«Қара археология». Ол не және оған тыйым салуға не кедергі?

169

Елде заңсыз археологиямен айналысушыларға тосқауыл болмай отыр. Тіпті олар мемлекеттің заңына да бағына бермейді. Себебі, Ата заңымызда археологиялық заттарды, мәдени мұраны саудалауға тыйым салынады деген нақты бап жоқ.

Сондықтан да олар емін-еркін. Бізде тіпті «Қара археологиямен» айналысқаны үшін қолға түсті» деген ақпарат та жоқ. Сонда Қазақстанда мұндай қылмыс мүлдем кездеспей ме? Бірақ интернетте дәл осындай заттарды сататын бірнеше сайт жұмыс істеп тұр. Ондағы базар қайнап жатпаса да, күнделікті саудаға шығып тұратын құнды жәдігерлер көп.

Елдегі археология саласының бүгінгі жай-күйі қалай? Заңсыз археологияға тыйым салуда нені ескерген жөн? Жалпы қазіргі таңда мәдени мұрамыздың қайнар көзі болар осы салаға қаншалықты көңіл бөліп отырмыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Түйіні мен түйткілі көп саланың бүгінгі жай-күйіне сіз де көңіл қоя отырыңыз, құрметті оқырман.

«Қара археологияға» кімдер жол беріп отыр?

Әңгімеге кіріспес бұрын «қара археологтар» деген кімдер екенін анықтап алайық. Олар – жекелеген адамдар. Яғни, ешқандай заңға бағынбай, өз төтелерінен археологиялық қазбамен айналысып, археологиялық заттарды сатып алып, өзге елдерге апарып сататындар. Ал олардың елімізден тапқан дүниесін қайда сатамын десе де, кімге беремін десе де еріктері өзінде.

Құдайға шүкір, біздің еліміз кең байтақ. Дегенмен, осы алып даламыздың әр түкпіріндегі ескерткіштер, обалар, тарихи молалар мен ғұрыптық кешендерді күнделікті бақылап, тексеріп отыру да үлкен күшті талап етеді. Мысалы Жапония секілді шағын елдерде әрбір ескерткіш бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Әрқайсысының өз құжаты бар. Тіпті айына бір рет арнайы адамдар барып, ол жерді тазалап, жағдайын біліп отырады. Ал бізде Қазақстан бойынша ресми түрде 25 000 археологиялық ескерткіш бар. Шынтуайтына келгенде бұдан 10 есе көп болуы мүмкін. Өйткені әлі күнге дейін әр облыс, әр аудан, әр ауыл бойынша нақты қанша ескерткіш барын білмейміз. Археологиялық ескерткіштердің толық тізімі, толық жинағы әлі жасалған жоқ. Жекелеген кітаптар, карталар бар, бірақ олардың барлығы да бағдарлық-сызба деңгейінде ғана. Анықтамалық толық тізім құру керек. Ол әр ауыл, әр аудан, әр облыс бойынша бірізділікпен жасалуы керек. Әр өңірдің басшысы өз териториясында қандай мәдени ескерткіштер барын біліп отыруы керек. Оның сақталу деңгейін, қалай қорғалып жатқанын, ол ескерткіштер бойынша кімдер зерттеу жұмыстарын жасады, оның есебі тапсырылды ма, кімге тапсырып жатыр, қандай археолог не тапты, оны қайда әкетті, сол бойынша кімге есеп берді дегеннің барлығынан хабардар болуы керек. Өкінішке қарай, мұндай мәлметтерді біліп отыратын әкім жоқтың қасы. Тіпті кейбір аудандарда өзі басқарып отырған өңірде қандай тарихи-мәдени ескерткіш барын білмейтін әкімдер отыр.

Халық археологиялық мұраның құнын білмейді

Мәдени мұра мәселесі бойынша бірнеше өзекті мәселе бұрыннан қордаланып келеді. Тіпті шарықтау шегіне жетті десек те болады. Соны негізге ала отырып мақалалар да жазылды. Оның сыртында өлкелердегі инспекциялар да мұндай мәселелердің барын айтады. Сондықтан да мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау, жүйелеу керек болып тұр. Бір-екі айға созылған науқан, мерзімдік жұмыстардан ешқандай нәтиже жоқ деуге де болады.

Біздің бір түсінгеніміз бұл мәселені министрліктерге, шенеуніктерге немесе басшыларға айтудан пайда жоқ. Сондықтан халықпен жұмыс жасау керек секілді. Және жергілікті жердегі әкімдіктермен бірлесіп қолға алған орынды. Себебі жергілікті тұрғындар бұл мәселені өте жақсы біледі. Өкінішке қарай, олардың қолдарында ешқандай мүмкіндік жоқ. Мысалы Батыс Қазақстан облысы бойынша бүкіл ескерткіштердің қорғалу жағдайын қадағалайтын инспекцияда бір ғана машина бар. Оның өзі «Волга». Мұндай жағдайда олар қалай бүкіл даладағы есерткіштерді бақылауда ұстай алады?

