Байдақ МОЛДАШЕВ. Қайқы тұлпар (дастан)

8844

Байдақ Молдашев – Аманкелді ауданы Қабырға ауылында дүниеге келген. Соғыс және еңбек ардагері. Ұзақ жылдар бойы өзі туған ауданда есеп саласында еңбек еткен. Торғайдың ел сыйлаған, көне тарихты жетік білген, аузы дуалы қарияларының бірі болған. Қарт ақынның кезінде «Батырдың ұрпақтары», «Достық» атты жыр кітаптары жарық көрген. Биыл ардақты ақсақалдың туғанына 90 жыл толып отыр. Соның қарсаңында ақынның бұрын еш жерде басылмаған «Қайқы тұлпар» атты дастанын жариялауды жөн көріп отырмыз.

I

egiz kulynЖанбөрі кең даланың иесі де,
Сан жетпес қой, сиыры, түйесіне.
Тамсанып, таңдай қағып, таң қалды жұрт
Көктемде егіз тапқан биесіне.

Бір сыншы айтты сөздің орайы кеп:
«Қос құлын түбі жүйрік болады», – деп,
Жан сырын Жанбөріге жайып салды:
«Сонарда қасқырларды соғады», – деп.

Егізді тапсырды бай жылқышыға,
«Сақ бол», – деп, – бұл даланың ит-құсына».
Қос құлын, аман болса, айналардай
Малының ырысы мен ұйтқысына.

Қос құлын тартып туған бір-біріне,
Жұп жазбай өткізеді күнді бірге.
Үндері кісінескен шұрқырасып,
Ұқсайды қоңыраудың күмбіріне.

Бірінің белі қайқы – айырмасы,
Күдістеу көрінеді омыртқасы,
Өте ұқсас қалған жері екеуінің,
Ерекше біткен сопақ дәуіт басы

kos juirikЖанбөрі «Қайқы» атады бір құлынды,
«Сыпсың күрең» атады бір құлынды.
Осы ат екеуіне тым лайық,
Жөн емес деді, сірә, кім мұнымды.

Тайында қос құлынды үйреттірді,
Мойнына жібек арқан сүйреттірді.
Жаратып, баптап, күтіп өз қолымен,
Секіртіп, бұралдырып билеттірді.

Жанбөрі екі тайды күнде байқап,
Қояды анда-санда басын шайқап.
Сыпсыңның жонына егер қарағанда,
Қайқының бұты алшақ, жоны шалқақ.

Жан адам байқамайды оны бірақ,
Айырма екеуінде бары сол-ақ.
Қос күрең таң нұрындай жолақ-жолақ,
Қаз омырау, құлан мойын, қамыс құлақ.

Келгенде арғымақ боп алты жасқа,
Елірді екі бірдей күрең қасқа.
Бір айдай жаратты да терін алып,
Жанбөрі бағып, күтті қара қоста.

Қар түсе нөкер ертіп аңға шықты,
Алдынан құтылмады арлан тіпті.
Екі аттың анықталды біраз сыры,
Сыпсыңнан болып шықты Қайқы мықты.

ІІ

anshyЕткендей Жанбөріні мазақ, күлкі,
Бір күні бір ғажайып қызыл түлкі
Маңайда жүріп алды қасақана,
Бейне бір арыстандай дене тұрқы.

Жанбөрі осы сырды тез аңдады,
Алтайы қызыл түлкі көзді алдады,
Қайқыға міне салып тұра қуды,
Қызулық кеудесінде тулап қаны.

Жөнелді қызыл түлкі желдей ұшып,
Жанбөрі қуа берді ізге түсіп.
Жарысқа заулағандай өзі үн қосып,
Алады түлкі әдейі алдын тосып.

Бұл жайға кәнігі аңшы қайран қалды,
Қырық жыл бұл далада сайран салды.
Бірақ та көрген жоқ ол мұндай аңды,
Көз құрғыр бұл түлкіні қайдан шалды?!

Таңертең қуып еді, болды бесін,
Биледі бір құмарлық ақыл-есін.
Түлкі алда, Жанбөрі артта, шаң боратып,
Келеді дүбірлетіп дала төсін.

Жанбөрі дейді ішінен: «Бұл не сұмдық?
Заяға жолым кетті жарты күндік.
Қуып ем «Кенжетайдан» жаңа ғана,
Қайдан келді – шаманы қайдан білдік?»

Жанбөрі осы жолы жаман састы,
Қайқыға ашуланып қамшы басты.
Дүрсілін аттың сезіп жақындаған,
Зымырап бауырын жазып түлкі қашты.

Секіріп қырдан ойға құлдырады
Түймедей көз ұшында бұлдырады.
Дал болып мына жайға басын шайқап,
Жанбөрі қабақ түйіп, тұнжырады.

