жерiне қойылған белгi тасқа тұмсығын тiреп, терiсi – iрелмей жатып тулаққа айналған, өзi – жаны шықпай жатып аруаққа айналған, бар тiршiлiгiнде бiр жұтым су iшпегендей, бiр оттам шөп аузына салмағандай боп арып-ашыған Балуанияздың Құласының үстiнен шығады. Оның осы жерге, Қожасының өзiнiң үстiнен ауып түсiп қаны төгiлген жерге, қашан жеткенiн ешкiм бiлмейдi. Құла жұрттың жиналатынын бiлгендей, бәрiнiң келiп болуын күтiп тұрғандай, ел жиналып болған соң басын сәл көтерiп, елiмен, жерiмен қоштасқандай жан-жағына көз тастайды да, соңғы күшiн жинап бiр кiсiнеп құлап түседi.
Осылай аяқталған Құла ат хикаясы былай басталған-ды.
Құла биыл қожасына өкпелi болатын. Өсе бастаған тұяғының қышуын қандыра, қоюлана бастаған қанын қыздыра маң даланы бiр көсiлтпегенi. Жалын тарап арулап, сауырын сыйпап жабулап тойға да мiнбедi. Құлағын да қасымады, құйрығын да өрмедi. Тұла бойында ширықпаған бiрде бiр мүше, тарамаған бiрде бiр түйткiл қалмайтындай етiп сылап-сипап баптайтын сейiс қолына тапсырып, бәйгiге де қоспады.
Бұ күндерi бұлшық еттерi мен сiңiрлерiн май баса бастаған Құла, өз денесiн өзi жатырқағандай, өзiн-өзi жатсынғандай күйде болатын. Тұла бойын шымырлата шарлап өтетiн қожасының:
– Қанатым менiң! Тұлпарым менiң! Құла атым менiң! – деп емiрене тұмсығынан сүйетiн сәттерiн сағынғанда: «Қайдасың, Қожайыным!» – дегендей, иен даланы сағынышқа толтыра, кiсiнеп жiберетiн.
Құла шөп шалуын тоқтатып, иесiмен соңғы қоштасқан жаққа қарап, ойға берiлiп кеттi.
«Осы төбенiң күнгей бетiнiң шөбiн таусып шығуды мiндетiме алғандай-ақ, оттаудан басымды алмай, бәрiн ұмытыппын. Мен еске алмасам ол да алмайтын болар, мен ұмытсам ол да ұмытатын болар…»
Құла өзiнiң мына ойынан шошып кеттi.
Тыпыршып, найзаның ұшындай қамыс құлақтарын тiп-тiк көкке шанша басын әнтек жоғары көтердi де, өз ойын өзi қостағандай, «әрине солай, әрине солай» дегендей шұлғып-шұлғып жiберiп, жiберген қатесiнiң өшiн жерден алғандай, жердi қорс қылып, алдыңғы аяқтарымен тарпынып, тарпынып алды.
Әйтпесе, Қожасы бұрын мұнсыз аттап аяқ басатын ба едi? Бұл қарын қамын қамдап, оны ұмытқан екен. Бұл ұмытса о да ұмытады.
«Қап, әттеген-ай!» – дегiзген, iштен ышқына шыққан өкiнiштi шер дыбысқа айналып, өзiнiң шырқырай кiсiнеп жiбергенiн байқамай да қалды.
«Менiң есiме түстi, ендi мен де оның есiне түсермiн!».
Өзiнiң мына ойы ет пен қаннан жаратылған денесi түгiл қылдан өрiлген құйрығы мен мүйiзден құйылған тұяғын да қуанышты сезiмге бөлеп жiберген едi. Оны сол сезiмдер көтерiп бара жатты. Ол әуелi мойынын созып басын оқшырайтты. Сосын түп-түзу ғып құйрығын ұзарта созып жiберiп, серiппедей ширатылып бара жатқан бұлшық еттерiнiң күшiне шыдай алмай тұрған жерiнен секiрiп кеттi. Сол сол-ақ екен, ен дала төсi дүбiрге толып жүре бердi. Өзi күтiмдi кезiнде, жалы тараулы кезiнде қарсы соққан желден қос қарыстай боп тiкiрейiп құлақ түбiнен суылдаған әдемi дыбыс шығарып тұратын жалы, ендi ошаған мен қарiқыз тiкендерiнен ауыр тартып көтерiле қоймады. Құла, сендердi қалайда тiкелерiңнен тiк тұрғызамын, дегендей ерегесе, екiлене жосылды. Жер таңдамады. Сай кездессе секiрiп өтiп, жар кездессе қарғып өтiп, мынау иен даланың сәнiн келтiре алатын да, оның тылсым тыныштығын бұза алатын да өзi екенiн дәлелдеп бара жатты.
