Асқар АЛТАЙ. Ақбақай
(«Сират» романының «Тарпаң» атты бөлімінен қысқартылып алынды)
Ақбақай билей басып келеді…
Аңшылыққа шыққан Оспан батыр астында атышулы Ақбақай. Жорға жүрiсi жайлы, құмай жүйрiктiгi әйгiлi жануар. Шыңхай мен Гансу, Тибет пен Тағылы Мекен өңiрiн ауа жайлаған қазақтар арасында әзiрге мұнан озған хайуан жоқ. Тiптi Тағылы Мекеннiң құла түс құланы мен Гансудың құба түс тарпаң, тағысы да Ақбақаймен құйрық тiстесе алмайды. Шаба жөнелсе жаясы жазылып, қолтығы сөгiлiп, қабырғалары қанаттай керiлетiн жануарды алалы жылқы iшiнен ұстатып берген Құсайын-тәйжi едi… Баркөлдегi сан боздақ шейiт кеткен шерлi көктемнiң1 жазға ұласар мамыр айында ауылына ат басын iрiккен Оспан батырға қыс бойы құр жiберiп, қызылы мен қызуы бойында қызға бермес құмай жүйрiктi сыйға тартқан Құсайын-тәйжiнiң бұл бiр құрметі болатын.
Алдына қара салмас ұшқыр хайуан тер шыға келе шаңына шалдырмас шаңдаяқ қана емес, салт жүрiске жол жорғасымен ерге жайлы ұзақ жолға төзiмдi-тiн. Таң қараңғысымен Қаяздан аттанғалы қасындағы екi жiгiттiң жарау аттары мен қосар аттары кейде желiп, кейде шоқырақтап, Ақбақайдың алабөтен жорғасына iлесе алмай келедi. Айсыз қараңғыда алаңсыз отыратын батыр бүгiн де баяғы жиырма бесiнде Қобда Алтайын асып, монғолдың жылқысын қуып келетiн барымташыдай2 бүлк етер емес. Артына бұрылмайды, жан-жағына жалтақтамайды. Алған бетiне қарап тесiлiп алған.
Қылаң көк түстi Алтай тиiнiнен жары Жiбекке3 арнайы тiктiрген тымақ қалың қара қас пен тұйық қабақты жаба қоймапты. Есесiне қарашаның қары түскелi жазғы күн шарпыған қоңыр өңi ашылып, қызыл шырай тартып, дөңгелектеу келген жүзiндегi қою келген сақал-мұрты, қас-кiрпiгi боз қырауға шалыныпты. Әлпетi басындағы көкшулан тиiн жүнiндей бурыл тартыпты. Бүркiттiң тұмсығындай дөңестене бiткен қыр мұрыны мен көзшарасы кеңдеу келген, шегiрлеу бiткен отты жанары бетiне тiк қарай алмас айбын бередi. Қос бесатарды айқастыра асынған балуанға тән жалпақ жауырыны, орта бойлыдан биiк тұлғасы тiп-тiк.
Оқтаудай аяқтарын мал-жан, аң-құс тимеген ақша қарға ала сирақ Ақбақай ғана сүйреп тастап келедi. Ат тұяқтарынан шыққан шықыр-шықыр қар үнi құлаққа шалынады. Одан өзге дыбыс жоқ. Анда-санда тағы да жарау жылқылар танауларын пырылдатып, пысқырып қалады. Тұяқ астынан қар ұшқындайды, кейде ат тұяғы жүрекшесiне қатқан мұз кесегi ұшады.
Ағарып атқан таңмен, ақ қырау бөккен жидемен құмдауытты шағыл шамырқана қалады. Шашалық көмiлген ақша қар күн көзiмен шағылысып, жанарды қарықтырады. Қар кеше жауса да, шағыл iшiнде әлi де көбiк қардай көпсiп жатыр. Астарындағы аттардың көзi жасаурап, қарықтырған қарға үйрендi-ау дегенде, бұлар тоқтап, малдың көздерiн сүртiп, көз құйрығына қата бастаған мұздақтарды қағып тастады.
– Күн қатқақ болады, – дедi Оспан батыр. – Әлден-ақ құм iшiнде жылы леп бар.
– Тағы мен тарпаң да ұзап кеткен шығар, – деп Қаламбай күдiк бiлдiрдi.
– Ащыбасына да жоламас, – дедi Шердиман да.
