Финляндияда Қыдырияға қарап кісінеген Күрең қасқа

4644

Қыдырия көп сөйлемейді, көп күлмейді. Жүрісі баяу, қимылы шабан… Соған қарамастан тірлігіне тап-тұйнақтай, тапсырылған шаруаны шашау шығармай орындап тастайтын ықтиятты, өзіне өте-мөте мұқият жан.

Айтпақшы, Қыдырияның сонау жылдары мемлекеттік маңызы зор тапсырма орындағанын ауылдастары мен замандастары, күллі Шиелі аймағы жақсы біледі!.. Бірақ, жылдар алға жылжып өткен сайын ол жайында жұрт та ұмыта бастағандай, Қыдырия да ол сапары туралы қайталай айтып жатқанды мақтан көрмепті. Сонымен, бұл Қыдырия – кім? Қыдырия Әлиакбарұлы Күлібаев Шиелідегі кешегі «Телікөл» қаракөл қой кеңшарының, кешегі аға мал дәрігері…

***

Өмірде мұндай жандармен ұшырасатын, мұндай сәттер болатыны Қыдырияның түсіне де кірмеген! Жүзінен иманы төгілгендей Финляндия Президенті Мауно Койвисто Қыдырияның қолын қысып тұрып аудармашы жігіт арқылы: «Президентіңіз Нұрсұлтан Назарбаевқа менен сәлем айтыңыз, шексіз алғысымды жеткізіңіз!» деген сөзі әлі күнге дейін құлағында. «Сіздің Президентіңіз…» деп бөле жара айтты-ау. Бұл сапардың мемлекеттік мәні барын  Қыдырия сонда түсінді. Арада қанша жыл өтті, Суомиге саяхат бір сәтке де жадынан шыққан емес. Фин Президентінің алдында «мақұл» деп күлімсіреп бас изеген «көп сөйлемейтін, көп күлмейтін» Қыдырия қазақ Президентіне ол сәлемді тура сол қалпында өз аузымен жеткізе алмады. Неге дейсіз бе?! Оған себеп, қайтар жолға фин жағы авиабилетті екі бағытта ұсынды: бірі – Алматы, екіншісі – Ташкент.  Әрі толқып, әрі жүрегі тарсылдап, ауылға асығып алып-ұшып тұрған Қыдырия билетті Ташкентке дейін деп, ұшақтан түскен бойда жақын жерден туған Шиелісіне тартып кетпек ниет танытты. Бұл қылығы кәдуілгі ауыл баласына тән ұяңдық па, әлде ынжықтық па, Қыдырияның өз басы осы күнге дейін оның ара-жігін дұрыстап ажыратып көрген де емес. Тек ұмытпайтыны – Алматыға бара қалса, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы алдынан шығып: «Иә, Қыдырия… Күрең қасқа – Заслен Финляндияға қалай жетті… төрт аяғын тең басып, тербеліп биледі ме?» деген сауал қоятындай көрінді!? «Сонда не айтам…» деп қарадай қатты қысылып, маңдайынан суық тер бұрқ ететін! Ит тұмсығы батпайтын жынысты қалың орманға мойнын тік соза кісінеп, музыкаға құлақ аспай… жер тарпыған күрең қасқаның сымбатты сұлу мүсіні көз алдына көлденеңдеп тұра қалатын…

Сол қалыпымен күрең қасқа талай рет түсіне де кірді!..

***

Қыдырияның ең алғашқы оқып-тоқып дипломмен алған мамандығы – мал дәрігері. Қызметінің ең өскендегі дәрежесі кеңшар бойынша аға мал дәрігері қызметіне тағайындалғаны. Ештеңе де, ешнәрсе де естен шыққан жоқ. Санадан өшпегенімен, соның бәрі Кеңес Одағының ізімен құрдымға кетті… шаруашылық  дейсіз бе, қой, жылқы дейсіз бе?  Е-е, несін айтасыз!

