Жылқы болмысымызға ажырамастай сіңісіп кетті – ұстаз

1009

Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы халқымыздың мәдени және рухани өмірінің, тамырын тереңге жайған тағылымды тарихының бір көрінісі десек, бір жағынан жүрегі «елім» деп соққан әр қазақтың еңсесін тіктеп, мақтанышпен ұрандай алатын, болмысын таныта білуге серпін беретін, патриоттық рухын көтеретін бірден-бір дүние.

Ата-бабамыз «жылқы – жеті қазынаның бірі» дейді. Жылқының тұрмысымыз бен дәстүрімізге ажырамастай сіңіп кетуі соның дәлелі іспетті. Жаугершілік заманда жауынгердің көлігі, әрі серігі болса, шаруашылықта мінсең көлік, ішсең сусын, жесең тағам болды. Қазақ байлықты тек жылқы малымен есептеген, жауларынан барымталап есесін жылқымен қайтарған. Кіршіксіз көңілі мен ақеділ пейілін жылқы малын сыйға тарту арқылы немесе өмірлік жар – қалыңдықтың қалың малын жылқы беру арқылы білдіріп отырған.

Қазақ халқы «жылқы мінезді халық» деп жатамыз. Халықтың болмысы мен табиғатына балайтын жылқының қадірі мен қасиеті ұшан-теңіз. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, әр жылқының сезімі, ерекшелігі, қасиеті оны күтіп-баптаған адамға ғана белгілі.

Менің әкем Тұтқабай жас кезінен педагог қызметін атқара жүріп, өмірінің соңына дейін ат мініп, өзіне серік етіп, күтіп-баптаумен шұғылданды. Бұл оның бала кезден сүйіп айналысқан кәсібі еді. Жылқы малын ерекше қастерлеп, болмыс-бітімін терең білетін.

Жылқысы екі үйірден аса қойған жоқ. Қыста соғымын сойып, жазда саумал-қымызын іштік. Қолда ірі қараның басы болған соң, дастарханымыздан ағарған үзілген емес.

Ер адамның түздегі өмірі жылқы малымен ғана ғажайып үндестіп жатқандай. Жылқы жаңа жолдарды бағындырады. Атқа міну адамға ерекше күш-жігер берумен қатар, денсаулыққа өте пайдалы. Аттың сезімі мен түйсігі иесімен үйлесіп тұратындай. Жақсы ат иесін тастап кетпейді, жанынан ұзамайды. Атқа міну арқылы табиғатпен тілдесіп, даланың саф ауасын жұтып, көңіліңді серпілтіп, жігеріңді жанисың. Әкемнің өміріне жылқының серік болуы оның талай тауқыметті бастан кешіп, бәрін жеңіп шығуына, қиындықтың бәріне қайсар мінезімен қарсы тұруына себепкер болды деп ойлаймын. Сол уақыттағы халық арасында сауатсыздықты жою мақсатында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға үкімет барынша оң қабақ танытып, қолдау білдірді. Олай дейтін себебім, соғысқа дейін Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданында бес-алты адам атқа мініп жүрсе, соның бірі – менің әкем Тұтқабай Молдарайымов болды. Әкемнің алғашқы жары болған Бибіажар анамыз өз әңгімесінде: «Тұтқабай соғыстан кейінгі жылдарда ауданда ең күшті ат, айғыр мініп жүрді» деп, жарымен бақытты өмір сүрген уақытын мақтанышпен айтып отырады. Директор қызметінде жүрсе де, қарттық шағында да жылқы оның түгелдей өмірінің мәнісіне, қызықтайтын ермегіне айналды. Ірі қара малын да асылдандырып отыратын. Әкемнің ветеринарлық сауаты да мықты болды.

Әкемнің күрең қасқа атын күнделікті баптау менің мойнымда болды. Таңертең атқорадан шығарып, су беремін, жоңышқасын саламын. Сиырлар науадан су ішсе, аттың су ішетін шелегі бөлек болатын. Жылқы малы өте кірпияз, кербез, тазалықты сүйеді. Қорада аттың астын тазалап, ақырындағы шөп қалдықтарын шығарып тастаймын. Кешке 4 тостақ бидайды жылы суға ертерек салып қойып, сүзіп, дорбасына салып, басына іліп қоятынмын. Жазда түстен кейін каналға алып барып кір сабынмен үстін көпіртіп жуындырамын. Арнайы атқа арналған тарақпен тараймын. Ол тыпыр етпей тұрады. Көздерінің маңайын, құлағын ағаштың басына шүберек байлап тазаласам, рахаттанып, ыңғай беріп тұрады. Үйдің жанындағы каналдың арғы жағында «Қаракөл» деп аталатын көл болды. Жаз кезінде сол жаққа бір сәт арқандап келемін.

Атты баптауға әкем әбден үйретті. Өзі атты ерттегенде мені қасына алып, ер-тұрман әбзелдерімен таныстырып тұрады. Бірінші тоқым салады, ер жаурынына батпас үшін теріден жасалған жон салады. Содан кейін ерді үзенгімен бірге салады, ердің үстіне көрпеше салып тартпасын екі жерден тартады. Ауыздықты аузына салып, ноқтасын кигізіп жүген салады. Мен ретімен әперіп тұрамын.

