Қоқыбай сейіс
Қызылорда мен Ақтөбе облыстарына ортақ бір хикаяны жеткізейін. Әңгімелеуші – Өтемісұлы Әділхан. Қызылордалық.
— Әлқисса, ертеректе төменгі жақта үлкен ас болатын болып, соған бір жыл бұрын сауын айтып, ат шаптырып шақырушылар жіберген екен. Ат жібергенде, «Өзіміз тойлап, өзіміз ғана қызықтай бермей, көрші жатқан еліміз бар, мына Орта жүз ағайындарды шақырайық» деген ниетпенен жаушылар жібереді.
Шақырушылар келіп кеткен соң, Орта жүздегі арғын, найман, қыпшақ, бәрі қосылып, өздерінше мәслихат құрып, кімнің атын ұстаймыз, кімнің атын дайындаймыз, ертеңгі асқа барған кезде, жер шұқып қалмайық, ұялып қалмайық деген ойменен елдің ішіндегі үш атты ұстапты. Бір торыны, күреңді және бір көгі бар екен.
Үш атты әбден жаратып барады. Білгендерін істеп дегендей. Сонда ас болатын жерге қырық күн бұрын барыпты. Тіпті бұлардан да бұрын барып жатқан ел бар екен. Жан-жақтан ағылған ғой! Үлкен жазық болса керек. Келген кісілерге үй тігіліп жатыр. Қырық адам келсе бес үй, елу адам келсе жеті үй тігіп қойып, дайындалып отырған халық. Әр үйді адамдардың дауысы жетпейтіндей жерге алшақ қып тігіпті.
Жем-шөпті үйіп тастаған. Малдарыңыз қанша жем жейді, қанша шөп жейді, оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Және әр үйдің алдына күніге бір мал сойылады. Ол ет желінсін, желінбесін, алып кетеді де, ертеңіне тағы бір мал сойылады. Осылай күтіп жатқан.
Сол елде Қоқыбай деген ақсақал болған екен. Атсейіс. Ол кісіні елі «Аттың пірі, атпен сөйлесетін кісі, аттың тілін білетін кісі» дейді екен.
Жан-жақтан келген қонақтар көп. Бәрін күтіп жатыр. Бәрін баптап жатыр.
Ертең атшабар болады деген кезде, бұл кісілер өздерінше ойласып, «Осы Қоқыбай ақсақалға әкелген аттарымызды көрсетіп алсақ қалай болады?» деген пікір білдірген екен. Содан ішінде бастап келген үлкені бар, «Мақұл, көрсетсек, көрсетейік» деседі.
Сол кезде Қоқыбай ақсақал көп кісілермен төбенің басында отырса керек.
— Ау, Қоқа, нанталап қой, біздің ауылдың жігіттері екі-үш жабағыны әкеліп еді осы бәйгеге қосамыз деп. Соны көріп берсеңіз қалай болады? – деп өтініш айтқан екен.
— Көрсек көрейік. Болады ғой көруге. Мына төбенің бауырымен жетелеп өтсін, -депті Қоқыбай.
Қазақта жаратқан атты, өздеріңіз білесіздер, жабулап тастайды, жүріп келе жатқанда, басқа жері жабудың астында, тұяғы ғана көрінеді. Екі көз, құлағы, екі танау ғана ашық.
Торыны жетелеп бара жатады. Сонда Қоқыбай бірінші атқа, «Шауып қалған кәрі тарлан екенсің, сенің дәуірің өтті, ендігі жерде саған жүлде жоқ» деген екен.
Сонан соң күреңді жетелеп келеп өтеді. Атқа айтып жатыр сонда: «Шіркін-ай, жұлдызың оңыңнан туып, келешекте жарқырап атың шығайын деп тұр екен. Талай жерді адақтайын деп тұр екенсің. Әттең жілігіңнің майы толмаған екен, бұл жолы саған жүлде жоқ, шауып қалған сарытабан аттар саған жүлде бермейді», -депті Қоқыбай.
Үшінші болып көкті жетелеп әкеледі. Көкті жетелеп бара жатқанда, Қоқыбайдың тісінің арасынан ызыңдаған бір ызың ғана естіліпті. Одан басқа ләм-мим, бірауыз сөз айтпайды. «Анау неге олай?» деу ол кезде әдепсіздікке жата ма, ешкім ежіктеп сұрамайды. Сол күйінше кете береді.