Кеңшардың керегесі кетпей, кемтарлық жетпей тұрған мамыражай заман еді. Бір күні ауданнан Қыдырия Күлбаевтың атына «бар тәуірін даярлап, ел астанасы Алматыға жиналсын» деген шұғыл тапсырма түсті. Дүниежүзінің қазақтары тұңғыш рет Алматыда бас қоспақ дейді. Тізілтіп киіз тігіп, қандастарға салтанат көрсету қызылордалықтардың мойнына жүктеліпті. Күрең қасқа Засленді алға салып, кеңшардың аға мал дәрігері Күлбаев бастаған топ ырғалмай-жырғалмай тез арада астанаға жетіп, табан тіреді. Қазіргі «Атакент» аталатын, ол кезде Халық шарушылығы жетістіктері көрмесі – төрден орын алып, жайласты. Қазақстан – өз Тәуелсіздігінің 1 жылдық мерекесін бар пәрменімен атап өтуге дайындалып жатқан. Шетелден келген қандастар қазақ дәстүрі мен қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған Сыр елінің ақ дастарханынан дәм татып, қаз-қатар тұрған алты қанат ақ отауларға кіріп-шығып, айран-асыр шаттанды. Тағдыр тәлейімен жат жұрттыққа айнала бастаған қандастармен қаушып, сыр алысу салтанатынан Қыдырия да тыс қалмады. Ауылдастары секілді Қыдырияның да төбесі көкке бір елі жетпей жүрді. Неткен ғанибет! «Тү-у… десеңізші, қазақтар Дүниежүзіне тарадай шашылып кетіпті-ау тегі. Естімеген елден келді. Швеция, Канада, Малайзия дей ме… Түркия…Жаңа Зеландия дей ме, атының өзінен ат үркіп, тілің сүрінеді.»

Сол күні сарала жапырақтар қалқып үзіліп, өзі студенттік шағын өткізген әсем Алматы алтындай таң шапағына шомылып сондай әдемі оянды. Бәрі де есте. 1992 жылдың 29 қыркүйегі.

Көрмедегі қызылордалық қонысқа «Түске таяу осында Назарбаев келеді екен! Қасында шетелдің президенті бар дейді…»  деген хабар жетіп, аяқ-астына абыр-сабыр басталды. «Президент» деген жаңа сөздің өзіне құлақ үйрете алмай жатқан ағайын, шетелдік президенттен де бір көруге құштар боп жүрген Назарбаевтың келетінін естіп, құрақ ұшып, зыр жүгірді. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, маңдайы жарқырап Нұрсұлтан Назарбаев бастаған сырбаз топ бұлармен бетпе-бет ұшырасып, қарсы алдарында жымиып тұрды. Қыдырияның ел басшысын өте жақыннан бірінші көруі. Облыс басшысы Сейілбек Шауқаманов та қасында екен. Нұрекеңнен бастап бар қонақ ұзын бойлы, домалақ жылы жүзді, сап-сары шашты мәртебелі бір мейманға ерекше аңсары ауып, құрмет көрсетіп жатты. Осы арада Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды:

–Дүниежүзі қазақтарының 1 Құрылтайы үстінде, бізді, ел Тәуелсіздігінің 1 жылдық мерейтойымен құттықтап Финляндия Презденті Мауна Койвисто мырзаның арнайы сапармен келгенін сіздерге айтқым келеді. Осы көрмедегі қанымызға да жанымызға жақын сіздердің «Ауыл» қалашығына мәртебелі мейманды әдейі  ертіп келіп тұрмын. Кәне, қандай өнерлеріңіз бар, алыстан келген мейманға көрсетіңіздер…

Президент сөзін аяқтаған бойда дап-дайын тұрған қыздар тосылмай ән салып, жігіттер күмбірлете күй тартты. Мәртебелі қонақ – риза. Мейірлене күлімсіреп қол соқты. Финляндия Президентіне, әсіресе «Телікөлдің» «жұлдызы» – күрең қасқа Засленнің төрт аяғын сілкіп тастап, тең басып, бір орында тайпалып билегені ерекше ұнады.  Онысын жұрт байқап қалды…

***

Фин президенті Мауно Койвистоның күрең қасқаны аттай қалап алғаны туралы Қыдырия алғаш кеңшардың директоры Нұрбек Есжановтың аузынан естіді. Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік мейманның меселін қайтармай күрең қасқа жүйрікті Суоми елінің патшасына сыйға тартыпты. «Ал, Қыдырия, жолға дайындал, бұл тапсырманы орындауға сенен басқа лайықты адам жоқ!» деген директордың айтқанына, Қыдырияның қапелімде аузына түскен сөзі «Қашан?!» болды. Сол «Қашан?!» келер жылдың наурызының басында жүзеге асты. Жас мемлекеттің шетелмен жекедара қатынасы өз алдына, оның мемлекетаралық алыс-беріс құжаттарын дайындауға ғана 7 ай уақыт кетті!..

