Гүлжан ТҰРСЫН. Қараторғайдың тағдыры

6369

(Қаз қалпында)

Тұяқ үнін қалайша елемейін,
Кеудем толып кеткендей телегей – үн
«Қараторғай қайда?» деп іздей қалса,
Сай болайын тартулы жебедейін.
Қуат Қайранбаев.

Қараторғай тауды бекте алып, шауып келеді. Бағыты – той өтетін «Мұзбұлақтың» баурайы.
Жалғыз өзі.
Жарысып келе жатқан бақталасы болмаса да, өзгелерден шаң қауып қалмауым керек деген түйсіктің жетегінде өршелене шабады. Маңдайының соры болған сол күнгідей алға ұмтылады. Ол шабыс пен бұл шабыстың мақсаты – екі бөлек. Онда бәйгенің алдын бермеймін, құрмет-қошамет маған ғана арналу керек деп өрекпіген. Ал бұл жолғы арманы – жайлауға аман-есен жету. Құлағанша шабу.
Өзекті жанға – бір өлім. Қи сасыған қорада арам қатқанша, дүбірлі дәурені өткен тау самалымен соңғы рет тыныстау. Енді мұны ешкім іздемес. Наласы мен назасын ұғар жан қалмаған. Үмітінің үзілген шағы да осы шығар.
«Қараторғай» қайда деп іздеп қалса, сай болайын тартулы жебедейін» –деп, жыл сайынғы той болатын мезгіл таянғанда қорадан қашып шығып, өзін-өзі жаратты да. Ешкім іздемеді. Құлағын тігіп, иесін күтті… Тісі ақсия күліп: «қасиеттім» – деп, бір келердей күнде елеңдеді.
Аттың иесі – құсалықтан кетті. «Қараторғайдың» басынан бағы тайғанын білісімен, төсек тартып жатып қалды. Жарықтық, сол жатқаннан қайта тұрмады. Текті жануар есік ашылып-жабылған сайын құлағын тіктеп, таныс бейнені іздеді. Қолпаштаушы жұрттың көзден ғайып болғанына көнгенімен, тіршілікте жаны бірге болып көрінген иесінің келмей кеткенін түсінбеді. «Мені жабыларға қосақтап қойғаны несі?»,–деп құсаланды.
Жанарының алды тұманданған сәйгүлік тілерсегінің дірілін сезе бастады. Кезіндегідей шабытына шабыт қосып «пай-пайлаған» көп халықтың дауысы естілмейді. Көптің қолдауы делебені қоздырған сайын, мәреге қарай «ұшушы» еді. «Қайда әлгі суретшілер, «Қараторғай» келе жатыр деп тұяқтың астында жаншылып қала жаздап ентелейтін?! Ием қайда ай бұрын жарататын? Жүгіртетін, таң асырып, одан кейін дәл солай суытатын. Соңында, арам терімді алып барып, отқа қоятын. Шопан тойдың алдында оқтаудай тартылып шыға келуші едім».
Таудың желі маңдайын өбіп, кекілі желмен қақ жарылып, бәйгеге шапқан кезіндегідей еліртеді. Жалы өзімен бірге жарысып келе жатқандай желпілдейді. Пай-пай дәурен-ай! Тұлпар жаны бір дүбірді сезеді. Осы мезгіл, осы күні сәйгүліктер сөреде жиналатын. «Қараторғайдың» иесі тұлпарын әдейі кешіктіріп апаратын. Ел көріп, қызықсын деген мақтанышпен. Сыншылардың барлығы жүйріктің маңына үймелеп, атбегілер таңдай қағысатын. Көптің пейілі өзіне ауған сайын жібек кежім жамылған «Қараторғай» билеп басып, бұрынғыдан да паңданатын. Омыртқасы шығыңқы, кеуде жағы кең, жуан сіңірлі, тұяғы төңкерілген кеседей, шоқтығы томардай кескін-келбеті мен кең тыныстауының өзі тумысынан ат құлағында ойнаған қазақтың көзін қызықтыратын.
Соңғы жарыс, соңғы айналым… Тобықтың түбі… Жаны шырқырап кетті…
Сөре!
Жетуім керек.
Жетті!
Жер айналып бара жатқандай. Соңғы айналым аяқталғанда жақсы ат аяқтан қалды. Қасірет-ай, десеңші!