Оспан батыр Ақбақай үстiне сақпандай сарт ете түсiп, ұлы Шердиман мен қасындағы атқосшысы Қаламбайға қаратып:
– Таудай емес, құм iшiне қар ендi түстi. Кеше қауып жесе де, жаз бойы таңдайына бал татыған Ащыбасы бұлағының кәусарынан жерiне қойған жоқ, – дедi, құлан тұқымы тарпаң, тағы сырынан хабардар етiп. – Әңгiсi де үйiрге ендi түстi. Әзiрге iшкергi құм iшiне қуып әкете қоймау керек.
– Батыр, – дедi Қаламбай атын тебiне, – әңгiсi де күйлi шығар!
– Күйлiсi – күйлi, бiрақ етi жiнiгiңкi болады. Қазiр сiдiк сасып та кеткен шығар. Қыркүйек пен қазан емес, қараша ғой…
– Әке, – деп қалды Шердиман, – Ащыбасынан күтсек, кешiгетiн болдық қой.
– Ащыбасына бәрiмiз бармаймыз, – деп Оспан батыр тағы бiр ой ұшығын шығарды.
– Қалайша? – деп қалды Шердиман.
– Бұлақ басына сен өзiң барасың. Қосардағы Күреңбелге ерiңдi ауыстыр да, тез жет! Ал Қаламбай, сен екеумiз, осы алған бетiмiзбен терiскей шығысқа қарай жүремiз. Жабайы жылқының үйiрiн көрсек, Ащыбұлаққа қарай бұруға тырысамыз. Оңтайы келiп жақындасақ, атып та аламыз. Ал Шердиман бұлақ басына сәскеде түскен үйiр болса, жусатып салсын! Бiрақ… – деп батыр ұлына бұрыла қарады, ол жал-құйрығы сұйқылтым Күреңбелдi ерiттеп те үлгерiптi. – …әңгiсiн атып ап жүрме! Құлан тұқымды бұл жабайы жылқылардың тарпаң, тағы тегi де қалмай барады. Бiр әңгiсiн атсаң, бiр үйiр бедеу қалады.
– Әке, әңгiсiне оқ шығындамаспын!
Олар шағылға дендей бере екi айырылып кеттi. Шердиман Күреңбелге қамшы басты. Қаламбай сар желiске түстi. Қосарында қос ат. Батыр ғана бостан.
Күреңсал күн көтерiле түскен…
Шағыл iшi жыңғыл, жидесi молайып, ара-тұра сiңiрдей үзiлмес сексеуiлдер ұшыраса бастады. Тағалы тұяқтардан шегедей қатқан құмсақ бетi ойылып, ақ қармен араласып, құлаққа жайлы шыңыл естiледi. Ақша қар ақ көбiктене есiледi.
Оспан батыр есiлте, егiлте қатты жүрiп келе жатып, бiр бесатарын қолына алды. Құм орманы жиiленiп, жым-жырт түзге жан кiрейiн дедi. Сауысқан мен қарға, қырғауыл мен қоян кездесiп қалады. Оларға бiрақ бұлар бұрылар емес, төтелеп тартып келедi. Аттардың да етi қызайын дедi.
Әлден бiр уақта оқ бойы озған Оспан батыр оқыс тежелдi. Ақбақаймен айналсоқтап, ат үстi iз шалды. Желе-жортқан қарақас Қаламбай да жеттi.
– Батыр, iз бар ма екен?
– Таң алдындағы iз, – дедi Оспан батыр, – бiрақ соңдарынан жалғыз бөрi қуыпты. Арлан екен, бармақ басы жуан.
– Алысқа ұзатып әкеттi-ау, қап!
– Қам жеме! Қазiр қасқыр семiз, қар жұқа. Жылқы тұқымы күйлi, соңдарынан түскенге шалдыра қоймас… Қара күз. Әңгiсiнiң табаны қызып, шыбығы сыздап жүр. Үйiрлi ұяластар болмаса, жалғыз-жарымды жолатпайды, – дедi жырынды батыр. – Мiне, көрдiң бе, үйiр осқырынып-пысқырынып үркектеген, бiрақ құйындатып шауып кетпеген. Жойқын арлан болса да, ол да тап беруге тайсақтап, үйiр соңынан сөлпектей ерiптi. Көремiз ендi, қаншалықты қауқар көрсеткенiн?!
– Батыр, дегенмен кәпiрдiң iзi үлкен екен. Өзi де тайдай бар шығар.
– Бары – бар. Зорлығына сенген, айласы аз. Әйтпесе бiр жабағыны, болмаса байталды жиде түбiнен – тасадан басар едi… Қайратына сенген ғой, аңғал неме!
Бұлар иiсшiл иттей iзге түстi. Түз iзi түлейге қарай тартты. Iз қуалаған екеу де ендi алаңсыз ағызды.