Шиелі депосынан шыққан жүк вагонына аузы-мұрнынан шыға азық-түлік, жем шөп, бөшке-бөшке су тиелді… Вагонның бір бұрышынан Засленге арналып қора тұрғызылды, екінші бұрышынан күтушілерге жағдайы жақсы жатын орын жасалды. Қыдырияға жұп болып кеңшардың байырғы жылқышысы Тиыштық Сыздықов ақсақал қосылды. Бұл сапар бүгін-ертең жасы 35-ке толғалы тұрған Қыдырияға қызық көрінді. Анау-мынау емес Еуропаның иығындағы Финляндияға – Суоми еліне саяхаттап барады! Саяхат болғанда қандай-й?!

Қар қеткенмен, қара суық басым. Жылқышы ағасы екеуі орыс пеші «буржуйкаға» көмірді кезек-кезек лақтырып, жылынады. Бір-бірінің күйелеш-күйелеш болған түрлеріне күлісе жүріп, қызықтай жүріп, Мәскеуге жетті. Жүк пойызынан ағытылып алынған «қазақ вагоны» самсаған көп вагоннан алшаққа, тұйық бұрышқа тығылып қойылды. «Кімсің» деген кісі жоқ. «Біз Финляндияға барамыз, транзитпіз деген» елден естіген сөзді он қайталаса да, оған құлақ асар бір пенде табылмады… «Шетелге бара жатырсың…» деп келіншегі қыр сап берген шалбары мен пиджагін  мерзімінен бұрын киіп алған Қыдырия, депо мен «қазақ вагонның» арасындағы жүз сан рельсті аттап жүріп, жол қылды. Шаршады. Қырық тарау, тоқсан  торап болып шиырласып жатқан, өмірінде тарақ көрмеген қолаң шаштай ұйысқан темір жолды Қыдырияның өз басы осы Мәскеуде көрді. Іздеп, сұрау салмасаң, бармасаң мына шым-шытырық шиырласқан теміржолдың арасында із-түзсіз жоғалып кетуің кәміл. Өткен бес күн ішінде вагон мен депоның ортасын шаң қылған Қыдырияның тойға киер шалабарының тізесі сыр беріп, шодырайып шықты. Аалтыншы күн дегенде, әйтеуір, жол ашылды. Мәскеудің Беларусь бағытындағы стансасының депосында сағатты сағатқа ұрып құр босқа отырған жоқ Қыдырия, бірқатар қазаққа танымал лаузымды азаматтардың аты-жөнін жаттап, қойын дәптеріне айшықтап жазып алды. Сол кездегі ҚР көлік министрі Нығметжан Қабатайұлы Есенғарин, Сыртқы экономикалық байланыс министрі Сыздық Жұматайұлы Әбішев, Мәскеудегі жаңадан құрылған «Қазақстан-Коммерция» сыртқы экономикалық өңірлік өкілдігінің төрағасы Сәбит Қайырұлы Жаданов, Министрлер Кабинетінің көмекшілері Өтегенов пен Голубь – осыншама адам Мәскеу депосының бір бұрышында қаңтарылып тұрған «қазақ вагонының» Батысқа бет алуы үшін, күрең қасқа үшін… күні-түні тынбай еңбектеніп тер төкті. Тығырықтан шығар жол іздеді. Қыдырия депода отырып  Үкіметтегі екі көмекшімен күн құрғатпай телефон арқылы сөйлесіп тұрды. Бір күні Мәскеудегі фин консулы келіп, таяу уақытта істің оң шешілетінін айтып қуантып, тойға киетіндей аппақ бес саусақты бір бума қолғапты тастап кетті. Оны киіп көмір ұстағанға обал!.. Шиеліден алып шыққан брезент қолғаптың да сау-тамтығы қалмай жыртылған. Консул мырза оны қалай ғана байқап қойды екен…

Депода бұдан да басқа қызықтар болды.