Біздің мұндай олқы тұстарымызды «қара археологтар» тиімді пайдаланып отыр.

Бұл – «қара археология» деген ұғым елімізде соңғы 2-3 жылдан бері пайда бола бастады. Бұған дейін де болған, бірақ олар еліміздегі санаулы ғана қалталы азаматтар еді. Ал соңғы кезде қаншама заңға өзгерістер енгізіп, қылмыстық жауапкершілік күшейсе де, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Себебі бізде заң бар, бірақ оның орындалуын, жүзеге асуын қадағалап отыратын ешкім жоқ. Мысалы прокуратураға «қара археология» бойынша ешқандай факт тіркелмеген. Бірде бір ескерткішті тонау бойынша немесе жәдігерлерді сату бойынша тіркелген қылмыс демей-ақ қояйық, ақпарат жоқ. Яғни заң бойынша біздің елде барлығы да тап-таза, ешқандай заң бұзушылық жоқ. Бірақ біз осы саланы зерттеу барысында, қазба жұмыстарын жүргізген археологтардан сұраған кезде олар қай жерде қандай нысан қай кезде тоналғанын анықтағандарын айтты.

«Тіпті кейбірінің жақын уақытта ғана тоналғанына дейін көрдік. Бірақ нақты үстінен түсіп, тонап жатқан кезде ұстап алмағандықтан, біз оны ашық айта алмаймыз» — дейді археологтар.

Қазір біздің елде «қара археологтардың» табаны тимеген жер сирек. Барлық өңірде олардың ізі жатыр. Текке жатқан жоқ, ата-бабаларымыздан қалған дүниенің ең құндыларын арқалай кеткен.

«Мысалы кей ауылдар ежелгі қаланың үстінде отыр. Ондай жерде күнделікті тұрмыс үшін әр жерді қазған сайын бір жәдігер табылып отыруы заңды. Маңғыстауда соңғы бір-екі жылда табыла қоюы неғайбыл алтын монеталар табылды. Уақытының өзі біздің заманымыздың 2-4 ғасырларына сәйкес келеді. Сол монеталарды тауып алған адамдардың өздері оны сатуға қойған. Сол кезде жергілікті билік – не облыстық, не аудандық әкімшілік сатып ала алмаған. Соның кесірінен қазір ол тиындардың қайда кеткені белгісіз. Тек жергілікті археолог қана суретке түсіріп үлгерген, қазіргі кезде соны суреті арқылы ғана зерттеп жатыр» — дейді осы саланың мамандары.

Өзі туып-өскен өлкенің, өз халқының тарихына қатысы бар дүние болса да, ауызжарымайтын ақшаға бола оны басқа бір шетелдік алымсаққа бере салу; музейге апарып тапсырушы ретінде атын қалдырғанның орынына, қазіргі баспайдасын көздеп, өзгеге сата салу көп кездеседі.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Тек мұндай жәдігерлер еліміздің мәдени, қаржылық, рухани тарихы үшін өте құнды дүние екенін түсінсе. Соның барлығын, тіпті біздің тарихшылар мен археологтар білмейтін деректерді біліп алған «қара археологтар» елдің қолынан арзан ақшаға сатып алып кете береді. Бізде археологиялық жәдігерлердің құнын білмейді деп отырғаным осы.

«Қара археологтар» үшін кеден кедергі емес

Оның үстіне бұл жағдай соңғы бірнеше жылда өршіп кетуінің бір себебі еліміздің Кедендік одаққа кіруімен де тікелей байланысты. Себебі Ресейде бұл сала бойынша заң өте қатал. Енді осы көлеңкелі бизнеспен айналысатын қалталылар, (олар тіпті Лондонға Еуропаға дейін шығып, сауда жасай алады), Қазақстанға келе бастайды. Қазір Қазақстан олар үшін ашық нарық болып тұр. Олар шекарадан ешқандай кедергісіз ары-бері өтіп жүр. Ешкім тексермейді де, тексерген күннің өзінде кеденшілердің көңіл бөле қоюы екіталай. Себебі олардың өзі ондай заттың құнын білмейді.

