Адай арғымақтары. Шұбар ат жалы

934

Алла тағаланың бiр сәттi күнi пейiлдес iнiм:

– Аға, үй күшiк болып жата бересiң бе? Жеңгемiздiң қасы қаншама жайлы болғанмен Сiз үшiн дала құшағы – бар құшақтан жылылау, дала топырағы – бар мамықтан жұмсақтау екенi бiзге белгiлi ғой. Бозашы биыл қоянды. Үш қоянға ұлқсат қағаз алдым. Даланы бiр аралап қайталық, – деп, телефон соққаны.

Жас алпысқа жетiп, баяғы ұр да жық қуат кемiп, лыпып тұратын дене шау тарта бастаған кез – кiсiнiң ағайынға қайыры тиерлiк мансапты жұмысы болмаса, көршi-көлеммен аямай алысып-берiсерлiк мол дүниясы болмаса жай ғана ағалық беделдiң берекесi кете бастайтын кезi болса керек. Бiр кезде адамды кiсi атандырған, жiгiттi аға атандырған азды-көптi еңбектерiнiң бара-бара құны кемiп, есiркеп еске ала жүрерлiкке жарамай, тiптi кей-кезде зиянына шығып жататын кезi де болады екен.

Iнiнiң бұл шақыруы менiң бұға бастаған өзiмшiлдiк сезiмiме қуат берiп, бiраз жалдандырып тастаған едi.

Бiр күн дайындалып жолға шықтық. Күздiң жаңбыры аздау жақсы кезеңi. Аң кездесе қоймай, мақсатсыз жүрiстен жалыққан мен, көлiгiмiздi анадайдан көрiнген төбеге, дәлiрек айтсақ төбеден гөрі қысқалау қыратқа ұқсас жалға қарай бұрғыздым. Басына ауыл қондыруға жарамағанмен бiр шама тегiс, сәл созыла сұлаған құмдақтау жал-төбе екен. Талай жолаушыны жолынан қалдыра басына шақырған төбе болуы керек, табиғатқа ойран салып өтер өркениет iздерi сайрап жатыр. Қалбыр дейсiң бе, қаңылтыр дейсiң бе… Дегенмен ақшотауы мен шағыры, түйеқарын мен балықкөзi араласа өскен бұл төбенiң әлi де сәнi кете қоймапты. Мiне ғажап, аласалау обасы да бар болып шықты… Құмды даладағы тас оба менi бiрден ой теңiзiне шомылдырды да жiбердi. Осындайда адамға бұралқы сұрақтар да үйiр-ақ.

Бұл оба ненiң белгiсi?..

Маңайында тасы жоқ бұл қиянға оба үйген кiм болды екен?..

Тасты қайдан алған?..

Бұл жәй оба емес әлде кiсi мүрдесi ме?..

Жас жiгiттер түстiк қамына кiрiсiп кеткен. Олардың елсiз далада, иесiз төбеде шәйнек iлген мосысы, астына жағып жатқан газы – мынау техника заманының бұл азаматтарын сонау қазақтың көшпендi бабаларының тұрмысымен жалғастырып жiбергендей едi.

Менiң үйiндiнi зерттей қарап жүргенiмдi байқаған – денесi сәл ертелеу молайғанына қарамай ел аралалауға, жол жүруге жалықпайтын, Бозашы өлкесiнiң тiрiсi түгiл өлiсiн де – жатқызып- өргiзетiн осы сапарға шақырған iнiм қасыма келiп:

– Сәке, бұл жалдың, мына обаның тарихын бiлесiз бе? – дегенi.

– Жоқ.

– Бұл жер – Шұбар ат жалы деп аталады.

Екеумiз де келiсiп қойғандай обаға сүйенiп отыра кетiппiз. Iнiм бiр шама әңгiмешiл, бiр шама ел тарихынан хабары бар адам едi.

Екi-үш ғасыр бойы ауыздан ауызға көшiп, құлақтан құлаққа жетiп, айтылған сайын ызасы ұмытыла, алыстаған сайын қасиетi арта түскен, ежелден бұл өлкенiң әр перзентi өзiнен кейiнгi ондаған ұрпақтың өмiрiне өнеге, ерлiгiне үлгi ретiнде үлкенi айтудан жалықпайтын, кiшiсi тыңдауға ерiнбейтiн – «Шұбар ат жалы» атты хикаяны бастап кеттi.

***

Сонымен, қазақ-жоңғар шайқастарында ерлiк даңқымен атағы бар қазаққа танымал болған, жасы жетпей ақылы толысқан, он бесiнде батыр, жирмаға толмай ел ағасы атанған Шотан батыр адайлардың алғашқы легiн Үстірттен Маңғыстауға құлата бастайды.

Сонау бiр аласапыран заманда еркiмен бе, ерiксiз бе, әйтеуiр, адайлар Жошы, Бату тұқымына ерiп Қырым мен Қап (Кавказ), Таң (Дон) мен Қазақ (Азов) асып кеткенiнде есiз қалған Маңғыстауды түрiкмендердiң егдiр, шәудiр деген тайпалары иемденiп, бауыр басып кеткен болатын. Кейiн жоңғарлар да қоныстас бола бастаған. Адайлардың ата қонысы Маңғыстауына осы ораларында алғашқы келген алпыс үй Бозашының солтүстiк шығыс жағына қоныс тепсе керек.

Егдiр-шәудiр мен адайлар арасы Шұбар ат уақиғасына дейiн ынтымақты, тату көршiлiк жағдайында болыпты. Бұл татулыққа негiзгi себеп болған егдiр-шәудiлердiң өз бауырлары Жәумiт түркiмендер шабуылына ұшырап, қолды болған мал-жанын адайлардың көмегiмен қайтарып алғаны себеп болғанға ұқсайды. Соның арқасында аз үй адайлар Маңғыстау ойына құлағанда түрiкмендер онша тарлық жасамады. Тегi бiр екi ел тез араласып кетiп едi. Тарих дөңгелегiнiң бiр бейбiт кезеңiне тап болған бұлар той тойласып, ас берiсiп, бақ пен байлық бәсекесiне түсiп, абырой мен атаққа таласып, келiндi бiрге түсiрiсiп, қыздарын бiрге ұзатысып жатты. Бұл жолы да олар бiр-бiрiн тойға шақырысты.