Көзтаныс боп қалған депоның егде тартқан бір азаматы Қыдырияға тосыннан сауал қойды.

–Кәуап жасай аласың ба?

–Әрине, жасай аламын. Не болды?– деген Қыдырияның таңданысына мәскеулік теміржолшы:

–Сендер бұл стансадан жуық арада ұзап шыға алмайсыңдар. Анау жемге тоймайтын атыңды арықтамай тұрғанда кәуап жасап, жеп алмайсыңдар ма? – дегені.

–Бізде кәуапты қой етінен жасайды!..

Кісінің жаны қысылып, жолдың жайын ойлап, азып-тозып жүргендегі естігені осы. Бүкіл кеңсе толы адамдар кеңсені басына көтеріп күліп жатыр. Неткен бірауызды халық! Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. «Шіркін, күрең қасқа! Қадіріңді, сенің миллион рубльға бағаланатын құныңды білмейді-ау, мына жазғандар… Жер шарында қазақтан асқан бауырмал халық жоқ екен ғой тегінде. Кімге болсын, қандай жағдай болсын қол ұшын созуға әзір. Ауызындағысын жырып береді…»

Алты күндік Мәскеу аялдамасы жігіттің болашақ өміріне зор сабақ болды.

Бір күн, бір түн жүріп Ленинград пен Выборг қалаларын артқа тастап Лужайка стансасына тұмсық тірегенде, ендігі аялдама –фин шекарасы деген хабар алды. Қанша қисынсыз сөз естісе де Мәскеу өз жері, өз ауылындай екен, тіл білмейтін елдегі ендігі тірлігіміз не болар екен деген қобалжу басталды.

***

«Күйелеш» вагон шекараға жетпей тоқтады. Күрең қасқаның жем-шөбі, өздерінің желінбей қалған жармасы мен ішілмеген шәй-пайы… Суоми елімен алғаш таныстырған консул берген ақ қолғап бумасымен, түп-түгел сол вагонда қалды.

Қол сөмкесін көтеріп, аудармашының соңынан еріп, бұрыштан шыға бергені сол екен, о тоба, бұлай деп кім ойлаған?! Үрлемелі аспаппен аяқ астынан музыка ойнап берсін. Қызыл қоңыр кесек тастан әдемілеп қиыстырып, өріліп төселген алаңның төр жағында мойындарына галстук таққан, костюм киген, кіл ұзын бойлы бір топ ер кісінің қарасы көрінді. Музыканттар мәртебелі топтың оң жағынан орын алыпты. Аудармашының нұсқаумен алқызыл лента тартылған жолаққа имене аяқ басқан Қыдырия мен Тиыштық ақсақалдың алдынан ұлттық киім киген екі қыз нан мен тұз алып шықты. Міне, құрмет! Міне, қошамет! Қазақстанға, республиканың Президентіне құрмет жасалып жатыр! Қалай толқымайсың! Топтың ішінде бір министр мен басқа лаузымды адамдардың жүргені Қыдырияның есінде қалыпты. Салтанатты митингіден ұққаны – шекараға таяу орналасқан шаһардың басшысы елге тұңғыш рет ресми түрде қадам басқан қазақтарды өзі бас болып мемлекеттік дәрежеде қабылдау жасағаны екен. Шаһардың аты – Вайниккала (Vainikkala) еді.

Темір жол бекетінің басында сәйгүліктен қан алынды. Төл құжаты мұқият тексерілді. Арнайы орынға апарып, тұла бойы сұйық сабынмен жуып-шайылып, тазартылды. Әріптесі – мал дәрігері Мате Роуз есімді жігіт Қыдыриямен бейне көптен көрмеген ескі тусындай  шүйіркелесті. Өзінің орыс тілін бір кісідей білетінін қайтерсіз!? Киевте дәріс алыпты. Әр әріптің дыбысын созып сөйлегені болмаса, сөзі өте ұғынықты. Аудармашымен бірге жүрген Фин Президенті адьютантының есімі Кари Каасурунеен еді. Түсі суық, көп сөйлемейтін кісі. Сонымен Қыдыриялардың көз алдында күрең қасқа бұрын-соңды рахатын көрмеген ерекше жылтылдаған күймеге кіргізіліп, ол күймені дыбысы білінбейтін ерекше жеңіл көлік сүйрей ала жөнелді. Екі қазақ ертегілер елінде жүргендей! Расында да 5 мың шақырым жолды артқа тастап келген қазақтар бейтаныс жерде өң мен түсті ажырата алмай қалды…

