Мекебай КӘКЕНҰЛЫ: Он екі жылдан соң үйіріне оралған Жирен

9629

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Цэнгэл ауданына танымал Бітімшіұлы Әпселең әп-сәтте ақыл табатын, сөзге шешен, ойлаған мақсатына жететін, табанды, тақуа адам болған. Кедейліктен кері кеткен өмірімен күресіп, дәулетті адамдардың арасына ақылымен кіріп ауқат жасап, алдап-арбап ақыл тауып, алда-жалда істеген ісі ашылып қалса ақыл парасатымен аман құтылып кететін. Ақыры алғырлығымен қандай қиындықтан болса да құтыла білетін Әпселеңнің ел арасында айтылар әңгімесі көп.

Сол Әпселеңе қатысты әкемнің айтқан бір әңгімесі есімде қалыпты.

Әкемнің әңгімесі

— Әпселең менен үлкен адам еді. Дәм араласып, аудан орталығына келерде қатқан сүт, соғымнан сыбағасын әкеп беріп жүрдім. Сол сыйластығымды ескерді ме, бір күні үйіне қонақ болуымды өтінді. Үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, Әпселеңнің шаңырағында болдым. Сол жолы бір әңгіме айтқан еді. Әпшеңнің сол әңгімесін мен саған айтып берейін — деді әкем.

Әпселең қырық жастан асқанда орта дәулетті, түз қыраны секілді, қысқы соғым ас-суын даладан аң аулап, ауқатты бай ауылдардың малын бағып, бала-шағасын асырады. Сол кезде Хангелді руынан шыққан, өзін батырдың ұрпағымын деп санайтын Оралбай Терлікұлы дейтін бай өмір сүрді. Оралбай байдың дәулетті де, сәулетті тірлік ететінін естіген Әпселең одан соғым сұрамақ болып атқа мінеді. Байдың ауылына келе жатқан жолында Үшойғырдың басындағы Усайда жусап жатқан мыңға жуық жылқының үстінен түседі.

— Теріскейден түтіні будақтап жылқышылар қосы байқалады. Жалғыз атты жолаушы – маған онша көңіл бөлмей, барлығы да ас қамымен жүрген кезі еді. Жылқышылар қосына бармақ ниетпен жылқының шетін ала беттеп келе жатыр едім, қарсы алдымда алаңсыз жусап жатқан тұнық жирен байтал оқыс атып тұрып, көп жылқыға қарай тайпала жөнелді. Сол бойы жүрісінен бір танбай тайпала жорғалап барып үйіріне қосылды. Міне нағыз жер-су баспайтын, сауырына қойсаң кеседегі қымыз шайқалмас жорға деген осындай-ақ болар. Бір көргеннен көзіме оттай басылып, қызығып кеттім. Жирен байтал үйіріне қосылып, күлдір-күлдір кісінегенде Усайдың ішіндегі Оралбай байдың мың жылқысы да шұрқырай кісінеп, «біз мұндамыз» дегендей белгі берді. Бұл биенің бай малының басы екенін бірден білдім. Көзім тұнып кетті. Іңір қараңғысында амалын тауып онекі құлаш қыл арқанмен шалмалап ұстап, шұрайлап байлап, тақымға бастым да, түнделетіп ауылға тартып кеттім.

Мезгіл қоңыр күз.

Қобда өзеннің жағасы Баян тауымен жалғасып, Ботамойынның шатына кіріп кетеді. Сол тар шатқалға әкелген жирен байталды үш ай жасырын бағып, үйретіп, Жетіөткелдің жыныс тоғайынан шығармадым. Жануар малдың дүлдүлі екен.

Үш айдың ішінде мен бұл жиренді ала аяқ жирен қасқа болдырып өзгертіп жібердім. Қалай жасадың деп сұрағың келіп отыр ғой. Айтайын. Үш ай бойы жылқының қылынан ескен шылбырды суға қайнатып, сол ыстық күйінде биенің аяғына орап тастадым. Және маңдайына да осы ыстық шылбырды басып күйдірдім. Мал төркініне обал болса да, байталға жаным қанша ашығанмен осылай істеуіме тура келді. Жануардың құлындаған дауысы құраққа жетіп шыңғыратын еді. Оның да амалын таптым. Танауынан дем алатындай тесік қалдырып, басына киіз тұмылдырық кигізіп тастадым. Ақыры үш айдан кейін жирен байтал ала аяқ жирен қасқа болып шықты.