«Қызым үйреніп ал, барған жеріңде керек болса бәрін біліп тұратын боласың» деп айтқан кезінде «иә, ат ұстайтын адамға барармын!» деп іштей жақтырмай тұратынмын. Бойжеткен шағымда әкем менің атқа мінгенімді қызықтады. Мен іштей «малшылар мінетін нәрсеге мен неге мінуім керек» деп намыстанатынмын. Бір күні қызықты материал шыққан газетті ауылда бір құрдасына апарып беруімді тапсырып, күтіп отырғанын айтып, атқа мінгізіп жіберді. Атпен жүруге ұялсам да әкемнің сұсты жүзінен төнген қалың қара қасы көзін жауып, мұрты түксиіп «мына атқа мін!» дегенінен сескеніп, аяғым тартпай, мінгім келмесе де ыңғайландым. Бармауға әкемнің қаһарынан қорқып тұрмын. Мініп жатып: «Аттан құлап өлем» деп еріксіз күбірледім. «Ат иесін тастамайды, өлмейсің!» — деді. Ішімнен: «ауыл балалары көріп қоймаса екен» деп, ашуланып мініп кете бардым. Мініп алып, жүгенді ерге іліп қойып, екі аяғым үзенгіде, өзім екі қолымды жоғары тастап, шалқалап, аттан төмен қарай салбырап, жаны жоқ адам секілді салбырап кете бардым.

Ат адамның ойымен ойы үйлесім тауып, ыңғайыңа көніп отырады. Сонда менің ыңғайыма көнген аттың ақылдылығына көзім жетті. «Үйден алыстадым-ау» деген кезде, атып тұрып, жайғасып алдымда, жүгенмен атты бұрып, бір дөңнің жанына барып, аттан түсіп, шылбырынан жетектеп, газетті жаяу алып барып бердім. Қазір ойласам менікі балалықпен істеген ісім дұрыс емес екен. Әкем сол кезде атқа мінгенімді қызықтап, сыртымнан қайта-қайта қарап, киіз үйдің ар жағына барып миығынан күліп отырғанын есейгенімде анам күліп айтып отыратын.

Бір күні әкем тоғайдағы сиырлар мен бұзауларды алып келіп, «бұзауларға ен салып жіберуім керек, сен де жүр, тоғайдан айдап шығуға көмектес» деп алып кетті. «Балғамбай» деген жерде машинамен кісілер кездесіп қалып, егінге түспесін деп малды қамап қойған жерінен шығарып алуға кетіп барамыз деді. Әкем де сол машинаға ілесіп мінді де, мені атпен кері қайтарды. Мен ауылға қиыр-шиыр жолды тауып бара алмайтынымды айтқанымда, астымдағы атымның жолды тауып, үйге апаратынын айтты. Шілденің шіліңгір ыстығы миды қайнатып барады. Атқа мінгенім сол еді, бірнеше шақырым жерден барынша шауып ұша жөнелді. Сасқанымнан жүгенді бір-екі рет тартып қалдым. Күшім әлсіз бе, әлде үйге жетуді мақсат тұтты ма, ат маған бой бермей шаба жөнелді. Әкемнің менің үйге тез жеткенімді қалағанын сезгендей. Шауып келіп, бір сәтте үйдің ауласының есігіне келіп, тұра қалды. Жүрегім дүрсілдеп, қорыққанымды, я қуанғанымды білмей қалдым. Ат қатты шапқан кезде өте жайлы болып кетеді екен.

Жалпы атты баптау менің міндетімде болды. Кейде әкем үш-төрт түйір қантты өз қолымен беріп, күртілдетіп жегізіп тұратыны көретінмін. Анам әрдайым ер-тұрман, қамшы секілді ат әбзелдерін киелі санап, жоғары іліп, аяқ асты етпейтін. Ол да болса тәрбиенің бір көрінісі еді. Мен қалаға оқуға кеткенімде атқа сіңілім Сыргүл қарады. Әкем қайтыс болғанда сол аттың басы төмен қарап көзінен жас ағып, тұрғанын көрген ағайындар «Жануар-ай!» десіп жатты.

Перзентке зар болып, Алладан сұрап жүргенде өмірге мен келгенде қатты қуанған екен әкем. Тұңғышы болғандықтан ба, атқа мінуді үйретуі, атты баптауды, күтуді, қастерлеуді үйретуі – мен үшін өмірлік сабақ болды. Баланың сәби шағынан ересек шағына дейінгі тоқымқағар, сүндеттой, көкпар, қыз қуу, бәйге алу, ат үстінде садақ ату, аңшылық, т.б. барлық кәде-дәстүрлер, ырымдар, ұлттық ойындар, дәстүрлеріміз – бәрі де жылқы малымен егіз ұғымдай болып кеткен. Қазір ойлап отырсам, үйде де, түзде де салт-дәстүрімізбен сіңіскен, рухани болмысымызбен біте қайнасқан тәрбиелік мәні зор міндеттерді қоса атқарған екен.

Ал қазіргі ұрпаққа мектеп қабырғасында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді оқыту, дарыту – ұстаздар алдындағы жауапкершілігі мол жүк пен орасан зор міндет деп білемін!

Гүлімжан Молдарайымова
№80 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!