Ал бұл той – ерекше той болатын.

Байлығы аңызға айналған Ескелдi Саназар бай қыз ұзататын болып елге сауын айтқалы, бас бәйгеге тоқсан жетi байтал тiгiлетiнi ел құлағына шалынғалы Маңғыстау ойы түгел атбегiлiк өнерге бет бұрғандай болатын. Бiрақ бәйгiден дәмелiлер де, ат жаратпайтындар да Саназардың бас бәйгi ―бiр атақты қыздың қалыңмалы деген шешiмiн қолдамайтын. Өзара әңгiмелерiнде «Түрiкмен арғымақтарынан бiзге аламан жарыстың бас бәйгесi түгiл, от басының орамалы да ауыспас» деп күңкілдесетін.

Саназар түрiкмендерге сыйлық көрсеткiсi келсе қора-қора малынан у-шусыз бөлiп бере салмай ма дейтіндер де табылып жатты.

Ел намысының ескерiлмегенi қалай? Ертеңгi күнi өз елiнiң басқа жұрт алдында абыройы олқы, көңiлi орта болып тұрарын қалай сезбейдi?..

Саназар бай адайлардан шашуға жететiн байлық табылғанмен шашуға арналған намысының жоқ екенiн бiлуге тиiс едi ғой…

Ел Саназарды тiрi әулие санап жүргенде, не ойлағаны бар екен?..

Адайлар бұл кезде ұзақ жылдар бойғы сұрапыл соғыстардан сәл қолы босап, бейбiт өмiрдiң қызығы мен бәсекесiне, шаруа мен тiршiлiк қамына көбiрек көңiл аудара бастаған кезi болатын.

Әлгiдей қаңқу әңгiмелер Саназар байдың құлағына да жетiп жатты. Бiрақ бай қамсыз емес-тi.

Ол әуелi Шотан батырмен ақылдасқан. Батырдың ақылымен Арқада қалған атақты зергер, ұста, тамшы Жүсiп пен сыншы Шылиды алдыртты. Шотан батыр түрiкмен көршiлерге адай елiнiң өнерi мен күшiн, ауызбiрлiгi мен адуын мiнезiн, әсiресе жiгiттердiң әскери рухының жоғарылығын, есебiн тауып, байқатып отыру керектiгiн қайта-қайта айтудан жалықпаушы едi.

Маңғыстаудың ежелден адай жерi екенiнiң дәлелi ретiнде Жүсiп шеберге Аузорпа жерiндегi ескi қорымдағы бiр баба басына Азау даласында салдырғандай бiр сағана тұрғызу жүктелдi. Той артынан баба басына тәу ету ойластырылды.

***

Тойға дайындық жұмысы қыз ұзату үшiн емес бiрте-бiрте түрiкмендермен бәсекеге түсу мақсатына айналып бара жатқандай едi. Саназар басқа шаруалардан сәл қолы босаса жылқы аралап жүрген сыншыға жететiн. Өзiне бiткен сан мың жылқы iшiнен жалынан сыйпарлық бiр мал таппаған Шыли сыншыға оның соңғы күндерi сенiмi кете бастады.

― Тоқсан жас бұл сыншыны да жеңген екен – деп, қолдағы дәмелi аттарын Шылидан басқаларға жараттыра бастаған.

Тоқсанға келсе де қарттыққа әлi бой алдыра қоймаған Шыли аз ұйықтайтын кiсi екен. Бүгiн де тым ерте тұрып, ауыл сыртындағы төбе басында, жаңа шығып келе жатқан күндi қарсы алып тұр.

Қасына келген Саназарға бұрылып қарамастан:

– Анау не? – дедi.

– Күн ғой!

– Ой бар болғыр, менi күндi танымайтындай алжыды деп тұрсың ба?.. Күннiң астындағы не деп тұрмын.

– Ол бiр кiшкене төбешiк.

– Ал, бай-еке, сүйiншi.! Сол төбешiктiң арғы жағында тұяқты жылқы түгiл қанатты құсқа шалдырмас арғымақ тұр. Кәзiр таң алдында аруақтар аян берген болар түсіме кірді. Аттарды келтiр, барып қайталық…

Бұлар сүт пiсiрiмдей уақытта, асығыстау желе-жортып төбе басына да жеткен едi. Төбенiң күншығыс жағы тiршiлiк ұясындай жып-жылы қазан шұңқыр екен. Жан-жағындағы қырқалардан сәл ертерек көгере бастапты. Жаңа шығып келе жатқан күнге өз тынысымен тiрлiгiн бiлдiре үн қосып жатқандар таң мезгiлiн дұрыс пайдаланып қалалық дегендей боп, бiр-бiрiнен алдындағы көктi қызғанғандай қапылып, жерден қылтиа көтерiле бастаған көк басын бырт-бырт үзе асығыс қыбырлап жүрген қойлар, оларға қарап қатып қалған қимылсыз қойшы. Бүгiнгi қой қарбаласынан да, ертеңгi өзi себепкер болар ел дүрбелеңiнен де бейхабар, басы салбырап мүлгiп тұрған қойшының шұбары. Ат қасында жатқан қазақы арлан төбеттер… Олар иттiгiн бiлдiрерлiк ырым жасап ― әуп ете түстi де, ― «бiздiң бар шаруамыз Шұбардың ұйқысын қору ғана» дегендей, орындарынан да қозғалмады. Бейсеубет жолаушылардан сескенгендей кейiп танытқан қойшы, жеделдете басып атына жетiп, тез қимылмен айылын тартып, асығыстау мiнiп те алды. Жақындай бере байды танып даурыға сәлем берген оған ернiн жыбырлатқаны болмаса назарын шұбар аттан аудара алмаған Шыли сыншы:

– Тап соның өзi! – дедi, сенiмдi үнмен.

– Япырым-ай, ә? – дедi Саназар, күдiгi барын байқатқандай боп.

Қойшының ер-тұрманын аудартып тастап, қаражал Шұбар атты жетегiне алған Шыли қарт сол күннен бастап бұл өмiрде Шұбар аттан басқа да тiршiлiк мұраты бар десе таңырқардай едi.

