Жұмахан сейіс

3265

Жұмаханның жүйріктері

Жылқының пірі – Қамбар атамен тікелей байланыстағы Жұмахан көкпар десе, ат бәйгесі десе делебесі қозып, елден ерек арқаланып кетеді. Дәл мұны елдің бәрі жыр қылып айтады. Ол ол ма, күнгей беттегі әрбір даңқы шыққан жүйрік атты түр-сипатымен атап, адамымен қоса қалай салым салғанын, қалай бәйгеден келгенін, кімнің көкпар-бәйгесінің қай жерде өткендігін, салымға не тігілді, барлығын жік-жігімен жүйелеп тарқатыпты. Бірақ мұнда таңданатын түк те жоқ, бұл заңдылық болса керек.

Өзіндей ат құмар бауырларының айтуынша, өзгелерден бір ерекшелігі ат баптаудағы білгірлігі ғана емес, аттарына әдемі есім тауып қоя білуі екен. Оның көкпар шабатын «Шырбанбай қара» деген атақты аты болған. Небір жақсы сәйгүліктер ұстаған: Пердесары, Әденторы деген жорға, Мақпалқара, Сүлікқара, Ақмоншақ, Ақкербез, Қиқукүрең, Елікшұбар, Көкдауыл, Қозыкүрең, Тайбурыл және тағы басқалары. Бір атқа қызықса, қашан алғанша ас батпаған деседі. Қалжың құмар достары мұнысын әзілге айналдырып, «Ат кәйф» деп айдарласа, оларға: «Шүкір деңдер, мен картаға, қатынға құмар емеспін, мен асыл текті жылқы малына құмармын, бұған өзім шүкір деймін» деп жауап береді екен.

Ұлы Досханның дерегіне қарағанда, қазығына бас-аяғы 28 сәйгүлік біткен екен. Олардың да шетінен аттарын айтып, түстерін түстеп, қай ат қай айғырдан түсті, қай жылы түскен құлын, жаңылмай нақпа-нақ айта алған.

Уақытында оның бұл тақырып айналасында көп білетінін досы, ақын Бегаман Сұлтаев бағалап, осы төңіректе бұрын-соңды, арғы-бергі тарихта өткен жүйрік жылқы, мықты шабандоз турасында екеуі бірлесіп тарихи шолу жазбақ болып, бірақ үлгермей қалған. Досының өз аузымен айтқанда, «тосын келген ажал білімін сыртқа шығаруға мүмкіндік бермей», бәрі Жұмаханмен бірге іште кеткен.

Айта кетейік, атбегі: «Ат баптауға таңғы, кешкі салқынмен төңіректі айналып шауып, аттың артық терін де үгіп қояды. Екі айдың үстінде осындай діттеген шаралар жүзеге асырылады. Солайша тұлпардың тері тұщып, өзінің межелеген күш-қуатына жетеді. Күніне үш-төрт рет құмшыққа аунатып тұру керек» деген нұсқаунамасы мен «Бұл өмірде сәйгүліктен асқан сұлулық жоқ» деген сөзі ел аузындағы қанатты сөзге айналған.

Мойындату

Бір күні Жұмахан досы Бегаманды (Б.Сұлтаев естелігі бойынша):

– Беке, Шеңгелдіден Абыт қариядан бір тай әкелдім, жүр көрсетейін, – деп үйіне алып барыпты.

Қорасына барса, бір кішкентай шолақ тай тұр екен.

– Әй, әкелгенің мына жаман шолақ тай ма? – депті бұл.

– Ә, ақын-ай, өлең жазғаннан басқа тірліктерден хабарың жоқ екен ғой. Бұл бурыл – оңтүстіктің көкпарын шулатып, додасын қаңыратамын деп тұрған жоқ па? Мына омырау, мына танау, мына бақай, мына тұяқ – деп, жүйрікке тән жылқыда болатын белгілерді шұбыртып ала жөнеледі.

– Сонымен мұны қаншаға алдың? – деп сұрағанда, сол кездегі нарықпен бір айғырдың құнын айтады.