Ол, осылайша ойнақтап жүрiп, төбе басында тұрған жылқышылардың өзi туралы не айтып тұрғандарын естiген де жоқ едi.
– Жарықтық, ана Құлаға не көрiнген?
– Ол тегiннен тегiн бұлай етпесе керек едi.
– Балуанияз батыр не жол жүргелi, не жорыққа аттанғалы жатқан болар ма?
– Балуанияз алыс сапарға шығарда Құланы баптап, таң асырып жатпайды дейдi ғой. Келедi екен де мiнiп жүре бередi екен. Құланың қасиеттiлiгi соншалық, бiр-екi күн осылай шауып, өзiн-өзi дайындап терiн де өзi алады екен, бабын да өзi табады екен.
– Құланың мына шабысы тегiн емес. Қара да тұр, бүгiн кеште, не ертең тәңертең келiп Құланы алып кететiн болар.
Құла – құлатүздi дүбiрге толтыра, аумақты ойды бiр-екi айналып алып, ендi үйiр-үйiр жылқылар жатқан төбе бауырына қарай екпiнiн бәсеңдетпестен ағызып келе жатыр.
«Бұл үйiрдiң қожасы менмiн! Аулақ кет!» – дегендей боп, алдынан қоқаңдай шауып шыққан айғырдың қасынан сәл қиыс өте шыққан Құла дөң басына көтерiле бере кiлт тоқтаған едi.
Денесiнiң құрыс-тырысы жазылып қалыпты. Тұлабойы бiр шама ащы терден де тазарған секiлдi. «Ертең мына ойды тағы бiр-екi айналып шықсам, қандай сапарға аттанса да Қожамды ұятқа қалдыра қоймаспын».
Ертесiне сәске түсте асығыс жеткен бес-алты кiсi саяқ аттарды ауылға қарай дүркiрете қуған едi. Бәрiнен озық келген Құла Балуанияз отырған үй сыртына жетiп: «Неге менi қарсы алмайсың? Сағынып келдiм!» – дегендей оқыранып, тұяқтарымен жердi осып-осып жiбердi.
Қара жер қозғалмай қозғалмайтын Балуаниязды мына дыбыс ұшырып әкеткендей едi. Қолындағы қымыз толы кесенi төге-мөге жерге қоя салып, далаға атып шықты да, басын еңкейтiп мойнын соза берген Құланы құшақтай:
– Қанатым менiң! – дедi. – Тұлпарым менiң! Құла атым менiң!
Жайбарақат отырғандай болып көрiнген ауыл тiрлiгi өзгерiп сала бердi.
Жан-жақ ызы-қиқы. Бұғалық тастап, құрық салып жүрген ептiлер. Ат ұстап, ат ерттеп жатқан адамдар. Қол жайып, Құдайдан оң сапар тiлеп жатқан үлкендер. Ерлерi мен ұлдарын өлiм сапарына қия алмай жаны қиналған жұбайлар мен аналар. Мынадай ызы- қиқыдан жүректерiне қорқыныш кiрген балалар.
Дайындық жұмыстары да аяқталып болды. Алпыс сарбаз сардарын күтiп ат үстiнде сап түзеп тұр. Ақiреттiк сапарға тең бұл жорық қаншалықты қатерлi болса, өз қолдарымен өлiм жолына шығарып салып тұрған ел-жұрты соншалықты сабырлы едi.
