Бабақұмар ҚИНАЯТҰЛЫ. Ат жалындағы мәдениет
Жылқы — адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі деуге болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын зерттеу нәтижелері дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуіріне (б. з. б. 4-3-мыңжылдық), б.з.б. 2-мыңжылдығына, яғни орта қола дәуірінің Арқайым ескерткіштері және Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін б. з. б. 1- мыңжылдық – б. з. 2 ғ. ескерткіштері ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, сол кездегі адамдардың әдет-ғұрыптық рәсімдердерінде ерекше роль атқарғандығы белгілі болып отыр.
Адамзат тарихында, әсіресе Орта Азияның “салт атты көшпендiлерi” үшін жылқы ерекше прогресс элементі ретінде жүрді: жылқыны әуелі көлiкке, кейiн жегуге пайдалануы, әсіресе, салт мінуді меңгеруі олардың жағрафиялық танымын, әскери-саяси және мәдени байланысын арттырды, шаруашылық қарым-қатынастардың дамуына тың серпін берді. Адамзаттың тарихына көз жіберсек, әр түрлі тарихи кезеңдерде жылқы үйір-үйiрiмен өсiрiлiп қана қоймай, халықтың материалдық игілігіне қызмет етті, қоғамның дамуын алға сүйреді, адамдардың дүниетанымы мен мәдени деңгейiн көтердi, сол арқылы өркениетті біртіндеп жаңа деңгейге жеткізді. Жылқы, сонымен бiрге әскери-қорғаныс, ойын-сауық саласында жетекші маңызға ие болды.
Ғалымдар Орта Азияда ежелден бері жылқының үш түрлі тұқымы болғанын анықтады: тауда жүруге ыңғайлы Тапал жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды Қазанат және қазіргі ахалтеке жылқысының арғы тегі саналатын жүйрік жылқы (Тұлпар). Көшпелілер ұшқыр тұлпарларды да қадірлеген, оларды қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Жартастарға салынған суреттерде байырғы тайпалардың дүниетанымдық өресін, шаруашылық қарекеттерін (аң аулау, баққан мал тұқымдары), ең бастысы көлік, жегін құралдары (екі доңғалақты арбалары) туралы мәліметтер сақталған.
Ежелгі сақтар мен ғұндар Хинған тауларынан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, жылқыны мемлекеттілік пен қорғаныстың, өнер мен мәдениеттің, шаруашылық пен спорттың өресі биік деңгейіне жеткізген. Олардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, өзге жұрттың зәресін ұшырған. Соның салдары деп айтуға болатындай мына бір жалпыға мәлім дерек соның дәлеліндей. Небір қанқұйлы жорықтарынан соң Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің аймағында, Мысырда атпен бірге жаратылған адам басты, жылқы тұлғалы — кентаврлар туралы аңыз таралғандығын білеміз.
Қалай болғанда да, жылқыға салт мінуді төл өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген көшпелілер өз заманының ең қуатты мемлекеттерінің қатарынан ойып тұрып орын алған. Сондықтан болар, олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтар мен игіліктерге кенелуіне бірден бір мұрындық болған жылқы түлігін аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған. «Олар аттарына да кеудесін жауып тұратын мыстан жасалға сауыт кигізеді», — деп жазады тарих ғылымының атасы Геродот, — ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді». Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққан. Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т. б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын «иесіне аты о дүниеде серік болады» деген сеніммен жанына бірге жерлеген… Соның айғағы атымен қоса көмілген Қазақстан жерінен, Таулы және Өр Алтайдан табылған небір бекзадалар мен асылзадалардың қорымындағы жерлеу ескерткіштерінің биік өресі мен ғажайыптығына бүгнде әлем жұршылығы тамсана қарайды…
Жылқы әбзелдерінің ең көне элементінің бірі осыдан 4-5 мың жыл бұрын адамзаттың ойлап тапқан — металл ауыздықты жүген. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде, яғни б.э.д. Х ғасырларда өмір сүрген тайпалар металл ауыздық пен сулықты ойлап табуы адамзат өркениетіндегі ең ұлы төңкерістік сипат алған айтулы жетістік болды. Оның өз тұсындағы мәні таяу замандардағы адам баласының отарба, ұшақ, зымыран ойлап табуымен шендестіріледі. Атты ауыздықтап, салт мінуді скиф-сақ, ғұн, т.б. көшпелі тайпалары мейлінше жетілдіреді. Соған орай, мініске ыңғайлы киім-кешектер — өкшелі және тіремелі етік, қаусырмалы шапан (тон), кең шалбар т.б. дүниеге келді. Өз заманында ортаазилық көшпелілердің ойлап тапқан жаңалығы адамзат өркениетінің бірегей жетістігі ретінде өзге отырықшы халықтарға жедел тарап үлгерді.
