Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер

21251

Көшпенділердің діни-мифологиялық дүниетанымдағы жылқының алатын орны археологиялық және этнографиялық әдебиеттерде көптен бері зерттеліп келе жатқан мәселелердің бірі, жылқыға қатысты қазақтың әдет-ғұрыптарының кейбірі этнографиялық әдебиеттерде қарастырылғанымен, бұл тақырып жеке зерттеу объектісі болған емес. Этнографиялық экспедицияларда Қазақстанның әр аймағынан жиналған деректер, қазақтың ХІХ ғасырдың аяғы мен қазіргі кезге дейінгі жылқыға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің жағдайын көрсетеді.
Қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне төрт түлік малдың ішінде ерекше қастерленетіні – жылқы. «Арыстан – аң патшасы, жылқы – мал патшасы», «Ер қанаты – ат», «Жігіттің сорлысын, аттың жолдысы теңестіреді» дейді халық мақалы. «Дүние ойлап тұрсаң бір сергелдең, жалғыз атың жоқ болса өлгенмен тең» деп айтылады халық өлеңінде. Жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», «адам мінезді», жақсы көрген баласын «құлыным» деп, тіпті жылқының өзін де «қарағым», «шырағым» деп адам сияқты қастерлеу қалыптасқан. Жылқының бұлай дәріптелуі мал шаруашылығмен айналысқан көшпенді халықтың өмірінде жылқының орасан зор маңызында болса керек.