Балуанияз батыр Қыбыла жаққа қарап, қолын жоғары көтердi де бәрi еститiндей зор дауыспен:
– Ей, Алла тағала! Күшi басым жауға өзiңнiң әдiлеттiлiгiңе сенгендiктен аттанып барамыз! Жолымызды оңғара көр! – деп бетiн сыйпады.
– Ал, кеттiк!
Құла бәрiн де түсiндi. Қожасының даусындағы екiлене шыққан қуат толы екпiн, ара-арасында Алласынан медет тiлеген уайым, дiрiлi сезiлген әлсiз тыныс – оған бұл сапардың барлық сырын ашып берген-дi.
Сол сәттен бастап жорыққа аттанғандар атқа да, адамға да тынысы мол шоқырақ шабыстан тынбастан күн қызылын семдiре аз ғана дамыл алған.
Әрқайсысы өз қоржындырынан алған бiр-екi бiлем құйрық майды турамай қылғытып, артынан ауыздарына құрт салып талмап сәл тыныстап жатқан түсi суық мынау жандарға қарап, Құла ат алда бiр пәленiң, зор пәленiң күтiп тұрғанын анық сезiп, тұла бойы дiр ете қалды да, Қожасына көз тастады.
Балуанияз – сарбаздарына болашақ ұрыс тәсiлiн ежiктеп, оларды он-оннан бөлiп, қайта-қайта қайталап, бiр нәрселердi түсiндiрiп жатты. Кейбiр жас жiгiттерге егделеулерi ат үстiнен қылыштасу сабақтарын жүргiзiп жатыр. Бiрнеше пысық жiгiтке қосақ ат берiп iлгерi шаптырды. Негiзгi жасақ жауға арттан тиiскенде олар екi қапталдан, Қараған-Босағаның адырларынан, шаңдата жылқы қууға тиiс болды.
Барымтадан түскен сан мыңдаған малды шашау шығармай шаңға тұншықтыра, мына сайы мен саласы көп, адыры мен төбесi мол қауiптi жерден кеңге шығарып кетуге жанталасқан жәумiттер адамдарға да қатал қарап келе жатыр едi. Алғашқы кездескен сайға айдаушының көзiн ала жалт бұрылған жап-жас қыздың көйлегi өткiр қамшының пышақтай жүзiнен дал-дұл боп қалды. Кеше ғана өз аулының не бiр айбары асқан, не бiр байлығы тасқан жiгiттерi жүзiне тура қарауға жасқанатын бұл арулар – бiз бiр елдiң ажары мен абыройы едiк деп, нұр жүздерiнен айнаға қарап қуаныш табатын едi. Ендi, бiр-ақ күнде, асқақ кеуде, адуын мiнез алпамсадай азаматтар түгiл, сол қасиеттi жер топырағынан жаралған қойшы-қойманшының өзiне зар боларлық – жалаң аяқ, жыртық балақ күңге айналып шыға келiптi.
Мал мен жанды шұбырта айдаған жүрiсi жәй, бiрақ тынымсыз жылжып бара жатқан күшi басым жауды Үстүрт дөңiне шығып кеткесiн аз адаммен ала алмайсың. Бұларды қуғыншылар өздерiнiң ұрыс салуға ең соңғы ыңғайлы жерi – Қараған-Босағада қуып жеттi.
Алла сәтiн салып Балуанияздың барлық ойлаған ойы iске асты. Жаудың үш жағынан бiрдей шаң көрiндi. Соңғысы бұрын жетiп килiккенде, түрiкмендер бұрын соғысып көрмеген ұрыс тәсiлiмен, үстерiнен қаптаған селдей өте шығып, содан жалт бұрылып қайта қаптағанда, бiразы баудай қырқылып түсiп жатты. Оның үстiне бұлар мен қоса жауларына үрей атты дұшпаны да бiрге араласқан едi.
Астындағы қашаған қуатын атын тақымымен басқарып, екi қолындағы екi қылышын бала қолындағы зырылдауықтай айналдырған дәу жылқышының бүкiл шатқалға симаған даусы да жаудың құтын қашырып бара жатты. Оның:
– Жандарыңды сақтаңдар! Аттан түсiңдер! Ат бауырына тығылыңдар! – деп, жалықпай салған айқайы, қылыштасқан алпыс кiсiден кем еңбек сiңiрмедi.
