Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ. Ноқта

13521

(Әңгіме)

Семіз күз. Жонынан жарылардай жұмырланған даланың нағыз майшұрқан кезі. Буыны қатып, бойы нәрленген шөп-шауанның да дегенбай шабытты шағы. Әсіресе, сұр бөрте жусан мен көк бұйра ермен құтырынып алған. Тиіп кетсең талағы тарс айырылып, шыңылтыр иісі аспанға шапшиды. Жапырағы алтындай құбылған бозталдар мен қоңыраулы түймесі сылдыр қаққан нар қарағандардың түбінде, бітік өскен ақшөп пен сарала қияқ уыздай ұйып тұр.
Күн екінтіден ауғанда Байғара ауылының көп шоғырлы баран жылқысы өзенге қарай беттеді. Бауыры шелденген Қаракөл алқабы сонылай жайылған қыл құйрықтарға сауырын тістелетіп, сүйсіне керіледі. Өзенге жылқыдан бұрын жеткен Асу қозы күреңнің ауыздығын үстінен алып, атын суарды. Сырбаз қалпына түскен кәрі Ертіс те ерекше сабырлы. Шалқалай көсіліп, көк аспанға көз салған мәңгілік бейнесінен жазбай, баяу кілкиді.
Кенет тұнық суды сыздықтата сіміріп жатқан күрең бесті елеңдеп, құлағын тіге бас жаққа қарады. Әудем жер жоғарыдан бір топ кер құлан жапырлай суға келіп қалған екен. Өзен қабағын қалқалай тұрған бұны байқайтын емес. Арнайы аң аулауға шықпаған соң, Асу олардың тыныштығын бұзғысы келмеді. Ошарыла суға құлаған үйірлі құланға қызықтай қарады.
Осы сәт құландардың артын ала, жағалаудағы тәпелтек сексеуілдердің арасынан бір ақкөк жылқы шыға келді. Бастабында Асу өз көзіне өзі сенбей қалған. Өйткені өзеннің арғы беті қаңырап иен жатқан Көксін тауы. Қыста ғана отар қоспен қойшылар барып қайтады. Әзірге ар жаққа басқа мал өте қойған жоқ. «Япырау, бұл не қылған жылқы, аң қараған иәки, жолаушы жүрген біреу айырылып қалды ма екен?» деп, ойлады Асу. Ол екіұдай күймен жалғыз жылқыдан көз алмады. Алыстау тұрса да, оқшау бітім, бөлек мүсін аңдатқан ақкөк сетер басып, топты құланның өр жағынан өзенге түсті. Суды ағысқа қарсы жүре ішкен оның түс-тұрқынан жалғыз кетіп, еркін жүрген бейнесі менмұндалағандай.
Қалың жылқы да өзенге жақындап, алды жағаға жетіп үлгерген. Соны күткендей-ақ, су ішіп болған құландар кейін серпіле берді. Сымпыс құйрықтары сипаңдай, Үшқараға беталған олардың соңынан жаңағы бейсауат жылқы да жөнелді. Құлақтарын жымыра, екі жағына кезек жайқақтаған ақкөктің артынан Асу ұзақ қарады. Бетпе-бет келген жылқыларды көзге ілмей, құлан үйірімен бірге кеткен ол жылқышыға жұмбақ сезілген еді. Қуып бергісі келіп бір оқталған. Алайда, Ертіс кез келген жерінен өте шығуға келтірмейді. Беті жайбарақат күй танытқанымен суы терең, түбінде неше түрлі иірім, оппа бар. Әлкеуделенген талайды атымен қоса астына бір-ақ тыққан кездері болған. Өзеннің сырын білетін Асу, Данабайдың етегіндегі жайдақ қобыны өрлеп кеткен құландарды көзімен ұзатып, қала берді. Соңдарында ақкөк.
Жылқыларды түнгі бағымдағы жігіттерге тапсырған Асу, салып ұрып Сабылдық шалдың үйіне келді. Ат дүбірін анадайдан естіп, арсылдай ұшқан қара шеке төбет оны таныған соң жайына кетті. Іле үйден шыққан қойшы бала Асуға озандата сәлем беріп, атын ұстады. Ақсақал үйде екен.
