Дидар Қайрат. Аһман аттан жығылғанда

3658

(Болған оқиға)

 -Ай! Бассам ауырады!

-Өй, жанының аяулысын! Үпілмəлік ұқсамай жүр! Əйтпесе қазір ауруханада өшіред. Кезегіміз келгенше ығырымыз шығады.

-Иə, иə…

Анасы оң аяғы гипстелген қызын қолтығынан демеп келе жатыр. Шеке тамыры көрініп, түйіліп алған қызына ананың самбырлап сөйлегені де ұнамайтын секілді.

-Ие, біздің кезімізде мұндай қайда? Таудағы үйіміз қалалық ауруханадан алыс еді. Аһман аттан жығылып, аяғы сындырып алды. Жарықтықты ауруханаға да апара алмадық.

-Сонда сынық аяқ қалай емделді?

-Ее… емдедік қой.

— Ол қай кезде болған, мен неге білмеймін?

— Оны сені қойып, өзім еміс-еміс білемін. Ол кезде Аһман нағашың 14-15 жас шамасында ғой деймін… Жылқы десе жаны қалмайтын. Өзі бəйгеге шауып, «бəйге бала» атанды. Сол жылы жайлауда бəйге болатынын естіп, соған желпінді де, қалды. Үлкен ағам Жалғастың «Қой аттың бабы келмеді. Əйтпесе, əкең жайлаудан келген соң екеумізге көрсетеді!» дегеніне бой бермей Ақтұйғынды ерттеді де кетті. Артынан Жалғас ағама еріп мен де бардым.

Жайлауда кең шатыр, алты қанат, сегіз қанат ақ боз үй, боз үйлер тігілген. Мəре-сəре қарбалас тіршілік. Той мен бәйге құмар халық ұлардай шуласып мəз болып жүр.

Ақтұйғын мамағашта байлаулы тұр. Үстіне жаңа жабу жауып, əбзелін сайлап, еріттеп қойыпты. Жанына оқыс барғанымда селк етіп, кегежектеп қалды.

-Қалқа сен келдің бе?

Артыма бұрылсам Аһман ағам екен.

-Иə… Ағау-оу?

-Ау?

-Осы үлкен ағам Ақтұйғынның бабы келмеді деді ғой? Бекер жеңіліп қалып жүрме. Атты да шаршатып, сосын…

— Өй! Айта береді, — деп Аһман ағам Ақтұйғынға үлкен бір сеніммен қарады. Жалынан сипап:

-Біз, тұлпарым екеуміз басында ілгері шықпай, ортасын ала шауып, соңын ала аттардың жел жағына шығамыз. Мен тізгінді босатамын, ар жағын Ақтұйғын өзі-ақ біледі. Біздің өз жоспарымыз бар. Иə, Тұйғын?

Аһман күбірлеп, атмен тілдесіп кетті. Мен күлдім. Маған жер бетінде жалғыз екеуі ғана сияқтанады. Ақтұйғын аққу мойнын созып, көзін жұмып, иесінің əр сөзін тынып, тыңдап тұр.

Бəйге басталарда үлкен ағам оның танауын, алқымын, сағағын, құйрығын, тірсегін тексеріп шығып, Аһманға күбірлеп бірдемелер айтты.

Аламан 20 шақырым екен. Жалғас ағам екеуміз ұлардай шулаған жанкүйерлердің жанында бірге күйіп, бірге жанамыз. Жанымызда өңеші жыртылғанша айғайлап ақша тіккен ағалар отыр. Біздің тұлпар Ақтұйғын десе Ақтұйғын еді ғой, шіркін, жануар! Аттардың ортасын ала көсіліп шауып келе жатыр. Соңғы айналым. Аһман өзі айтқандай, аттардың жел жағына ыңғайланып еді, бір көк жорға бұны шығарғысы келмей алдын орап, ойқастады келіп. Қамшымен сауырына салып-салып қалды. Ақтұйғын шыдамады, білем. Құлағын жымырған күйі оқ бойы озып шығып соңғы екі атпен қапталдасты. Қалың жұртшылық аттар бірін бірі басып оза бергенде, өре түрегеліп, ду етіп ұлардай шулайды. Кенет Ақтұйғын сүрініп кетті. Бар жылдамдықпен апыр-топыр домалап келіп, мəреге гүрс етіп құлады. Көк аспанға көтерілген шаңмен бірге Аһман да анадай жерге ұшып түсті. Жұрт ду етті. Шу. Үлкен ағам бар, тағы біраз жігіттер ағамды тұрғызып əлек. Ал Ақтұйғын тұрмайды…

-Ақтұйғын тұр, тұр! — деймін дірілдеп. Алпамсадай 5 жігіт оны көтеріп тұрғызып көріп еді. Болмады. Көз алдымызда тұлпар көзі мөлдіреп өліп барады…

— Ай, баламысың деген осы! Күн ыстық. Бабы келмей түтігіп кеткен ғой! – деп бір шал сылтып басып, Ақтұйғынға ұшып келе жатыр. –Арам өлмесін, Жалғас пышақты əкел!

-Жоқ! Жоқ! Тиме! Тимеңдер! — деп Аһман ақырып жіберді.

— Мынау қайтеді-ей! Арам өліп, обал болады деймін.

-Жоқ! Тиме дедім… — дей беріп, Аһман үлкен ағамның ызбарлы жүзінен сескенді, білем үндемей қалды.

Ақсақал қолын жайып, ернін қыбырлатып дұға етті де, Ақтұйғынның тамағынан пышақпен орып-орып жіберді. Əлсіз дене тыпыршып, тамағынан сырылдап қызыл қанын төгіп жатты.

-Аллаһу акбар! Аллаһу акбар! Аллаһу акбар!

