Жеңісбек Серікұлы: Баян-Өлгийде командалық көкпарды дамытуға мүмкіндік мол

5015

Моңғолияға танымал ат спортының шебері, асау үйрету, теңге ілу, көкпар тарту, аударыспақ қатарлы қазақ ұлттық спортымен бала жастан айналысып өскен, Жеңісбек Серікұлымен бір жолыққанда кеңінен толғап әңгімелесудің сәті түскен еді.

Жеңісбек сөзге жоқ, іске мығым жігіт екен. Әңгімені де бір шешіліп кетпейінше сыдыртып айта қоймайды. Әуелі таныстықтан басталған сөйлесуіміз, соңында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақ ұлттық спортының бүгінгі жай-күйіне қарай ойысты.

— Ал, Жеңісбек, Қазақстанға қош келіпсің! Әуелі өзіңді таныстырып жіберші, оқырмандарымыз бұл кім еді деп қалмасын.

— Иә, өзіңіз айтып отырғандай, аты-жөнім – Жеңісбек Серікұлы. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қарасты Сақсай ауылында туып-өстім.

— Ұлттық спортқа келмес бұрын сені сыртыңнан асау үйретуші ретінде танитын едік. Осыған біраз тоқталсаң? Қай кезден айналыса бастадың, қандай жетістіктерге жеттің дегендей?

— Жеті жасымнан атқа шауып, шабандоз атана бастадым. Ал 13 жасымнан бастап қазақтың ұлттық ат үсті ойындарына – қыз қуу, теңге ілу, көкпар, аударыспаққа үйір болдым. Осы кезде қолға бүркіт қондырып, ауыздықсыз асау мінетін ағаларыма қызығатын болдым. Әрине, олар да өз білгендерін үйретуден жалыққан емес. Осының арқасында мен де ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, дамытып, өз қолымнан келгенше үлес қосу керек екенін түсіндім.

Алғашында асау тай-құнанға мініп, кейде ағаларымыз алғашқы арынын басып, бірнеше рет мөңкітіп берген соң, қалған бас білдіру, ерге, жүгенге үйрету секілді жайлақ жұмыстарын жасап жүрдім. Соңынан өзім де төселіп, тақымым қатайған соң кез келген асауға мініп, жуасыта беретін болдым.

(Асау үйрету. Жеңісбек Серікұлы. 2015 жыл, Астана)

Асау үйретуден жеткен жетістігім – 2015 жылы Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен Мемлекеттік біріншілікте чемпион атандым. Сонымен қатар, Қазақстанда өткен асау үйретуден алғашқы халықаралық чемпионатта екінші орынға ие болдым.

— Асау үйретудің де өз айла-тәсілі болатын шығар?

— Негізгі ұстаным – алдыңызда тұрған асаудан ешқашан қорықпау керек. Егер алдыңызда тұрған жылқы сіздің жүрегіңіздің сәл шайлыққанын сезсе, сізді басынып алады. Ал үстіне бір шығып алған соң, кез келген жылқы сіздің көңіл күйіңізді, қорқып-қорықпағандығыңызды тақымыңыздан-ақ сезіп отырады. Қазақта «Ат ауырған адамның ыңғайымен жүреді» деген сөз бар. Бұл жылқы малының сезімталдығына берілген ең жоғарғы баға.

(Асау үйрету сайысынан ІІ орын. Жеңісбек Серікұлы. Астана 2015 жыл)

Асау жылқының тағы бір ерекшелігі, сіз бір рет ауып түсіп қалсаңыз, ол сол бойы бойбермей кетеді. Қайта-қайта сол әдіспен жығатын болады. Бұл асаудың жуасығаннан кейін де арагідік қолданып тұратын дағдысына айналып кетуі де мүмкін. Сондықтан асау үйретуде өте мұқият болған абзал. Сіз асау үйрету арқылы бала тәрбиелеп отырмын деп ұғуыңызға да болады. Себебі, сіз үйреткен жылқы ертең жақсы ат, жуас көлік, ең бастысы албаты үркіп-қорықпайтын жан серігіңіз болып шығуы керек.

— Өз басыңнан өткен бір оқиғаны айтып берші?