— Ассалаумағалейкум!
— Уағалейкумассалам! Сәлемші болсаң төрге шық. Иә, інім! Мал-жан аман ба? — деді Сабылдық апақ-сапақта алабұртып отырған Асуға барлай қарап.
— Аманшылық Сабаға. Жылқыдан келе жатыр едім, жолай сәлем бере шығайын дегенім ғой.
— Е,е,е! Тәңір тілеуіңді берсін! Биылғы қыс жайлы болайын деп тұр шамасы. Жарықтық жердің құйқасы қалың, шығымы жақсы. Қар қалың түссе де жылқы тебіннен қиналмайды, күйлі шығады қыстан, — деп шалекең мал жайын әңгімелеп кетті.
Шай үстінде Асу Сабылдыққа құландармен бірге жүрген жылқы туралы айтты. Оның жай-жапсарын әбден сұрап алған қарт жылқышы таңғалған жоқ. «Қашаған» деді үндемей сәл отырғаннан кейін.
— Апырмау, сонда аң мен бірге аң болатындай ол не қылған қашаған?
— Қашаған болғанда да қатты шошынып қашқан мал. Жылқы баласы шамшыл да секемшіл болады ғой. Мынау шығандап кеткен нағыз қашағанның өзі. Қуғанға жеткізбей иен түзге лағып барған да, жалғыз қалған соң өзіне зәбірі жоқ құландарды ес тұтып жүргені ғой жануардың.
— Қай жақтан қашты екен сонда? Иесі кім болды екен, ә?
Алыстан көрініп, көңіліне әдемі әсер қалдырған ақкөкті біреу алып кетердей алаңдаған Асудың әлденеге асыққан түрі бар.
— Айдалада аң болып кеткен малдың иесі кім дерің бар ма? Жақын-жуықтағы елден ондай жылқы қашты дегенді естіген емеспін. Бәлкім Өрден, болмаса Қобық-Сауырдан, тіпті Еренқабырға, Жайырдан шыққан желаяқ болар.
— Онда мен сол қашағанды ұстап алсам деймін. Ақы-алал иесі айғақ-дәлелімен танып жатса қолына саламын. Өйтпегенде өзім малданамын.
— Үшқараның тұсында жүрген болса осы маңнан көп ұзамайды. Қазір ол жақтағы бастаулар тартылып қалған. Құландар қар түскенше Ертісті суат қылады. Қар жауған соң түстікке жылжып Ақдалаға, ары қарай құмға шығып кетеді.

*************

Сол күннен бастап Асу қозы күреңді қуғынға жарата бастады. Жайлаудан көшерде ұсталған бестінің онсыз да еті қатып, бабында жүрген. Сәрсенбінің сәтінде қасына жылқышы Тоғызақ пен Сағайды ерткен Асу, Ертістің Шеңгелді қарын тұсындағы жайылма өткелден ар жаққа өтті. Су болған киімдерін ауыстырып, жылы киінген үшеу жаңа тағаланған аттарын желе жортақтатып, өзенді өрлей тартты.
Аспанды жұқа бұлт торлағанымен күн ызғарсыз. Мал тұяғы тимеген ту жазық қаңқая шөккен Көксінге қарай ыңырана көсіледі. Үшқараға жақын биіктеу төбені таңдаған олар, аттарды түйіп тастап, құландардың суға түсер уақытын күтті. Түс қия Көкадыр жақтан шұбырып құландар да шықты.
Бөрідей баспалаған үшеу кеуделерімен бұтаны жапырып үнсіз жатыр. Бәрінің көзі үйірдің соңында сылқым аяңдап, соза тартқан ақкөкте. Жануар жылқы баласы құландармен қатар жүргенде тіпті айбынды болып көрінеді екен. Бір уыс қоңыр маржаннан бөлек қадаған көгала жақұттай жарқыраған ақкөк, үшеудің көз құртын қоздырып, көңілдерін желіктіреді. Үйірлі құлан да өзінше кербез. Жасыл жайлауға, түңкелі қойнауға жайылған ақтылы қой, алалы жылқыны талай көріп жүр ғой, бірақ Асуға ешкімнің бағуынсыз, құрықпен жасқалып, бишікпен айдалмайтын еркіндік өзгеше сезілді. Тәңірге ғана тәуелді топты құлан, сұр жусаны су бетіндей толқыған сері далада бейкүнә бейғамдық, такаппар алаңсыздықпен шертіп барады.