Жиреннен жақсы ат мінермін деген дәмемен мәпелеп, өзімнің ен-таңбамды салып, «өз малым, өз еншім» деп елеусіз ғана малданып жүрдім. Өзімде бар жылқы иістіден бір ат пен бір бие ғана еді. Сұрағандарға «сол биемнің құлыны, ұраңқайларға қосып қойған едім, қыс келе жатыр, жүдеп кетпесін деп қолға алдым» — деп қойдым. Сонымен онша-мұншаға алаңдамай, жыл жарымдай уақыт өтіп кетті. Жануар нағыз жүрісі білінбес, жер-су баспайтын су жорғаның өзі болды. Шөптің өзін талғап жеп, судың тек тұнығын ішеді. Қолыма келгеніне екі жылға таяғанда тұмса болды. Құлыны да өзінен аумаған жорға екені көрініп тұр. Туа салысымен бір аптадай аяқтана алмай жатты. Өкініштісі, әбден қарақұлақтанып, арқандаулы енесінің қасында ойнақтап жүрген жерінен алдап ертіп апарып, бір үйір қасқыр жеп кетіпті. Іштей бір тайпалған жорға мінермін деген еркек құлын еді, амал жоқ, бұйырмаған екен. Үйірлі қасқыр басы мен төрт қара тұяғын, бір уыс жалы мен құйырығын ғана қалтырыпты. Шаттың ішіндегі жарқабақтың астына әкеп көмдім. Өкініштен өзегім өртеніп, бір күн, бір түн ас ішпей жатып қалдым.

Күз өтті. Қыс өтті. Жылыстап жаз да аяқтап келеді. Бұл кезде жирен қасқа бестіге шығып еді. Осы өңірдегі түңкелі шаппаның иесі Дубайдың балаларына шөп шабысып, осы өзіміздің Ботамойында жатқанмын. Түс әлетінде Жетіөткелден өткен үш бейсауат қосқа қарай қырындап келеді екен. Аттарын да, адамдарын да шырамыта алмадым. Байқаймын біздің өңірдің адамдары емес. Мен оларға қарап тұрғанда қос іргесінде арқандаулы тұрған бием де жерден басын жұлып алып, әлгі үшеуіне қарай арқырай кісінеді. Келе жатқан үшеудің де астарындағы аттар шұрқырай кетті. Ішім қыл ете қалды. Дереу қолымдағы тартпамды (шалғы) тастай салып, жиренге қарай жүгірдім. Келіп ерді салып, міндім де келе жатқан үшеуге қарсы жүрдім. Қастарына таяп келіп сәлем бердім. Менің сәлемімнен бұрын олардың аттары жиреннің сәлемін алғандай болды. Бірін-бірі иіскеп, тап бір туған-туысын көргендей болып жатыр. Ішім сезе қойды. Жоқ іздеген Оралбай байдың адамдары екенін мен танымасам да жирен бие танытты.

Тіл айқасқан кезде болжамым дұрыс болды.

Ояң байдың, өзің білесің, осы Үшойғыр мен Қаратаудың арғы-бергі бетіндегі ұраңқай-қазағы Оралбай байды Ояң деуші еді ғой, мыналар сол Ояң байдың малының басы, су төгілмес жорға жирен байталды іздеп жүргенін айтты.