Жылқы иісімен толғақты жеңілдету

15853dfd5eeeЖылқыға қатысты әдет-ғұрыптар адам өмірінің кезеңдерімен астасып жатады. Әйел толғағы қатты болғанда, босана алмай қиналғанда, үйдің сыртына әкеліп ат байлаған немесе атпен тасырлатып шауып өткен. Ауылдың маңынан дүркіретіп жылқы айдаған Сейтқали Иманбаев (95 жаста) мұндай оқиғаны көзімен көрген:
«…1911-1912 – жылдары Ажар дейтін әйелді марту басып, толғата алмай жатқан кезі еді. Босанатын үйге бір үйір жылқыны айдап әкелді. Ішінен айғырды ұстап алып, жүгендеп, үйге кіргізе алмаған соң, есіктің маңдайшасын алып жіберіп, киіз үйге кіріп, айғырдың тұмсығын Ажардың көкірегіне еңкейтті. Айғырды үйден шығарғанда, бір жігіт әйелді алдына отырғызып, атпен шапты, қайтып әкеліп үйге кіргізді, содан кейін босанып ұл тапты…» Жазушы С.Сейфуллин бала кезінде, босана алмай жатқан бір әйелдің толғағы жеңіл болсын деп, ауылдастары көршілес елдің жал-құйрығы, кекілі жерге төгілген, тоқпақ жалды ақ қара бас айғырын алып келгенін көзімен көргенін жазады. Атпен шауып келгенде, әйелді қолтықтап алып үйден шығарып, демін иіскетеді. Қыза шауып келген сесті аттың демі жын-шайтанды қашырады дейді. «Толғатқан әйелдің шашына қараған бұтаның тікендерін шаншып, өзін қазанның үстіне отырғызып, маңайына қылыш, мылтық, найза қойып, айғайлап үйдің қасына алдымен қой, одан соң сиыр мен жылқы айдап әкелген» әйелдің басын жын-пері сияқты күштерден тікенекті бұта, өзін қылыш, найза сияқты суық қарулар қорғап, маңайындағы марту, албасты сияқтылар маңыраған қой, өкірген сиыр, кісінеген жылқыдан қорқып қашады, сөйтіп толғағы жеңіл болады деп сенген. Қазан – ежелден көшпенділерде қасиетті ыдыс – баланы сақтайды. Кей жағдайда әйелдердің өздері: «Мені албасты басып тұр: қойдан қошқар, түйеден бура, жылқыдан айғыр әкеліңдер», — деп сұрайды.
Босанған әйелдің жолдасы түспей қиналған кезде табыннан жылқы әкеліп, әйелдің көкірегіне тұмсығын тосатынын Ибрагимов те көрсетеді. Мұндай жағдайды өз еңбегінде неміс ғалымы Шиле де айта келіп, табыннан жылқының көзі жарқыраған үлкенін таңдайтынын мәлімдейді. «Толғақ жеңіл болып, жолдасының уақытында түсуі үшін әртүрлі шаралар қолданылады. Табыннан жарқыраған үлкен көзді жылқыны алып келіп, міндетті түрде Ыстықкөл жылқысы болу керек, үйге кіргізіп тұмсығын науқастың кеудесіне еңкейтеді. Жын-шайтандар шағыр көзді жылқыдан қашып, науқасты тастап кетеді деп ырымдайды…»
Қазақ арасында жылқымен емдейтін бақсылар болған. ХІХ ғасырдың аяғында Семей облысында өмір сүрген Берікбол бақсы ауруды емдеу үшін неше түрлі қимылдар жасап, жындары мен аруақтарын шақырып шегіне жете ойнаған кезде, арнайы үйретілген ақбозатын шақырған.
Ақтай, Ақтай, Ақтай келді, құру-құру!
Ақ шағыр ат жақтай келді құру-құру!
Төккен терін сатпай келді құру-құру!
Пәле дертті таптай келді құру-құру!
Сол мезетте алдыңғы аяқтарын бүгіп, киіз үйге сып етіп кіріп келген ақбозат аурудың басын иіскеп, кеудесіне алдыңғы екі аяғын салған. Бақсы бұл кезде:
Минауй, минауй, жануар
Жумсаки, жумсаки, жануар, — деп дауысын бірте-берте бәсеңсітеді. Бір информатордың айтуынша, ат үйге кірмей тұрған кезде бақсы шапалақпен сауырынан салып қалғанда, ат сып беріп үйге кіріп, жағалай отырған елдің бәріне қарап, иіскелеп жүріп, толғатып отырған әйелді тауып алады, екі алдыңғы аяқтарымен тарпиды, ал адамды жатқызып қойса, адамның белін жылқы басады. Информаторлардың айтуынша, кеудесіне жылқының аяғы тиген науқас ауырлықты сезбей, керісінше бойы жеңілденіп, ауруы тарқай бастағандай қалыпқа келген. Әйелдің толғағы жеңіл болу үшін атқа мініп дүбірлетіп шабу ежелден келе жатқан дәстүр екенін «Қобыланды батыр» жырында көрініс береді.
Қырық бірдей тұлпарды,
Жылқыдан ұстап кел деді.
Ақ киімді киіңдер,
Қырығың атқа мініңдер.
Жауды келіп қалды деп,
Айқайды сендер салыңдар.
Қырық тұлпарды дүбірлетпей,
Туа алмайды бұл деді.
Дүбірлі туған ер деді,
Қырқың атқа мін деді.
Қырық тұлпардың дүбірі,
Көтеріп жерді барады.
Баяғы тұрған Ақзарбап,
Баланы енді табады.
(Қыдырбайұлы Қобыланды)
Жоғарыдағы фактілерден мынадай жағдайларды іріктеуге болады. Әкелетін жылқы міндетті түрде нысаналы, айтулы айғыр болуы қажет. Ақ жал, бота көз шағыр көз, жал-құйрығы төгілген айғырлар жарамды деп есептелінеді. Емдеу шаралары бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үй сыртынан дүбірлетіп шауып өтеді, одан соң жылқыны үйдің белдеуіне, мама ағашқа байлайды, ақырында үйге кіргізіп, толғатып, босана алмай жатқан әйелге алып келеді.
О.А.Сухарева жылқы әйелді әртүрлі қауіп-қатерден, ауру-сырқаудан, қорғауда дуашылдық рөл атқарады деп дұрыс жорамал жасайды. «Жылқы жүрген жерде жын-шайтан болмайды» дейді қазақ мақалы.
Қамшы – қолға ұстайтын қару және оған жылқының тері сіңгендіктен, жын-шайтан жоламайды деп жас келіншектердің тұсына іліп қойған. Оның ішінде, әсіресе, тобылғы сапты жез ораған сарала қамшының мәні айрықша болады деп сенген. Тувалықтар «қызыл сап қамшы ұстаған кісіден шайтан безіп қорқады» десе, қазақта: «Сарыала қамшыға сайтан жоламайды» деген сөз бар. Қазақ ұғымында жез тазалықтың белгісі ретінде саналған. ХІХ ғасырдың басында Жетісуда өмір сүрген Ділдебай деген кісінің қамшысын босанатын әйелдердің тұсына іліп, болмаса толғақ қатты қысқанда әйелді арқасынан бір-екі тарту әдет болған. Ділдебай: «Ел мені сыйламаса да қамшымды сыйлайды» деп айтып жүреді екен. Қамшы үйіріп емдеуді тек бақсылар ғана емес, жай емшілер мен дәрігерлер де қолданған.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»

(Жалғасы бар)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.