Асу ақкөкті ертең ұстайды. Бүгін тек байырқалатпай үркіте қуып, ұзақ шаптырып, тобанаяқтана бастаған жылқыны қарасан қылмақ. Күздің тоқ, семіз малын бірден бастырмалатудан да сақ болған жөн. Әйтпесе, үлпершек майы аузына тығылып өлуі де ғажап емес. Сол үшін өзеннен қайқайған құландарға ол тасадан тап бермеді. Інінен шыққан суырдай сепсиіп, алыстан бой танытты. Десе де, құландар мен қашаған оның бұл бақай қулығына бірден жығыла кеткен жоқ. Көрген бойда өлген-тірілгендеріне қарамай, безе қашты. Құйрығын көп қоғаның арасындағы жетім қамыстың шашағындай шаншыған ақкөк, ошақтан үріккен бұзау құлақтанып алдымен кетті. Бір қызығы, жай күндері оны артқа тастайтын құлан шіркіндер, үркін-қорқында соңынан қалмайды екен. Топырлай дүркіреп, ізінен танар емес. Алайда, әлгінде ғана суға кеңірдектеп алған жануарлар тез алқынды. Өкпе-бауырлары өңештеріне тіреліп, ырсылдап қалды. Өкшелеп келе жатқан ешкім байқалмаған соң, саябырлап дем басқандай болған. Бірақ, «енді құтылдық па» дегенде жаңағы пәле ата қаздай қоқиып және көрінсін. Тасырлатып тағы қашты. Осылай, қашқандар мен қуғанның әрекеті екі-үш қайталанған соң, бой көндіктіре бастаған ақкөк те, ит көрген ешкі көзденіп тұра едіреңдегенді азайта бастады. Басы-көздерін тер басып, тірсектері дірілдеген құландар да одан озып кеткен жоқ. Қуғыншының күткені де осы. Қара көрсетіп, қасқыр шоқырақпен ілесті де отырды. Күн ұясына иек артқанда алдыларынан орай шығып, Тоғызақ пен Сағай қалған Белдеубай қорасы жаққа беттерін бұрды.
Жарты күн маза бермей, ақкөкті де, құландарды да әбден діңкелеткен жылқышы, оларды тау ішіндегі Шақидың қорасы тұсына барғанда жайына қалдырып, Белдеубайға тура тартты. Ашты тері шыққанымен, айызы қанып шаба алмаған арда күрең ауыздықты сүзе басып, «жібер де, жібермен» жұлқынады. Асу келгенде қарақұйрықтың жылы-жұмсағын қара тоғағада шымырлатқан жігіттер, тас ошақта қоздай жанған сары қидың шоғына қыздырынып, маужырап отыр екен…

************

Нағыз қуғын ертеңінде басталды. Қалжыраған құландардың таңғы жаусауы ұзаққа созылса керек. Өздері де кешегі маңнан алыс кетпепті. Қуғыншылар Үшқараның шеткі биігі – Ожеке қызылының бір шынтағын айнала бергенде, анадай алаңқайда тырайып жатқан үйір, орындарынан үйме-жүйме тұрып, тағы да өлермендене қашты. Алдыда әдеттегідей ақкөк. Бірақ, кешегідей емес, құйрығы жартылай жығылыңқы. Екі шет тау болған соң, қашаған даңғыраған саймен беталысты Көксіннің күңгейіне туралады. Мінгендері бір-бір маңдайға басар Тоғызақ пен Сағай да ат қойды. Күздің таңертеңгі қорғасын ауасы бетті сипай осқылап, құлақ түптен гулеп қоя берген. Сайдың ұсақ шағылын тостағандай тұяқтарымен зыңғыта ыршытқан құландар, мезгілсіз үркіткен кезекті сарпалдаңнан естері шыға, құйғытып барады. Қуғын күңгей бетке өтіп, Нарынқараның жазығы басталғанда, тай-құнандары тәлтіректеп, айғыр-биелерінің аяқ алысы қоюлаған құландар жан-жаққа шашылып қала берді. Тоғызақ пен Сағай да кейіндеп, қу медиен, құба түз ақ бөкендей орғыған ақкөк пен сілеусіндей бүктетілген күреңнің еншісіне тиді. Қашағанның шәугімдей тұяғы тас-топырақты күеректеп лақтырады. Одан ығысқан Асу, ақкөктің жел жағында отыруға тырысты. Бұл кезде Көксіннің қыр желкесінен сығалаған күн сәл ұялшақтап тұрып, кең жазыққа алқызыл арайын төгіп кеп жіберген. Апайтөс даланың жонында шүйкедей екі ақ сызық қалдырған жел қанатты жануарлар, жұмыр жердің жүрегін қақтырып, ой мен қырдың өкпесін түсірердей дүсірлетеді.