Шұбардың тұла бойынан оған ұнамағаны аттың күтiмсiз кеткен тұяғы ғана болды. Кiсi қолы тимеген мүйiз тұяқ ұзара өсiп жарылып, тiптi кейбiр жерлерi кетiлiп те кетiптi. Тұяқ мұнтаздай тегiстелдi. Шұбарға арнап тiгiлген үйге тақырдан саз алдыртып, оны тұяқ еркiн бататындай етiп күнiне бiрнеше мәрте ылғалдатып екi жұма атты сазға тұрғызды. Ендi Шұбардың тұяғы дөңгелене, мүсiндене сәнiне келiп, шапқанда ат салмағын қиналмай көтеретiндей, қатты ысып кетпейтiндей қалыңдап, сыншының көңiлi бiтерлiк дәрежеге де жеттi. Саназардың өзi таңдап берген екi балаға кезек жем бергiзiп, су құйдыртып алыстан бағып тұратын сыншы, қолда өскен, кiсiге үйiрсек малдың қай балаға көбiрек мейiрлене қарайтынын анықтай алмай, бiраз күн екi ұдай боп та жүрдi. Ақыры, Шұбардың бiр күнi алдыңғы балаға назар аудармай сәл кейiн келе жатқан Шопанқұлдың қолындағы шелектегі суға бас қойғанда, Шыли көңiлiн басты. Сол күннен бастап жеке-жеке үш тiршiлiк иесi бiртұтас денеге айналды. Тiршiлiк қазығы Шұбар ат та, Шыли мен Шопанқұл тiрлiгi Шұбардың жемi мен суы, сiдiгi мен тезегi, терi мен терiсiне байланысты болып қалды. Анда-санда Саназар бай келiп бұлардың қасында ұзақ отырып, Шылидан ат жарату өнерi жөнiнде, адайлардың соңғы рет Маңғыстаудан қашан кеткенi, осы ұзақ қилы замандарда не iстеп, не қойғаны жөнiнде әңгiме тыңдайтын. Басқа уақытта күш-қуатын үнемдегендей боп ыммен бұйырып, қолмен жұмсап отыратын сейiс, Саназар келсе қабағы ашылып, көзi нұрланып, аяқ астынан әңгiмешiл кiсiге айналып жұре беретiн.

– Ақсақал, Сауранда Үш жүздiң бас қосып берген асында Сiз ат оздырды дейдi ғой! Сiздiң арқаңызда адайлардың көкмойыны деген сөз шығыпты, ол не сөз?

Талай естiп жүрген бұл әңгiменi Саназар атақты сейiстiң өз аузынан естiгiсi келгендей, сыр тарта сұрақ қойды.

– Ой шырағым-ай, о заманда кiм ат жаратып, қарық қылып жатты дейсiң? Ол кез – күнде қиқу, күнде шабуылдың кезi емес пе? Дәмелi атты бiр-екi күн сылап-сипап қоса салатын уақыт едi ғой ол. Бiз осы ұзақ ғұмырымызда жас болдық, өмiр сүрдiк деп айта алмаймыз. Шешiнiп төсекке жатып, уайымсыз ұйқыдан оянған күндерiмiз аз болды. Ешкiмнiң басына түспегей ондай заман. Жоңғар деген жау шығып, ел берекесi қатты кеткен кез едi ғой… Тәуке хан бiздi Алатаудан Сауран маңына көшiрiп, елдiң бас аяғы жиналмай, тiптi кейбiр ағайындарға хабар тимей Алатау маңында қалып, үйiрiне қайта қосыла алмай да қалмады ма.

***

Маң дала.

Тұп-тұнық ауа.

Тылсым тыныштық.

Әр бұта – дала көркi.

Әр оба – ел тарихы.

Соларды ел мұрасына айналдырар әңгiме.

Соларға табынған болмыс.

Соларды аңсаған сезiм.

Обаға сүйенiп ой толғап отырып, қиял қанатында бағзы замандар уақиғасына араласып та кетiппiн…

1710 жылдары қазақ халқының басына бiр зобалаңның жақындап қалғанын сезген Тәуке хан – Түркiстан, Сауран маңына атағы мәлiм ержүрек тайпаларды қоныстандыра бастайды. Ноғай мен қазақ айрылысқан заманда Едiл-Жайық бойынан Алатауға қоныс аударған, ерлiк даңқы ертеден мәлiм адай тайпалары Хан бұйрығымен Сауран маңына орналасады. Осы кезеңдегi жоңғар-қазақ шайқастарында атағы шыққан алты тайпаға Төле би кейiн:

– Асыл тусаң Керей бол,

Үш қазаққа мерей бол.

Уақ болсаң Шорға бол,

Даулы iсте жорға бол.

Арғын-Қыпшақ болсаң, Алтай бол,

Найман-Қоңырат болсаң Матай бол.

Байұлы болсаң Адай бол,

Үйсiн болсаң Ботпай бол –

Бұл алтауы болмасаң

Қалай болсаң солай бол – деп, мадақ сөз айтқан екен.

Адайлар осындай жағдайда қоныстанған Сауранын үш айнала көшiп, сол маңайда жарты ғасырдан астам арпалыс соғыспен ғұмыр кешiп, 1770 жылдар жобасында (жоңғарлар елi жер бетiнен жойылғаннан кейiн), Сауранды өз иелерiне босатып, ата-баба қонысына бет түзейдi де, алдымен Жайық, Жем, Үстiрт маңына жетедi. Қазақтардың ұлы хандарын көрген, қазақ елiнiң бiртұтас ел болып сыртқы жауларымен азаттық соғысында шыныққан адайлар орыс мемлекетiнiң қолдан құрған Бөкей хандығын мойындағысы келмейдi де, алғашқы легi Қырдан Ойға құлай бастайды.

Ол кезде бұ қоныс түрікпендер иелігінде болатын.