Ақбақай бойы қызғаннан борбай-қолтығынан бу шығып, қыраулы ақ жон астауы бусана түсiп, қарагер өңiне кiрген. Шағыл iшiн шуай қозғалған тарпаңдар кейде ұйлығысып, кейде үркiсiп жөней берiптi. Көкжал да көлеңдеп ерiп, дәметкен дәмi ақыры бұйырмасын сезiп, түстiкке қарай сызыпты. Таңмен тайқып кетсе керек.
– Кәрi қақсал екен, – дедi Оспан батыр тоқтап.
– Оны қайдан бiлдiңiз, батыр, – деп Қаламбай таңданысын жасыра алмады.
– Шұбалған құйрығын көрмейсiң бе, көтере алмай, жол бойы жер сызып, қар сыпырып келедi. Тек жаз бойы құзғыншылап, жемтiк жесе керек, күйлi-ақ, – деп, Оспан батыр Ақбақайдың ауыздығын ат үстiнен салды. – Қылқұйрықтылар ендi көп ұзай қоймас. Сақ жүр! Ақырын жүремiз.
– Батыр-ау, мен мына қосар қос атпен құлан қуып жарытпаспын!
– Сен қумайсың! Қуатын – мен… Қаламбай, анау кәрi қасқырдай соңдарынан қалмасаң болды. Мылтық атып жүрме! Өзiм де бiрдемесiн қылармын. Айыл-тартпаңды тартып ал.
– Мақұл, батыр!
Ақбақайды аяңға салған Оспан батыр озыңқырай жүрдi. Тәңiрi тiлектес болғанда, ызғырық шығыстан. Түз хайуандары да терiстiкке қарай ойысқан. Екi жағы да иiс ала қоймайды.
Етi қызған Ақбақай ауыздығын шайнап, шылбыр үзiп келедi. Қырағы көз батыр шеңгел-шеңгел, тораңғыл-тораңғыл түптерi арасымен көк жиде мен сексеуiл топтана өскен тақиядай алаңқайлардың ар жағына сүзiле қарайды. Қар тепкен тарпаң үйiрiнiң өрiстеген жерiн айналақтап, аяздан қатқан мұз тезегiн қамшы сабымен түртiп көредi. Үйiр iзiн үйiрсектейтiнi тағы бар.
Iндеткен iз қиыстап, терiскейге ойысты. Күн де бақан бойы биiкке асылған. Шағырмақ. Шағыл iшi шыңылтыр. Қырау жиектеген өсiмдiк атаулы боп-боз. Ызғырық қозғаған шилеуiт сақалдары ғана сiлкiнiп салыпты.
Ақбақай әлде қалай құлағын қайшылады…
Батыр ат басын тежеп, Қаламбайға «асықпай iлес» деген белгi бердi. Өзi Ақбақайды мимырт аяңға түсiрiп, құрық жетпес биiк, ат шаптырым жердi қорғандай өскен қалың жиде орманы шетiне iлiнiп, тың тыңдады. Қолдың саласындай жиi өскен көк жиде ағаштары арасын жабағы жүндей тұтып алған жыңғыл мен тораңғыл, шеңгел мен құмқараған жынысына жабайы шошқа шошынса да тұмсық батыра алмас екен. Алыстау арғы жақтан түз жылқысы тарпаңның қар теуiп, құм құрағына жайылған дабысы құлаққа келедi.
Iлбiп басып Қаламбай да қасына келдi. Қияқтай қара мұртына сүңгi қатып, қараторы өңi аяз сорғаннан күреңiте қапты.
– Тарпаңдар алыс емес, – дедi Оспан батыр. – Орағытып барып, бүйiрден тисек. Сен сол қанаттан, олардың шұбырған iзiн қуалай етек жақтан бар. Мен жоғары тұстан айналып түсем.
– Бұрынырақ жетсем, оқ шығармаймын ғой…
– Бой жасыра тұр. Жер жалтаң болса амал жоқ. Онда бәрiбiр шығысқа қарай салады, алдынан мен де шығып үлгерем.
– Бiзге керегi терiскейге ғой, – дедi Қаламбай, – өздерi де бұлаққа бет қойған секiлдi.
– Жо-о-оқ. Бұлар Ащыбасына барар сыңайы жоқ… Күн қатты суытпағаннан ба, қар қауып жүре бергiсi бар. Ащыбасына әлi де он шақырымдай, жол да қиыс. Ол терiскей-батыс бетте, – деп батыр өз ой-топшысын бiлдiрдi. – Иә, Алла! Сәтiн сал!