Кешегі тыным бермеген түртінек қуғын ақкөктің сіңірін созып, бойын ұрып тастаған секілді. Сүйектері сырқырап, екі саны салдыраған оның аяқтары анда бір, мұнда бір тиіп, шалыныса бастаған. Қашағанның құты қашқан сайын, күреңнің мысы баса түсті. Қуғын Мұқыртайдың тауына таяғанда Асу оған арқан бойы жақын келді. Құтылуға үмітті ақкөк олай-бұлай бұлталақтап еді, талай қашағанды тірсектеген күрең бұлтартқан жоқ. Қалай бұрылса, солай «жалт» етіп, жанын мұрнының ұшына тіреді.
Түйе жүн күпісінің бір жеңін шешіп, шүперек белбеуіне қыстырған Асу тосылған жоқ. Құйрық-жамбастың майымен жылтыраған өрме қайыс арқанды жалғыз-ақ сілтеді. Бауыздауды бастыра, тура қыл мойыннан «сарт» еткен шалманы қашаған жұлқа тартты. Бірақ, арқанды сегіз қабат үзеңгі баудың астынан өткізіп, тақымға нығарлай басқан жылқышы, бір ұшын ердің жалпақ қасына орап үлгерді.
Онсыз да әлі құрыған ақкөктің артық қимыл жасауға шамасы жоқ болатын. Әрі-беріден соң, жанасалай шапқан Асудың бұра тартып, буындыра қысқан арқаны ақкөкті сенделектете барып тоқтатты. Жылқышы күреңнің басын кері бұрып, оны қылқындыра берген. Бір кезде соңғы тұяқ серпіске салған қашаған шапшуырлай қарғығанда, шұғыл тартқан әлеуетті қол шалқасынан түсірді. Тұруға талпынып, төр таяғы тыпырлағанымен, аяусыз бунаған өрме арқан әлсіретіп жіберді.
Атынан асықпай түскен Асу, арқанды босатпай тұрып, күреңнің шылбырын шешіп алды. Сосын арқанды ыспалаған күйі жақындап барды да, қырқырай буынып жатқан ақкөктің құлағынан шап берген. Қолы жылқының құлағына бір тиген қазақтың құдайы жасады деген сөз. Қарулыларға кезіксе небір шу асау, құр айғырдың да жыны қағылады.
Көзі ақшиып, дірілдей қылқынған қашағанның құлақтаусыз-ақ қауқары қалмағанын сзеген Асу, жалман-жан қыл шылбырды оның мойнынан күрмеп, басына қыспа ноқта жасай бергені сол еді, денесі оқыс түршігіп, қолын тартып ала қойды. Ақкөктің шүйдесін қиып өтіп, екі жағы мен кеңсірігіне етімен ет болып кіріп кеткен қайыс ноқта бар екен.
Таң қалған жылқышы ит жанды жануардың бейнетін елестеткенде, жаны ашып кетті. Дереу тамағын сипалап еді, сағалдырығын таба алмады. Түсіп қалса керек. Анықтай қараған ол ноқтаға жалатылған күмістің болымсыз жылтырағын байқады. Арпалысып жүріп аңғармаған ұқсайды, ноқтаның ұшында жез шығырық оқшау делдиіп тұр.