Сонау Жошы хан, Батый хан замандарында – Маңғыстаудан Қырым-Кавказға, ноғай заманында Едiл-Жайыққа, қазақ хандығы құрылғасын Едiл-Жайықтан Алатауға, Алатаудан Түркiстан-Сауранға көшкен, бес ғасыр бойы қасиеттi ата-бабаларының сүйектерiн жат жерде қалдырған адайлар өз мекенiне үлкен сағынышпен қауышады. Алыста қалған баба мүрделерiне деген құрметiн жаңа тұрғызған мазарлары арқылы көрсеткендей болып, ерекше сәндi күмбездер тұрғыза бастайды. Ал өткен күндерге деген сағыныштарын әр төбеге оба үйiп басқандай болады. Маңғыстауда басы бос төбе болып жарытпайды, оларды не оба, не мола қарайтып тұрады. Әр обаның өз уақиғасы, әр моланың өз тарихы бар.

***

– Түрiкмендер де жылқы малын құрметтейтiн ел. Ақсақал! Сiз байтақ қазақтың Үш жүзiнен де өнер асырып, атақты аста ат оздырғанда осы азғантай егдiр-шәудiрлерден де сескенесiз бе?

– Әрине, бiрақ түрiкмендерден де ат оздыруға болады. Ол үшiн бiрiншiден жылқы танып, сосын оны дұрыс жарата бiлу қажет. Сонан соң бiздiң аттарды осындай тойларда екi көш, ал үлкен астарда үш көш жерден жiберген дұрыс.

– Шұбарыңыз қаншаға шыдайды деп ойлайсыз?

– Әуелi елу-алпыс шақырымға жiберiп бiр байқап көрелiк…

Асығып – сенiң тынышыңды да алмайтын, кешiгiп – сенiң берекеңдi де кетiрмейтiн уақыт деген өзi бiлiп, өзi тындырар құдiрет бұларды той күнiне де жеткiздi.

Той көктем мен жаздың астасқан шағына сәйкес келдi.

Бар тiршiлiгi тоқтышақ жұмыршағының тойғанына, ене мал емшегiне жүгiрген сүт молдығына байланысты көшпелi елдiң көңiлi өсiп, қанағаты молайып, қарнының да, көңілінің де тоят табатын кезi. Осы уақыт күнi-түнi iрiмшiк пiсiрiп құрт қайната еңбек ететiн де, той тойлап ас бере көңiлденер де мезгiл.

Той – аз ауыл берiштер тобын бастап Есболайдың, оның әрқайсысы бөлек-бөлек ауылға айналған балалары – Итемген, Көтен ауылдарының келуiмен басталды. Көптен бiрге көшiп, бiрге қонған ағайындар, тойға келмей қалғандардың атын атап, түсiн түстей iздеп те жатыр. Ендi аз уақытта түрiкмендерден басқалары түгел түгенделiп те қалып едi.

Сәске түс шағында негiзгi қонақтар – түрiкмендердiң де қарасы көрiнген. Саназар оларды қарсы алуға әдейi дайындаған алпыс жiгiттi атқа қондырып, өзi бастап шықты. Шотан батырдың бұл әрекетi – бiрiншiден адайлардың өз ата-баба қонысы Маңғыстауына түрiкмендердiң шатақсыз қоныс бергенiне бiлдiрген ризашылығын бiлдiру болса, екiншiден, керек болған жағдайда, атқа қондырар азаматы барлығынан да хабардар ету болатын.

Той сәттi басталып, жақсы өтiп жатты. Бiрақ бәсеке бар жерде даудан, көршi бар жерде жаудан қашып құтыла аларсың ба? Аттарды қарақшыға жiберер жерде ешкiм астына от жақпай-ақ пiсуi жетiп тұрған даудың иiстене бастаған буы өз-өзiнен бұрқ ете қалды.

Алдымен екi көш жердiң қай төбеден басталатыны дауға түстi. Ақыры оны қозы көш жерге берi жылжытып барып мәмiлеге келiстi. Содан кейiн бәйгi жолында балаларға жол сiлтеп тұратын қарақшы аттылар санына таласты. Ақыры бiр адай, бiр түрiкменнен жетi қарақшы қоймаққа келiстi.

Бұлардың болмашы нәрсеге бола дауға дайын, жанжалға жақын тұру себебi – әзiрге екi ел арасында ашық айтыла қоймағанмен, өкпе-бауырды кеселдi дерттей сыздатып бара жатқан, жер мен қоныс уайымы едi. Алпыс үй адайға бола Бозашыдан айрылуға айналды. Ал алпыс үй алты жүзге айналса не болмақ? Бозашы емес, Маңғыстау қоныс бере алар ма оларға? Алты жүзi алты мыңға жетпесiне кiм кепiлдiк бере алады? Онда аз ауыл егдiр, шәудiрге Қарақұмға дейiн ысырылуға тура келер. Қиян шет Маңғыстауда отырғанда желкелеп жүрген Жәумiт ағайындар бұларға құшағын аша қояр деймiсiң?

Ал адайлар болса тегi бiр туыс ел емес пе едiк дейдi.

Өз жерiмiзге, ата-баба қонысына қайта оралсақ, жанжалсыз жерiмiздi босатпай ма дейдi.

Бұл ойлар жүйкеге тиер, жүрек сыздатар ауыр ойлар болатын. Содан да болар, осындай жағдайға ұшыратып отырған адайлар көзге түссе, түрiкмендердiң сыздаған жарасынан сыз шығып кетiп, бетiн сыйпағалы отырған алақаны жұдырыққа айналып жүре беретiн. Кей-кейде орынсыз шектен шығып кеткендерiн байқап, сабасына қайта түсуге сылтау таппай отыратын да кезi болатын. Бұл жолы да ширығып отырғандарды сәл босатып жiберуге Шылидың бiр ауыз сөзi себеп болды. Көптi көрген қарт қарақшыға жақындаған бәйгi аттарды тартудың шабандоз балаларға қауiптiлiгiн нақты мысалдармен дәлелдеп, ендiгi жерде ат тартуды доғаралық деген ұсынысқа екi жақ бiрiгiп қартқа қарсы тұрды.

– Демiгiп келе жатқан жануарды сәл демеп жiбермесек, не үшiн келемiз тойға? – дедi, бiреуi.

– Қарақшыға жақындағанда қосыла шауып қол ұшын бермесек аулымызға ат оздырдық деп қалай мақтанып барамыз? – деп, бұра тартты, бiреуi.

– Қанымызға қызу берерлiк қызығымыздан айырмақсыз ғой!..

