Қорғанбек Аманжол. Мұсақұлдың Құбакері

4297

(«Мұсақұл балуан» поэмасынан ықшамдалып алынды)

Осы тарихты кейінгі ұрпаққа жеткізген
зерлі Зерендінің бұрынғы өткен абыз ақсақалдары
Есенғалаш Бабасұлының және Асқар Нұғыманұлының рухына арнаймын

… Қазақта қара сөздің айтқыры екен,
Байлығы – байыпты ісі, бай тілі екен.
Көңіл жай бітіскесін, пейіл мырза –
Алдынан би Қанайдың қайтады екен.

Ашылып дау біткесін ажары да,
Құлайды Ташкенттің ел базарына.
Бір шеті парсы, шүршіт бай-бағланы,
Бер жақтан мал айдаған қазағы да.

Қайнаған хан базарда үлкен-кіші
Барқадар бақ-береке күш белгісі,
Той жасап, жамбы аттырып, көкпар тартып,
Ташкенттің ту көтерді құшбегісі…

— Халайық, уа, қадірлі Қанай мырза,
Боласыз осы тойда қалай ырза?
Қазақтың аты озбай, балуаны жықпай
Қалғаны қалай жақты қолайыңызға?

Мен өзім ортаймаған кемел едім,
Не болса маңдайымнан көрер едім.
Бәйгеден атың келіп, балуаның жықса,
Бәсіне бектігімді берер едім.

… Батса да құшбегінің кекегені,
Би Қанай шарболаттай бекем еді.
Қапысыз қара тілмен жағаласса,
Жапырып қоғадайын кетер еді.

Ташкент те қазақтың бір өрісі еді,
Тұсында Төле бидің кеніш еді.
Абыздың аруағы қолдасын деп,
Би Қанай мәмілеге келіседі.

Сол жерде қол алысып уағдаласты,
Қолпаштап қошеметші қаумаласты.
Толғанып қайтты Қанай Көкшетауға,
Түн қатып талай-талай белден асты.

* * *

Тереңнен тебіренер текті Қанай,
Ауыр ой жылымына бөкті Қанай.
Сабырмен сабаттанып, салтанатпен
Зеренді зер беліне жетті Қанай.

Жанкүйік мазаласа – қайда рахат?
Жан тауып жата алмады жайбарақат.
Түсетін балуанға жігіт іздеп,
Таратты қырға хабар, ойға лақап.

Жеткізбей ой ұшығы адастырды,
Толқыны тулап іште аласұрды.
Байыпты байсал Қанай сыр алдырмай,
Жүйрік ат кімде бар деп қарастырды.

…Таратып ойын осылай жан-жақтыға,
Ұмытпай ата-баба, аруақты да,
Бір күні сәлем бере келді Қанай
Қоныстас ағайыны Малбақтыға.

Бойынан аспас бұла күштің өзі,
Болмайды тағылымнан тыс мінезі.
Өзіне сәлем беріп кіріп келген
Қанайдың Мұсақұлға түсті көзі…

…Би Қанай: «Ағатайым, нарсың» — дейді, —
Алғысым аманат боп қалсын, мейлі.
Мұсақұл бала мына күн ыстықта,
Шығарып біраз жерге салсын дейді.

Тілегін би Қанайдың екі етпейді,
Соңынан жас Мұсақұл бүлкектейді.
Баланың қасиетін білсем-ау деп,
Жанында данагөйдің гүл көктейді.

«Күн бүгін ыстық еді мұнша неткен?!
Балам-ау, бой суытып алсақ па екен?
Салқындау көл бола ма, қара су ма,
Сол жаққа аттың басын бұрсақ па екен…»

«Құйылған Түкті таудың бар бұлағы,
Қарасу — ана адырдың арғы жағы.
Ал ата, олай болса, кеттік сонда» –
Дегенде заулай берді арғымағы.

Қара су көлкіп жатқан Мыйлы бұлақ,
Қос атты желе жортып жетті құлдап.
«Ал мұның ар жағына өтейік» деп,
Қанайдың есіл-дерті алға ұмтылмақ.

«Ау, ата, мына жердің бәрі батпақ,
Ат-матпен жылымына жылдам тартпақ.
Одан да өткел іздеп табайық» деп,
Мұсақұл жеткенінше тапырақтап.

Би Қанай қойып кетіп төтесінен,
Батпаққа аты батты белшесінен.
Өзі де әупірімдеп әрең шығып,
Көгалға сұлай кетті ерке есілген.

Шошынып көріністен түс қашырған,
Мұсақұл құмбыл ырғып түсті атынан.
Жүгіріп барды дағы мыйда жатқан
Жылқыны бір-екі ырғап арқасынан.