Фермада бұларды Президент Мауно Койвисто мен оның бойжеткен екі қызы қарсы алды. Аста-төк дастархан жайылыпты. Дастархан басында Президент сөйледі. Жас республика Қазақстанның болашағына даңғыл жол тіледі. Ұлы даланы мекендеген жаугер-номадтың ұрпағына деп, атап айтып, бұларға қанжар тектес бір-бір пышақ сыйлады. Оны Президент өз қолымен тапсырды. Кім біледі, Суоми елінің қонақ күтудегі салт-дәстүрі солай шығар, бірақ, Тиыштық ақсақал тиыш тұрмай «біздің салтымызда жақын адамдар бір-біріне пышақ сыйламайды, сондықтан біз сатып алайық» деп, қалтасынан құны кете бастаған кеңестік қызыл құлақ екі он сомдықты шығарып дастарқанның үстіне қойды. Қыдырия орнынан тұрып, бас изеп, ағасын қолдады. Байқағаны, фин жағы аудармашының сөзінен кейін мұны дұрыс түсінген секілді, тіпті, жайдары қауқылдасып, қол шапалақтады…

Ас ішіліп, көңілді топ сыртқа шыққанда көктем шығып үлгермесе де көкпеңбек болып құлпырып тұрған көк өскіннен қазақы жануар күрт-күрт шайнап тұр екен. Дереу музыка қойылды. Президенттің қыздары майысып, Засленнен көз алар емес. «Ал баста, Заслен!..» деді Қыдырия дауыстап. Күрең қасқа қаннен қаперсіз. Музыкаға құлақ асқан жоқ. Әлден уақытта… ит тұмсығы батпайтын жынысты қалың орманға мойнын соза арқырай кісінеп, жер тарпыды. Сөйтті де түк болмағандай көк өскінге қайта бас қойды. «Заслен мұның не? Кәне, биге бас!» Қыдырия сәйгүліктің жанына жетіп барды. Кекілін тарап, жалынан сипады. «Кәне, күрең қасқа, көрсет өнеріңді…» Тиыштық ақсақал да мұның артынан ентелей жетіпті: «Күйі болмай тұр ғой шамасы. Жерсінбей жатыр-ау, жануар. Өз-өзіне келіп алсын, билейді ғой…» деп жатыр. Басын шұғыл көтеріп, қара орманға қарап оқыранған жануардың шарасы кең жанарында  жас тамшысының толып қалғанын байқағандай болды Қыдырия. Ақылды жануар иесіне мұнысын байқатпайыншы дегендей-ақ басын төмен салып, көк шөпті иіскелеп, термелеп, бырт-бырт үзе берді.

Иығына қолын салған әріптесі Мате екен.

–Қам жеме, Қыдыр… Заслен өте алыс жол жүрді. Суоми жеріне еті үйренген соң, ол билейді… – деп орысшасын созып сөйлеп, күліп тұр. Мате Роуздің «Аадаптейшн, аадаптейшн…» сөзі Қыдырияның құлазыған көңіліне дем бергендей әсер етті. «Мате де мал дәрігері ғой, бірдеңені білетін шығар, адаптациядан өтсін деп тұр ғой…» деп өзін-өзі іштей жұбатқандай болып, күрең қасқаның шарасы үлкен қара көздеріне тағы бір зер салды. О, тоба! Ат та адам секілді-ай!.. Қыдырияның көңілі босап, көзіне жас үйірілгені-ші… «Хош, сау бол, күрең қасқа – Заслен, жануарым!..»

