Астаналық көкпаршы 100 жаңа есім қатарына енді

2611

Бүгін Астанадағы Қазмедиа орталығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарымен кездесті.

2018 жылдың қыркүйек айында елімізде «100 жаңа есім» республикалық жобасының екінші маусымы басталған болатын.

«100 жаңа есім» жобасы Қазақстанда ерекше талантты және тұлғалық сипатқа ие адамдарды анықтап, танытуға бағытталған. Аталған жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, өз дара жолы өзгеге үлгі болатын адамдарға арналған.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жобаның бұл жолғы ерекшеліктеріне келсек, үміткердің өзін ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға рұқсат етілді. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне басымдық берілді. Сол сияқты алғашқы жобаның іріктеу кезеңінен өтпей қалған үміткерлерге осы жолы тағы да қатысу құқығы берілді.

Өтінім 2018 жылғы қазанның ортасына дейін 100esim.el.kz сайты арқылы қабылданды, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс берумен жалғасты.

«100 жаңа есім» жобасының жаңа маусымында үміткерді таңдауда қойылған басты талап, ол адамның тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосуы болды. Үміткерлерді анықтауда әділ қазылар алқасы болған жоқ, лайықты деген азаматты халық дауыс беру арқылы өзі таңдады.

Биылғы жылы «100 жаңа есім» иегерлері небары 29 адам. Солардың бірі Астанада туып-өскен, қазіргі таңда маңғыстаулық «Бекет ата» командасында өнер көрсетіп жүрген көкпаршы Александр Пупенко.

Ол Астана қаласының маңындағы Үшхоз ауылында дүниеге келген. Бала кезінен жылқыға жаны құмар Александр ауылдағы «Құлагер» ат спорт клубына барып, атпен шабуды үйреніп, 9 жасында көпшілік алдына шығып, өнер көрсете бастайды. Ал 14 жасында көкпармен кәсіби түрде шұғылданады. 16 жасқа келгенде Астана сапына алынып, жарыстарға шыққан. Қазақстанның жастар чемпионатында Пупенконың командасы қола жүлдеге қол жеткізеді. Бір жыл өткен соң, астаналық өрендер күміс алса, тіпті бір жылды араға салып, чемпион атанған. Ал Александр Пупенко 44 салым салып, үздік сұрмерген болды.

Ал 2017 жылы аталған жобаға 2 мыңнан аса өтінім қабылданған болатын. Оның ішінде 302 үміткер іріктеу кезеңінен өтіп, 102 үміткер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған еді.

Бұған дейін Сашаның 100 жаңа есімге қатысқаны туралы жазған болатынбыз.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!