Ноқтаның үстінен ноқта салғысы келмеген Асу бунаған арқанды босатты. Әлден уақытта тынысы кеңіп, жан шақырған қашаған созыла орнынан тұрды. Жылқышы «жаяу сүйреп кетпесін» деп қауіптеген де жоқ. Қайта жанашыр сезіммен оны барынша аялауға көшкендей. Аздан соң бойын тез жинап, бір сілкініп алған жануар саңлақтанып шыға келді. Өзіне шекеден қараған ақкөк нағыз қамыс құлақ, қаз мойынның өзі екен. Аяқтары сырықтай, тайлақ түйедей биік жануардың күлтеленген құйрық-жалы төгіліп тұр. Осы сәтте дүбірлете шауып Тоғызақ пен Сағай де жетті. «Жұлып кетпесін» деп сақсынған Асу арқан мен шылбырға тең жармасқан. Алайда ақкөк болмашы елеңдегені болмаса, тасыраңдай үріккен жоқ. Бір жағына қиыстай барып, тұра қалды.
Кешеден бері жердің түбіне түсіп кетердей қашқан қу аяқтың мынадай жуас түріне Тоғызақтар таңдайлары шықылықтай таңданысты. Басына кіріп, етіне бітіп кеткен ноқтаны көргенде тіпті қайран қалды.
— Пай, пай, пай! Не деген жаны темір еді жануардың, соншалық азап көретіндей не жазып қашты екен бейшара! Таскенедей жабысып, миына дейін кіріп кететін қандай берік ноқта еді мынау.
— Мінездісін қарамаймысың! Неше жыл иенде жүрді деуге қалай қиясың. Күмістелген ноқта салғанына қарағанда бір байдың, не би мен батырдың маңдайға басқан сетері болған-ау. Өзі де ас пен тойға, топқа мінетін сайгүлігім-ақ екен.
— Е, бәсе! Піштірілген екен ғой. Құланның айғырымен қалай сыйысып жүр десем. Құнанында, не дөненінде қашқан қу ғой деймін. Тісін көрдің бе өзінің, жасы нешеде екен?-десіп, біраз кеу-кеулесті.
«Алты жасар екен» деген Асуға «бұйыртып мінгізсін», «тақымыңнан кетпесін» деп, ақ ниеттерін арнаған серіктері ақкөктің сүмбедей денесіне қызыға қараған.
Асудың ақкөк атты ноқталауға дәті шыдамады. Не қылар екен деп, шылбырдан тартып еді, аздап қорғаншақтаған ол сылти басып, жетегіне ілесе бергені. Әуелі, мойнындағы арқанды алғанда да, аздап осқырынғаны болмаса, жабайыланып жатырқаған жоқ.
Ақкөк расында жетекшіл екен. Оны қайтар жолда көрсетті. Алғашында тартынып келе жатыр еді, сәлден кейін күреңнің қапталында лыпып отырды. Жапан далада жабайы болып кеткен жылқыны мойнынан шылбыр тағып қана жетектеп келе жатқанына жылқышылар сенгісі келмей, оған жалтақ-жалтақ қарай береді. Құлын, тай кезіндегі дағдысын тез тапқан есті жануардың тектілігі оларды шын тәнті етті. Мойнына байланған шылбырға жуас көнген ақкөк, адам қожалық етер тағдырына қарсылықсыз мойынұсынды. Мүмкін, өзінен де жүйрік тұқымдасын мінген екі аяқты пенденің құтқармасын сезген болар. Айла мен ақылдың күшін таныған соң да, жылқы заты атамзаманда адам қолына алдымен үйренген сияқты. Бұл «жылқы адам секілді» деп, біз көп әспеттейтін қасиеттерінің әсері де шығар. Оны жабайы аңнан даралап, адамға жақын еткен де сол естілігі болар. Ал, мына қашаған ортасынан жеріп, үйірінен бөлініп адасқанына өзін айыпты санап келе жатуы да мүмкін ғой. Қалай болғанда да ақкөк жылқы баласының, адам ардақтаған асыл қасиетін бір танытты. Танытып қана қойған жоқ, таңғалдырды, тамсантты…
Асулар Үшқараға ілінгенде қаңғылестеп тауға қайта кірген екі құлан кезіге кетті. Тоғызақ пен Сағай оларды сырқырата қуып берген. Көп өтпей түп құйрықтан ұстап, ноқталап алыпты. Әбден дығырлаған байқұстар көп қашуға дәрмендері жетпеген секілді. «Осы күйі апарайық, үйретіп аламыз, балалар қойға мінеді» дейді елеуреген екеуі. Бастарына ноқта түскен құландар еріксіз дедектеді. Өздерін көргенде оқыранып жіберген ақкөкті де ес тұтса керек, соған қарай ықтай жалдап, тымпыңдай ілесті.