Қайқы да соны сезіп ұшты доптай,
Жылмиып зымырады атқан оқтай.
Алдында қызыл түлкі бұлаңдайды,
Көз тартып түн ішінде жанған шоқтай.

Аралық бірте-бірте таяулады,
Түлкінің қарқыны да баяулады.
Жанбөрі қуып жетіп, аз бөгелді,
Ұруға көзі қимай аяулы аңды.

Түлкінің майда жібек жалы қандай,
Шоқ тастап кірпіктері қарығандай.
Аң емес қиятұғын оңайлықпен,
Жанбөрі қарай берді жаны қалмай.

Амалсыз тұрып-тұрып соғып алды,
Табанда сойды-дағы, атқа салды.
Бұл кезде күн де батып ұясына,
Маңайды қараңғылық торлап алды.

Жанбөрі атқан қонып, кейін қайтты,
Көңілі желдей есіп келе жатты.
Кездесіп бір қарияға жөн сұрады,
– Бұл маңай Арал теңіз, – деп ол айтты.

ІІІ

Kaiky tulparАрада зулап талай жылдар өткен,
Далаға Қайқы тұлпар даңқы кеткен.
Жанбөрі жатыр ауырып, нәр сыза алмай,
Алысып, арпалысып ауыр дертпен.

Бір емші әдейі арнап келіп көрді,
Сонан соң көп ойланып, ақыл берді.
– Қолымда жоқ өзіңді жазатын ем,
Тек дәрі жаза алады сендей ерді.

– Ей, емші, жоқ па сенде, ол не дәрі?
– Троицкіде, алыста, жоқ амалы.
Сен үшін жедел керек, уақыт тығыз,
Қай жылқы бірер күнде оралады?

– Жарайды, ойланайын, ақылдасып,
Жер екен, амал қанша, өте қашық, –
Деді де, ойға кетті Жанбөрі қарт,
Тарамыс қолдарымен бетін басып.

Сонан соң жиналды оған туғандары,
Отырды, не айтар деп, тыңдап бәрі.
– Троицкі барсын, – деді ер Қазыбай, –
Қалай да жеткізілсін жылдам бәрі.

Бетке алып Троицкіні, Қазыбай тартты,
Ағайын бәрі де оған үміт артты
Сонан соң көп туысқан әңгіме айтып,
Отырды ортаға алып емші қартты.

Троицкі төрт жүз шақырым шамасында,
Қостанай – Челябінің арасында.
Келмеске ертең егер дәріні алып,
Жанбөрі ажал таппақ, расында.

Жолшыбай артқа тастап тамам елді,
Қазыбай Қайқыменен аман келді.
Есіктен жүгіре басып кірді-дағы,
Дәріні атақты емші шалға берді.

Емші шал үнсіз басын шайқай берді,
Қайқы атты сыртқа шығып қарап көрді.
– Дәл мұндай шын тұлпарды көргенім жоқ, –
Деді ол, – араладым талай елді.

Дәріні езіп емші дайындады,
Бабына келгендігін пайымдады.
Ішкізді Жанбөріге дәріні ол,
Өрбіді әңгіме ат жайындағы.

ІV

Болды сол Жанбөріге дәрі пайда,
Тар жерде тапты емші сабыр, айла.
Қайқыны елге жайған аңыз етіп,
Жетіпті осы уақытта Абылайға.

Қай адам ұнатпайды тұлпар атты,
Үш жүзге Қайқы ат жайлы жыр таратты.
Бір күні хан Абылай Жанбөріге:
«Қайқыңды маған бер», – деп қолқа сапты.

Бұл қолқа қинаса да жан жүрегін,
Қайтару қиын болды хан тілегін.
Қайқыны Абылайға тартты үнсіз,
Дауылда құлағандай бәйтерегі.

Малға да ыстық өзі жүрген жері,
Және де бағып, күтіп мінген ері.
Көкшеден үш қашыпты Қайқы тұлпар,
Аңсатып «Кенжетайдың» шалғын белі.

Жанбөрі ат келгенде егіліпті,
Ақырап қабырғасы сөгіліпті.
Қайқының жалын құшып, жаны жүдеп,
Көз жасы жаңбыр болып төгіліпті.

Екі рет өз қолымен апарыпты,
Абылайдан алғыс естіп, бата алыпты.
Кетсе де өзге жерге «пенде» болып,
Қайқысы құс қанатты атаныпты.

Қашқанда үшінші рет шідерімен,
Жетпепті ел Жанбөрінің күреңіне.
Өтем деп кетіпті өліп Қайқы тұлпар
Есілдің тасып жатқан сілеміне.

Көрінер бұл ақиқат біреуге аңыз,
Сонда да жырлау оны бізге парыз.
Ұрпаққа жария ғып отырмын мен,
Мойнымда кетпесін деп болып парыз.

Baidak MoldashevБайдақ Молдашев

Арнайы argymaq.kz порталы үшін дайындаған Абылай Мауданов
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.