Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ. Жылқы, жылқы, жылқылар… (жалғасы)

15444

Жылқыда кездесетін ауру түрлері

– Жылқы ауруларын емдейтін халық емінің бірнешеуіне тоқталсаңыз, аға.
– Жылқыда «түйнек» деген ауру болады. Қазақ емшілерінің айтуы бойынша, түйнек – қара түйнек және қи түйнек болып, екіге бөлінеді. Байқап қарайтын болсақ, семіз, шелді, шажырқайы қалың, бүйрегі бітеу малда түйнек аз кездеседі. Ал арық, іш майсыз, әсіресе қанша бақса май бітпейтін кәрі мал мен жас малда осы ауру жиі кездеседі. Жыл бойы бйқап қарайтын болсақ, осы түйнектің ең көп шығатын кезі – көктем айлары. Сондай-ақ, мал ішінде қидың сұйылған кезі де себеп болатын көрінеді. Жалпы, бұл ауру – малды қатты айдаудан, малды тосын үркітуден, қатты жүріске салудан, көктемде арық малдың шошынып қарғуынан, секіруінен, әдейі жығып аунатудан, жүріп келе жатып жалт бұрылу сияқты оқыс қимылдан болатын көрінеді.
Түйнек ішектің түйінделіп бұралып, ішектің бір тұйығы қатарындағы ішекті үстінен, шажырқай, бүйрек май шандырларының тесігінен немесе шап шандырларының тесігі, жыртығы болса, соның бірінен өтіп, асылып қалуы деген сөз. Түйнектеліп қалғанда табиғи қалып бұзылады. Несеп ақпай қалып, іш кеуіп, тынысы тарылады. Мал ағзаларының сіңіру, қорыту, сыртқа шығару жұмысы нашарлайды. Мұндай кезде ішек-қарын істен шыға бастайды. Кейде ішек жарылып, мал өліп кетуі де мүмкін.
Қара түйнек пен қи түйнек біріне-бірі ұқсас. Бұл ауру кенеттен пайда болады. Сол кезде малға қарасаң екі бүйіріне кезек-кезек көз салады. Тынышсызданып, тұяғымен жер тарпиды. Жерге жата қалып аунап, қайта тұрады. Аунауды жиі қайталап, жерге гүрс етіп құлап та түседі. Қиналып, күшеніп қара терге түседі. Адам дейсің бе, ауырып тұрмын деп айтатын?! Сол ауырғандығын сездіріп жатқаны ғой. Түйнекпен ауырған малды жерге жатқызып, ары-бері аунатады. Малдың артын, басын жоғары көтеріп байқайды. Малдың бауыр тұсынан бақан өткізіп, бір-екі көтеріп түсіреді. Ал жеңілдеу қой ауырған болса, жайдақ атқа өңгеріп шабады. Бұл айла-тәсілдерінің бәрі дерлік – ішектің тұйығы өтіп кеткен шандырларды үзіп жіберу. Егер осы жасаған тәсілдер көмектессе, онда ол мал қи түйнек болғаны. Бұл тақыр шабынан керісінше жарып, қолды ішеке салып, бұралып қалған ішекті жазады. Ішекке асылған шандырды қиып жібереді, не үзеді. Тілген жерін қайта тігіп, дәрілеп, күтімге алады. Жарып ем қолданған түйнекті қазақ емшілері «қара түйнек» деп атаған.
Тышқаншық дейтін аурудың түрі бар. Бұл ауру сиыр мен жылқыда көп болады. Мал өріске шығудан, шөп жеуден, су ішуден мүлде қалады. Су ішпеген соң, іші кебеді. Екі жағына кезек қарап, аунап жантласады. Егер сол мезетінде емдемесе, бұл дерттен сиыр да, жылқы да өліп кетеді. Мұны емдеу жолы да, әдісі де бар. Бірақ жылқы тышқаншығын емдегенде оның шықшыт безінен, ал сиырды емдегенде шап безінен емдейді. Осы айтылған бездерге емшілер біз шаншып, безді тіліп, бір-екі бөлікке бөліп жібереді. Біз табылмаған күннің өзінде безді сыртынан қысып, жаншып, езгілеген жөн. Кейде аттың екі танауының астынан, көлденеңінен пышақ жүгіртіп қан ағызады. Біз бен пышақ та болмай қалса, саусақтай таяқша ағашты аттың екі танауына кезек-кезек ысқылап, қан ағызуға болады. Жалпы, мұндай қан ағызу ауруы асқынған малды ажалдан арашалайды. Бір таңғаларлығы, бізді сұғып жіберіп, безін тескілеп жатқанда мал қыңқ демейді. Қайта рақаттанып, жанына жаққандай қалып танытады. Ауырса, жанына батса, олай жасамайтын еді.