Ат тұяғының дүрсiлiн сездiрмейiк деген оймен, екеуi де жай қозғалып, аяңмен аттанды. Ақбақай толқыған сабадай тайпалады. Батыр балуан қолдарымен тiзгiнiн тартулы.
Қоралана өскен мол жиденiң шығыс бетiне шыққанда, әр жерде қосаяқтың құлағындай сексиiп тырбық сексеуiлдер тап келдi. Жалтаңдау бет болып шықты. Батыр соларды паналай сақсынып жүрдi. Қолда бесатар. Тiзгiндi сәл босатып едi, иесi емеуiрiнен сыралғы Ақбақай да аяңын күшейттi.
Қанша тасаланып келгенмен, батырды үйiрбасы әңгi байқап қалып, тарпаң үйiрi бөрi кеп тигендей шұр ете түстi. Оспан батыр да көлденең тұрған құла байталды қарауылға қондырып үлгерiп едi. Бесатар үнi шағыл iшiнде шаңқ етiп, дауысы жаңғырықпастан жапанға сiңiп кеттi… Тау iшi болса тас құлағандай, бар дүние дүр сiлкiнiп қоя берер едi.
Ытырыла үркiп жөнелген үйiр соңын ала батыр тағы бiр атып үлгердi. Сынапша сусыған тарпаң арасынан жабағылардың бiрi омақаса құлады. Алдыңғы жақтан да оқ дауысы шығып қалды. Құбақан жануарлар жөңкiген бетi жалт-жалт бұрылысып, соңдарынан қар боратып, тура терiстiкке қарай шапты. Оспан батыр тағы бiрiн түсiрiп қалайын деп, Ақбақайды еркiне жiбердi.
Қарагер келген Ақбақай балқып атылған қорғасындай ақты. Батырдың айызын қандырып, жыңғыл-шеңгелден қарғып, қараған-бүргеннен орғып бара жатқан жабайы жылқылардың шабысына салып, бұл да жыныс жерде құланша қарғи, ашық жерде жыланша сырғи жөнелдi.
Бас еркi өзiне тиген жануардың кеңсiрiгi пырылдап, ызғын желден бауыры суылдап қоя бердi. Үстiндегi иесiнiң де жүзiн ызғар жалап, танау iшi суынды. Жыңғыл-жиде, сексеуiл-шеңгел iшiмен шашыла шапқан тарпаңдар легiмен кешiкпей-ақ Ақбақай қатарласып қалды.
Осы бiр оңтайлы сәттi аңдаған аңшы да: «Иә, Алла!..» деп бесатармен қолтықты ала тартып жiбердi. Бурыл тартқан бұла бие аунап қала бердi. Сөйткенше болмады, өзi де ер үстiнен көтерiлiп бара жатқанын сездi. Батыр тақымын қысам дегенше, еңкейе барып, аунай құлаған Ақбақай үстiнен ұшып кеттi. Тақияша көтерiлген ол қар басқан құмайт үстiне қырындай ұрылып, екi аунап түстi.
Сол бойы ол: «Бисмилла! Бисмилла! Жар болар гөр!» деп атып тұрды. Ақбақай да ащы кiсiнеп жiберiп, оқырана түрегелдi. Түз хайуандары болса, шүу қарақұйрық тауыс-тәмам.
Оспан батыр: «Е, Алла! Өзiң жар бола гөр! Сүрiндiре көрме, Аллам! Кел-қайыр қырсығыңнан сақтай гөр!.. – деп iшiнен дұға қайырды да, Ақбақайды тiзгiнiнен ала дауыстай сөйледi: – Қанаттым-ау, қайырыла құлағаның не? Мертiгiп қалмадың ба, жануарым?! Ұшық! Ұшық!..» Батыр қолғабын шешiп, жерден уыстап қар алды да, Ақбақайын бауыры мен сауырынан сипап ұшықтады: – Қамбар ием, қолдай гөр! Қамбар атам, қорғай гөр! Құсқанатымнан айырма! Қолғанатымнан айырма! Қабырғадан жабысқан қара пәле, кет-кет! Тобығынан тас боп қаққан томар пәле, кет-кет! Ұршығынан үйiрген үйiрлi албасты, қаш-қаш! Сауырынан сары маса боп қонған сары сайтан, ұш-ұш! Ерiп кетер қармен көш! Есiп өтер желмен көш! Ұшық-ұшық, жануарым!..» деп өзiн емес, астындағы сәйгүлiгiнiң амандығын тiледi.