– Е, бала-шағаның аузынан жырып біраз ақшаны Шеңгелдіге шашып келген екенсің. «Тайды айғырдың нарқына алатын Шәуілдірде бір ақымақ бар, соған қымбатқа сатамыз» деп, ол ауыл тайларын қолдарына ұстап отырған шығар – дейді досы да құр тұрмай қажап.

– Осы айтқандарыңды «қайтып алдым» дегізбесем, қазығыма ат ұстамаймын – депті сонда Жұмекең.

Сол айтқанын ақыры істеткен. Сол әңгімеден соң бес-алты жыл өткенде Ырсымбет ата ұрпақтары облыстық деңгейде, барлық аудандардан мықты аттары бар шабандоздарды шақыртып үлкен салым береді. Сол көкпарда Жұмаханның бурылы ең шешуші үлкен салым, өгіз өлдіні салады. Жұмахан мұның айтқан сөзін әлі ұмытпаған екен. Бұған келіп:

– Ақын, баяғы айтқаныңды қайтып аласың-ау – дейді.

– Болды-болды, қайтып алдым – деп бұл оңай құтылмақ болады.

– Жоқ, «қайтып алдым» деп үш рет қайталап, «кешір, Жұмеке» деп менен кешірім сұра – деп күледі. Ақын атбегінің айтқанын бұлжытпай орындаған екен.

Қарызға келген Қозыкүрең

Досы тағы бірде Жұмаханның ат сыншылығының куәсі болады. Әбілхан деген атқұмар жігіт «Қостүйін» жақтан ат алмақ болып атбегіні алып барады. Жердің оты сұйылыңқырап қалған кез дейді. Аттың қоңы түсіп, арықтап қабырғалары көрініп тұрса керек. «Ат аламын» деп барған Әбілхан оны көріп:

– Мына ат мен іздеген ат емес, тым көзге қораш көрінеді екен – деп айниды. Жұмекең ары-бері айтса, ыңғай бермейді.

– Онда ат алатын ақшаңды маған бер, үйге барған соң беремін – деп сол атты өзі алып келеді.

Біраз күн баптап көкпарға салған. Әлгі жануар қуса жететін, қашса құтылатын аяқты қашқыр жылқы болып шығыпты. Додаларға сүңгіп кіріп, сүңгіп шығып, «Жұмаханның Қозыкүреңі әкетті» дегізіп, жұртты шулатып жүреді.

Құпия ем

Бір жолы Жұмахан оқушыларымен (бір кездері мұғалім болған) Мақтааралда мақта теріп жүргенде қоңсысы түскі үзілісте шайға шақырады. Барса, үй егесі бір атты айналып қатты әбіржіп жүр екен. Ат қиналып жатыр. Жұмекең атты олай-бұлай қарайды да, алмас пен пышақ алдырады. Не істегенін, шайланып шықса әлгі жылқы түк болмағандай жемін жеп тұр. Үй иесімен бірге қосылып, оқушылары да таңырқайды. Үй егесі: «Нағыз құдайы қонақ болдыңдар» деп алғысын айтып, кешкілік асқа тағы шақырыпты. Бұл оқиға кейіннен оқушылары арқылы елге таралған.

«Шабам!» деген жігітке ат беретін»…

Жұмаханның Абай есімді күйеу баласы да ат құмар екен. Содан күйеу бала нағашыларының Қарабурыл деген көкпар шауып жүрген тайғырынан тараған бурыл құлынын жиендік жолымен алатын болады. Алайда бұл оны «алып кетем» деп жүргенде құлын өліп қалып, аларманға барған бұл көңілі қалып, ауылға құрқол қайтады. Жолда Жұмекеңе жолығып, болған жайды тәптіштеп айтады.

– О, Абай, бекер болыпты ғой ә, онда үйге жүр – деп, қоймай ертіп барады.

– Сенің көңілің қалыпты ғой, айналайын – деп, үйінің алдында байлаулы тұрған шұбар тайды көрсетіп, «алып кет» дейді.

– Мен мұның болашағынан зор үміт күтіп отырмын, құдай қаласа, қалыңға кешіп баратын жүйрік ат болады – дейді.

– Мен сізден тай аламын деп келген жоқпын, мұныңыз ұят болады – дейді күйеу бала.

