Ерзат Байқадамов: Ата-бабамыз атқа мінбеген қазақты қазақ деп санамаған

6763

Оның Ерзат есімін көп адам біле бермейді. Шығысқа, тіпті аңшылығы мен атбегілігінің арқасында және атан жілік апайтөстігінің арқасында қазақ даласына Шойтабан деген атпен танымал. Ерзат Байқадамов Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында тұрады. Атбегі, саятшы, жылқышы, аңшы азаматпен Астанаға келген бір сапарында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

— Әңгімені жүйріктен бастайықшы, қолда қанша жүйрік ұстап отырсыз?

— Қазір қолда үш ат, бір тай ұстап отырмын. Әзірге жүгірістері жаман емес. Ат ұстағысы келетін, жүйрік баптауға жаны құмар жандар неше түрлі жүйріктерді әкеп жатыр елімізге. Өткенде «өкпе ашар» бәйгеде бір атым бірінші, тайым төртінші келді.

— Қазіргі кезде жүйріктердің көбін шетелден әкеледі. Сондықтан да бапкерлер атты шетелдік әдіспен баптап, қазақы дәстүрлі баптаудан алыстап бара жатқан секілді?

— Қазақы дәстүрлі ат баптаудан алыстап барады дегеніңе келіспеймін. Қазір ат әкеп жатқандар көп, бірақ қазақ бар жерде ат жаратудың дәстүрлі түрі жоғалмайды. Иә, шетелдік жүйріктердің көбейгені рас, тіпті кей ауылдарға барсаң атқа шабатын шабандоз бала жоқ дейді. Бірақ, бала жоқ емес, атын аяйды. Себебі, оларды да түсінуге болады, соншама ақшаға әкелген атын сырын білмейтін балаға беріп, аяғын кетіріп аламын ба дейді ғой. Әйтпесе, бар ақшасын салып, жүйрік ат сатып алып, ауылда бәйгені қыздырып отырған азаматтар көп.

— Өзіңіз атты қалай баптайсыз? Ат баптауда өзіндік ерекшелігіңіз бар ма?

— Жалпы қазақтың ат баптау өнерінде көп айырмашылық жоқ. Барлығымыз бірдейміз деуге болады. Қара күзден бастап мінеміз, мүмкіндігінше қыста семіз ұстауға тырысамыз. Жемін үзбей беріп, жоңышқадан шығармай ұстаймыз. Тамағы мықты болса, ат қоңын жоғалтпайды. Ал бәйге таяп, жарататын кезде арнайы режимге қоямыз. Суытулар, аяң, желіс, шоқырақ, шабыс басталады.

— «Алтын тұлпар» аламанына ат әкелдіңіз бе?

— Жоқ. Өз аттарымды әкелген жоқпын. Бірақ, төреші ретінде бастан-аяқ қатыстым. Сол кезде еліміздегі небір жүйріктерді көріп жүрмін. Әсіресе Алматыдан келетін Секенайдың (Нұрбол Назарбаев) «Сүлікқарасы», «Алтын тұлпардың» екі реткі чемпионы атанған «Самал» барлығы да керемет жүйріктер. Және бұл аттардың біздің жүйріктерге қарағанда алымы мықты.

— Өз болжамыңыз бойынша қазіргі кезде еліміздің қай өңірінің аттары мықты деп ойлайсыз?

— Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Сол секілді аттары да өз жеріне қарай бейімделіп жетіледі. Сондықтан да ана облыстың аты мықты, мына облыстың аты нашар деуге болмайды. Қазақ «Ат шаппайды, бап шабады» дейді. Демек, қай өңірдің аты болса да, жаратуын тауып, бабына келтіре білсең болғаны. Оның сыртында, дүбірлі додаға әкелуге жер ұзақ болып, біреудің қаражаты жетпей қалады, біреудің уақыты болмай қалады дегендей. Еліміздің әр жерінде жүйрік бар. Жамбылдың, Алматы облысының, Қарағандының, Шығыстың аттары өз кезегінде өңірдің даңқын шығарып жүр. Маңғыстау, Батыс, Солтүстік өңірлер өз жеріндегі жүйріктерді басқа жаққа апаруға жер шалғайлығынан жете алмай қалып жатады.