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

– Жылқы ауруларының тағы да қандай түрлері бар?
– Өте көп. Бірнешеуін айтайын. Жылқы маңқа, қар өкпе, шығу, сақау, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, сары ауру, қарын ауру, арқа кету, лоққы мандам, тышқаншық, қыршаңқы, желінқұрт сияқты аурулармен ауырады. Дер кезінде емдесе, жазылып кетеді. Жылқы малы ауруға өте төзімді келеді. Денесіне түскен жара құрттаса, сол құрттар теріден өтіп, етке жеткенде бірден өледі де, жерге домалап түседі. Бұл да жылқының бір қасиетін көрсетсе керек.

– Малдың көзіне ақ түсіпті деп жатады. Мұны жазуға бола ма?
– Көзге ақ түсу – төрт түлікте де болатын қасірет. Шауып, желіп, жай жүрістің өзінен де көзге бір нәрсенің ұшып, ыршып түсуінен, ұрылып-соғылудан көзге зақым келіп, көз жанарының ішіне жара түседі. Жара жазылса да, көз қарашығының ішінде көрер көзге білінетіндей ақ түйір қалады. Ақ түскен сәтте көз жасаурайды, көзді ашқызбай, шаншып ауырады. Қазақ емшілері мұның да алдын алған. Мұндайда көп қолданатын емнің бірі – шырша қарағай бар ғой, иә болмаса жатып өсетін аршаның көмірін ұнтақтап, уқалап, оған азғана қант араластырып, сол жасаған қоспаны малдың көзіне жақындатып, ауызбен үрлейді. Осы емді күнде қайталап тұру керек. Егер ауру асқынып кетпесе, онда көзге ақ түсірмей, жазып алуға да мүмкіндік бар. Қанжілік деген ауруды естіп көріп пе едің?

– Бала күнімде естігенім бар. Жылқымен түбегейлі айналыспаған соң, оның ауруына мән бермеппін. Бұл неден пайда болатын кесел?
– Бұл – жілікке қан түсу, жілігі қанға толу, жілік майы қанмен араласу, жілік майы қанталу, кемік бастар мен қақ сүйектерге қан жайылу, жілік кемігінің қанталауы деген сөз. Бұл жілік майының табиғи қалпынан өзгергенін аңғартады. Бірақ, бұл жұқпалы сырқатқа жатпайды. Қазақта «жілік майлы», «жілікті», «жілік майы сорғалап тұр», «кемік майы сорғалап тұр», «жілік майы тоқпақтай» деген сықылды сөздерді кездестіреміз. Бұл жілктің табиғи қалпын сақтап, «ақ жілік» күйінде екенін аңғартады. «Жіліксіз», «жілігі азайған», «жілігі жоқ», «жілігі солған», «жілік майы қылдырықтай», «жілігінде май жоқ», «жілік майы үзілген» деген секілді атау тіркестер де бар. Мұның өзі – малдың ұзақ уақыт дертке ұшырауынан болатын салдар. Аты айтып тұрғандай, бұл аурумен ауырған малдың жілік майы қанталап, өңі-түсі өзгеріп, қызарады. Кейде қан ұйыған секілді іркілдеп, жіліктің қуысына толып кетеді. Ондай кезде май қанға айналып кетеді. Жіліктің ішіндегі талшықтар болады ғой, соның өзі де күреңітіп, қарайып кетеді. Пісіргенде ол жілік майынан гөрі, ұйыған қанға көбірек ұқсайды. Жіліктің ішіндегі майдың иісі де, дәмі де өзгереді. Осы өзгеріс кейін жіліктің майы ғана емес, кемік бастары мен қақ сүйекте де байқалады.