Мысалы бірде мынадай оқиға болған. Мамандар шет елге сараптама жасауға бір затты алып бара жатқан кезде кеденшілерге әдейі әлгі затын көрсетіпті. «Міне, біз осындай затты апара жатырмыз, құжаттары мынау, рұқсаты бар» деп түсіндіріп жатса, «мұның кімге қажет, салып қой» деген кеденшілер. Елімізден басқа жаққа шығып бара жатқан құнды жәдігерге кеденшілер неге көңіл бөлмейді? Олар шынымен ел қазынасын, ел мәдениетіне салғырт қарай ма? Әлде?..

Әлде бұл археологтардың немесе Мәдениет министрлігінің кінәсі ме? Себебі осы сала мамандары кеденшілерге археологиялық жәдігерлердің құндылығы, оның зат ретінде бағасы болмаса да, тарих үшін, зерттеу нысаны үшін құнды екенін түсіндіріп, семинарлар, түсіндіру жұмыстарын жасаған емес.

Бұның барлығы ұсақ-түйек болуы мүмкін, бірақ кешегі елбасы мақаласында айтқан «Туған жер» бағдарламасы, «Қасиетті Қазақстан» картасы осының барлығын жүзеге асыру үшін мұны қолға алу керек. Осы «Қасиетті Қазақстан» картасына ілінген нысандарды ғана емес, жергілікті атқамінерлер өңірдегі барлық тарихи-мәдени археологиялық нысандарды анықтап, әр өңір өзінің «Қасиетті картасын» жасауы керек. Сонда бұл іс алға жылжиды.

Заң бар бірақ, заңсыздық одан күшті

1992 жылы шыққан «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтау туралы» Заң бар. Бұл заң тарихи-мәдени мұраны табылған, табылмаған немесе қазылған, қазылмаған деп бөлмейді. Қай жерде қандай мұрамыз бар, барлығына ортақ.

Ал оның жүргізілуі, жүзеге асуы, орындалуы – бұл екінші мәселе. Себебі бұл заңды жүзеге асырушы орган ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Бірақ, қазіргі жергілікті жердегі атқарушы органдарға билік беру бойынша өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар жауап береді. Осыдан болып, заңды жүзеге асырушы орган мен оны орындаушы тарап арасында түсініспеушілік орын алып отырған секілді. Олай дейтініміз, жергілікті инспекциялар өзінің әкімдігіне бағынады, министрлікке қарамайды. Сондықтан олар министрлікке өңірдегі жағдай бойынша есеп беруге тиісті емес. Бұл – бір, екіншіден – қазіргі уақытта Қазақстан барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді, соның ішінде археологиялық нысандарды зерттеуге, қазба жұмыстарын жүргізуге берілетін лицензияның уақытын шектеусіз болдырып тастаған. Яғни бір лицензияны өмір бойы пайдалануға болады. Және бұл лицензия Қазақстанның кез келген жерінде қазба жұмыстарын, зерттеумен айналыса беруге мүмкіндік береді.

Мысалы сіз қасыңызға бір-екі археологты аласыз да, ХҚКО арқылы лицензия алып, қалаған жеріңізде жұмыс жасай бересіз. Сіз қай жерде, қандай жоба бойынша, қандай ескерткішті қазып жатырсыз, не таптыңыз оның бәрін қадағалайтын ешкім жоқ.

Ал нақты заң бойынша сіз Қазақстанның қай жерін қазсаңыз да, не тапқаныңыз жайында министрлікке есеп беруіңіз керек. Бірақ, ондай тізімді екінің бірі бермейді. Лицензияны шектеулі мерзімге және нақты бір нысанды немесе нақты бір өңірді ғана зерттеуге берілмегендіктен, қазір кімнің қай жерде, немен айналысып жатқанынан ешкім хабарсыз. Бар қолға ілінетіні Мемлекеттік сатып алу порталында тіркелген лицензия иелері ғана. Ал өңірлер, облыстар тіпті, өз жерлеріне кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанынан бейқабар.

Әрине, біз қолында рұқсат қағазы бардың бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Араларында өте жауапты, өз ісін тыңғылықты атқаратын мекемелер де бар.

Сондықтан мемлекет кім қайда қандай нысанды, қандай жоба бойынша қазып жатқанын біліп отырып, сол арқылы нақты атқарылған жұмыстың есебін талап етуі керек. Біздің елде әзірге ондай жүйе жоқ. Сондықтан археологиялық қазба жұмыстарын қадағалап, оған сараптама, бақылау жасайтын бір орталық керек екенін уақыт талабы көрсетіп отыр.

«Қара археологияда» бәссауданың бәсі күшті

«Қара археология» бойынша бүгінгі күнге дейін қанша заңбұзушылық болғанын анықтап, санап шығу мүмкін емес. Тіпті оны анықтаған күннің өзінде ықпалды тараптардың араласуымен оны жарыққа шығару мүмкін болмасы анық. Себебі бұл салада белді де беделді тұлғалардың да бәсі қызатын кездер бар. Бірақ жаңа жоғарыда айтқан жайларды қолға алсақ, тым болмаса жарым-жартылай анықтауға болады екен.

Ал бұдан арылудың, «қара археологияның» жолын кесудің бір бағыты лицензияның мерзімін шектеу. Және оның нақты қай жерді зерттейтінін атап көрсету деп ойлаймын.

Сонда ғана біз еліміздегі археологиялық нысандардың сақталуын, қорғалуын, қайтадан көмілуін бақылай аламыз. Ол жерден қандай жәдігердің табылғанын, саны қанша екенін, кімге есеп беріп, қайда тапсырылғанын тіркей аламыз.

Қазақстан аумағында олар ашық аукцион өткізетін-өткізбейтінін нақты ешкім білмейді. Дегенмен әлеуметтік желілер арқылы немесе онлайн сауда сататын сайттарда саудалайтындар көп. Ал керемет, құнды жәдігерлердің Ресейде, Еуропада бәссаудаға қойылатыны жасырын емес.

Осы жерде бір анықтап алатын дүние бар. Мысалы еліміздегі зергерлік бұйымдарды, антикварианттық заттарды сататын дүкендердің де аукцион өткізуге құқы бар. Ондайлардың көбі таза жұмыс жасайды. Бұларды «қара археологтардың» қатарына жатқызуға мүлде болмайды.

«Қара археологиядан» сақтанудың жолы не?

Қазақстанда археологиялық мұра үш рет тонауға түсті. Бірі – кешегі Патшалық Ресейдің құрамына кіріп, қазақ даласына қаратаяқтар мен қарашекпендер қаптаған тұс еді. Ол кезде саяхатшы да, саясатшы да қазақтың ен-тегін дүниесін тасуды мықтап қолға алды. Екіншісі – 1931-32 жылдардағы ашаршылық кезі. Бұл айтпаса да түсінікті, жан үшін туған баласын саудаға салған сәт еді. Үшінші — осыдан ширек ғасыр бұрынғы нарықтық қоғамға өткен кезіміз. Онда да дүниенің көзіне қарап көрмеген қазақ, қолына ұстағанын құнсыз дүниедей сатты.

Осы тондаулар кезінде қазақтың жер үстіндегі байлығын былай қойып, жер астындағы – моласындағы байлығын да тонап кетті.

«Біз Моңғолияда жұмыс жасаған кезде, ондағы қорғандардың 90 пайыздан астамы тоналмағанын байқадық. Бізде керісінше 90 пайыздан астамы түгел тоналып кеткен» — дейді археологтар.

Осы жерде екі мәселе алдымыздан шығады. Оның біріншісі – қазір қолда бар дүниені тоналудан сақтап қалу, екінші – кезінде тоналып кеткен құнды, бірегей жәдігерлермізді елге қайтару. Әрине, ешкім бізге түпнұсқаны бере салмайтыны анық. Сондықтан, тым болмаса көшірмесін жасап, 3D моделін әкелу. Оған да болмаса, сол құнды жәдігерлеріміз тұрған елдермен бірлесіп елімізде көрмелер ұйымдастыру керек.

Иә, көрші елдердің біразында «қара археология» мәселесі бар. Себебі оларда да бұл заңды түрде шешімін тапқан жоқ. Дегенмен Ресей, Моңғолия, Қытай қатарлы мемлекеттер өз териториясында қандай құнды археологиялық нысан барын жақсы біледі. Және сол жердегі жергілікті атқарушы билік бұған ерекше көңіл бөледі. Оның қорғалуын, сақталуын үнемі қадағалап отырады.

Ресей осыдан біраз бұрын «Заңсыз археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты» заңын қабылдаған болатын. Қазақстан одан кейін қабылдады. Еліміздегі заңсыз археологиямен айналысу, құнды жәдігерлерді сату, оны контрабандалық жолмен алып жүруге қатысты 92-бап бар. Онда 3-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау туралы» Заңда оны сатпау туралы бап жоқ. Ал «Қара археологиямен» айналысатындардың көбі осы уәжді алға тартады. Бұл – бір. Екіншіден — біздің жергілікті халықтың бұл салаға деген қамқорлығы жоқ. Бір ауылдың шетіне барып, қазба жұмыстарын жүргізсеңіз, «не қазып жатырсың?» деп сұрайтын бір адам жоқ.

Біз осы тарихымызға, өз мұрамызға деген немқұрайдылықтан арылуымыз керек!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.