Ақбақай да өз кiнәсiн мойындаған адамдай көзiне жас толып, иесiнiң емiрене сөйлеп, тiзесi мен шашасын көтертiп, алды-артына шыға айланып-толғанғанына оқыранып, тұмсығымен батырдың иығынан түртiп-түртiп қойды. «О, айналайын! Аққанатым! Ақбақайым!» деп батыр да қайта ерге қонды. Тарпаңдар кеткен терiскейге ұмтылған Ақбақайының басын керi бұрды. Бұған аты да түсiнбей, сыңар езулей елеңдеп қалды.
Шапшаң жүрiп келiп, әлгiнде оқ тиген тарпаң биесiнiң үстiнен шықты. Әлi жаны шыға қоймаған түз жануары тамағының астын ала кiсесiндегi селебенi қорс-қорс салды. Тамақ астын тесе бауыздағаннан қызыл-күрең қан құмды қарға сiңе атқақтады. Алты-жетi жасар тарпаңның мама биесi де ышқынып қалып, кеңiрдегi қорқырап, тұяқтарын серпiген. Дала тарпаңын бітеу бауыздаған Оспан батыр сонда ғана: «Аллау әкпар! Аллау әкпар!..» деп күбiрледi. Селебенi алқым астын көтере тесiлген терiден сұға бұлғап-бұлғап жiбердi. «Сенде жазық жоқ, елде азық жоқ жануар…» деп қойды арасында. Қаны ақсын деп жұлынын үзбедi.
Қолы ауыр батырдың бауыздаған тарпаңы тез-ақ жан тапсырды…
Осы екi арада Қаламбай да жеттi. Қосар қос атты алғашқы тарпаң жығылған жерге түйiп, о жақтағы жағы түктi үш хайуанды адал бауыздап алыпты.
– Батыр, жолымыз болды!
– Құдайға шүкiр! Тәңiр қолдады, – дедi Оспан батыр.
– Шердиман қайттi екен? – деп Қаламбай алаңдаушылық бiлдiрдi.
– Ол да құр қалмас. Суатқа бiр үйiр болмаса, бiр үйiр барады… – деп батыр сенiмдi айтты.
– Мыналар ендi жоламас.
– Менiң сезуiмше, құмалақ тастап қызынған осы үйiр бұлақ басынан бiр-ақ шығады. Жер мойыны қашық емес, қиыс кетпес… Шабыс көрген тұяқ суатқа бастар. Қар шөлдерiн баспас, қайта шөлiркете түсер.
– Өздерi он жетi бас екен… Батыр, сiз арғы жақтан оқ атқанша, мен тасадан бақыладым. Жиде жиегiмен жаяулап келгем. Бiрер сәурiгi де бар секiлдi.
– Тай асқан немелер ғой, – деп батыр менсiнiңкiремедi. – Күн түс тартып қалды. Мыналарды жиыстырайық. Атқа бiр жерден артайық. Арқанды сал!
Қаламбай батырдың көмегiнсiз-ақ қыл мен жүн аралас есiлген ала арқанмен тарпаңның артқы екi аяғын қосақтай шалып, тақымына басып, шабан торы атпен сүйрей жөнелдi. Ақ қарды сыпырып, сұп-сұр құм бетiнде сызылта қан жұқтырып, тарпаңның жансыз денесi ашық жерлермен жүздi. Ақбақай ғана үркектеп қояды.
Оспан батыр мен атқосшысы әрi оққағары Қаламбай қатты қимылдады. Тарпаңдардың терiсiн сыпырмастан бiтеудей бұзып-бұзып тастады да, iшек-қарнын ақтарып, қартасын ғана бөлдi. Қазылы қабырғалары мен жаясын жеке-жеке алды. Қаракесек саны мен қол еттерiн, майлы жаясы мен қазы-қартасын үш атқа тең бөлiп артты. Алаша қоржындар белдi аттардың белiн қайыстырған.
Ал басы мен мойнын, арқасы мен белдемесiн тiзеден айырған төрт сирағын iшек-қарны, өкпе-бауырымен араластыра үйiп, үстiне сексеуiл салып өртеп кеттi.
Ақбақайға мiнгескен екеу Ащыбасына асықты.
* * *
Ащыбасы тақыр едi.