– Онда қай аттың озып келгенiн тойға бармай, үйде жатып та естiмеймiз бе?..

Шыли ұсынысы қабылданбады, бiрақ бұл бәрiне керек сөз болып шықты. Аңдысып отырған екi жақты сәл нәрседен де болса мүдделес етiп, олардың осы әңгiме үстiнде тым алшақтап кетуiне мүмкiндiк бермегендей болды…

…Халық қызыққа тоймастай едi.

Кенет көп күлкiнi, көтерiңкi көңiлдi ― аттар көрiндi‖ деген бiр ауыз сөз су сепкендей басты.

Жұрттың бұ мiнезі қазақ пен түрiкмендердiң сәнi мен қызығы, өмiрiнiң қасiретi мен қуанышы – тойда ат оздыру болғаны ма? – деген сұрақ қойғызғандай едi.

Бәрiнiң ойында жалғыз сұрақ – кiмнiң аты?

Жүзiнде жалғыз абыржу – кiмнiң аты?

Ас, тойларда көбiне аттары озық келiп жүретiн түрiкмендердi, жаңа ғана әзiлi жарасып тұрған қазақтар ендi қызғаныштың суық ызғарына шалынған сұқты көздерiмен ата бастады.

«Кәзiр сеңсеңдерiңдi аспанға лақтырып мәз боласыңдар-ау» – деген қызғаныш оты едi, ол.

– Жалғыз келедi!

– Боз ат! Үстiнде бала жоқ секiлдi!

– Жоқ, баласы бар, жалына жатып алыпты!

– Саназардың Шұбары!

– Әруақ!.. Әруақ!.. Әруақ!..

Кәзiр ғана адайлар үшiн қол жетпес биiкте тұрған түрiкмендер ендi көзге iлiнбек түгiл, көңiлден де орын ала алмай қалған болатын.

Кеше қойшы мiнiп жүрген жаман шұбар, керек болса ешкiмнен ұрқсат сұрамай кез-келгенi мiне шабатын шабан шұбар осы сәтте ұсынсаң қолың жетпестей алыстап сала бердi. Ендiгi жерде оның арқасына тақымың тимек түгiл, жалын сыйпайтын жерге қолыңды жақындата алмайтындайсың.

Еңселерi биiктеп, аруақтары айбындап тұрған адайлар кешегiсiн де ұмытып, ертеңiн де болжаудан қалған секiлдi. Тап осы сәтiндегi жеңiсiн барынша пайдаланып қалайын дегендей түрiкмендердi тұқырта түсуде.

«Бұлардың ақалтеке арғымақ деп жүргендерi сақалтеке ешкiлер екен ғой. Бiрде бiреуi кiсiнеуге жарамай жолда тұрып бақырып, бауыздалған ешкiдей құлап жатыр» – дейдi.

«Бұлардың аттары бiздiң қатындарды жiберген жерден жiберсең алдына жан салмайды».

«Жылқы етiн жейтiн бе едi бұлар?».

«Жейтiн болса боршаға қарық болатын болды ғой».

Қонақтар кенет бөлектене, шоғырлана бастады. Жарыста аты қалып қойған олар өздерiн-өздерi кiсi санатынан шығарып тастағандай, шеттей бастады.

Түрiкмендер азалы едi, ендi ызалана бастады. Арғымақтарының қазақтың жабысынан қалып қойғанына күйiп бара жатқан намыс атты сайтанына, ақыл атты ұялшақ перiште сезiмнiң әлi келмей бара жатты. Едiр, шәудiрдiң ханы аталған Ұланақ бектiң көзiнiң оты мұп-мұздай боп жан-жағын қарып тұр. Ат жаратушылар оның бетiне ендi қайтып тiке қарай алмайтын халге жеткен. Ұланақ маңайындағыларды сыз жанарымен тағы да бiр сүзiп өттi де:

― Ендi не iстеймiз? – дедi.

– Адайларға беделiң бар, ер құнын берсең де осы Шұбарды сатып ал – дедi, бiр түрiкмен.

– Бесатарымды алғызбадың, адайлардың сыбағасын шұбардың маңдайынан кiрiп желкесiнен шығар бiр-ақ оқпен бере салатын едiм – деп, құтырынды тағы бiреуi.

– Кешегi алпыс кiсiмен алдыңнан шыққаны бiзге етiлген құрмет емес, ол көрсетiлен күш. Бұлар Маңғыстауға сыймайтындай боп көбеймей тұрғанда, осы аз ауылды келген жерiне қайтару керек. Оған жүрегiмiз тұрмайтын болса, онда қоныс iздей бергенiмiз дұрыс болар. Бiр шешiмге тоқтайтын кезiң келген секiлдi. Егдiр мен шәудiрдiң ойы осы. Сен не десең де бiзге дұрыс. Тұрыс десең тұрысамыз. Кетiс десең кетiсемiз.

Бұл әңгiме Саназардың асқа шақырғаны туралы хабаршының келуiне байланысты, үзiлiп қалды да, Ұланақ қасына аз адам ерiтiп, бай үйiне бет алды.

Атақты байдың үйiне бұл маңайдағы жұрттың сөзiн сөйлер билер мен қаруын ұстар батырлар, малын бағар байлар мен елiн бағар ақсақалдар шақырылған екен.

Көптiң аузында көптен көрмеген тойдың қызығы мен бұрын көз көрiп, құлақ естiмеген тұлпар туралы әңгiме. Шұбардың әлi бiр көш жерге еркiн жетерлiк демi мен күшi қалғандығы туралы мақтаулар. Шылидың көрiпкелдiгi мен өнерi.

Ас желiнiп болып, бата жасалғасын Саназар шақырулы қонақтарына арнайы дайындалған сыйлықтар үлестiре бастады. Бiрi тiгулi шапан кисе, бiрi шапандық матаға, бiрi дайын тымақ кисе бiрi тымақтық аң терiсiне ие болып жатты. Кезек Ұланаққа жеттi. Саназардың қызметшiсiнiң қолындағы бұл өңiрде көп кездесе бермейтiн, асыл матадан тiгiлiп, алтын менен апталған, күмiс пенен күптелген сәндi шапан жұрт назарын ерекше тартып бара жатты. Саназар шапанды қолына алып, Ұланаққа арнап сөз бастап кеттi.