«Қараторғай» қан сорпаға түсіп әлі шауып келеді. Аламан бәйгеге шабатын қашықтықтың бірнешеуін артқа тастаса да жылдамдықты азайтар емес. Тауға, Қапал тауына қарай өршелене шабады. Өкпесінің шыдамасын білсе де, шабысын азайтар емес.
Өзекті жанға – бір өлім. Көзден аққан жастан ба алыстан мұнарлаған «Баянжүрек» тауы көз алдында шыр айналады. Жануар жүгенсіз, ертоқымсыз. Айылын тартып, шабандозды мінгізіп: «шу жануар»,– дейтін иесі болсашы-ай!. Жапанда жалғыз кісінейді. Иесі барда еркелеп осқыранғаны болмаса, жан даусымен кісінеп көрмепті. Әлде ауырмайды, әлде ет қызуымен білінбейді, әйтеуір аяғының шаншығаны да жанына батпайды. «Ешкім, ешуақытта көрмеген жылдамдықпен шауып келе жатырмын. Қайда, мені қолпаштайтын жұрт қайда кеткен? Сәйгүліктер салтанат құрған жайлау қайда? Менің теңім – ескі қорадағы жабылар ма еді?»
Көз алдына бесті кезі келді. Иесі мұның тұлпар боларын құлынынан таныды. Еркіне жіберді. Мойнынан сипап өзіне бойын үйреткені болмаса желкесін қимасын деп ноқта да салмады. Мінезі шәлкем-шалыс болып кетпесін деген оймен еркелетіп, баладай мәпеледі. Қылқұйрықты жануар да өте сезімтал, иесінің қас-қабағын бағады. Тайпалып жетекке де бірден жүріп кетті. Жануарды «Ешкіөлмес» өзенінен ғана суарды. Иесі бұның судың тұнығын қуалай, ағысты өрлей ішетін әдетінен тұлпарға ғана тән тектілікті байқап, сүйсіне қарайтын. Малдың тұяғы баспаған жерге жаятын. «Қараторғай» онда да ерекшеленіп, шөптің жақсысын, көк құрақты ғана қарбытып жейтін. Бұл мінезінен де асыл тектілік байқалады.
Көк шыға баптауды бастайды. Алдымен 15-20 шақырымға жүгіртеді. Содан кейін үш-төрт күн арам терін алып, соңынан таң асырады. Осылайша тынысын ашып, сіңірін бекітіп, тұла-бойды ауырлатқан ащы терді шығарады. Қызылмай, қанжілік болып қалмас үшін біртіндеп барып, арытады. Көз тиеді деп, жеке қорада ұстайды. «Күйсіз– сәйгүлік сорлайды»,–дегенді ұстанатын.
Жілік майы таусылып, болдырып қалмасын деген оймен бәйгеге жиі қоспайды. Ал жылына бір рет маусым айында «Мұзбұлақта» өтетін шопандар тойынан қалдырып көрген жоқ. Онда республиканың түпкір-түпкірінен торы, құла, күрең, ақбоз түсті тайпалған сәйгүліктер жиналатын. Қанша баптаса да «Қараторғайдың» келетінін естіген жұрт бас бәйгеден күдерлерін үзе беретін…
Түс ауа «Қараторғай» жанұшыра шапқан қалпы бәйгеге сәйгүліктерді апара жатқан керуеннің шетіне ілікті. Алдымен оны қызылағаштық Асқар қарт байқады. Құлын кезінен көз алдында өсті емес пе?! Жануар көзіне оттай басылды. Бірі – адамның, екіншісі – сәйгүліктің серісі болып талай қызықта, қайта оралмас шақта бірге болған.
– Ананы қараңдар, «Қараторғай!». Қария көз жасына ие бола алмай кемсеңдей берді. – Мүмкін емес, жайдақ қой… Иесіз келіпті… Үстінде шабандоз да жоқ… Аяғының ақсағаны байқалмайды. Өзін-өзі жаратады деуші еді, жазылған ғой, жануар. Ұстаңдар! Жоқ, ұстамаңдар! Менің атымның жабуын соған жабыңдар! Ана шабандоз баланың тақымы мықты, «Қараторғайға» соны мінгізіңдер! Бәйгеге әлі екі күн бар, суытыңдар! Жануар-ай! Шапсыншы, арманынан бір шығып…

Gulzhan TursynГүлжан Тұрсын

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.