Атам заманнан жабайы аң-құс пен жануардың сарайын ашып, шөлiн қандырған тұщы бастауы бар. Шағыл iшiндегi ботаның жанарындай мөлдiр су ат арқандай ғана жерде шып-шып шыпылдап, өз-өзiне сiңiп, ешқайда ақпайтын. Бақа жүзiп жүрмес, балдыр оралып өспес өлi көлшiктей көз. Төңiрегi татыр. Жаз бетiнде жиi топырлап түсiп, жусап жататын тарпаң мен теңбiл көк тағының, қара құйрығы шолтиған қарақұйрықтың тұяқкештi суаты да едi. Содан болар өсiмдiк атаулыдан жұрдай. Кемiнде он бес-жиырма құлаштай жерден құм мен құм раңы басталады.
Шердиман Күреңбелмен салдыртып жеткенде, тақыр-таза бұлақ басына қарап тұрып, қайда бой тасалауды ойлады. Бiр топ тораңғыл түбiнiң өзi үш жүз қадамдай жерде екен. Қазан мен қыркүйекте тарпаң қуып жүрiп, жiгiттермен су iшуге бiр аялдағаны бар. Ол жолы бiрақ Шердиман тұщы көз басына мән бермептi.
Ендi қараса – аңшы қызығар жер емес, айналасы тұлдыр, ақ табан ойпаң. Табиғаттың өзi тарпаң мен тағы сияқты түз жануарлары суатқа сусап келгенде, жыртқыш атаулы жасырынып жата алмасын деп жаратқандай.
Бiр орнында асықша үйiрiлiп, тыпыршып тұрған Күреңбел үстiнен үстiрт шолып өткен Шердиман ызғарлы желемiк лебiнiң ығына қарай бұрылды. Өзi келген түстiк бетке бiр шақырымдай шоқытып барды. Бусанған Күреңбелдi алдынан тұсап, соңымнан бұлақ басына қарай ерiп жүрмесiн деп, артқы оң тiрсегiнен ала шiдерлеп тастады. Аунай қалса ер қасын сындырып жүрер деп, оны да жерге түсiрiп, төс айылын суырып алды. Күреңбел суытылмағандықтан бусанған белi мұздап қалмасын деп, ердiң терлiк iшпегiн арқасына жауып, төс айылмен тартып қойды. Бесатарын қолына алып, бұлақ басына жаяулай жүрдi.
Ық жаққа қиыстау болса да, жыңғыл аралас өскен бойшаң тораңғыл түбiне жайғасты. Жамбастап жатар, жүрелеп отырар орнындағы сықырлаған қарды қару атуға сұқ саусақты қылып әдейi тiгiлген терi қолғабымен, саптама етiгi қырымен тазалады. Бесатар қайырмасын қайырып, астынан енгiзiлген оқшантай қоймасынан оқпанына оқ жүгiрттi. Жүрелеп отырып та, жамбастай жатып та қарауылын сығалап, ойпаңдағы ақ қар басқан жазықты, ернеуiне моншақ мұз тұрған бұлақ көзiн көздеп көрдi. Сонда ғана ат үстi аптыққан көңiлi басылды.
Көзiн сығырайтып, күнге қарады. Түске әлi ерте екен…
…Шердиманның құлағына кенет топырлаған тұяқ дүбiрi келдi. Бас салып бауырындағы жып-жылы бесатарға қол салды. Тұяқ дүбiрi күшейе түсiп, өздерi де көрiнiп қалды.
Тарпаң тұқымы терiскейден құлады…
Түстiк батысты ала жатқан мергеннiң жүрегi дүрсiлдеп, тереңнен тыныс тартты. Оқ өтiне кiрердей тамағы кеберсiп, алақаны терледi. Жылдам оң қолғабын шешiп, қарды жентектей аузына тығып, жалаңаш алақанымен бесатарды белiнен тартып, дүмiн иығына тiредi. Сонда ғана сабырлы, салмақты күйге ендi.
Күн тал түс едi. Бiр үйiр тарпаң атқалақтай шауып, ойпаңға ойысты. Жабағы-тайлар аптығын баспастан бұлаққа бас қойысты. Бие-байталдар мен сәурiктер ойқастап жүрiп алысты. Құбақан айғыр шеттеу тұрып, жан-жақты шолды.
Аңдушы Шердиман болса, бүлк етер емес. Түз тарпаңдары бастықсын, бұлақ басына етi, көзi үйренсiн дейтiндей. Қарауылдан қараған бойы қозғалар емес. Қалқалаған тораңғыл мен жыңғыл да желп етер түрi жоқ. Желемiк тербеген жұқа жапырақтары ғана қалтырайды. Олардың әлсiз сыбдыр-сыбдыр еткенi оқта-текте естiлiп қалады. Оған бiрақ мерген көңiл аударар халде емес. Қанын iшiне тартып алған. Жүрегінің дүрсілін санауда…
Тақыр ойпаң төсi бейбiт екенiн сезiнген тарпаң үйiрi жапатармағай суатқа бас қойды. Тарпаң әңгiсi сонда да жер тарпып, үйiрiн айнала шолды. Ендi қимылдамаса кеш қаларын бiлген Шердиман шеттеу тұрған семiз, iрi байталды бармағына байлады. Шапқылай келiп, шұрқырай түскен үйiр айтақыр ойпаңда ойпыл-тойпыл болды.