Құлаштап жал-құйрыққа салды қолды,
Қапысыз күшінің бұл алды болды.
Қозыдай іліп алып, қырға қарай
Лақтырды Қанай мінген алкүреңді.

…Осындай ерен күшін көрді Қанай,
Бағасын баласынбай берді Қанай.
Ташкентте балуанға салсам егер,
Бұл жерге қаратпас деп сенді Қанай…

* * *

Жыл өтті.
Намыс-қайрақ жаныды ерді.
Би Қанай Малбақтыға тағы келді.
Ташкенттің базарында бақ сыналар,
Туып тұр сын сағаттың шағы да енді.

… — Мұсақұл жас жігіт қой, көрсін ол да,
Жүйрік ат, белде садақ, қамшы қолда.
Замандас, құрбы-құрдас ортасында,
Кеудесі көтеріңкі, болсын алда.

Ләзім ғой мерейленіп мастанбағы,
Қыз қуып, көкпар тартар жастар жағы.
Желі бар аяғының бір тәуір ат,
Болса, — деп Қанай тағы астарлады.

Малбақты айтты сонда би Қанайға:
– Жолыңда үш қос жылқы бұл маңайда.
Бастығы жылқышының көптен бергі –
Билігі қылқұйрықтың Кенебайда.

Аралап ен жылқыны танып көрер,
Мен айтты десең бір ат тауып берер.
Жүйрігін, жорғасын да сол біледі,
Жөнім жоқ мүлт кетер деп қауіптенер.

Қасына Мұсақұлды ертті Қанай,
Жылқыға ертеңіне жетті Қанай.
Кенебай шалға жайлап жайын айтты
Көп көрген талай-талай кепті Қанай.

Кенен қарт кемеңгерді қабыл алды,
Сәлемін естіп байдың жадырады.
Айтқаны сол арада бір ауыз сөз:
«Ей, Қанай, іздегенің табылады!»

Бұл сөзден көңілдегі бұлты ыдырап,
Қанайға туғандай-ақ нұр күн абат.
Тобына Мұсақұлды қосып алып,
Таңертең кетті Кенең жылқы аралап.

Шалғынның домалады мөлдір шығы,
Аралап келе жатыр көп жылқыны.
Не түрлі қамыс құлақ, топай көктер,
Дейтіндей көздің сұғы, ердің құны.

Көлбеңдеп, көлденеңдеп шығады алдан,
Сәті көп Мұсақұлдың тұра қалған.
Жігітің қызыққанмен, Кенебай қарт
Тоқтамай, толқын құмар тына қалған.

Мұсақұл қажыды әбден әдді құрып,
Налытты қалған не сан сәнді күлік.
Әлден бір уақыттарда Кенебай шал
Шет жатқан кербестіге салды құрық.

Шалыңның жанды көзі шырадайын,
Тіл-тиек ағытылды тұмадайын:
«Ал бала, жүгеніңді сал осыған,
Тұлпарың сені күткен, міне, дайын».

Лып етіп Мұсақұл тез жүгендеді,
Ер салып, әбзел-тұрман түгендеді.
Атының алды-артына көз тоқтатып,
Бір мезет білінді сәл түнергені.

Ойпырмай, осындай да болады екен,
Атамыз ат сынына олақ екен.
Қараса, қос құлағы бірдей шұнақ,
Құйрығы, құдай атып, шолақ екен.

«Ау, ата, арғымақты баптадыңыз.
Жас күннен жылқы болды баққаныңыз
Мыңғырған мың сан малдан маған таңдап,
Лайықтап осы ма еді тапқаныңыз?

Түліктің жылқы заты төресі еді,
Нар түйе сақараның кемесі еді.
Тым құрса құйрығы мен құлағы жоқ,
Ойдағым дәл осындай емес еді».

Қарқылдап қартың сонда күлді дейді:
Осыны айтарыңды білдім дейді.
Ашайын кербестінің сырын саған,
Көзіңе көрсетейін шын дүлейді.

Айтпағам бес жыл бойы әкеңе де,
Әлпештеп құлынынан мәпелегем.
Бұл да бір кер қулықтың құлыны еді,
Өмірге борандатып ерте келген.

Жерге де баруы мұң таяқ тастам,
Аяғын буазында санап басқан.
Енесін көзімнен бір таса қылмай,
Мен дағы қапталынан қабаттасқам.

Сырына сонда мұның бойлайтынмын,
Өзімше сәуегейсіп болжайтынмын.
Ішінде дәуде болса не тас жатыр,
Не тұлпар туарсың деп ойлайтынмын.

Арқада ақыратын боран қатты,
Ақмылтық аязын да жалаңдатты.
Наурыздың аяғында кер қулықтың,
Құлындап қалғаны да маған батты.