– Мынау асыл шапан Алла тағаласы бақ берген, ақылымен ел халқының сүйiспеншiлiгiне бөленген жоғары мәртебелi Ұланақ бек сiздiң иығыңызға лайық деп тауып отырмыз. Қазақтар ат-шапан деп қосарлап айтады. Кермеде атыңыз байлаулы. Тойымыздың жақсы өтуiне атсалысып, ағайындық пейiлдерiңiздi танытқаныңыз үшiн ризашылығымызды бiлдiремiз. Елiңiзге достық сәлемiмiздi жеткiзiңiз. Бұйымдарыңыз болса оны да айта отырыңыз. Қолымыздан келгенiнше орындауға тырысып көремiз.

Ұланақтың көкiрегiндегi манағы мұзды мына көрсетiлген құрмет жiбiтiп жiбергендей едi. Елп ете қалмағанмен қыңыр тартпай жақсы жауап қатып, ат-шапан сыйлығына рахметiн айтты. Оның қазақтарға айтқан рахметi шамына тиiп кеткендей төрт-бес түрiкменнiң ең төмен отырғаны қолындағы терiнi айналдыра қарап:

– Әй, осы терi бiздiң түлкiлi сайдағы бiр түлкiнiң терiсi-ау! Ендi өзiме басқаның сыйлығы болып қайта оралып отырғанын қарасашы. Ал, Ұланақ бек, жаңа Саназар бай бұйым сұра демедi ме? Мана бұйым сұраса Саназадан Шұбар атты қалаймын деп тұр едiң ғой. Есiңнен шығып кеткен жоқ па? – деп, отырған қауымға шешiлуi қиындау бiр түйiндi ұстата салды.

Ұланақтың өз аузынан шықпаған бұл сөз егер аузы жеңiлдеу адайдың бiр шалы:

– Естiмеген елде көп деген осы екен ғой. Мыналары басынғандық қой – демесе, мүмкiн елеусiз қалар ма едi, қайтер едi.

Айтылып кеткен осы сөз Ұланаққа тiл қатқызды. Ол жайлап қана:

– Ондай бұйым сұрағымыз келгенi рас едi. Бiрақ басынғандықтан емес балам сол Шұбар атқа құмар болып қалыпты. Саназар берген ат-шапан бұйым сұрататын емес. Сiздерге мен ендi бұйым ретiнде емес, сол Шұбарды маған сатыңдар деп салмақ салғалы отырмын – дедi.

Тағы бiреу бiрдеңе бүлдiрiп қоя ма дегендей басқалардан бұрын жауап қатқан Шотан батыр:

– Жарайды, қонақтар ниетiн бiлдiрдi ғой. Мал иесi Саназар, ақылдасып көрер. Сiздер аттанғанша жауабын да бермес деймiсiң? – деп, орнынан тұратындай ыңғай бiлдiрдi.

«Қош, сау» айтысып тойға келген ел тарасып жатты. Саназар қасында Шотан мен Есболай бастаған аз ғана ел ноқтасын ұстағандар қалыпты.

– «Ажырасатын ағайын қимасыңды сұрар» – деген екен аталарымыз. Бұлар қимасыңа жабысып отыр. Бiр ат елге тыныштық бола ала ма? Жауласудан жалыққасын осы түбекке келiп тығылмап па едiк. Жауласуды емес бейбiт өмiрдi iздеп келмедiк пе? Берелiк сол атты. Бiрақ бұлар кетiсудi ойлаған секiлдi. Бiр атпен бiтiсе қояр деймiсiң? Кейiн тағы бiр нәрсе ойлап табар. Қамдану керек пе деп қалдым ғой – дедi, Шотан батыр болашақ болар бiр дүбiрдi сезгендей болып.

Саназар, сен не айтасың дегендей, Есболайға қарап едi, ол Шотанға қарап, сөзiн соған арнағандай етiп айтты.

– Егер олардың ойы Шотан батыр ойлағандай әрiде болмай, атқа құмарлықтан туып жатса, онда түрiкмендерден мал сұрамай адам сұрау қажет. Түрiкмендер қызын басқа ұлтқа бермейдi. Қыз сұралық, мүмкiн бұл әңгiме түйiнiн өздерi шешер – дедi, бұл iстiң шатаққа айналмауын қамдағандай боп.

Ақылдаса келiп, түрiкмендер мүмкiн қыз беруге келiсе қоймас деген дәмемен, Шұбар атты бiр қыздың қалың малы деп бағалады. Келiспесе, кетiсуге себеп iздегенi.

Жақсы басталған той арты ел басшыларына соншама ауыр салмақ артып кетiп едi.

***

Тойдан сұрағанын алып қайтқан түрiкмендер екi елдiң қақ ортасындағы бiр төбе басына аялдап, Шұбарды орталарына алып, көңiлдерi толмай, өздерiнiң арғымақтарымен салыстырып жатты.

– Бойы анау, тұрқы мынау, осыдан қалай шабыс шығады?

– Мойны қамшының сабындай. Ал осы Шұбардың сыйрағы манағы мен мүжiген қазақ қойдың асық жiлiгiнен онша ұзын емес пе деп тұрмын.

– Мынаны арғымақтардың қасында мiнiп жүруге бiздiң жiгiттер ұялатын да болар!

Ұланақ мана мылтығын iздеген түрiкмен жiгiтiне ым қағып:

– Ал адайлардан кегiңдi алсаң мiне тұр алдыңда олардың қимасы, бердiм еркiн саған – дедi.

– Мынадай атақ-даңқынан кешегi қойшының торшолағы атанған күнiм жақсы екен-ау – деп, өкiнiштен салбырап кеткендей, сұлқ тұрған Шұбардың басын, үзеңгiге көтерiле бере қайқая шапқан түрiкмен қылышы мойнынан бөлiп әкеттi. Ышқына шапшып, атып кеткен Шұбар, өз басынан қарғып өтiп, жерге дүрс ете қалды.

Түркiмендер де шу ете түстi.

Тойдан кейiн екi күн өткен. Мал баққан ауылдың тiршiлiгi сәл саябыр табатын сәске түс шамасында Саназар үйiнде қалғып жатқан Шыли ұшып тұрып:

– Тұр бай-еке! Бiр жаманат хабар жақындап келiп қалды! – дедi.