Алғашқы сәтте бiраз қидаласқан дұшпан жәумiттер, қос бүйiрден қалың қол тақалған сайын, берекелерi кетiп, бiр-бiрлеп түсе қалып аттарының бауырына бүрiсе тығылып, берiле бастады.
Ендiгi бiр сәтте ұрыс та аяқталып қалған болатын.
Балуанияз бойын қуаныш сезiмi билеп бара жатты. Оның көкiрегiн: «Бiр де бiрi тiрi құтылмады!» – деген, мақтаныш сезiмi кернеп, сол сезiм тұлабойын жанға жайлы ем инемен түгел шабақтап өте шықты. Қараусыз қалып, төбе басына ұйлығып, болып жатқан ұрысты бақылап, бұлардың тiлегiн тiлеп, Алласына жалбарынып жатқан қыз-келiнiндерiне көзi түскенде, батырдың маңындағы бар тiршiлiктi тұман басып жүре берген едi.
Кенет Балуанияздың құлағына:
– Кеттi, кеттi! – деген екi ауыз сөз жеткенде, тап кәзiргi бастан кешiп тұрған барлық қуанышын бiреу сол сөз желiмен ұшырып жiбергендей әсер еткен-дi.
– Кетерсiң атаңның басын! Құланың қуаты бойында тұрғанда сен жәумiттi сақалыңнан сүйреп әкелермiн, бұл араға!
Бұл сөз қым-қуыт, ала-сапыран, ызы-қиқы, шым-шытырық түсiнiксiз замандағы, оның ерлiкке толы өмiрiндегi аузынан шыққан соңғы сөзi болды.
Кетiп бара жатқан жауды көзiмен ұзатып тұрған Құла қожасы тақымын қысар-қыспастан-ақ ойын бiрден түсiндi.
Қашқынның қолы жаралы болу керек. Ұрыс басталар-басталмаста ол бұларға қарсы келген. Оң қолдарындағы қылыштарын ту ғып көтерген екi батыр бiр-бiрiнен маңдайларын аудармай тұп-тура қарсы шауып келе жатты. Бұйрық күтiп сақ шауып келе жатқан Құла оң жақ қапталын Қожасының оң жақ тiзесiнiң қыса түскенiнен тез жау атының мiнер жағынан өтуi қажет екенiн түсiндi. Бұ да оңға ауыса бердi, Қожасы да қылышын оң қолдан сол қолға алмастырып үлгердi. Бұндай кезде жаудың не қолы кететiнiн, не басы кететiнiн бұл талай көрген. Бұл жолы да солай болған. Жау қылышы күнге жарқырап ұшып бара жатты.
Құла ентiкпей, демiкпей жауларын еркiн қуып жеткенiне әбден риза. Ендi Қожасының тақымымен жетер бұйрығын күтiп жау торысының құйрығымен тiстесiп келе жатыр. Жау қолында қауқар қылар қару байқалмайды. Найза да көрiнбейдi, қылыш та жоқ тәрiздi. Қожасы жауына арқан лақтырса осылай артында лесiп отырғаны дұрыс. Қылыш суырса жауды Қожаның қылыш ұстаған қолына шығару керек. Бiрақ Қожасы қылыш та суырмады, арқан да лақтырмады. Ақыры Құланың күткен сәтi де жеткен едi. Қожасы сол тiзесiмен сол жақ қабырғасына белгi бергенде Құла да серiппедей атылып бiрден жау тұлпарымен бүйiр тиiстiре қапталдаса бердi.
Қожасы жауын қолмен аударып тастағысы келген болар.
Дәл сол кезде алтыатар мылтықтың киiм iшiнен атылғаннан булыға, «тыңқ» ете қалған, даусы шықты да Қожасы үстiнен аударылып бара жатты. Құла керi қайтпақ болып басын бұра берiп едi, ноқтасы жау қолында екен, тiптi артына мойын бұрып дұрыстап қарап та үлгермедi. Бiрақ, көзi бiр-ақ шалып қалса да, ол жер оның жанарына ендi ешқашан өшпестей таңба боп түсiп қалған едi.
