Мағжан Жұмабаев. Құлагердің қазасы

12607

(«Ақан сері» очеркінен үзінді)

 Ақан 13 жасқа келгенше Бұхардан оқып қайтқан Күнту деген бір молдадан сабақ оқып жүреді. Бірақ біраз ес кіре бастаған соң, молданың балдыр-батпағына зерек Ақанның көңілі отырмай бастайды. Сөйтіп, 13 жасында Ақан молдасымен бір шариғатқа таласып, «маған қарсы келдің» деп молдасы оны ұрған соң, «шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын» дейді де, оқуыменен қоштасып кете барады.

Осыдан былай Ақанның жалпақ жұртқа жат көрінген серілік өмірі басталады. Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән… Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың қарауылдың қара көздері «Ақанның әні-ай!» деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері деп лақап береді. Солай жүргенде Ақан бұрын атастырып қойған қалыңдығы ІІІомат қожаның қызы Бәтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады. Бәтимадан бір ұл, екі қызы болады. Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бәтима өледі. Бірақ серіліктің соңында жүрген Ақан Бәтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естір жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген итті алады. Қалың қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады.

Тап сол кезде Ақанның қолына алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі. Құлагер көбей-қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан. Жабағы тай күнінде Құлагер кез келген жерде, хатта, күртік үстінде өлген малдай серейіп ұйқтай береді екен. Шөкетайдың ағасы Әбілторы сыншы Құлагерді тай күнінде тұлпар болады деп сынаған екен. Құлагер дөненінде қарауыл ішінде алдына қара салмай, сол Құлагерді Ақан сол күнде жүз сомға сатып алады. Бестісінде Құлагер Шабан асында дара келеді. Бұдан былай шет елдерге Ақан мен Құлагердің аты бірге шығады. Ақан қолында Құлагер Арқаның талай зор астарында аузымен құс тістеген сан жүйріктен озып жүреді. Арғын-алтай Аққошқар-Сайдалының (Сайдалысының) асында Құлагер 300 аттан жеке-дара келеді. Бірақ, сол аста бір көңілсіз әңгіме болып қалады. Құлагердің артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жатқаң Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады.

Осылай Ақанның атағы талай жерге жайылып тұрған кезде мұның өмірінде бір өзгеріс болады. Желдей ұйыт-қыған серінің жүрегіне мін деуге бола ма, сол кезде Ақан Ақтоқтысынан айнып, қарауыл Тіналы қажының қызы Ұрқия сұлуға өз әнімен өлең шығара бастап, сол Ұрқияны алып қашады. Бірақ жаны сүйіп алған жары Ақанмен ұзақ отаса алмай, үш-ақ ай тұрып, шешек шығып дүниеден қайтады. Жаның сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма? Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке орала бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамалады. Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді. Енді айналып иілгенде Ақтоқтының ұзатқалы жатқан шағы болады. Ақтоқты өкпесін айтып, разы еместігін білдіреді. Ақан қалайда Ақтоқтыны алмақ болады. Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен, қыздың көңілін күйеуден қайтару үшін Ақан сықақ қылып улы өлеңдер шығарады:

Бәрекелді, Ақтоқты, тапқаныңа,

Жібеқтен шоқ шекеңе таққаныңа.

Бұдаң артық құдайдан не тілейсің,

Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа…– деп, мысқыл қылады Ақан. Бірақ өкпесі күшті Ақтоқты бұрылмайды.

Ақан танысып келе жатқан қызды жалғыз өзі Құлагерімен алып қашады. Қыз қалайда разы болмайтындығын айтқан соң, алдында келе жатқан қыздың сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың қабағына тастап кетеді. Бірақ Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді:

Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,

Бал бердің талай жерде тіліңменен.

Басыңды Сарымида кесіп алып,

Өмірімше даулассамшы құныңменен…

Дарияның қайраңындай қалқа бала,

Зарланып ән шырқаймын уайымменен, – деп ашулы зар шығарады Ақан.

Ақан енді көңілін мал да болса жолбарыстай қолындағы Құлагерімен көтермекші болады. Құлагерді (тағы) астан асқа алып жүріп отырады. Ұрқия, Ақтоқты уақиғасына бір жыл шамасы болғанда, керей Сағынайдың асы болады. Ақан сол асқа Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді. Асқа жиылған құмырсқадай қалың ел шуылдасып, гулесіп, бәйгесін алып, ойын ойнап жатқанда, Ақан мидай далада жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасың төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп Құлагерінің, сандалкерінің, еркесі, үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді.

«Әлдеқайдағы Ерейменге неге алып келдім? Мал да болса, адамнан есті жануар-ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жасы бұршақтап тұрды-ау! Осы сұмдықтың боларын білген екен ғой еркекерім»,– деп өкінеді.

Керейдің игі жаксыларының өздері келіп көңіл айтып, қол қусырып ауылға шақырғандарына жұбанбай, бармай, күңіреніп, бір күн, бір түн далада өлген еркесінің басыңда отырады. Сол отырғанда өзі мен сандалкеріне өлең шығарады:

Жануар Құлагерім қолдан кетті,

Дұшпанның қастығынан қаза жетті.

Қаржас боп, қанжығалы, керей, алтай,

Қуандық, Сүйіндіқ боп намыс етті.

Тамам жұрт көтермекке аттанғанда,

Алдынан қарсы бармай маған нетті?

Жиыннан жеке келген тұлпарым-ай,

Үмітсіз қандай дұшпан қағып өтті.

Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,

Суырылып топтан озған жүйрігім-ай.

Жеріне Ерейменнің, айдап келген

Тәңірінің айналайын бұйрығын-ай… – деп күңіренеді Ақан.

Жараға жара қосылып, ауыр қасіретпен Ақан еліне қайтады. Тағдыр шіркін тасбауыр ғой, тап сол жылы Ақанның алғыр қыраны – Қараторғай һәм Базарала тазысы өледі. Қазақ: «Ер жігіт тұлпардың тұяғымен, сұңқардың қияғымен, сылдыр қаққан судың бойымен, алма мойын сұлудың қойнымен жұбанады», – дейді екен. Енді Ақанға өмірде жұбанарлық не қалды?.. Жан сүйген жары Ұрқиядан өлі айрылған, «талай жерде тіліменен бал берген» Ақтоқтысынан тірі айрылған, тұлпарын көмген, сұңқары мен құмайы өлген, енді не қалды? Енді Ақанға теңізден терең ой қалды. Қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғы қалды. Удан ащы қасірет қалды. Жасы да отыздың ішіне кіріп қалған. Өмірдің жайнаған гүлін көріп келген Ақан өз өмірінің бықсып-күйіп күлге айналғанын көре бастайды…

… Ақан анда-санда жайлаудағы елді аралайды. Астындағы – жүзіктің көзінен өткендей жаратып тастаған бедеу. Екі жағында – екі сұлу ат. Қайда барса, бір елі қалмайды. Шақырса екеуі екі жақтан келіп, тізесіне иектерін сүйеп тұрады. Ақанның өзінен басқа тірі жанды маңдарына жолатпайды. Өздері – туғалы жүген-құрық кимеген шу асау. Ақан бір ауылға түссе, далаға барып оттап, Ақан аттанарда келеді.

magzhan-zhМағжан Жұмабаев, «Шығармалары» ІІ том

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.