(Жеңісбек Серікұлы. Қолда асыраған қасқыр, Моңғолия, Баян-Өлгий)

— Жылқы ішінде, ат үстінде жүрген соң түрлі қызық оқиға болып тұрады. Бірақ өз басыма өмірлік сабақ болған бір жайтты айтайын. Бірде желі басында ұйықтап жатқан тайға мініп алдым. Ойымда, «бұл бұрын мінілген тай, не істей қояр дейсің?!» деген астамшылық тұрды. Жуас тай деп менсінбей, ноқта жүгенсіз мінген сәтте, тай тулап, желі басында жығып кетті. Сол сәттен бастап, өз басым, еш уақытта атқа, әсіресе асау атқа астамшылықпен, «ой, бұл не істейді дейсің?» деген менсінбеушілікпен қарамайтын болдым. Әр ісімді мұқият істейтін әдет қалыптастырдым.

— Астанада өткен Асау үйрету сайысы кезінде сенің әжептәуір шалмагер жігіт екеніңді байқадым. Шалма лақтыруды қайдан үйрендің?

(Жеңісбек Серікұлы. «Бүркітшілер тойынан» көрініс. Моңғолия)

— Жазда ауыл жайлауға шыққан соң, құлын көкке тойған уақытта бие байлау басталады. Күнде таңертең бие байлап, кешке ағытамыз ғой. Сол таңғы бие байлау кезінде ағаларымыз құлын шалмалайды. Ондайда бізге қайдан қайыстан жасалған өрмелі арқан бұйырсын, күнделікті ат арқандап жүрген қыл арқанмен өзімізше шалма құрып, соны құлынға лақтырғанға мәз болатын едік. Кейде ағаларымыз, «қазір мен ана құлынның қыл мойнынан түсіремін» деп бәстесіп жатады. Ондайда ағаларымыздың ұстай алмаған құлынына біз шалма лақтырып, кейде ұстап, кейде ұстай алмай қаламыз. Сол арқылы шалманы қалай сілтеп, қалай лақтыру керегін, құлынның қай мүшесіне түскен шалманы қалай тарту керегін көңілге түйіп өстік.

— Қазіргі кезде де асау үйретіп тұрасың ба?

— Иә. Ұланбатыр қаласында жыл сайын асау үйретуден республика чемпионаты өтіп тұрады. Ол жерде асау үйрету сайысы бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі біздің теңге ілгеніміз секілді, жерде жатқан құрықты іліп алу керек. Одан кейін оның басына бұғалықты іліп, мінем деген асауыңызды не басқа да бір жылқыны құрықтап ұстау керек. Біздің Баян-Өлгийде құрықтап ұстау жоқ. Осыдан болып, біздің асау үйретуге қатысатын ойыншыларымыз кейінгі орындарды иеленетін жағдайлары болып тұрады. Ал енді, асау үйретудің екінші кезеңі – шалма лақтыру біз үшін таңсық емес. Құрық салуды моңғол ағайындармен бірлесіп, біз оларға шалма салуды үйретіп, олар бізге құрық сілтеуді үйретіп, епшілесіп ойнайтын кездеріміз болады.

(Жеңісбек Серікұлы, Теңге ілу. Моңғолия)

— Дұрыс екен, Жәнібек. Енді әңгімені ұлттық спорт түрлеріне қарай бұрайықшы. Асау үйретіп жүріп, көкпарға қалай келіп қалдың? Бірден командалық көкпардан бастап кеттің бе?

— Көкпарға, жалпы ұлттық спортқа келуіме түрткі болған осы қазіргі кезде бізді қайда ұлттық спорттан жарыс өтеді, сол жерге жетелеп апарып жүрген басшымыз, әрі жаттықтырушымыз Ром Әуесхан ағаның ықпалы болды. Ол үшін Ром ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ал көкпарға келер болсақ, біздің Өлгийде жаппай көкпар не командалық көкпар деген болған емес. Тіпті қазандыққа ойнау да жоқ болатын. Көбінде жекпе-жек көкпар тартып, серкені өз ауылының бір ауқатты шаңырағына тарту ететін дәстүрлі көкпар болды. Оның өзі жыл сайын Баян-Өлгийде өтетін «Бүркіт тойы» мерекесінің қарсаңында өтетін еді. Мен осы мерекедегі көкпарда жекпе-жекте 5-6 жыл қатарынан алдыңғы орынды бермедім. Яғни, жекпе-жекті жеңіп келемін.

— Командалыққа енді қосылып жүрсің ғой сонда?

— Иә, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында көкпардан өткен І Әлем чемпионаты кезінде, жоғарыда айтқанымдай, Ром Әуесхан ағамыздың бастамасымен командалық көкпарға қосылып, содан бері Баян-Өлгий аймағының құрамасында додаға түсіп жүрмін.