***

1994 жылы Шиелідегі «Телікөл» қаракөл қой кеңшары біржолата тарады. Президент тапсырмасын орындаған кеңшардың аға мал дәрігері Қыдырия Күлібаев жұмыссыз қалды. Құр бекерге қарап жатпады, өзі айтқандай, заман талабына сай ел қатарлы мамандығын ауыстырып, кәсібін түрлендіріп үлгерді. Шиелі теміржол стансасында оператор-дефектоскоп қызметін атқарады. Құдайдың құтты күні арлы-берлі жүріп өтететін он бес шақырым жаяу жүрісте теміржолдың табанында қандай кінәрат бар, соны бірінші байқайтын нағыз қырағы көз маманыңыз Қыдырия болып алды! Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа дамыл таппай күні-түні заулайтын он-сан пойыз Қыдырияның арқасында себеп-салдарсыз тоқтамады. Сөйтіп өткен 19 жылдың ішінде бұл Қыдырия Күлібаев Жер шарын экватормен екі айналып шыққандай жол жүріп тастапты! Айдала да, шақырымдарды артқа тастап келе жатқанда кешегі аға мал дәрігері Қыдырияның ойына не келіп не кетпейді?! Талай рет күрең қасқа арқырап кісінегендей боп артына жалтақ-жалтақ қарайтын… Жануардың дауысалстағы сағымның арасынан талып жеткендей күй кешетін.

Терең ой үстінде қалатын кездейсоқ танысымның жүрегін қанша жерден тырмалағым келмесе де:

–Қыдеке, мойныңыздағы жүкті түсіру үшін сол жолы Ташкентті қойып, неге тіп-тіке Алматыға ұшпадыңыз? Неге Президенттің сәлемін өз ауызыңыздан Президентке жеткізбедіңіз? – деймін ғой баяғы.

–Балалық қой, әй, балалық… Елбасына не айтам деген ұяңдық басым түсті?! Біз кеткен соң өз-өзіне келген жануар Суомидің көкмайсасын кешіп тұрып, адам секілді 62 тамыры езіліп тұрып, ұзын сирақтарын сілкіп тастап, билеген де шығар-ау… Өтті, кетті не деймін… Аман-есен барып, Президенттің аманатын тапсырғанымыз туралы аудан басшылары облыс басшыларына жеткізді, облыс басшысы Президентке айтты деген хабарды естідік те, сонымен болған оқиғаны ұмыттық. Оның үстіне өте күшті дамыған елдің тұрмысын өңіміз түгілі түсімізде көрмеген біз бейбақтар, аузымыз ашылып, көзіміз жұмылып есеңгіреп қалдық қой, несін жасырайын! Содан бері де арада 25 жылға жуық уақыт өтіпті. Біздің Қазақстан дәл сол кездегі финдердің дәрежесіне жетеді деп кім ойлаған!? Асып та кеттік-ау деймін. Қазір Астана мен Алматыға барғанда сондай ойда қаламын. Заман көші тез жүреді екен ғой, – дейді Қыдырия қызарақтап.

Президент Мауно Койвистоның тікелей тапсырмасы бойынша қазақстандық қонақтар үш күн арнайы жасақталған жалтылдаған көліктен түспей қыдырады. Гипер-супермаркеттер өз алдына,  аймақтағы сүт фермалары мен ет комбинатын аралайды. Хельсинки, Турку, Саукеле қалаларын армансыз шарлайды. Елдің атын танытып, шетелге саяхаттап қайтқан Қыдырия үшін ол сапар қиял-ғажайып ертегімен пара-пар.

–Оның маңызын айтсайшы, шіркін, маңызын… Әттең, кеш білдім ғой… – деп, көп күлмейтін Қыдырия мұңайғандай болып, бір жымиып қойды.

***

Осы Қыдырия Күлбаев сияқты маңызды тапсырмамен араб еліне барып қайтқан бір азаматпен жақсы таныспын. Сізге өтірік, маған шын – сол азамат араб шейхының атбасындай алтыны мен атшаптырым баспанасынан, желмен жарысқан жеңіл автокөлігінен бас тартқан… Неге, неге… дейсіз ғой?!

Ол жайлы толғауды алдағы күндердің үлесіне қалдыра тұрайын…

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Египет Арап республикасының президенті Абдель Насерге ат мінгізген қазақ туралы жариялаған болатынбыз.

Талғат Сүйінбай

«Егемен Қазақстан», Алматы. 2016 жыл

2 comments

  1. Мұстапа 10 Қараша, 2020 at 23:09 Ответить

    Фин еліне барып келгендей болып жатырмын!!!! Тәтемнің баққан жылқысын мініп алып ауылда шауып жүрмін!!!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!