Жаны жомарт Жұмекең көңіл-қошы болмай тұрғанын сезіп:

– «Қой өлсе, қозы қалады, келер жылы өзі болады» деген, нағашыңның саған берген тайы өлсе, «құр қайтпа» деп, басқа біреуін беруі керек еді. Нағашыңнан тай мінбесең, балаларыңның нағашысынан мініп қайт – деп, кешке тайды өзі жетектеп үйге әкеліп тастап кетіпті.

Бәйгенің бағын бір құмалақ шешеді

Жұмекең айтқан тарихи әңгіменің бірі ат баптаудың сырынан хабар береді.

Ілгеріде бір үлкен бәйге болатын болып, барлық ат қосатын кісілер ауыл-ауыл болып жеке орналасады. Бас жүлдеден үміткер бір бай атбегілерін, шабармандарын шақырып алып, аттарды түгел көріп шығып:

– Кімнің бақталас боларын анықтаңдар – дейді.

Аралап жүріп, кермеге байлаулы тұрған көрер көзге қораштау қара атқа назарлары түседі.

– Не де болса, осының жұлдызы жанайын деп тұр – деген шешімге келеді.

Қара аттың иесі іштей бәрін сезіп, әлгі топқа байқатпай ере береді. Олар байға келіп:

– Егер кішкене қара аттың иесі бүгін түнде атты баптаудың соңғы шарт-шарасын, емін тапса, ол сөзсіз бәйгеден озады – дейді.

Бай:

– Ол не шарт-шара, не ем – деп сұрайды. Сонда атбегілер:

– Аттың ішінде соңғы құмалақ қалған, егер таңертең шық кетпей тұрып шытырға тойғызбай жайса, соңғы құмалақ түседі, сонымен бәйгенің тағдыры шешіледі – деген екен.

Сонда бай:

– Олар бірнеше айда ол емді таппағанда, бір түнде қалай табады м депті. Мұның бәрін естіп алған қара аттың иесі, таңертең атын шытырға тойғызбай жаяды. Жарыс басталғанша құмалақ түседі. Содан қара ат бәйгеден бірінші болып келеді.

Сегіз қырлы сейіс

Айтып айтпай не керек, аудан көлеміндегі атқа, бәйге-көкпарға құмар жасы бар, қариясы бар, барлығы заманында Жұмекеңмен кеңесіп отырған. Одан қалса, атырапта өтетін жиындарға, тойларға жылқы малы қажет болған жағдайда оны іздеп, жылқының қайда барын, оның бағасын шығартып отыру әдепкі жағдай көрінеді.

Есіркеп деген замандасы ол туралы:

– Кейінгі көкпарларға барып наразы болып, ренжіп қайтушы еді, «Қазіргі көкпар көкпар емес, мафия болды. Бұны бір жолға, жүйеге келтіруіміз керек» дейтін. «Құдай қаласа аман-есен зейнеткерлікке шықсам, аудан әкімі Бейбіт Сыздықовқа (сол кездегі әкім) кіріп, ұсынысымды айтамын, әкесі Шалдар шабандоз болған ғой, тыңдайтын шығар» деп отырғанын талай рет өз аузынан естідік. Бірақ арманына жете алмады – деп естелік айтады.

Анығын Алла біледі, бірақ, «арманы» дегеннен гөрі, «бір ойына жете алмады» деген дұрыс тәрізді. Жеті қыз, бір ұл өсіріп, отбасылық өмірде де, кәсіби ортада да бақыт пен береке, абыройға жеткен бірден-бір азамат. «Атбегі» дегенде де, ол кісінің сегіз қырының бір сырын ғана айтқанымыз. Әйтпесе, білім мен мәдениет саласында да көп қызмет атқарған. Тіпті, аудандық театрда Абылайханның, Қайырханның образдарын сомдаған актер болыпты. «Кәсіби музыкант, өте шебер суретші болғаны да аян» деседі көзкөргендер. Әсіресе жылқы малының, оның ішінде көкпар шабатын аттардың суретін салғанда жұрт таң қалады екен. Міне, 2013 жылы өмірден озған атбегі Жұмахан Халықұлына қатысты бірауық деректер легі осындай.

Жұмахан Халықұлының жылқы жайлы ойларын мына жерден оқи аласыздар.

Абылайхан Қалназаров

Мәдениеттанушы-лингвист.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!