Есiкке таласа далаға шыққан екеуiнiң көзiне сар даланы дүбiрге толтырып, батыс жақтан жұлдыздай ағып келе жатқан салт атты iлiктi. Түрiкмендер бiдеңеге ұшырады ма екен?

– Түрiкмендердiң өзi аттанып келе жатпасын?..

– Теңiзден түспесе, бұл жақтан келер жау жоқ едi ғой, солардан басқа?

Әне-мiне дегенше ауылға жақындап, атынан түскен өз жылқышысын таныған бай:

– Хабар жау туралы болмады. Әйтпесе ондай хабар хабаршыны атынан түсiрiп, әдеп сақтатып қоймас едi – деп, өзiн-өзi жұбатқандай болды.

Қамшысын бүктей ұстап бiлемдей, жағын ашпай тiстене сөйлеген жылқышы, сәлем берместен:

– Түрiкмендер Шұбар аттың басын шауып өлтiрiп, далаға тастап кетiптi – дедi, күйiне.

– Шотан батыр сезген екен, айтқаны келдi – дедi, Саназар бай, қасындағы сыншыға абыржи қарап.

– Әй, дiнсiздер-ай, қолы қалай көтерiлдi екен! Аруақты мал едi, атар аруағы, тексiздердi – дедi, Шыли.

Шапқыншылар жан-жаққа аттанып жатты. Iңiрге тарта, осындай қысылтаяң кезде ақыл қосарлық ел жақсылары, түгел жиналып та қалған едi.

– Хабар осылай. Бұны түрiкмендердiң анық жаулыққа шақырғаны деп түсiну керек шығар – деп сөз бастады, Саназар бай, болған уақиғаны толық баяндап болып.

– Қайда барсаң Қорқыттың көрi деген екен аталарымыз. Жаугершiлiк өмiрден қанша қашсақ та, ол iздеп тауып алып тұр-ау, бiздi. Бiрақ түрiкмендер бiздiң құмырсқадай қытаймен де, жөңкiген жоңғармен де, орманнан көп орыспен де ұстасып көргенiмiздi бiлмейтiн болар. Олар салмақ салса бiз айбат көрсетермiз. Олар айбат көрсетсе бiз қайрат көрсетермiз. Бiр амалын табармыз. Өткенде салмақ салып Шұбар атты алып кеткесiн мен Арқадағы елге хабаршы жiбергенмiн. Келiп те қалар. Жiгiттер бiраз аламанды ерiте келер деп те ойлаймын. Малды ауылға жақындатыңдар. Қарауыл төбелерге кiсi қойыңдар. Басына отын үйiңдер. Кешегi алпыс жiгiттi қару-жарағын дұрыстап ертеңге дайын етiңдер. Басқа шаруалардан қапы қалмаудың қамын iстеңдер – деп, барлық билiктi де, сөздi де Шотан батыр өз қолына алды. ―Ендi хабаршы келген күнi бiздiң үйде кездесемiз – деп, ел басына күн туғанда ел басшысы өзi екенiн танытқандай едi.

Төбе басына ел көп жиналды. Шұбар ат өлiмтiгiн көмiп, үш нарға арттырып алған тастан оба үйiлдi. Кеше хабар айтып келген жылқышы Шұбардың құйрығын кесiп алып құрығына байлап оба басына шаншыды…

***

Көшелi торы мiнген Шотан батыр айбындана жан-жағына көз тастап, қамшысын жоғары көтердi де, бүкiл Бозашыны жаңғырықтырар зор дауыспен сөйлеп кеттi.

– Ағайындар! Елдiң елдiк атын тек қана адамдарының ерлiгi мен мiнезi шығарып қоймайды, байлығы мен малы, өнерi мен өнегесi де шығарады. Сондықтан да бiз ешкiмге құдығымызға түкiртпей, малымыздың басына ұрғызбай, жерiмiз бен малымыздың қасиетiн сақтап келдiк. Өнегемiз бен өнерiмiздi қадiр тұтқандықтан өзiмiздiң қасиетiмiздi сақтап келдiк. Кәзiр өз қолдарыңызбен мына төбе басына көмiлген тек қана бiр Шұбар ат мүрдесi емес, ол елдiң намысы да. Шұбар ат сырты түк мал емес едi, ол елдiң қасиетi мен киесi, арманы мен үмiтi едi. Әйтпесе ол Шыли сәуегөйдiң түсiне кiрер ме едi! Бүгiн көмiлген мына намысымызды аршып алғанша бiздiң тыныш өмiр сүруiмiз мүмкiн емес. Соған белдi байлайсыңдар ма? Әлде ит-құсқа жем болып жатқан бiр мал соңында ел басын қатерге тiгер қылыққа бармайық дейсiңдер ме? Шешiңдер кәзiр!..

– Байлаймыз басымызды!

– Қорлыққа қор болған бас кiмге керек!

– Бiзге бас емес намыс қымбат!

Батыр риза болғандай:

― Бәрекелдi, бәрекелдi! – дедi де, шулап бара жатқан жастарды тоқтатып:

– Естерiңде сақтаңдар, осы төбе бүгiннен бастап «Шұбар ат жалы» деп аталатын болады. Бұл уақиғаның немен аяқталары белгiсiз. Бiрақ адайлар намысын таптатыпты деген сөз артымызда қалмасы анық!.. Ендi уақыт өткiзбей iске кiрiсу қажет! Тап осы арадан Ұланақ аулына аттанамыз. Жiгiттердi бастап баратын өткiрлеу жас керек. Кiмге сенiп тапсырамыз?

Саназар:

– Қаһарлы Ұланақ көзiне қасқиып қарай алатын қасқыр мiнездi қайсар керек болса да, тапсырған сөзiңдi бұлжытпай айтып барар тақ-тақ таңдай керек болса да, мына Қараны жұмса, ұятқа қалдырмас – дедi.

Саназар сөзiн ойланбай қабылдаған Шотан батыр Қараға қарап:

– Кәзiр жүз жiгiттi менiң көзiмше он-оннан сапқа тұрғызасың. Сол саптарыңды бұзбай, еш жерге аялдамастан, Ұланақ аулына барып менiң сәлемiмдi жеткiзесiң. Ол сәлем үш ауыз сөзден тұрады.