Асқа келгендер өздеріне арнап тігілген үйге келіп, кешкі тамақта отырған кезде, бастап барған ақсақалдан: «Ау, Қоқаң анау атқа алай деді, мынау атқа былай деді, үшінші атқа ештеңе демеді ғой, бұл қалай?» деп сұраған екен. Сонда:
— Шырақтарым-ай, сендер не түсінсеңдер, мен де соны түсініп отырмын. Ол ызыңның не ызың екенін мен де біліп отрғаным жоқ. Егер епті бір бала болып, Қоқыбай отырған үйдің сыртынан тыңдап келсе, Құдай біледі, олар да осы әңгімені көтеретін шығар, -дейді.
Сонда бәйгеге шабамын деп келген жұмырықтай, түйіртпек қарасы бар екен, сол: «Ойбай, мен барайын» деп жүгіріп кетеді. Қоқыбай отырған үйдің жапсарына кіріп кетіпті. Жапсар дегенді білесің ғой, Темірхан, шидің сырты, киіздің асты. Екі тауырлықтың арасынан жапсарға кіріп кетіп тұрады. Ия ішінен көрінбейді, ия сыртынан көрінбейді. Біраз тұрады. Біраз тұрған соң, Қоқыбайдың көңілі жақын-құрбы құрдастары бар, замандастары бар;
— Ау, Қоқа, бағана екі атқа анандай әңгіме айттыңыз, мына үшінші атқа ешнәрсе демедіңіз, соның сырын біле алмай отырмыз. Не ойыңыз бар? Соны айтыңызшы? -депті.
— Е, оны қайтейін деп ең, ертең атшабар болған кезде, бәйге болған кезде, өздерің көресіңдер ғой, — дейді Қоқыбай.
Сонда көңілі жақын бір құрдасы айтқан екен:
— Аузыңды пәлен қылайын, Қоқыбай, сенің әулиелігіңнің, сенің білгірлігіңнің, сенің пірлігіңнің маған не керегі бар, ертең көзім көрген кезде. Мен көрген кезде жұрттың бәрі көреді. Сен білгіш болатын болсаң, сен пір болатын болсаң, қазір айт маған. Ертең өзім көрген кезде Қоқыбайдың маған не керегі бар?! Сенің данышпандығыңның не керегі бар?! –деп қоймапты. Сонда Қоқыбай тұрып:
— Ай, байқаңдаршы, үйдің айналасында бөтен-бастақ адам жүрген жоқ па екен? – дейді ғой.
Сонда екі бала жүгіріп шығып, біраз жерге дейін айналып келіпті.
— О, кісі айқайы жететін жерде адам жоқ. Тірі пенде жоқ, — деп келген екен.
— Пенде жоқ болатын болса, онда тыңдаңдар. Кейінгі жетелеп өткен Көктің талабы да басқасы да – бәрі басқа жылқыдай емес, оныкі – ерекше. Бір жыл бұрын үш аттың үшеуін де ұстаған екен. Кешегі шақырушы жіберген кезден бастап. Үшеуін де бірдей дайындап келе жатыр. Бірақ ана Көктің талабы өте зор. Бірақ сол бір жылдан бері тоймай келе жатыр. Сонда халық оған тамақ тауып бере алмай келе жатқан жоқ. Оны білмей келе жатыр. «Ас – адамның арқауы» дегендей, малға да – сондай. Қарны аш, бүрісіп келе жатқан ат ертең шаба алмайды. Сонан мен ешнәрсе дей алмап едім, — дейді.
Қарап отырмай, баяғы құрдасы:
— Ау, Қоқа, оған қазір істейтін амал бар ма? – депті.
— Неге болмасын, бар ғой, — депті Қоқыбай. – Он екі қанат үйді тіксе, кереге бас сайын бір бау шөп пен бір дорба жемді ілсе, ортасына үлкен тайқазанды қойып, ішіне суды толтырып қойса, үйдің екі босағасында екі жігіт таң атқанша әңгіме айтып отырса, сол анау екі жігіттің әңгімесін ермек қылып, сыртта азынаған, кісінеген жылқыларға мән бермей, көңіл бөлмей, өзімен-өзі, емін-еркін, тойып шығады ол ат азанға дейін. Егер азанға дейін тойып шықса, оған жер басқан жылқы жолдас емес, — деген екен.