 (Қансонарда. Жәнібек Серікұлы. Моңғолия)

— Өлгийде командалық көкпар ойнап тұрасыңдар ма?

 — Иә, Өлгийде қазір бес команда бар. Бірақ арнайы ипподром не көкпар алаңы жоқ. Алаң болмаған соң командалардың басы да қосыла бермейді. Соған қарамастан, жерден іліп алу, тақымға басу, көкпарды алып жүру, шеңбердегі ережелер, аут кеткендегі ойын ережесі, қара нарға тұру т.б. қатарлы көкпардың командалық ережелерін біршама меңгеріп қалдық.

— Көкпардан басқа қандай ұлттық спортпен айналысасың?

— Аударыспақ пен теңге ілуге тұрақты қатысып жүрмін. Әсіресе теңге ілуде жақсы нәтижелер көрсетіп келемін. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, асау үйретудің Моңғолияда өтетін республикалық чемпионатында құрық ілу деген кезеңі бар және өзімізде ауыл арасындағы тойларда қамшы ілу сайысы өтіп тұрады. Осы жақында Алматыда өткен жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатында Теңге ілуден үшінші орын алдым.

— Ал теңге ілу мен қамшы алудың айырмашылығы бар ма?

— Айырмашылығы жоқ деуге болады. Тек аттарда айырмашылық бар. Мысалы, Қазақстан жылқысының тұрқы биік, ал моңғол жылқысы, өздеріңіз білетіндей, жатаған.

— Осы аттың биік-аласалығы көкпарда біліне ме?

— Білінеді. Мысалы біз өз атымызға мінген кезде жерде жатқан серкені бір ұмтылып қана, еш қиналмай іліп алып кетеміз. Ал Қазақстан аттарына мінген кезде көкпарды алу үшін тағы да 30-35 см созылуға тура келеді. Дегенмен, машықтанған адам үшін қанша еңкейіп, қанша биік атқа мінсе де бәрі бір, кез келген уақытта серкені жерден жұлып алып кетуге болады. Өзімізбен қатар ойнап, бізге жол көрсетіп жүрген қазақстандық көкпаршылар кез келген бойшаң аттың үстінен еркін алып жүр. Біз де олардың тәсілін меңгеріп, биік аттың үстінен серкеге еңкейіп дағдыланып жүрміз.

(Салым. Жеңісбек Серікұлы. Алматы, 2019 жыл)

— Аттарды өзің дайындайсың ба? Мысалы көкпарға, аударыспаққа, теңге ілуге деп жеке-жеке ат ұстайсың ба, әлде барлығына бір атпен қатыса бересің бе?

— Иә, өз атымды өзім дайындаймын. Онда да барлық спорт түріне бір атпен ғана қатысамын. Ол барлығына үйретілген. Жекпе-жек, яғни еркін тартысқа да, теңге ілуге де сол атпен шығамын. Мысалы оны теңге ілуге үйреткен кезде жазық жерге түскен машинаның ізіне теңге түйілген шүберекті тастап қойдым да, сол ізден шықпай шаптырып үйреттім. Үстінде отырып не істесем де жолдан шықпайтын болған кезде, еңкейіп теңгені іліп алуға баулыдым. Солай ол теңге ілуге үйренді.

— Баян-Өлгийдегі командалық көкпарда ойнайтын аттарды кім дайындап береді?

— Әзірге аймағымыз тарапынан командалық көкпарға ат дайындап беру деген жоқ. Әркім өз атымен қатысады. Команда құрамындағы ойыншылар өз аттарын өздері алып келеді.

— Сен ол жақта әркім өз атын өзі дайындайды деп отырсың ғой. Ал Қазақстандағы көкпар атын дайындау мен, сендердің көкпар атын дайындауларыңда айырмашылық бар ма?

— Көкпар атын дайындауда қазақстандық бапкерлердің тәжірибесі мықты. Қылаяғы, атты жуып-тазалауына дейін көңіл бөледі. Оның жем-шөбін қай уақытта беріп, қай уақытта суарып, қай кезде демалтып, қай кезде терін алу керек дегендердің барлығын жолға қойып, кәдімгі жүйрік ат баптағанмен бірдей көңіл бөледі екен. Ал бізде болғанда, көкпар көбінде жазғы уақытта тартылады. Сондықтан да ат бабына аса мән бермейміз. Атты жасаң жерге арқандап қоямыз да, көкпар болады деген кезде мініп кете береміз. Бұл бір жағынан моңғол жылқысының аса бір бап, күтім тілемейтіндігінен болса керек.