Бесатардың ащы даусы қайдан шыққанын аңғармай қалған тарпаңдар шалт бұрылып, шығысқа қарай жөңкiлдi. Қиыс та болса көлденеңдей шапқан жануарлардың тағы бiрiне оқ тидi. Жөпелдемеде жүдемелдете атқан мерген қарауылынан үшiншi бiр бас та қар қапты. Сағымдай сырғитын түз жылқыларының қалғаны ара қашықтық алыстағаннан қарауылға шалдырмай кеттi. Бес оқтан бесатар оқпаны жай ғана жылынды.
Алыстан Күреңбелдiң жалғызсырай кiсiнегенi естiлдi…
Алғашқы құланды жамбастап жатып, кейiнгi екеуiсiн тiзерлеп отырып атқан Шердиман орнынан ата тұрып, ойпаң ойында құлаған хайуанға қарай жүгiрдi. Жүрек тұстан жез оқ тиiп, жұлындай түскен жануардың тамағынан қонышындағы өткiр сапымен орып-орып жiбердi. Қара-қошқыл қан бұрқ еттi. Қан шығысымен тақыр төрiне қарай асығып жөнелдi.
Ол әп-сәтте оққа ұшқан жазықсыз жануарларды мұсылман жолымен бауыздап та тастады. Ақша қар мен сарғыш құм қызыл қанды бойына сiңiруге асықты. Сiңiп үлгермегенi ойдымдана ұйып, бұйралана қатты. Қошқыл-күрең реңге ендi.
Әкесi мен Қаламбай келгенше «жаубүйрек» дайындап жiберейiн деп, Шердиман суат басында жығылған байталдың қолқа-жүрегiн суырып, қарнын ақтара бүйрек-бауырын кесiп алды. Сексеуiлдi шор боп бiтер буынынан бесатар дүмiмен тасқа ұрғандай дүмпiп соғып, сындырып әкеп, тездетiп от жақты. Қонышына тыққан сапысын қынынан шығарып, от жанғаннан ерiп кеткен құмды кездiкпен ойып, ойылған үйеме құмды жанып жатқан сексеуiлге жақындатты. Әлгiнде ғана суға шайып, жынынан айырған қарынның түгiн терiс айналдыра бүйрек-бауыр, жүрек-қартаны iшiне тығып, үйме-жүйме құм арасына жасырды. Қызуы жүз шарпыған сексеуiл шаласын үйме құмға итере жақындатып қойды.
Осы бiр iс бiтiсiмен алыста шiдерлеулi күлiгiне кеттi.
Түс түстiктен ауып, бесiнге еңкейгенде Оспан батырлар да жеттi.
– Ақша қар ақ жол болды, – дедi Қаламбай Ақбақайдың жазық сауырынан секiрiп түсiп.
– Жер қара болса, бұлай қанжығамыз майланбас едi, – деп қойды батыр да.
– Қыркүйекте ай жарығымен үш құланды әрең жығып ек… Бүгiн Алла жарылқады, – дедi Шердиман.
– Жетi бас. Ащыбасы ауылдағы елдiң жолға қамдар ризығын бердi, – дей берiп едi батыр, Қаламбай жұлып алғандай:
– Батыр-ау, жол қамыңыз не, айтып тұрған? – деп шап ете түстi.
– Қайда әке?! – деп қалды Шердиман да әлде бiр үмiт, әлде бiр күдiк сезiммен.
Оспан батыр қалың қабағын түйе қарады.
– Желтоқсан тумай жолға шығамыз. Әлгi Кәрiм Әкiрамиды күтемiз. Ол қозғалам деген елдiң аужайын бiлуге кеттi ғой. Қозғалам дегендер болса, шаужайынан ала жүрем…
– Сонда қайда? Елге ме, шетке ме? – Қаламбай шыдамсыздығын танытты.
– Шетте нем бар? Елге, әрине!
– О, батыр! Ошаң аға-ай! Бiлiп ем-ау, сезiп ем-ау! Айналайын батыр-ай! Айналайын Алтай-ай! Сағындық қой!.. Ақ жол, аға, ақ жол! – деп келiп, Қаламбай батырды құшақтай алды. – Елдiң де күтiп жүргенi осы сөз, батыр аға!