Үйелеп, орнынан ол тұра алмады,
Кер құлын шумен бірақ шұбалмады.
Үстінен енесінің ерсілі-қарсылы
Шапқылап, салып ойнақ шығандады.

Жылқының жер қайысқан табынында,
Көп құлын туған ерте тағы мұнда.
Бұлғақтап ойнау түгіл, тұратұғын
Бүрісіп енесінің бауырында.

Құйрық та, суықта сол құлақ та үсіп,
Үзіліп түп орнымен қалды түсіп.
Кер шұнақ мұны да әсте елемеді,
Қарда ойнап, құлдыраңдап, құраққа ұшып.

Арқаның аязы оған дарымады,
Өзінің енесіне жарымады.
Биеге тағы да екі қатар теліп,
Келісіп асырауы, арымады.

Осылай адамға айтпай бес жыл бақтым,
Толқынын көңілімнің тасқындаттым.
Топқа бір, тірі болсаң, салармын деп
Кеудемде үміт отын ұшқындаттым.

Түбінде ер қанаты, досы болар,
Дегенің күйсіз жүйрік осы болар.
Жылқының қасиетін білмей өтер
Құлақтың шұнағынан шошығандар.

Төрт аяқ, құйма тұяқ – сіңірлері
Тартылған арқандайын желідегі.
Бес қарыс қара саба мойынындай
Кең жатыр тегенелі көтеншегі.

Делдиген қос танаудың демі терең.
Жаңылмас қалыбынан шөліркеген.
Көргенде ұлы жиын аламанды
Жаратар өзін-өзі, кәміл сенем.

Әурелеп терін алып зорықтырма,
Тәубелеп таң асырып зарықтырма.
Ауырып қалды деме сұлық тұрса,
Зәуіде де судан және тарықтырма.

Кер бесті кемел сынды көтереді,
Жеті көш жерден бәйге әпереді.
Жайылып жақсы атағың бар қазаққа,
Дабысың келешекке кетер еді.

Әрине, балам, мені тергемейсің,
Жортқанда жолың болып ерлегейсің.
Келмесе осы айтқаным, енді қайтып
«Ата» деп маған сәлем бермегейсің.

Жалғыз-ақ: сүйегіңнен тана көрме,
Атыңа өзің мініп шаба көрме.
Жайдан-жай Қанай сені апармайды,
Селкеулік сеніміне сала көрме.

Кеудемде көмбе небір жатыр мына,
Көргенмін атаң Қалақ батырды да.
Атаңа балуандығың тартқан екен,
Күреске іркілмей түс, қапыл қалма.

Мүшелге кіргеніңді білгізерсің,
Сайма-сай төрт құбылаң, ырғын ерсің.
Басына басқа бала ие болмас,
Кер атқа Нұрбегімді мінгізерсің.

Қаракөк бесті өзіңнің мінуіңе,
Жадырап замандаспен жүруіңе.
Бес көштік жерден келер қауметі бар,
Жарайды және көкпар ілуіңе.

Қолдасын аруағы атаң Қалақ,
Менің де берген осы батам, қарақ!
…Ақжарма тілек қосып Мұсақұлды
Ақ жолға аттандырды Кенебай қарт.

* * *

Арттан мал асықпай-ақ келер деді,
Бір Құдай осыншама шебер ме еді?
Балуан мен жүйрігіне көңілі өскен,
Би Қанай одан әрі бөгелмеді.

Алды да бір қос жігіт кетті жөнеп,
Арысқа алқам-салқам ат тіремек.
Межелі жерге жетті Шудан өтіп,
Екпіні осы жолғы тіпті бөлек.

Қазақтың жанына бұл жақынырақ,
Балуаны күш сынасты, ақыны — бақ.
Жаршылар жағы талмай жарлағанда
Би Қанай Мұсақұлды шақырып ап:

– Аққуы айдын көлге шырай берер,
Алламыз пенделерін сынай берер.
Ай, балам, Кершолақты сал бәйгеге,
Көрейік, сынымызға шыдай ма Кер?!

… Қонаға кеткен аттар ертең түсте
Құлады қолат қолтық, бір тегіске.
Кершолақ кең тыныспен еркін шауып,
Жүз елу аттың алды – келді жеке.

Тізгіні жас жауқазын ер Нұрбекте,
Үш жүздің додасында дүбірлете,
Көмбеден «Қалақайлап!» өткен кезде
Жайланып өрлей берді көңіл көкке.

Ташкентке қотарылды жиын енді,
Ұлы той елеңдетті дүйім елді.
Ашылды хан базары ту көтеріп,
Сәніне кім болса да сүйінер-ді.

Бір кезде жаршылар да салды жарын:
– Жамағат, хабарыма сал құлағың.
Алқаға айтып жылдам жаздырыңдар
Бәйгеге ат қосатын елдің бәрін.