— Ояң байға мың қаралы жылқы бітті деп естуші едім, бәрің жабылып жалғыз байталды іздеп жүргендеріңе жол болсын – дедім әдейі. Үш жігіттің егделеуі, мұртты қара жігіт:

— Рас айтасыз аға, Ояңның мың жылқысы бар. Сол малдың басы, үйірдің құты деп отырған жирен жоғалса, іздемеске амал бар ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын күзде Усайда жатқан жылқыны жалғыз атты жолаушының аралап өтіп бара жатқанын қоста ас ішіп отырған жігіттер байқапты. Жоқ қараған адам шығар деп мән бермеген. Сол жолаушы кеткеннен кейін бір-екі күнде отарға айдар алдында жылқыны өз көзімен көріп кетпек болып қос басына Ояң байдың өзі келді. Жол бойы сай ішінде жусап тұрған жылқыны аралай келген екен, жирен байталдың жоқ екенін айтты. Жылқышылар оның бар екенін айтып, байқамай қалғансыз ғой дейді. Ақыры жылқы ішінде жоқ болып шықты. Бай: «Жирен – жылқымның басы, қосымның құты еді, тірі болса өзін, өлі болса жемтігін табыңдар!» — деді. Сонымен іздеу басталып кетті. Ойғыр өлкесінен іздемеген сай, қарамаған жыра-жықпыл қалтырмадық. Сайда саны, құмда ізі жоқ. Одан бері де екі жылдан асып кетті, дәл осы Аққол өңіріне келе қоюы неғайбыл, бірақ үміт дүниесі ғой, байекеңнің ішінде өкініш кетпесін деп осы өңірге де ат сабылтып келіп тұрмыз – деді.

Оның әңгімесін тыңдап тұрып, жиренді қалай әкеткенім есіме түсті. Дегенмен өкінбеймін, мыналар онсызда жиренді танып тұрған жоқ. Менің ойымды оқып қойғандай жігіттер:

— Мына биеңіздің басы қасқа, аяғы алаяқ болмаса, біз іздеп жүрген Ояңның жиренінен аумайды екен – деп таңданысты. Мен де сыр бермей:

— Иә, малға мал ұқсай береді ғой. Бірақ, шынымды айтсам осы қасқа биеден басқа малым жоқ қасқа кедеймін – деп сөзімнің артын әзілге айналдырдым. Дегенмен бұл жақтан ондай бейсауат жылқы байқамағанымды, егер көзіме шалынып жатса бір хабарын беретінімді айттым.

Жігіттер ат басын бұрып, кетіп бара жатқанда: «Іздеңдер, жиреннен күдер үзбеңдер» — дедім астарлап, бірақ жігіттер жастау еді, менің сөзіме онша мән берген жоқ. Жаңағы мұртты жігіт былайырақ барып, артына қайта қайырылды да:

— Ағасы, есіңізде жүрсінші, Ояң бай жиреннің бір сұрығын айтқан адамға төрт жақсы ат, ал оны тауып берген адамға тоғыз жақсы ат беретінін де айтып еді. Олай-былай көп жүретін адам секілдісіз, құлағдар болыңыз – деді де жөніне кетті.

Олар ұзаған сайын астымдағы жирен тыпыршып, бір қимасынан айырылған адамдай шұрқырай берді. Тізгін қағып, көңілін басқа жаққа аударуға тырысып, Шаттың ішіндегі қыстауыма қарай жорғалата жөнелдім.

Әңгіме осы жерге келгенде Әбселең бетіме қарап, «Міне, Кәкен, байқайсың ба, Оралбай не деген мәрт, не деген қасиетті адам ә? Мың жылқының ішінен ерекшесін танып, оны түстей білуінің өзі сұңғылалық емес пе? Мен де алғаш көрген сәтте-ақ жиреннің мал басы екенін таныған едім, қателеспеппін» – деді.

Мен де ойланып отырып қалдым. Әңгімені тағы да Әпселең өзі жалғады.

