Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын ұран!
Жылқы! Осы бір ғана қасиетті де, қастерлі сөз жүрегімізді жылылық сезімімен жадыратып, көңілімізді көкке көтеріп және қиялымызды шартарапқа жетелейтіндігіне ешкім де күмән келтіре қоймас.
…Жылқы – құты ұлан-байтақ даламның,
Жылқымінез қанында бар бабамның.
«Дала», «Жылқы», «Қазақ» деген үш ұғым,
Іргетасы ұлттық рух, ұлттық намыс, сананың…
(Рысбай Сәтімбеков)
Жылқы! Осы бір ғана қасиетті де, қастерлі сөз жүрегімізді жылылық сезімімен жадыратып, көңілімізді көкке көтеріп және қиялымызды шартарапқа жетелейтіндігіне ешкім де күмән келтіре қоймас. Өйткені, қазақ халқының басынан өткізген барлық тарихи тұрмыс-тіршілігі және шаруашылығы тікелей жылқы жануарының тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқандығы тарихтан белгілі. Көрнекті тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тоқтабай Уәлиханұлы Ахметтің «Қазақ жылқысының тарихы» атты «Алматыкітап» баспасынан 2010 жылы жарық көрген аса зор құнды тарихи ғылыми еңбегі еліміздегі жылқы жануарының тарихына арналған. Ғалымның бұл еңбегі оның отыз жылға жуық табандылық танытып, қажырлылықпен арнайы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының әрі жемісі, әрі жеңісі екендігін ерекше атап айту қажет.
Ғалымның бұл еңбегінің арнайы жылқы жануарына арналуының өзіндік әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор деп есептейміз. Өйткені, басқа түліктермен салыстырғанда жылқының ұлтымыздың тарихи өмірінде алатын орны тіпті ерекше. Сондықтан да, ата-бабаларымыз жылқыны «мал» деп атамай, көбіне «жануар» деп атауының өзі де халқымыздың жылқыға деген аса зор сүйіспеншілігін және жылқыға деген ерекше жанашырлық сезімін аңғартады.
Жылқы өсірген қазақтың маңдайының бағы бар,
Жылқыға деген ниеттен қасиеті танылар.
Жанынан да артық көрген жылқыны,
«Мал» демейді, дейді қазақ «жануар».
(Рысбай Сәтімбеков)
Халқымыз төрт түлікті «ақ мал» және «қара мал» деп екі топқа бөліп, «ақ малға» тек жылқы жануарын жатқызуында да ерекше мән бар. А.Тоқтабайдың бұл тарихи ғылыми еңбегінде жылқы жануарының тарихы халқымыздың тарихымен тікелей байланыста жазылғандығын бірден аңғаруға болады. Өйткені, «дала», «жылқы» және «қазақ» деген сөздер бір-бірімен мағыналас, әрі бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғымдар екендігі тарихтан белгілі.
Ғалым осы аталған еңбегінің алғашқы бетінде тарихта ерекше аты қалған Қасқа жолды Қасымханның «…Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз…Қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз…» – деген даналық сөзін келтіруінің өзі халқымыздың жылқыға деген аса зор сүйіспеншілігін білдіреді. «Жылқы» деген сөзді естіген кезде сезімі елең етпейтін, қаны да, жаны да қызулана түспейтін қазақ кемде-кем. Өйткені, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің барлық салаларында жылқы түлігінің алатын орны ерекше болғандықтанхалқымыз жылқы жануарын ұлтымыздың ұлылық ұранындай барынша дәріптеп, қастерлейді.