— Атты қалай сынайсыз?

— Қазір аттың қанына көп мән беретін болды. Баяғы Абай атамыз айтқан «қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ», қақпанбел дейтін жүйріктің айрықша белгілеріне көңіл бөлінбейтін болды. Қазір жүйріктің тегіне, қанына қарап жүгіртеді.

— Иә, бұрын бап шабатын немесе бақ шабатын, қазір қан, тұқым шабатын болды. Ал шетелден әкелетін таза қанды ағылшынның жүйрігіне қаржы жетпейді. Ол жақтан әкелгендер жүйрігінен тұқым бергісі келмейтін болса, былайға атқұмарлар таза қанды жүйрікті қайдан табады?

— Менің ойымша жүйріктен тұқым бергісі келмейтін, іштарлық жасайтын адамдар, жүйрік баптаудың, жылқы өсірудің түпкі мәнісін түсінбейтіндер ғой. Ал шын мәнісінде жүйріктен тұқым өсіргісі келетін азаматтар аз емес. Бір-екі жыл шауып, аяғы кетсе, болмаса басқа себеппен шабысқа жарамай қалған айғырларын үйірге жіберетін қазақтар көп. Мысалы, Қанат Сүлейменов деген ағамыз бар. Осы Астанадағы бір бәйгеде пәтер ұтып алды. Сол кісінің «Сарыарқа» деген айғыры біздің қолда қазір. Одан бөлек «Донбас» деген бәлен машина ұтқан таза қанды айғыр да біздің Үржарда тұр. Ауылдағы ат ұстаған ағайынның барлығы да осы асыл тұқымды айғырлардың құлынын алып жатыр.

— «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» дейді. Жылқышылықтың қызығынан әңгімелеңізші?

— Ата-бабамыз атқа мінбеген қазақты қазақ деп санамаған ғой. Қазір халықтың жылқыға, атқа деген қызығушылығы оянып келеді. Қалада тұрса да бір атын, бір тазысын қолынан шығармай отыратындар бар. Құдайға шүкір, қазақы болмысымызды қайта тауып жатырмыз. Ал жылқы бағу дегеннің өзі қаладағы адамның түсінігінде бөлек, даладағы адамның түсінігінде мүлде бөлек қой. Қаладағының көбі, «Ой, мынау бір далабезер, үй бетін көрмейтін, жабайы боп кеткен адам екен» деп ойлайды. Ал жылқышылықтың, тіпті атқа мінудің бір ерекшелігі – күні бүгінге дейін бір жерім ауырып, бір рет ауруханаға жатып, дәрі қабылдап көрмеппін. Қысы-жазы ат үстінде, боранда да, нөсер жауында да ат үстіндеміз. Алла тағаланың бізге берген ең үлкен сыйларының бірі осы жылқы жануары ғой.

— Қазақтың ежелден келе жатқан бір дәстүрі жан-жануарлардың, әсіресе жылқының әрекеттері арқылы ауа райын болжау. Сіздер қазір осы дәстүрді қолданасыздар ма?

— Иә, баяғы ата-бабамызда қазіргідей бір күн емес, бір ай емес, бір жылдың ауа райын болжап бере салатын интернеті тұрған жоқ, осы табиғи құбылыстарға, алдындағы малының жайылғанына қарап-ақ болжады ғой сол ауа райын. Өз басым арқардың күйекке түсу кезін қадағалаймын. Арқар күйекке ерте түссе, көктем ерте шығады. Мысалы, арқар қарашаның аяғында күйекке түссе, қыс біразға созылады. Ал қарашаның басы, қазанның соңында күйекке түссе көктем ерте шығады деген сөз. Осыған негіздеп қошқардың күйегін аламыз.

Ал жаз ортасында жылқы ықтай жайылса, күз жаңбырлы болады. Тағы да басқа болжау түрлері көп. Барлығы да табиғаттың өз жаратылысы болғандықтан бұндай болжамдардан қате кетуі мүмкін емес.

— Әңгімеңізге рахмет!

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай,  argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.