Шердиман бiрақ қуанышын iркiп қалды.
– Ешкiмге айтып жүрмеңдер! Ел дүрлiгiп жүрмесiн! Жаудың құлағына жетпесiн! – деп батыр қатал ескерту жасады.
Сексеуiл табы мен қар суы сiңген құм қоламтасына пiскен, әлi бұзылмаған кеспелтектей жаубүйректi бөрiше апыл-құпыл жескен аңшылар бесiн кезiнде үш тарпаңды бұзуға кiрiстi. Жаубүйректiң балдай дәмiнен кейiн жауша тиген. Iңiр iлiнбей бар еттi бес атқа бөлiп-бөлiп теңдеп, өздерi жаяулап жолға шықты.
Көк жүзiнде ұяда шүпiрлеген балапандай жұлдыздар туған. Ай ғана көтерiле қоймаған түн едi. Ақша қармен ашылған жарық түн. Жаяулағандар баяу қозғалады.
Автордан арнайы түсініктеме:
1. 1950 жылы 28 наурызда Алтай мен Сауыр, Тарбағатай мен Ерен Қабырғадан Гансу, Шинхай, Баркөл, Құмыл, Бәйтiк, Тибет өңiрiне ауған және сол өңiрлердi ХХ ғасырдың басынан мекендеп келген көшпендi қазақтардың Құрылтай жиыны болды. Оған Оспан батыр, Сәлiс бек, Жанымхан-тәйжi, Қалибек әкiм, т. б. Шығыс Түркiстан өлкесiнiң Үрiмжi жақ бетiндегi белгiлi тұлғалары тегiс қатысады. Құрылтайда Шығыс Түркiстанда Қазақ автономиялық үкiметiн құру туралы шешiм қабылданады. Үкiмет басшысына Жанымхан-тәйжi бiрауыздан сайланып, Оспан батыр Бас қолбасшы болып жарияланады. Сөйтiп Шығыс Түркiстан өлкесiнде қазақтың бас көтерер соңғы тұлғалары ақырғы рет тағы бiр серпiлiс жасауға бел байлаған едi… Бiрақ Шығыс Түркiстанның Алтай, Тарбағатай, Құлжа, Үрiмжi жақтағы солтүстiк бетiн Совет пен қызыл Қытай толық үстемдiк етiп алған , ал генерал Дәлелхан Сүгiрбайұлы, генерал Ысқақбек Мунинов бастаған азаттық жолындағы ерлерiн 1949 жылы-ақ Саян таулары үстiнде, Байкал көлi маңында опат болды деп, жоқ қылған «қуыршақ» басшылы ШТР-ның Құлжадан Үрмжiге ауысып үлгерген Уақытша үкiметi мұздай қаруланған Қытай халық-азаттық армиясын (Совет Одағы мен ҚХР жабдықтаған) Баркөлге жасырын аттандырған. Қазақтар Құрылтайынан хабардар болып отырған қызыл қытай әскерi бронемашинамен қаруланып, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Баркөлге жиналған 15 мыңдай адамның 10 мыңнан астамы қаза табады. Екi жақтың күшi де, қару-жарақ қуаты да тең емес едi, соған қарамастан Оспан батыр жасақтары жан аямай күреседi, ақыры ащы жеңiлiспен ұрыс даласын тастап шығуға мәжбүр болады. Баркөлдегi елдiң тоз-тозы шығады. Тауға қашқан Жанымхан-тәйжi қапылыста жау қолына түседi.
2. 1924 жылдары Оспан батыр сырт Монғолия (қазiргi Монғолия) жерiнен жылқы қуып, барымташылықпен де айналысқан. Ол кезде батыр аты шыға қоймаған, ел iшi бiршама тыныш кез.
3. Жiбек – Қасен-зәңгi әйелiнiң туысқан сiңiлiсi, руы – абақ-керей iшiнде молқы. Оспан батырға 1944 жылы тұрмысқа шыққан, 1945 жылы қыркүйекте батырға соқыр ұл тауып берген. Ол ұлдың тағдыры белгiсiз, батыр ұсталғанда жетiм қалған.
(Тақырыпқа орай берілген Оспан батырдың суреттері Дәулеткерей Кәпұлының жеке қорынан алынды.)
Интернетте роман жоқ қой, оқиын деп едім. Толық вариантын қалай оқуға болады?
Атамұра кітап дүкендерінде сатылып жатыр екен. сол жерден алдым.
Атамұра кітап дүкенінде сатылуда. Сол жерден алдым.