Ертеде осыншама ұлан-байтақ даланы ата-бабаларымыз аттың жалында отырып, ақ білектің күшімен және ақ найзаның ұшымен иеленгендігін біздер үнемі мақтаныш сезіммен әлемге паш етеміз. А.Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты тарихи еңбегі бұрын-соңды жылқы жануарының тарихы туралы қазақ тілінде толық жазылған әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор бірден-бір ұлттық рухани құнды ғылыми еңбек екендігін ерекше атап айтқымыз келеді. Ғалымның бұл тарихи ғылыми-зерттеу еңбегінің тағы бір артықшылығы – жылқы жануарына тікелей қатысы бар көптеген дәйекті деректер ғылыми тұрғыда бірізділікпен жүйелі түрде, рет-ретімен жеке тарауларға бөлініп берілуінде деп атап айтуға болады.
Ғылыми еңбектің «Кіріспесінде» ғалым жалпы жылқы жануарының адам өмірінде алатын орнына қысқаша орынды талдау жасағаны байқалады. Ғалым бұл тарихи еңбегінің алғашқы тарауын «Қазақ жері – жылқының отаны» деп атауының өзіндік мәні зор. Өйткені, соңғы кездегі ғылыми деректер бойынша жылқы алғаш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгендігін қазіргі кезде дүниежүзінің ғалымдары мойындап отырғандығы белгілі. Бұған бұлтартпас дәлел ретінде Көкшетау өңіріндегі ежелгі Ботай қонысынан көптеп табылған үй жылқыларының қаңқа қалдықтарын атап айтуға болады. Осыған байланысты тарих ғылымында 1980 жылдардан бастап «Жылқышы көшпенділер өркениеті» деген жаңа ғылыми ұғым қалыптасып отыр. Бұл арада, Ботай қонысыныңәлемге танылуында қазақстандық көрнекті тарихшы ғалым В.Ф.Зайберттің еңбегінің маңызды орын алғандығы белгілі.
Қолға үйретілген жылқылардың арғы жабайы тектері – тарпан және керқұлан болғандығын ғалым ғылыми деректер арқылы толық дәлелдеп берген. Өйткені, ерте кездерде өлкеміздің кең байтақ далаларында жабайы тарпан мен керқұлан үйірлері көптеп кездескендігі туралы тарихи жазба деректер келтірілген. Сонымен қатар, «керқұлан» деген атау «Пржевальский жылқысы» деген қате айтылып жүрген сөздің баламасы екендігін атап көрсеткен. Ғылыми еңбектің кейінгі тараулары тарихи шежірелерге сәйкес белгілі реттілікпен «Салтаттылық дәуір» деп аталып, мұнда «Скиф-сақтар», «Амазонкалар», «Ғұндар», «Көне түркілер, қыпшақтар, моңғолдар» деп жеке кезеңдерге бөліп, оның әрқайсысына қажетті деректер дұрыс топтастырылып берілген.
Еңбектің келесі тарауы «Қазақтың байырғы жылқы тұқымдары» деп аталып, тікелей жылқыға қатысты жайылымдар, жылқыны баға білу, дәстүрлі халықтық іріктеу мен сұрыптау тәсілдері арқылы шығарылған жылқының жергілікті асыл қолтұқымдары (порода) – қарабайыр, шекті, теке, жәуміт, адай, қазанат, арғымақ т.б. туралы көптеген құнды мәліметтер берілген. «Ер-тұрман» және «Жылқыдан алынатын өнімдер» деген тараулардың атына сәйкес ат әбзелдері мен жылқының етіне, сүтіне (қымызға), терісіне т.б. өнімдеріне тікелей қатысы бар сөздер мен ұғымдардың ана тіліміздегі сөздік қоры кеңінен пайдаланылған. Мысалы, ер-тұрманның өзін–«ат әбзелдері» және «тұрман» деп екіге бөліп, тек тұрманға қатысты 32, ал тікелей ерге қатысты 46 атау сөз келтірілген. Сонымен қатар, қамшының 23 атауы, қамшылау әдісінің 15 түрлі тәсілі және қымызға қатысты 41 атау мен қазыға қатысы бар 27 атау сөз берілген. Мұның бәрі де, жылқыға тікелей қатысы бар ана тілімізде сөздік қорымыздың мол екендігін айғақтай түседі.