Мен бақырып жылап жүрмін. Ол кезде қиын малсақ едім. Əлгі атаны біз көшіп кеткенше жек көріп жүрдім.

Үйге кеш келдім. Үйге кірсем, Аһман төсекте жатыр. Алайып қарап өтіп кеттім. Ақтұйғын үшін оған енді сөйлемеймін. Ренжідім.

-Қалқа, ағаңның мазасын алма. Аяғы мертікті. Ертең Төреқұл емшіні шақыртпасақ болмады. Бүгін желпініп сол бəйгеге қайдан ғана барды екен! Не де болса сынықтан сау болса екен,-деп күбірлеп, күйбеңдеп жүріп, анам маған қымыз құйып берді.

— Мə, ішіп ал. Сен қыз күні бойы қайда болдың?

— Ешқайда…

— Мынаны ал да, көршімізге беріп кел.

Анамның қолындағы етке тіксіне қарадым. Жүрегім зырқ ете қалды. Ет толы дорбаны алып тысқа шықтым. Атқорада Ақтұйғынның орны бос тұр. Мен есіктен шыққанда:

-Ақтұйғын? Əй, Ақтұйғын?-десем, жануар, құлағын қайшылап бір қарайтын да, мені танып басын шұлғушы еді. Қазір жаным құлазып барады. Сəби жүрек сонда қайғының дəмін алғаш таптып еді. Ақтұйғынның етін беріп келіп, көрпеге оранып, бүк түсіп жатып алдым. Ол түні біз ұйықтамадық. Себебі Аһман ұйықтамады. Сынған сүйек сырқырап, түні бойы қалшылдап шықты. Таң қылаң бере менің көзім ілініп кетіпті. Ана байғұс таң атқанша баласын бағып, қасынан бір елі кетпеді. Таң ата Төреқұл емші келді. Əрі емші, əрі сынықшы шал ағамның аяғын олай бір, бұлай бір қарап шығып:

-Еее.. Шығып кеткен. Балам қазір кішкене ауырады. Шыдай ғой, жарай ма?- деп Аһманның арқасынан қағып қойды.

Енді салуға кірісті. Төреқұл ағамның аяғын ұстап, көзі бажырайып, тістеніп, аяқты салып жатыр. Тістенген сайын тісі тісіне тиіп, шықыр-шықыр етеді. Аһманның қиналғаны жүзінде тұр. Сонда да ол қыңқ еткен дыбыс шығармады. Түйіліп, тістеніп отырды да қойды. Біз жылап жатырмыз. Сора-сора болып, егіліп жылағаным, ағамның ауруы жанына батса да, шыдап отырғаны.

-Бұндайда шыдаса нағыз ер жігіт шыдайды. Жарайсың, Аһманым, жарайсың! — деп Төреқұл тершіген маңдайын сүртті. Ал қызым сен болсаң жəй шытынаған сүйекке шыдамай жүрсің.

— Мама сосын ше?

-Сосын сол. Содан аттай қырық күн жатты. Бауырын бауыр қия ма? Оған Ақтұйғын үшін ренжісем де, асты үстіне түсіп бəйек болдым. Бірақ сол бұлаңдаған жорғамыз, сұлу тұлпарымыз өлген соң, ағам екеуміздің арамыз алшақтап кетті.

-Ал қазіргі Ақтұйғын деген жүйрік ше?

-Оны кейін сатып алдық. Аһман оған Ақтұйғын деп ат берді. Жұбаныш еткісі келгеннен де шығар. Онысы шу асау еді. Кейін мен университетке түскенде «Аһман аттан жығылыпты» деген хабар келді. «Дардай жігіт жығылды» дегенге сенбедім. Аурханаға келсем,ол жан сақтау бөлімінде жатыр екен. «Миына қан құйылған. Емдеуге келмейді» деді. Біз бəріміз еңкілдеп жылай бастадық.

— Қалалық ауруханаға апарсақ ше? Ол жақ дамыған ғой. Бір амалын табар.

-Жоқ. Жолда түгеп кетеді. Екі сағаттай ғана өмірі қалды,- деген дəрігердің сөзінен соң, əкем бетін алақанымен басты. Аһман аттан жығылғанда өмір сондай бір сəттік екенін ұғындым. Қызым, сен жақындарыңның қадірін біл. Ренжіме, ренжітпе- деп ана көзіне жас алды. –Сосын əр басқан қадамнан соң, шыңғырып зəремді ала берме. Жүрегім ауырады.

-Иə, мама. Иə..

-Əйтпесе бар ғой, аяғыңнан бір тебем!

Қызымен анасы ауруханаға күлімдей кіріп кетті.

Автор: Бұл оқиғаны шынайы жазғым келді. Тіпті бас кейіпкердің атын да өзгертпедім. Ең қиыны өмірден өтіп кеткен жақыныңды сағыну екен. Өмірге адамдар келеді,өзінше өмір сүреді, ақырында өледі. Кейбірі есімін тарихқа алтын əріптермен жазып кетсе, енді бірі еш ізсіз-түссіз жоғалады. Бұл оқиға еш ізсіз өмірден өткен нағашы ағам жайлы. Тым болмаса ол жайлы бір əңгіме болсын. Тым болмаса есімі аталып жүрсін. Аһман тірісінде жар сүйді, бір баласы болды. Ақыл есімді жалғыз ұлы ҚХР-да тұрып жатыр. Аһман ұзақ өмір сүрмесе де, тірі жанға зəбірі жоқ, адал адам болды.

Аһман аға, жаның жəннатта болсын!

Didar Қайрат Дидар,

Шет тілдер жəне іскерлік карьера университеті 1-курс студенті, argymaq.kz 

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.