Бірақ, болдырған кезде қойдан қоңыр құландар, тынығып алған соң тік секірген тарпаңдыққа көшпесі бар ма. Балықтың жонындай бұлтыңдаған арқасы бұтқа толымсыз, орнықсыз болады екен. Тулай мөңкігенде үстіндегі адамды екі айналдырмай «ыңқ» еткізіп, лақтырады. Қайырып ұстай қоюға төгіліп тұрған құйрығы да жоқ, селеудей сыптығырланған тайғақ бірдеңе. Тізгінді шалқалай тартып, екі аяқты қолтыққа тығып алуға да ыңғайсыз. Сирақтары қысқа. Мойынын ішіне алып шыңғыра тепкіленгенде жан шақ келтірмейді. Сонымен, «құлан үрйрету» күтпеген оқиғаға айналды. Олардың бұлай «қырып-жойып» жатуының да себебі бар болатын. Өйткені, Сабылдық ақсақал асау үйретушілерге «құланға темір жақпайды» деп, ауыздық салдырмай қойған. Не керек, ауыздықсыз асқақтаған хайуандар жігіттерді шетінен жығып шықты. «Мен» деген асау үйретушілердің алды қолын сындырып, арты бетін сүргізді. Ақырында, бір жақ қабағын шидің түбіріне жырғызған ұрдажық Тоқтаубай екеуіне де ауыздық салып мінді де, езулерін итше тілді. Алайда құландар бәрібір өздеріне мінгізіп қой жайдыртқан жоқ. Ертеңінде ауыздары қызыл соқта болған жануарлар бастары күп болып ісіп, өліп тынды.
Бұған Тоқтаубай ғана емес, «құланды үйретеміз» деп алып келген Тоғызақ, Сағайлар да өздерін кінәлі санап, іштей өкінді. Әрі ауыздықтан ұшынып өлген жануарлардың жанкештілігі жүректерін шайлықтырды. «Неге өліп қалады, ауыздықты тайға да саламыз ғой, жылқыдан қай жері артық бұл жазғандардың» деп еді теңкиіп жатқан құландарға кіржие қараған Тоғызақ.
«Е, пақыр-ай, — деген, сонда Сабылдық шал тілін алмаған теріс азуларға деген ренішін жасыра алмай, — құлан деген даланың қоңыр аңы емес пе, олар темірден ауыздық салып, тепкілеп мініп алатын тай-байталың емес. Ашыққанда аулайтын ырыздық, несібе ретінде жаратылған. Олар ен даланың еркесі ғой. Еркіндігі аяққа басылып, болмысына жасалған қиянат-қорлықтан өліп қана құтылады. Ал, есті деген жылқың, жылқы емес-ау, ақылды адам мына сені қинаса не істер едің?! Еркіндігің үшін өле аласың ба? Шынайы табиғатың үшін төзімділік жасай білесің бе? Темір ауыздық былай тұрсын, жағыңды жіппен керсе-ақ, басқа адамға өзгеріп, өзіңнен зор шыққаның құлы болып кетерсің бәлкім!..»
Тұрғандар үнсіз төмен қарады.
Сол Сабылдық қария ақкөкке бір көргеннен көңілі ауды. «Жануар өте сергек, жылқының ақсүйегі екен. Біздің Көксін, Сауырда көп бұта-бүрген жоқ, ал құмдағы сексеуіл мен тораңғыға шығырығын бір ілгізбей аман жүруі сергектігі емей немене!? Басқа жылқы болса ноқтасынан аспақталып, бір жерде арам қатар еді. Бірақ, мынау жаны нәзік, жүрегі тез жараланатын жылқы секілді. Қашуға себепші болған да сол жаны нәзіктігі. Әйтпесе, ерекше мал болған соң, иесі етін бүлдіріп, жанын қинап ен-таңба да салмапты. Жануар бауыздалып жатқан ірі қара малды, не өз тұқымы жылқыны көріп, содан шошынып қашқан болуы мүмкін».