«Бiрiншiсi – Намысымды қорладың, Ұланақ бек! Бiрақ бiз оны таптатып қоя алмаймыз! Екiншiсi – ендi дәл жетi күннен соң Қырдан жетi мың әскер келедi, тұрысатын жерiн айтсын. Үшiншiсi – оған дейiн менi шауып алам десе де еркi, мен дайынмын. Мiне осы үш сөз! Осыларға қосымша, егер жүректерi оған тұрмаса жетi күнге дейiн Бозашыны босатып, батысы Жармыш, ортасы Ақмыш, шығысы Қошаққа дейiн ығысып қонсын! Сырттан қарауылдап тұрамыз. Айтылған жерлерге ығыссаңдар Қырдан әскер құлатылмайды! Басқа келiссөз болмайды. Барлық ендiгi iс-әрекет Сiздерге байланысты. Соғыс бастасаңдар – соғысамыз! Бозашыны босатсаңдар – бейбiт көршi боламыз! Iстi бастаған өздерiң, аяқтайтын да өздерiң боласыңдар!».

Жас та болса алып денедегi есепсiз күшiмен, қиқар мiнезiндегi өткiр тiлiмен көзге түсе бастаған Қара палуан «құп!» деп жауап қатты.

Алла тағала жаратқалы елеусiз жатқан бұл төбе осы сәттен бастап «Шұбар ат жалы» деген атқа ие болып, ғасырдан ғасыр асырып айтылар аңыз желiсiнiң бас тақырыбына айналып жүре берген едi.

Аз топпен ауылға қайтқан Шотан батыр мен Саназар бай үйiнде жиын құрып, Қарадан хабар күтiп қалған-ды.

Ымырт үйiрiле сол кеткен күйiнде қатарларын бұзбастан, лек-лек болып он-оннан сап түзеп келе жатқан салт аттылар көрiндi.

Қара палуан мен қасындағы үш кiсi бұлар үстiне кiрiп келгенде үй iшi тым-тырыс бола қалды да, қаншама жәйбарақаттық көрсетемiн дегенмен бұл кеңесте отырған үлкендердiң бар ойы, бар тынысы Қара палуан аузынан шығар хабарға бағыныштылығын сездiрiп алып едi.

– Батыр аға, айтқаныңыз сол күйiнде орындалды. Сiздiң соңғы сөзiңiздi естiгенде Ұланақтың басы сылқ ете түсiп едi, содан мойын омыртқасы басын ұстай алмады, кәлләсiн көтермедi. Бiз жауап тосып ұзақ тұрмадық, қайтып кеттiк – деп, Қара аз сөзбен сапар барысын баян еттi.

Бұл кезде жүз түрлi ауыздан жүз құбылып түрленген Қараның Ұланақ аулына жорығы кешегi той әңгiмелерiн ысырып тастап, Маңғыстау ойпатын толтыра, Ойдан Қырға қарай Атырау толқындарындай жарыса кетiп бара жатты.

Уақиға айтуға да тұрарлық, тыңдауға да тұрарлықтай болған болса керек. Сап түзеген жiгiттер Ұланақ аулына жақындағанда құдықтан жылқы суарып жатқан түрiкмен аулының кiсiлерiне кезiгiптi. Жылқыларды қамшылап айдап тастап, астауға қой айырғандай он-оннан жiберiп, Қара әуелi аттарын суарып алыпты. Төбе басындағы азғантай адам iшiнде Ұланақ отырғанын естiген Қара, араласып кетпеуiн қатты тапсырып, жасағын төбе етегiнде сап құрған күйiнде қалдырып, өзi аттан түспей Ұланаққа сәлем берместен сөз бастапты.

– Әй, түрiкмен ханы, Ұланақ! Қолқа салып сұрап алып, Шұбардың басын кескенде iздегенiң шатақ болса, келдi мiне алдыңа сол iздеген шатағың! Менi Шотан батыр үш-ақ сөз жеткiз деп тапсырды. Бiрiншiсi – егер ол адайлардың намысына тимек болса, онда дегенiне жеттi – деп, хабарлауды тапсырды. Екiншiсi – Адайлар дәл жетi күннен соң жетi мың сарбазбен ұрысқа дайын болады. Тұрысатын жерiн айтсын – дедi. Үшiншiсi – жетi күн күтiп жатпаймын десе қалаған уақытында бастай берсiн, қарсы алуға дайынмын, бiрақ бiз оларға жетi күн мұрсат беремiз, не ақылын жинауға, не әскерiн жинауға мүмкiндiк етемiз, өзiмiз ешқандай әрекет жасамаймыз – деп уәде еттi. Келiссөзге адам жiбермесiн, айла-шарғымен құтылам деп ойламасын. Бiзбен келiссөз Бозашының Жармыш, Ақмыш, Қошақтан бергi жағы босаған соң ғана басталмақ. Ертең сәрсембi. Келесi сәрсембiнiң таңында бiз осы жерден табыламыз. Ал егер жылжып қонсаңдар, онда жауласу тоқталды, келiссөздi бастауға болады дегендi бiлдiрмек – дегенде, Ұланақтың жағы байланып қалыпты.

Түркімендер бопсаға үш-ақ күн шыдапты.

«Биыл Бозашыда қыс қатты болады. Оң жаға жақтың оты мол, бүкiл түркімен ауылдары солай көшкелi жатыр» – деп қауесет таратыпты.

Түрiкмендер орыс жерiнен қоныс алып қара қайықпен көшiп кеткен ағайындарының артынан көшкен дұрыс дейтiн көрiнедi.

Хиуа ханы түрiкмендердi көшiрiп алғалы жатыр дейдi.

Қонысын сақтай алмаса да намысын сақтап қалу жолында амалсыздық тудырып жатқан әңгiмелер осылайша жалғасып жатты.

Жыл мен Күннiң, Тағдыр мен Таланның сәтiн күтiп отырған адайлардың көптеген ауылы Шұбар аттың уақиғасы себеп болып, Қырдан Ойға құлай бастаған едi.

Сайын Назарбек,

Ақтау. 1.10.2000 жыл.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!