Атқа салт мінуге аса қажетті деталь — үзеңгінің пайда болуы туралы мәселе бұдан күрделірек. Америкалық алтайтанушы Денис Синордың пікіріне құлақ ассақ, метал үзеңгі алғаш Ішкі Азия көшпелілерде пайда болған. Алайда, оған дейін көшпелілер ағаштан, теріден, сүйектен үзеңгі жасап пайдалануы әбден мүмкін. Олай дейтін себебіміз, археологиялық қазбалар барысында жоғарыда аталған материалдардан жасалған үзеңгі кездеспей отыр (D.Sinor. Inner Asian Warriors. Altaicology Studies. Vol I. P.98)
Адамзат тарихындағы ең көне ер тоқымның бірі Алтайдағы Пазырық және Берел қорғандарынан табылғаны белгілі. Ол ер-тоқымдар — жақтаусыз, үзеңгісі жоқ, қом сияқты болып келген. Б.з.д. Ү-ІІІ ғғ-ға телінетін бұл ер-тоқымдарға шендесетін қарт құрлыққа саналатын Еуразия даласында ешбір теңдесі жоқ.
Бізге жеткен ең көне саналатын метал үзеңгі Корей түбегінен табылған. Жасы б.з. ІҮ-Ү ғғ-нан жеткен. Дегенмен, ғұн, сақ тайпалары да осыдан көп кешікпей металдан үзеңгі жасауды меңгерген. Солайша, ондай үзеңгілер түркі тілді аварлар арқылы Византиялықтарға жетіп, онан әрі арабтарға дейін таралғандығы мәлім.
Еуразия даласындағы салт атты көшпелілердің тарихи-генетикалық тұрғыдан заңды мұрагеріне саналатын қазақтар мен Қазақстан аумағы тек тарихи кезеңдердегі жылқы шаруашылығы, жылқы мәдениетіне қатысты ескерткіштерге ғана бай емес, оның сорабтары (реликтері) мен іздері дәстүрлі қазақ мәдениетінде жақсы сақталғандығымен ерекшеленеді. Атап айтсақ, жылқыға қатысты ғұрып, әдет, жора-жосын қазақтардың тіршілік циклы ғұрыптарында (туу-өсу, өркендеу, үйлену-отбасы ғұрыптары, өлім) мен этностың заттық айырбас, мәдениеттің бірегейленуі және социализациялық ғұрып-жосындарында, идеологиясында, наным-сенімінде ерекше, жетекші мәнін жоғалтпастан ғылыми-техникалық төңкеріс кезеңіне жетті.
Жылқы әбзелдері мен тұрманына қысқаша тоқталар болсақ, олардың бірнеше түрі қазақ жерінде таралған. Сыртқы пішіні мен жасалу тәсіліне байланысты шошақ бас ер, үйрек бас ер, бес ағаштан құрастырылған ер, қан бас ер, Қоқанд ері және т.б. Бұлардың байтақ қазақ жерінің көп аумағында кеңінен таралғаны — «қазақы ер». Ол көбіне қаптал, қас, белағаш, тоқым, тебінгі сияқты бөліктен тұрады.
Қазақтар ер-тұрманды берік те, бітеу ағаштан аттың тұрқы мен бітіміне сай етіп дайындап, беріктігін арттыру үшін көн терімен қаптап жасайды. Оған батырғымен ою-бедер түсірсе (теснение), темірден жасалған детальдарын алтынмен аптап, күміспен қаптаған, зер, жібек жіптермен шоқтар күлтелеп, кекілі мен жалына түрлі пәле-жаладан сақтайтын тұмарлар (обереги, талисманы) таққан. Ер-тоқымда әр этностың, тіптен жергілікті ерекшелігі, басқа халықтармен этномәдени байланысынан хабар береді.
Бағзыдағы көшпелілердегі бие сүтінен дайындалатын баға жетпес сусын – қымыз ықылым заманнан бері басқа жұрттардың қызығушылығын тудырып келген. Б.э.д 5 ғасырда Геродот көшпелі сақтарда бие сүтінен ағаш күбіге құйып пісіп, қымыз ашытатындығы, консервілей сақтайтындығы туралы жазған. Ал, орта ғасыр жиһанкездері, дәлірек айтсақ, француз Вильгельм Рубрук, итальяндық Марко Поло өздерінің жол жазбаларында қымыздың шипалық, тіптен масайрататын қасиетіне ерекше тоқталған.
Жылқының баға жетпес сан-салалы маңызы мен оған деген құрмет адамзаттың дәстүрлi сенiм-нанымы мен әдет-ғұрып жүйесiнде оны культтық дәрежеге көтердi. Басқа халықтар тәрiздi қазақтар да жылқыны, Жаратушының сыйы, ақылдылық пен өткеннiң елшiсi ретiнде әспеттедi. Жылқы — ақыл-ой мен жоғарғы әлемнiң нышаны ретiнде адамның туғаннан бастап өлгенге дейiн серiгi болды.