Мiне, содан берi жылға жуық уақыт өтiптi.
Төрт ұзын саусақтары молақ болып қалған түрiкмен бұны көндiре алмай торығып, ат қылып мiне алмайтынына көзi жеткесiн, басқа бiреуге сатып жiберген едi.
Жаңа жерде Құла өзiнiң қатiгез-тоңмойын, сезiмсiз-надан жан қолына түскенiн жанымен де, тәнiмен де сезе бастады. Молақ қол түрiкмен қолында жүргенде арманы қашып құтылу болып, ретi келдi-ау деген сәттiң бiрiн де жiбермей сытыла қашып, бiрде шылбыры бұтаға оралып ұсталса, бiрде жүгенi аяғына iлiнiп қолға түсетiн. Молақтың қолында жүрiп жерi мен қожасын сағынғаннан туған жан азабын кешушi едi.
Ендi бұның шылбырына «тышқан көз» иелiк еткелi, жан жарасына тән азабы қосылды. Әр үстiне отырғызған кiсiсi ұшып түскен сайын төрт аяғын буып тастап, шырқырата қызған темiр басатын. Бiраздан соң бұның тұла бойында қылшығы бар темiр басарлық жер де қалмауға айналды.
Құланың ендiгi арманы өлу болғандай, нәр сызбай қалды. Әбден арықтап, қашу түгiл өз аяғын көтерiп жүруге күшi жетпейтiндей қалге жеткен Құлаға ендi «тышқан көз» де назар аударуды доғарған-ды. Құла ауыл шетiнде қараусыз қалған бiр-екi күндiк бас бостандығын дұрыс пайдаланды да, бiр түнде: «Қайдасың туған жер!» – деп, тартып кеттi.
Ұлы Табиғаттың нұсқауымен жол тауып, Ұлы Құдiреттiң қамқоршылығымен от оттап, аспаны сыйлаған аз ғана ылғалмен шөл басып, ең төте, ең қысқа, ең тура жолмен iздеген жерiн тауып жеткен- дi.
Баяғы көз алдындағы сурет сол күйiнде сақталыпты. Тек қана Қожасының құлаған жерiне бұның омырауына жетер тас шаншыпты. Барлық арманы орындалған Құла тасқа басын сүйеген бойда қалғып кеткен екен. Қанша тұрғаны есiнде жоқ. Маңайына жинала бастаған адамдар даусынан оянып кеттi.
Бәрi де жақын келiп көрiп жатыр. Қатiгездiк сезiм iзгiлiк сезiмнен кiсiлiкке бiр табан жақындата түсетiндей-ақ, бәрi де аяушылық сезiмi туғызған тамшы жастарын бiр-бiрiнен жасырып, ығысып бара жатты.
Жақын келгендердiң бәрi де iшектерiн тарта бiр ышқынып, тезiрек шегiнiп кетiп жатыр.
Бiр де бiр адамның бұның жалын сыйпап құлағын қасуға, жылы сөз айтып қолын тигiзуге батылы бармады. Жақындық бiлдiрiп бiр сипап өтерлiк тұлабойында бiр шөкiм жүнi қалмаған, аяушылық сездiрiп алақан тигiзерлiк қызған темiр басылмаған бiр жапырақ терiсi қалмаған Құла денесiне, сезiмнен құралақан бiреу болмаса, қол тигiзу де мүмкiн емес едi.
Қайратының кемiп бара жатқанын байқаған Құла, ақыл тұнған жанарымен жан-жағын бiр шолып өтiп, зорлана бiр кiсiнедi.
Соңғы шығарған дыбысы бар күшiн бiрге ала кеткендей көзi тұманданып, басы айналып бара жатты.
Дегенiне жеткен, арманы орындалған Құла Қожасының алдындағы соңғы мiндетiн орындағанына көзi жеткен кезде бұ жалғанмен өкiнiшсiз қоштасып, мәңгiлiкке аттанып жүре бердi.
Құла ат – Балуанияз Құласы сол жерге жерлендi.
Сол күннен бастап Маңғыстаудың Ойында «Тұлпар Басы» атты жаңа жер атауы да пайда болған едi.
Ақтау. 15.10.2000 жыл.