– Мұндай аурумен ауырған малды қалай білуге болады?
– Мұндайда мал қатты қиналады. Ауыртпалықтан жаны күйзелген мал төрт аяғын нық басуға шамасы келмейді. Салмақты көтере алмай, әр аяғына кезке-кезек күш түсіріп тұрады. Ақсап басу, сылтып басу пайда болады. Аяғын көтере алмай, кібіртіктей береді. Малдың ыстығы көтеріледі, тамырының соғуы мен тыныс алуы жиілейді. Осы дертке шалдыққан мал мініске, жүріске, жүк салуға жарамайды.
Егер қанжілікке шалдыққан малға күтім жасалмаса, жазылып келе жатқанда қайта қиналып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Мұндай малды қазақ емшілері өріске қоя беріп, мінгізбей, ауырлық түсірмей, айрықша күтімге алған. Әсіресе, өте қымбатқа түскен жүйріктер мен бәйге аттары – жорғаларды, мықты тұлпарларды қанжілік сырқатынан емдеу өте қымбатқа түседі және ұзаққа созылады. Бұл дерттен жылқы малы толық жазылғанша үстіне – ер, аузына жүген тимеуі керек. Әсілі, мұндай дертке шалдыққан екі-үш жылқыны қоса бағып, ерекше күтімге алады. Қыстағы күтімі жақсы болған жылқы келер қысқа дейін өз бабына келуі мүмкін. Олардың осы дерттен құлан-таза құтылғаны шұрайланып шыға келеді. Осы орайда жылқының семіруіне байланысты сырқатының кеткен-кетпегенін аңғаруға мүмкіндік аламыз. Кейде оның семірмеуінің де өзіндік себептері болады. Мықты тұлпарлардың жанына тәжірибе үшін қосылған кей жылқыларды қазақ емшілері әр жылы біреуін сойып, бақылауға алуға мәжбүр болған. Сойылған малдың жілігін шағып, майының молдығы мен аздығын, өң-түсін, иіс-дәмін шикілей де, пісіріп те тексереді. Қолмен ұстап, көзбен көрген соң ғана, нақтылы шешім жасаған. Қырағы көз, білгір емшілер кемік бастар мен жілік майларды бір көргенде-ақ ажыратып айта берген. Жалпы алғанда, тәжірибе үшін қосылған қанжілікпен ауырған жылқы малының жілік майлары, сүйектері бәрі сұрыптаудан өткізіледі. Міне, жүрісі мықты жорға мен шабысқа мықты бәйге аттарының жанына орташа тұқымды аттарды бірге байлайтынының себебі. Дертіне ұзақ уақыт шипа ізделетін бұл ауру өте ауыр сырқаттың біріне саналған. Сырқаттың түріне орай айығып кету мезгілі де сонша уақытқа созылған. Қызылмай дейтін малға жұқпайтын дерттің бір түрі бар.

– Мұны қалай білеміз?
– Күннің ыстығында малды шаңдатып қатты айдап, ыстығы басылмай су ішкізсе, ат пен түйені қапырық күнде мініп, ауыр жүк артып, қинаса, семіз мал, тоқ мал бірден қызылмай болады. Бұған түйе малы шалдыққыш келеді. Қызылмай – зілді дерт. Бұл сырқаттан мал қатты күйзеліске ұшырайды. Ет-майы бұзылады. Сүйегіне, кемікке қан ұйып қалады. Жілік майына қан кетеді. Қатты зардаптан малдың аяғына қан түседі. Егер бұл дертке шалдыққан малды сол мезетінде емедемесе, іріп-шіріп, қиналып өледі. Тірі қалғанның өзінде сауығып кетуі үшін бірнеше жыл керек. Қазақтың мал ауруларын емдейтін емшілері жылқы мен түйе малын уақтылы емдеп, оны тез арада жазып жіберетін болған. Күнделікті жұмысқа пайдаланбай, оны мінуден де босатып, реті келсе өріске қоя бергенді жөн көрген. Аяқтарынан қан алған. Ыстықты қайтаратын шөп-дәрілерді берген. Таза бидайды езіп, соны да ішкізген. Екі жүз-үш жүз грамм шәйді қайнатып, оны суық күйінде береді. Мал дертінің жеңіл-ауырына қарай, емнің басқа түрлерін де қолданады. Осы дерттің қайтуына қай ем жақсы болса, соны қайталап отырған.

– Жылқы малына қатысты «күзеу» деген сөз бар. оқырманға осы сөздің мәнін айта кетесіз бе?
– Күзеу тай күзеу, құнан күзеу, бордақы күзеу болып бөлінеді. Тайды құйрық түбінен, құндақтың түбін қалдырып күзейді, құйрығының ұшынан шыбын қағар құйрық қылып қалдырады. Құнанды құйрығына тимей тек жалын күзейді, кекілін шоқтығына жақын, мінерде ұстар тұсынан бір топ жалын қалдырып күзейді. Ал бордақыны күзегенде жалынан қалдырмай, тоқалдай күзейді. Бұлардың әрқайсысының өз мәнісі бар. қазақ күзеудің түрлеріне қарап-ақ жылқының жас шамасын ажырата береді.

0a421182cd374d3e6c392f6bf66479d4Сұхбаттасқан
Қасымхан Бегманов, «Халқы мықтының — салты мықты»
(Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!