— Сонымен не керек, күнделікті тірлік қамымен тырбанып жүргенде арада 8 жыл өте шығыпты. Жирен байталым 12 жастағы мама биеге айналды. Менің де жасым егделеді. Ары-бері өткен жүргіншілерден Оралбай бай жайлы сұрастырып жүрдім. Бір жолы ол кісінің қатты сырқат екенін естідім. Содан ары ойлап, бері ойлап, өзім қанша жақсы көрсем де, жиренді қарттың көзі тірісінде қолына берейін деп шештім. Мезгіл қоңыр күз еді, Ояңның алдындағы айбым үшін екі ат қосар алдым. Сол арқылы байекеңнен кешу сұрамақпын. Күн жарым жол жүріп, осыдан оншақты жыл бұрынғы өзім жиренді ұстап алған Усайдың теріскейіне жеттім. Белдің үстіне шыға келгенде жанарынан жас мөлдіреген жануар күмбірлей кісінеді. Сол өзім көргендей сай іші толған жылқы еді, жиреннің үнін естігенде барлығы да шұрқырай кетті. Алды белегірдің үстінде тұрған маған қарай желе-шоқытып келе жатыр. Жетегімдегі жирен «мені қоябер» дегендей жұлқынып, жер тарпиды. Ноқтасын алып, сауырынан сипап, өзіме қарай жөңкіліп келе жатқан бір қос жылқыға қарай қоябердім. Тайпала жорғалап, оқырана елтіген жануар мың жылқының арасына кіріп кетті де, әрқайсысымен бір искесіп, өз тілдерінде амандасқандай болды. Мен жиреннің әрекетіне қарап, жанарым жасаурап, кеудеме өксік тығылғандай болып тұрғанда, мандан бері қос басында менің әрекетімді сырттай бақылап отырған жылқышылар маған қарай беттеді. Төрт атты адам. Екеуін жазбай таныдым, баяғыда жоқ іздеп келген үш жігіттің екеуі екен. Басқа екеуінің бірі келісті келбетті, сұлу мұртты қос ағасы екен де, келесісі бай малының жағдайын біліп қайтуға келген ауыл ақсақалы екен.

— Жол болсын, жолаушы, биеңді қояберіп, жылқының тынышын алдың-ау? Кім боласың, қайдан жүрсің? – деді қос ағасы.

Мен барлық жайды түсіндіріп айттым. Оны қалай алып кеткенімді, қалай малданғанымды, қалай алаяқ жирен қасқа қылғанымды да айттым. Енді өзім көзімнің тірісінде жиренді Ояңның қолына тапсырғым келіп, алып келгенімді түгел айтып бердім. Төртеуі бірде ашуланып, бірде жиренге жандары ашып, бірде күліп отырып тыңдады. Дегенмен өз үйірінің ортасында ойнақ салып жүрген жиренге қарап отырып көздерін жасқа шылады. Тіпті менің бұл әрекетіме таңданыстарын да жасыра алмай қалды. Ақыры қос басшысы кешігіп қалғанымды айтты.

— Әттеген-ай, ағасы, Ояңның көзі тірісінде келгеніңізде баяекең сізден ештеңесін де аямас еді. Ешқандай айып-анжы төлемей-ақ, Ояң атаған тоғызды жетелеп, тойлап қайтатын едіңіз. Дегенмен байекең өмірден өтерінде жиреннің үйірге қайта оралатынына сеніп өтіп еді. Сенімі алдамаған екен. Ол кісі өлер алдында ағайын-туысына өсиет қалдырды деп естігемін – деді ауыл ақсақалына сұраулы жүзбен қарап.

— Иә, Ояң өте мәрт еді ғой, жарықтық. «Жиренді әкелген адам адамгершілігі мол адам болар, ренжітпей, айыбын кешіріп, тоғыз жақсы ат беріп қайтарыңдар» — деген еді. Расымен қанша жыл өтсе де жиренді үйіріне қайта алып келгеніңіз адамгершілікке тұрарлық іс — деді қария.

Қариямен еріп Ояңның ауылына бардым. Жетегімдегі екі атты қаралы үйдің белдеуіне байладым. Үш күн қонақ болдырып күтті. Бір адамы «жиренді ұрлаған ұры осы екен» деп бетіме салық қылмады. Кетерімде екі бие жеті атты алдыма салып, Усайдың кезеңінен асырып тастады – деп аяқтады Әпселең әңгімесін.

— Міне, балам, өмірде осындай да мәрт адамдар болған. Әпселеңнің әңгімесінен қандай ой түйесің, ол өз еркіңде.

Әкемнің осы әңгімесі менің көкейімнен әлі күнге кетпейді.

mekebai-kakenulyМекебай Кәкенұлы,  argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.