Қазағуар Доич немесе Торы мен Көкқасқа

1069

Совет Одағындағы халықтарды тасқаяқтай қағыстырған қызылкөз Хрущевтің қаскөй пәрменінің ызғарын бала болсақ та біз де сездік, шет жағасын көрдік те.

Қиыр Оңтүстіктегі, Мырзаның Даласындағы қойындаса жатқан үш аудан – Мақтарал, Киров, Жетісай аталатын. Халқы ерекше еңбекқор еді. Диханшылықта да, мал шаруасында да алдына қара салмайтындардың сойынан болатын.

Егінде жылына бір жерден бір өнім алса, «Биыл өнімнің мазасы болмады», ал екі рет өнім алса, «биыл – өнім алдық», егер үш рет өнім алса, «биыл жақсы болды» дейтін де – осы аймақтың қазақтары ғой.

Ал малды күтіп-баптауда, жылқының неше атасын өсіріп, көкпардың даңқын алысқа шырқатқан да, қазақы қой өсіріп, жан-жағына таратқан да – осы береке дарыған өңірден еді.

Сөйтіп жүргенде әлгі Хрущевтің тұтас өңірді Өзбекстанға қосқаны аздай, енді жер он бес сотықтан аспасын, мал – бір ірі қара, бес қойдан аспасын, ал түйе, жылқы, есек ауыл шаруашылығына түкке де керегі жоқ деген ыңғайы байқалды.

«Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» дейтін әлімсақтан қалыптасқан жанысірі қағидамен ғана тірлік кешетін опасыз дүние қайтадан қусырыла бастады. Оның үстіне, анау-мынау бай емес, аузы түкті кәпірдің (жергілікті ақсақалдар сөзі) пәрмені. Ығына жығылмай көр! Қоңыз теруге де шамаң келмей қалар.

Осы пәрменге мойынсұнбаған бүкіл аудан бойынша екі адам болды. Бірі – менің көкем Момбек, екіншісі – Кенжебек шабандоз. Орнына басқа мал өткізді және бірнеше реттен, ал талай жылқыны алыстағы құм ішіне жасырды, солары үшін тіпті аудандық ақтару комитетінің адамдары қастарына қызыл жағалыларды ерте келіп, ауданға – Кировке (Бағара) алып кетті. Көкем де, Кенжебек те не айтқандарын өздері біледі, сол машинамен ұзатпай қайта әкелді.

Арада екі жыл өткенде, баяғы аудандық атқару комитетінің бастығы тағы келді. Бұл жолы қасында қызыл жағалылары емес, бір ақсақал, бір ақын, совхоздың директоры бар еді. Машиналарын алысқа тоқтатып, өздері жаяулап келді. Көкем де алдарынан шығып қарсы алған.

Ұзын әңгіменің қысқасы былай еді. Игі жақсыларға арнайы бас мүжітпекші еді, аналар ат-тонын ала қашты.

Қайта біз бас мүжітейік. Екі шаруамен келдік. Әуелі кешірім сұрамақшымыз. Содан соң, Торы айғырыңызды беріңіз. Кенжебектің Көкқасқасын да алып беріңіз. Сенсеңіз, ауданымызда жақсы жылқының тұқымы қалмады. Екеуін де үйірге салмақшымыз. Тұқым алайық. Кенжебек Сізді тыңдайды ғой. Ақсақал деп арнайы Сізге келдік. Торының да, Көкқасқаның да жайын тікелей өзім қадағалаймын. Қолдарыңызға аман-есен тигіземін – деді келген бастық.

Атаң Қынабай жақсы адам еді, талай жерде атын байладық қой. Дегдар адам еді. Атаңа тартқан екенсің. «Жақсы айғырдың тұқымын құртып алмаңдар» деген сөзіме ойланып қалғаныңда-ақ, ішім жылып еді. Ай, айналайын-ай… — деп көкем сол жолы қатты толқыды.

Осындай тірліктердің арқасында Қиыр Оңтүстіктен жақсы аттың қарасы үзілмеген еді.

Сондай құбылыстардың арқасы шығар, қазақ, болса да, ежелден жылқымен біте қайнасып өскен ғой, онсыз тірлік кеше алмайды, сол Мақтарал аймағындағы қалың қазақ арасында туып-жетілген, әбден қазағуар болып кеткен неміс (доич) Никалай ше. Үрім-бұтағы сонау Алманияға (Германия) көшкенде, ең соңынан ғана қозғалып, ақыры Елді сағынып қайтып оралғаны.

Е, ол жақта мұндай әжің-гүжің әңгіме де жоқ, ат бар, бірақ көкпар жоқ, ең бастысы – көкпарға деген мұндағыдай көңіл жоқ. Тұра алмадым, ішқұса боп кеттім — дейді.

Мұнда талай көкпар атын ұстап, сол жануарлардың арқасында небір қызықты әңгімелердің, кеу-кеу мен гу-гудің бас кейіпкері болған Никалай еді ғой. Сөйткен Никалайды Қасиетті Қазақ Жері өзіне баурай беріпті. Топырағын, сол топырақтан жаралған жерлестері мен жылқыны қия алмапты. Ал мен Әукімнен, Бекпатша аруанадан, қазағуар доич (неміс) Никалайдан әулие емеспін, қайтіп қияйын Қасиетті Қазақ Жерімді – Қаратауым мен Сырымды.

Никалай деп қазекемдердің айтқанындай жазып отырмын. Жиделі-Байсындағы төрт ауданның (Мақтарал, Жетісай, Киров, Шардара) аймағында кезінде аңыз болған асыл еді. Бұл ерекше қазағуар болған адам жайында ақын Мылтықбай Ерімбетов деректі дүние жазды деп естідім.

«Мәлүнкүп берген байталды, Құрышып келіп қайта алды» дегенде, қазақтар жылпос Хрущевті айтқан.

Темірхан Момбекұлы-Түркістан

Argymaq.kz

ФОТО: Әділғали Баяндин

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!