Аталған ғылыми еңбектің «Аттың бабы мен сыны» (бәйге аттары, сыншылар, ат сыны, ат жарату), «Жылқы мен халықтық мерекелер» (қымызмұрындық, ас беру, бәйге жарыстары, жылқыға байланысты ұлттық ойындар) және «Жылқы және рухани әлем» (жылқы мінезі, жылқының жершілдігі, жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер, жылқының түсі, жылқы және саз өнері) деген тараулардың әрқайсысының атауларына сәйкес құнды ғылыми деректер көптеп келтірілгендігі ғалымның көп ізденгендігін айғақтай түседі.
Ғалым А.Тоқтабайдың жоғарыда аты аталған тарихи ғылыми еңбегінің әрбір тарауының мазмұнына сәйкес көрнекті ғалымдардың ғылыми еңбектерінен алынған дәйекті дереккөздерді өз орнында пайдалана білуімен де ерекшеленеді. Бұл ғылыми еңбектегі жеке тараулардың мазмұнын толықтыра түсетін басқа ғылыми еңбектерде кездесе бермейтін, әрі сирек кездесетін түрлі-түсті суреттер, жаңғыртпа көріністер өте орынды таңдап алғандығын да баса атап айту қажет. Мысалы, скиф көсемінің мойнына тағатын алтыннан жасалған өңіржиек, Берел жылқысының қаңқалары, Берел қорғанына жерленген жылқы, сармат сарбазы, сақтар, Берел жылқысының әбзелдері, Берел обасынан табылған жылқыларды жерлеу, қыпшақ-мәмлүк жауынгері, бүркітші қазақ, он жылқы терісінен жасалған сабаларды тасу, бес биенің терісінен жасалған сабаны екі түйемен кереге қойып тасу және т.б. суреттерді ерекше атауға болады.
Халқымыздың көптеген даналық нақыл сөздерінде жылқыға қатысты түйінді тұжырымдар, ұлағаты мол ұғымдар, тағлымдық мәні зор қанатты сөздер көптеп кездеседі. Бұл арада тікелей жылқыға қатысты айтылған мынадай рухани ұлттық, құнды ойларды ерекше атап айтқымыз келеді: «Қанша жүйрік болғанмен оған-дағы бап керек, қасиетті қамшыға тобылғыдан сап керек», «Жайсаң жігіттің түсіне жылқы кіреді, жылпос жігіттің түсіне түлкі кіреді», «Ұрпақ көбеймей ұлтың өспес, құлын көбеймей жылқың өспес», «Азаматтарың аттан түспесін, қазандарың оттан түспесін» т.б.
Қорыта айтқанда, біз пікір жазып отырғанА.Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» аттыаса құнды тарихи ғылыми еңбегі қазақ халқының сүйікті жануары, әрі сенімді серігі, әрі айбынды құтқарушысы, есті жануар деп аталатын жылқыға арналуы қаны да, жаны да қазақ болып жаратылған ұлттық намысы, ұлттық рухы биік азаматтарды бейжай қалдыра қоймайтындығына сеніміміз мол. Сондықтан да, ғалымның бұл еңбегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беруге нағыз лайықты ғылыми еңбек деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы алғанда, қазақ халқының күнделікті өмірінде ерекше орын алатын жылқы жануарына деген жанашырлық пен қасмқорлық сезімімізді сергіте түсетін мұндай ғылыми еңбектердің келешек ұрпақтар үшін әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәнінің зор екендігін ешқашан естен шығармау азаматтық борышымыз және перзенттік парызымыз деп түсінуіміз қажет.
Рысбай СӘТІМБЕКОВ
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Оралжан Жақаұлы МАСАТБАЕВ
Халықаралық ақпараттық академиясының академигі, аға ғылыми қызметкер
«Айқын» газеті. (Суреттер dmk.kz сайтынан алынды)