Қарт жылқышының сөзін қаперде сақтаған Асу атын мал сойғандардан аулақ, адам аяғы көп баспаған таза жерде ұстауға тырысты. Алғашында ақкөкті арқандап баққан ол, соңына таман шідерлеп, өрелеп жіберетін болды. Ақкөк ат сонда да қашуға ниет танытқан емес. Бұны көргендер ақкөкті қасиетті жылқы санап, таңғалысып жүрді.
Асу өзіне әбден бауыр басқан атын бірден мінген жоқ. Әуелі басындағы ноқтаны алып, талай жыл азап қыспағындай болған қайыстан құтқаруды ойлады. Ноқта өзінің басын қысып жүргендей қиналған ол, ақыры атақты емші Қалдыбайды шақырып, көңілге алған жұмысын сәтті аяқтады. Алдымен ноқтаның нобайы бар тұсындағы түкті тақырлап қырған емші, оған суырдың майын үш күн шылқыта жағып, көн болған қайысты жібітті. Келесі күні атты жығып, төрт аяғын тас қылып буды да, ноқтаның бері қарай қопсып қалған жерлерін ақырын сыртқа тартты. Күміс жалатып, қайып отырып тіккен ноқта етке тереңдеп кірген екен. Ондай тұстарын қандауырмен сырылдата тіліп, ең соңында ноқтаны бөлек-бөлек кесіп алды. Ноқтаның орны терісін сыпырған жыландай қызыл шақа жолақ болып шыға келді. Қалдыбай жараға саңырау құлақтың бопыры мен күйдірілген құрым кизі басып, қанын тоқтатқан соң, неше түрлі емдік шөптерден жасаған қоймалжың дәріні жағып тастады.
Қыстың ызғары басталғанша ақкөктің жарасы толық жазылып кетті. Міне қалсаң жел қайықтай сырғитын сайгүлікті Асу жанына балап, көзінен таса қылмады. «Қашағаным еді, қолтумам еді» деп, іздеп келген адам да болған жоқ. Бірақ, ноқтадан азаттық алып, жарасы жазылғанымен оның орны қара дақ болып, қалып қойды. Алыстан қараған адамға бос жүрген ақкөктің басына ноқта салып қойғандай көрінетін.
«Көркем-ақ жануар ғой» деген оқтаудай жараған ақкөктің сұлулығына мастығы тарқамаған Асу бірде Сабылдық шалға. Екеуі суыған аттарын отқа қойып тұрған. «Тек басындағы ноқтаның белгісі сымбатына сызат түсіріп тұрғаны болмаса».
«Оған бола көңіліңді түсірмей-ақ қой, — деген еді сонда Сабекең қария,- бұл ақкөктің басына Тәңір жазып, тағдыр салған ноқта ғой. Ол жапан далаға жалғыз қашып, жабайы аңдай еркін болғысы келгенімен, бәрібір басында ноқта жүріпті. Тіпті ол, жылқы өскен сайын құрсауын күшейтіп, тарыла түскен. Енді міне, етке кіріп, сүйекке батқан ноқтаны алғаныңмен, қарайтып табын қалдырды. «Ноқталы басқа бір өлім» дегенді бұрынғылар қалай толғап айтқан. Көзге көрінбегенімен сол ноқта менің де, мына сенің де басыңда тұр. Кейде жарық, кейде жалған дүние сол ноқтадан сездірмей жетелеп, еркіңнен тыс әкетіп барады. Сызығынан қай күні аттататынын да білмейсің».
Осылай деген қарт саптама етігін сықырлатып, үйге беталды. Ойланып қалған Асу жалпақ алақанымен бет-аузын ұзақ сипалап, бедері де, берері де белгісіз «ноқтасын» ұстап көргісі келді.

Соңы.

893910_113953665463305_1024584157_oМұрат Алмасбекұлы
04.12.2014 (Әдебиет порталы)

3 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.