Қазақта жылқының түр-түсін анықтайтын 390 сөз бар (видео)
Қазақтың мәдени мұраларын іздеген ЮНЕСКО өкілдері арқа даласын аралап жүр, — деп хабарлайды 24 KZ.
Осы жолы Қарағанды облысындағы Терісаққан ауылына ат басын бұрған меймандар қымызмұрындық жоралғысын көріп, қайран қалысты. Жылқы мінезді қазақ деген сөздің астарына үңіліп, ұлттық ерекшелігімізді елеп-екшеп жүрген ғалымдар бие байлап, үйір бөлу дәстүрі қазаққа ғана тән деген байлам жасады.
Қазақта жылқының түр-түсін анықтайтын 390 сөз бар екен. Аттың басының бөлшектерінің өзіне ата-бабамыз 90 атау беріпті. Осы және көптеген дәйектерге сүйеніп, дүниежүзіндегі жылқы атаулы қазақ жерінен шыққанына ғалымдардың көзі әбден жеткен. Мәдени құндылықты ресми түрде бекіту мақсатында ЮНЕСКО өкілдері жылқымен байланысты салт-дәстүрді құжатқа бекіту үшін қымызмұрындық жоралғысын көрді.
ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы комитет төрайымы Ханзада Есенова былай дейді:
«Дәстүріміздегі осы элементтің сақталғанына қуандым. Көктем кеш келетін Терісаққан ауылында бұл Наурыз мерекесі іспетті болып тойланады екен. Осы күнге дейін қазақтың киіз үйі, айтысы, асық атуы сияқты 47 мәдени мұра тізімге тіркелді. Енді осы жоралғыға да ешкімнің таласы туындамайды. Құлын байлау, үйірге тұяғы іліккен жас малға ен салу мен саумал ішу мерекесі қазақта ғана бар. Сондықтан жиналған деректер арқылы қымызмұрындық ұлттық-мәдени құндылық ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне тіркелмек.»
Этнограф ғалымдардан құралған комиссия мүшелері айтыс, күй өнері, ұлттық ойындар сынды көптеген материалдық емес мұраның 47 түрін ЮНЕСКО тізіміне енгізіп, елімізге еншілеген.
Әзірлеген
Ғабдул МЕРҚҰРМАН