— Байқасаң Қазақстанда көкпарға үнемі айғыр мінеді. Сендер де көкпарға айғыр мініп шабасыңдар ма?

— Айғырмен көкпар шаппайды біздің жақта. Тек атпен ғана тартады. Біз үшін айғыр – үйірге салуға ғана керек. Ал мұнда жаңа айтқанымдай, көкпар атын жеке атқорада, үнемі күтімде ұстайды. Соның өзінде бір-біріне таяп кетсе шыңылдасып, таласып кетеді. Ал біз көкпар атын жазық жерде арқандап ұстаймыз. Енді, басқа кезде болса болады, көктемде айғыр буланатын уақытта айдалаға арқандап қойған көкпардың айғыры тыныш тұрады деп ойлайсыз ба? Оның өзіне бір бақташы керек болады ғой.

(Аударыспақтан жастар арасында Азия чемпионы. Жеңісбек Серікұлы 80+. Алматы, 2019 жыл)

 — Қалай ойлайсың, көкпарды атпен шапқан дұрыс па, айғырмен шапқан дұрыс па?

 — Негізі бағым-күтімін қадағалап, тек сонымен ғана айналысатын адам болса, айғырмен шапқан дұрыс екен. Біріншіден айғыр ажатты болады, екіншіден белі мықты, күші басым келеді. Үшіншіден айғыр атқа қарағанда жүрегі қайтпайтын, тайсалмас болады. Төртіншіден айғырдың денесі жетіліп, толысқанына жақсы.

Бізде көп жағдайда айғырға ие бола алмай қалатындықтан, амалсыздан пішеді. Ал дөненінде пішіп тастаған жылқы көп жағдайда жетілмей, бірқалыпты, ет ұстап қалады. Бұрын ата-бабаларымыз бестіден алты жасқа шыққан кезде ақтаған екен. Сол кезде аттың денесі толысып, жетіле түсуіне жақсы болған деседі.

— Менің білуімше, Моңғолияда айғырды күздің қара суығында бір-екі ай мінеді. Бәлкім көкпарды сол кезде ұйымдастырып, айғырмен көкпар тарту керек шығар?

— Айғырды күзде мінуінің де өз сыры бар. Биелер көктемде іш алады. Күзде, қыс айларында айғыр үйірге ес болып қана еріп жүргені болмаса, үйірге түспейді. Осы уақытта адамдар бірнеше ай мініп, көлік ретінде пайдаланады.

Ал осы уақытта көкпар өткізуге де болады. Бірақ, үнемі мініліп, көкпарға үйретілген аттардан гөрі, жылында бір-екі ай ғана мінілген айғырлар мұндайға төзбеуі мүмкін. Жалпы қандай да бір істе немен істесеңіз де, оны алдын ала үйретпесеңіз, ештеңе шықпайды. Сол секілді, айғырмен көкпар тарту үшін де оны көкпарға үйретіп алу керек. Әйтпесе кейбір айғыр жетілген, сыралғы жуан аттан да бос болады.

— Баян-Өлгийдегі жастар арасында осы ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық қандай?

— Ұлттық спортқа қызығушылық танытып отырған жастар көп. Дегенмен, аймақ әкімдігі тарапынан не үкімет тарапынан «мынаны былай істеңдер, мынадай сайыс өткізейік» деп ұсыныс жасап жатқан ешкім жоқ. Қайда барсақ та Ром Әуесхан ағамыз ертіп, қолымыздан жетелеп жүріп қатыстырады. Ал жастардың көбі жазғы бірнеше айда ауыл арасындағы той-томалақта ғана көкпар, аударыспақ, теңге ілуге қатысады. Сол кезде ғана біраз өнерлерін көрсетіп қалғаны болмаса, басқа уақытта бұл спорттың маңына жүрмейді.

— Өз ойыңша, Өлгийде ұлттық спортты дамыту үшін не істеу керек?

— Бізге ең әуелі жетіспейтін – көкпарға арналған ер-тұрман. Ер жасайтын ағаларымыз, ұсталар бар. Бірақ Қазақстан көкпаршылары мініп жүрген секілді берік ер жоқ. Сонымен қатар, әлі де толықтырып, көкпардың, теңге ілу мен аударыспақтың қыр-сырын тереңірек түсіндіретін маман бапкерлер болса деймін.

— Әңгімеңе рахмет!

Erzhan ZhaubayЕржан Жаубай, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.