Есебі болсын түгел санақшыда,
Білерсің кім озғанын әлі-ақ, шыда.
Кетеді айдап бүгін ат айдаушы,
Жетеді ертең түсте қарақшыға.

Көгінен нұр саулатып сөнбес күні,
Ерекше байсалданып ер кескіні,
Қазақтан Қанай шешен ат қосты деп,
Мұсақұл үкіледі Кербестіні.

Ойқастап олай-бұлай жүргізеді,
Үстіне Нұрбек-жанды мінгізеді.
Ішінде үш жүз аттың келіспеген
Сипаты сын-сықаққа ілгізеді.

Құшбегі көріп тұрып қылды мазақ:
– Уа, Қанай, қосқан атың болды-ау «ғажап!».
Көкесі қуырдақтың осы екен-ау,
Жүйрігің шолақ құйрық, шұнақ құлақ.

Уа, Қанай, жосынға бір бастадың ба?
Не пәле жатыр мұның астарында?
Атыма құлақ-құйрық ауыр болар,
Деп әлде кесіп өзің тастадың ба?

…Би Қанай парасаты терең еді,
Күлкісін құшбегінің елемеді.
– Асығыс шайтан ісі, ау, құшбегі,
Жауабын ат келгенде берем – деді.

Жаршылар жағы тынбай зарлап тұрды,
Дағыра, дабыл, керней сарнап тұрды.
Ортада майдан ашып, балуан күрес
Қызығы басталғанын аңдаттырды.

Өзбектен шығыпты дәу – Қара-Қапылан,
Шынжырлап, мойынына қоңырау таққан.
Асаудай арпалысқан алпамсаны
Жетектеп әкеліпті екі жақтан.

Тағыдай таң қалдырған Қара-Қапылан,
Қолтыққа бесті бұқа қыса шыққан.
Өкірткен бұқасынан жұрт шошынып,
Мен деген талай мықты жерге бұққан.

Ал, қазақ, шығар дейді балуаныңды,
Жаныңа садақа қыл бар малыңды.
Өлсең құн төлемейміз осы жолда,
Асырсаң, көріп алдық, аруағыңды!

Кеудеде күнін жігіт күркіретіп,
Қанайға сол арада келді жетіп.
Атадан бата сұрап шарт жүгінді,
Жүрегін дүйім жұрттың елбіретіп.

Би Қанай қарауылға құтпан болған,
Абылай – алқауымен таққа қонған.
Батасын берді балуан Мұсақұлға,
Бар қазақ дәмелі боп бақ-таланнан.

-Жар болсын бір өзіңе Алламыз Хақ,
Қолдасын аруағы атаң Қалақ.
Сойқанның сұры жаман көрінеді,
Ай, балам, сақ болғайсың сен де бірақ…

Батасын Қанай ата ала сала,
Жүгірді Қапыланға іле-шала.
Жалаңаш денесіне шекпен іліп,
Намыстан жарылардай бұратола.

…Сол жақта жауырыннан жұла тартты,
Сақ етіп тиген екен қолы қатты.
Қайырып іштен шалып бұрағанда,
Қапылан қара жердің шаңын қапты.

Дағыра, керней тартып шала мас-ты,
Өзбектің қара дәуін қара басты.
Үзіліп ортан жілік кеткен екен,
Балуанын бебеулетіп ала қашты.

Мұсақұл Қапыланды бөктереді,
«Қанайлап!» осы кезде ат келеді.
Балуаны жығып, аты бәйгеден кеп,
Абыздың сүйініші көптен еді!

Тербетіп, тебірентіп жан-жүректі,
Құбакер қарақшыдан жалғыз өтті.
Екпіндеп, ентігі жоқ, еркін шауып,
Тамаша таңырқатты қауым көпті.

Жас оғлан – басындағы Нұрбекпенен,
Тұлпардың қолтығында гүл көктеген.
Кешегі менсінбеген Кер шолаққа
Қарады бар жамағат құрметпенен.

Даңқы өрлеп Мұсақұлдың Құбакері,
Бәйгесін сүйіншілеп тұрады елі.
Тараған Құбакерден асыл тұяқ –
Ақанның атышулы Құлагері.

Бәйгеден келгенін айт кер құбаның!
Үш жүзге ер Мұсақұл болды мәлім.
Би Қанай бәсте жеңіп, он екі қақпа
Тәшкенттің бегі деген алды даңын.

… Айналды Құбагері Құлагерге,
Жайылды балуан күрес ұраны елге.
Дабысы жетті шырқап бұл заманға,
Дүбірі қалып қоймай құба белде…

Qohganbek A.Қорғанбек Аманжол,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.