Айбынды атты әскерінің көмегімен қаһарлы елге айналып, Еуразия құрлығында үстемдікке қол жеткізген, сөйтіп адамзат өркениеті тарихында өшпес із қалдырған кейінгі ғұндар, Түркі қағанаты, Шыңғыс хан, Алтын Орда империясы тұсында да жылқы түлігі қатты қадірленген. Осы мемлекеттерді құраған тайпалардың негізінде ұйысқан қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан.
«Адам – жылқы мінезді» дейді қазақ халқы. Бұған «жылқы – малдың патшасы», «жігіттің сорлысын аттың жолдысы теңейді», «ат-ердің қанаты» т. б. жүздеген мақал-мәтелдерден халқымыздың адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанын байқаймыз. Небiр қадiрлi ат, атанның бас сүйегiне тас байлап терең суға салып жiберсе, “шөлдемей жатады” деп сенген. Демек, жылқыда да рух бар деп есептеген. Қазақтар жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиямыздағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мысалы «Ер Төстік», «Алтын сақа», т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген.
Жылқыны қазақтар ”мiнсең көлiк, iшсең ас”, “ер қанаты”, “ер азаматтың жансерiгi” деп бағалаған. Жылқыға қатысты қазақтың салт-ғұрыптары (өмiр циклы бойында туу, атқа, ашамайға мiну, үйлену, төркiндеу, тоғыз, айып, кәде, айырбас, барымта, соғым, ас, бәйге, ат спорты, өлiм, құрбандық, ғұрыптық тамақтану және т.б. толып жатқан iргелi этномәдени сәттер мен оқиғалар) өз жүйелiлiгi мен этномәдени, экологиялық икемдiлiгiмен дараланады және дәстүрлi мәдениеттiң iргелi компонеттерiнiң ұрпаққа жалғастырудың тәсiлi, әрi әлеуметтiк қатынастардағы этикет, нормаларды орындаудың тетігі болып табылады.
Адамның азамат қатарына қосылуының «ат жалын тартып мінді» деп бейнелейді қазақ халқы (яғни иницация). Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – «тоқым қағар» тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі «ат тұлдауға» дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған халқымыз біреумен жауласса «ат құйрығын кесіскен», біреудің алдында кінәлі болып қалса «ат-шапан айыбын» төлеген. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғандығын айғақтайды.
Қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Жамбы ату, Қыз қуу, салма ілу, салым, Күміс (теңге) ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. «Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін» деген мақалдың мәні осыны мегзейді.
Жылқы өнiмдерiн—қазы, қарта, қымыз, қылы, терiсiн тұтыну аймақтың континентальды ауа райы мен экологиясына үйлескен, құнарлылылғы жоғары құрамы толыққанды, бүгiнгi таңда сұранысқа ие тауарлар.
Дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. «Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, — деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати, — ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз… қызық көретініміз — өрістегі жылқымыз». Халықтың жылқы малына қатысты осындай ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т. б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған.
Қазақ жерiнде ертеде жылқының Қазанат, Арғымақ, жабы, Қарабайыр тұқымдары өсiрiлген. Орта ғасырдың соңынан бастап жылқы тұқымдарын сұрыптау, көршi жұрттардан мәдени тұқымдармен будандастыру нәтижесiнде жергiлiктi сұрып түрi (адай, шектi, найман, қыпшақ, алтай жылқы тұқымдары) пайда бола бастаған. Cұлу да, асыл тұқымды Арғымақ қазақ даласының қатаң табиғатына үйлескен, аса күй талғамайтындығымен ерекшеленеді. Абылай хан тұсында жорық пен соғысқа төзімді Арғымақтан салық салынған және оны «Хан қазынасы» деп атаған.
Қазақ халқының әскери жорыққа төзімді жылқы тұқымдарын көптеп өсіретіні туралы деректерді орыс және Еуропа зерттеушілері еңбектерінен кездестіреміз. ХІХ ғ-дың 80-жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевильдің Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алған. А.Вилькинстің 1885 ж. «Журнал коневодства и коннозаводства» басылымында жарық көрген «Заметки о лошадях Туркестана» деп аталатын мақаласында мынадай бір қызғылықты пікір бар: «…Ташкент пен Орынбор арасында қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Сондықтан граф Зубовичтің бүкіл Еуропаны таңқалдырған Вена мен Париж аралығын 15 күнде жүріп өткен сапары мұндағы қазақ жігіттерінің көпшілігінің қолынан келеді».