Жаңағыны естіп алады да, жапсардағы түйіртпек қара кейін қарай ұшады.
Үйге кірер-кірместен, табалдырықтан сүріне-мүріне етпетінен құлайды ғой. Тұра сала жаңағы жағдайдың бәрін айтып беріпті. Басқарып келген ақсақал сол жердегі күтуші жігіттерді шақырып:
— Айналайын, жігіттер, маған он екі қанат үй тігіп беріңдер.
— Ойбай, мақұл, таңертең тігіп береміз, — деген екен.
— Айналайын, таңертең мынау үйлеріңді жығып әкетсеңдер де маған бәрібір. Маған қазір тігіп беріңдер, — депті.
Қайдан тапса, онан тапсын, дәйекші жігіттер, сол жерге он екі қанат үйді тігіп береді.
— Рахмет, айналайын, енді осының ішінде жалғыз өзім жатып демаламын, — деп, қалған жұмыстардың бәрін өздерінің жігіттеріне істетіпті. Сонан баяғы Қоқаңның айтқанының бәрін істейді.
Не керек, таңертең атшабарға тұс-тұстан аттар келіп жатыр.
Қазіргі заманда старт дейді ғой, ол кезде қарақшыға, Қоқыбай төбенің басында қара жорғасын мініп тұр, бәріне назар салып, ана жақтан бір топ, мына жақтан тағы бір топ дегендей, оңынан, солынан тегіс келіп жатыр. Не керек, үш жүздің маңында ат қосылыпты бәйгеге. Сонда ана үш ат келе жатқанда:
— А, көзің аққырлар, — деп боқтап жіберіпті туысқандарын. — Көздерің ағып қалған екен да. Түнде үйдің айналасында ешкім жоқ деп едіңдер. Біреу болыпты ғой. Кешегі мен айтқанның бәрін істепті ғой мынау атқа. Ендігі жерде: «Пәленшенің атынан қорқып, Қоқыбай атын қоспай қалды!» деген атақтың маған қажеті жоқ, — деп төбенің бауырында тұрған өзінің торысын:
— Шу-у, жануарым, өзің келмейсің, екінші боп мәреден басың өтер, жаның – Құдайы! –деп, сауырынан сипап жіберіпті.
Қазіргідей айналма емес, содан не керек, сәскеде жіберген атты.
О кезде тік айдайды. Таңертең айдайды. Намаздыгер, намазшамға дейін, ат келеді-ау дегенге дейін палуан күресі бар, қыз қууы бар, ойын-сауығы бар, соны өткізе береді.
Намаздыгер-намазшамда, ат келеді-ау деген кезде жұрт, барлығы баяғы төбенің басына иіріліп тұрады. Сөйтсе, көздің ұшында бір қара көрінеді, басқа ештеңе жоқ. Осылай, толық көрінген кезде, үзеңгілері сақырлап, біріне-бірі түйісіп келе жатыр екен. Сонда бір-бірінен жарты метр шыға алмай, бір-бірін ала алмай келе жатыр ғой. Сонан, әне-міне дегенше, қара көрінген кезде, топ көрінген кезде, жаңағы Көк үзіліп шығып кетіпті. Қоқыбайдың торысы қалып қояды. Артында келе жатыр. Көк мәреден өткен заматта, Қоқыбайдың торысы өзін-өзі жерге ұрып, мойыны қайырылып өліпті.
Енді бұл жерде жылқының намысын сипаттайды ғой. «Анадан қалып қойдым!» деп, өзін-өзі жерге ұрып, мойны қайырылып өліпті. Епті жігіттер, біреуі келіп шылауынан алып, тақымға көтеріп алады аттың басын, екіншісі қылышпен тартып жібереді. Шауып алып, мәреден аттың басын тақымға алып екінші қып өтеді ғой. О кезде екінші боп өткен басқа да бәйге береді екен. Аттың денесі келмегенмен.
Бағанағы Қоқыбайдың айтқан, «Шу-у, жануарым, өзің келмейсің, екінші боп мәреден басың өтер, жаның – Құдайы» дегені сол екен.
жазушы, велосаяхатшы
ФОТО: Жеңіс Ысқабай
Пах!Шіркін!