Қазақ даласында өсірілген жылқылар І және ІІ дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған. 1945 ж. 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадын КСРО маршалы Г.К.Жуков Қазақстанның Луговой (қазіргі Құлан) жылқы зауытында өсірілген Араб есімді ақбоз ат үстінде қабылдауының өзінде символдық нышан бар еді.
Ал, атсейiс сыншылар жылқыны тұтыныстық сипатына қарай берiк, аяңшыл, жүрдек, шабан, жүйрiк, қырғыншыл (қысқа қашықтыққа), ұшқыр, бәйге аты (оны жүйрiк, желгiш, жорға деп ажыратады) деп бөледi.
Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді.
Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс (аяң, желіс, шабыс, жорға).
Аяң –жылқының ең жай жүрісі. Мұнда ол алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын кезек басады.
Өгіз аяңда – алдыңғы аяқтың ізіне артқы аяқ жетпейді. Аяңшыл жылқыға кәдімгі ат бүкіл желіспен әрең ілеседі, аяңшыл жылқының артқы аяғы алдыңғы аяқтың ізінен асып түсіп отырады (сағатына 5-7 км жүреді).
Желіс – аяңнан гөрі өнімдірек жүріс. Бұл бүлкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді.
Бүлкіл — желістің ең жай түрі (сағатына 13-15 км);
Бөкен желіс – ұзақ жолға қолайлы (сағатына 20 км);
Сар желіс – желістің ең шапшаң түрі (сағатына 50 км-ге дейін). Мұндай желіс желгіш жылқы тұқымдарына ғана тән. Бірақ жылқы сар желіске ұзақ төзе алмайды. Жолаушыға да, жылқыға да бөкен желіс тиімді.
Шабыс – жылқының желістен де тез жүрісі. Мұның жай түрін майшоқырақ деп атайды, өйткені адамға тынышты келеді. Мұнан қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіншілігінше шабуын ағынды шабыс деп атайды, яғни мұндай жылқы қысқа қашықтықты өте тез алады. Бұл — әсірісе ахалтеке жылқысына тән қасиет. Жылқының өзге жүрісінің бірі – жорғалау және қарғу. Қарғуға жаттыққан жылқы 2,47 м биіктіктен, ұзындығы 8,3 м ордан қарғи алады.
Белгілі этнограф М.Бабажановтың 1871 ж. «Журнал коневодство и коннозаводство» басылымдарында жарық көрген мақалаларында қазақ халқы өсіретін жылқыларды үш топқа бөледі:
1) күшті, еті тығыз аттар. Ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қоңға пайдаланылған;
2) жүрдек аттар. Күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы салт жүріске жарамды жылқылар;
3) жүйрік аттар. Осы соңғы топтың өзін автор қарғыншыл (2, 4, 8 верст қашықтыққа ғана шабатын ұшқыр ат), қашағаншыл (бұл да аз қашықтыққа, асауды қайыруға пайдаланылады) ат, шын жүйрік ат деп бөледі. Зерттеушілердің бұл пікірі қазақ халқының жылқы шаруашылығындағы белгілі бір жүйе болғандығын қуаттайды. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Мысалы, бүкіл Қазақстанға танымал Құлагер, Жетісуға мәлім болған Көкбайтал, Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстанның біраз жеріне даңқы жеткен Қараат, Өр Алтай қазақтарының арасындағы Марғабылдың Қарақасқасы, ХХ ғ-дың 60-жылдарындағы Б.Кітапбаевтың Құланқарасы, Бұланқарасы, Желмаясы, т. б. Халыққа жақсы танымал «Кербезкер», «Қара жорға», «Бестай», «Бозжорға», «Тепеңкөк» тәрізді әндер мен күйлер, Ақан серінің «Құлагері», «Маңмаңгері», «Құлагердің желісі» әндері, Біржанның «Телқоңыр», «Бурылтай», «Қаракекіл» әндері, К.Әзірбаевтың «Көкшолағы», Е.Аязбаевтың «Шайтанқарасы», т.б. жылқыны әспеттеудің үздік үлгілері саналады.
Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған. Атақты Толыбай сыншыдан бастап, Оңтүстік Қазақстанда ғұмыр кешкен Мақұлбек, Жетісуда ғұмыр кешкен Бақай сынды атбегілер туралы аңыздар әңгімелер халық жадында сақталып қалған.
Қазақтар жылқы түсін қылаң, баран, ала деп негізінен үш топқа бөледі.
Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл;
Баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең;
Алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. жылқылар жатады. Алыстан қарағанда жылкының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол қылаң деп аталады. Қошқыл түстер көбірек болса, баранға жатады. Ерекше кездесетін түстер болады. Мыс., шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар, т. б.
Бабақұмар Қинаятұлы
ҚР Орталық мемлекеттік музейінің ғалым-хатшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты.