Ғалым: Жылқы шаруашылығын дамытуға үкімет назар аударуы керек

3839

Құрметті оқырман, бұл сұқбат осыдан тура 6 жыл бұрын, 2014 жылы белгілі жылқытанушы ғалым Серікбай Рзабаевтан алынған. Арада алты жыл өтсе де ғалымның айтқан мәселелері әлі де өзектілігін жойған жоқ. Сол үшін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

/Argymaq.kz/

Қазір облыста 13 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жұмыс істейді. Оның алтауы – асыл тұқымды жылқы зауыты. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен ведомстволық комиссия төрағасының орынбасары әрі ғылыми жетекші ретінде осы шаруашылықтарды құруға, олардың ісін жандандыруға және алдағы он жылға шаруашылықтарды дамытудың перспективалық жоспарын жасауға қатысқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев болашақта аймақта әлі де асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарының саны көбейетінін айтады.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері жылқы малына селекциялық жұмыстар қаншалықты деңгейде жүргізілді?

– Елімізде табындық жылқы шаруашылығы қай кезде де дәстүрлі сала болып саналып келді. Мұғалжар мен көшім жылқыларының ақтөбелік түрлерінің әлемде теңдесі жоқ. Олар қысы-жазы жайылымда өсіп-өнеді. Бүгінде сол мұғалжар, көшім жылқыларының селекциялық атаумен жаңа түрлері пайда болды. Олар – мұғалжар жемдік ішкі тұқымдық және көшім тұқымының жаңа зауыттық аталық іздері. Қазір бұлардың селекциялық топтары еліміздегі жылқы шаруашылықтары үшін жергілікті табындық жылқылардың сапасын қайта құрылымдау ісінде үлкен беделге ие болып отыр. Өйткені облыста 2001-2013 жылдар аралығында базалық асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықтардан еліміздің түкпір-түкпіріне элита класындағы мұғалжарлық жемдік ішкі тұқымдық түрінің 850-ге жуық төлі сатылды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері аймақта жылқы малына селекциялық жұмыстар жүргізу ісі тоқтаған жоқ. Бүгінгі Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе стансасының жылқы шаруашылығы бөлімінің селекционер-ғалымдары қазақ жылқысының қайыңдылық зауыттық, мұғалжар тұқымының жемдік ішкі тұқымдық түрін туындата отырып, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институты мамандарымен бірлесіп, етті-сүтті бағыттағы мұғалжар тұқымын шығарды. Бұдан басқа кейінгі жылдары жылқының көшім тұқымында бірінші рет Крепыш және Гром асыл тұқымды айғырларының аталық іздері шығарылды. Жылқының бұл аталған түрлерінің қай-қайсысының да беретін өнімі мол, әрі олар жайылым жағдайларына жақсы бейімделген. Айталық, жергілікті мұғалжар жылқылары еліміздің өзге аймақтарындағы жылқылардан тірілей салмағымен және өлшемімен ерекшеленеді.

Мысалы, айғырлардың шоқтығының биіктігі орташа алғанда – 145,5, көкірегінің жалды ұзындығы – 159,1, кеуде қамтылуы – 185,8, тұяқ қамтуы – 19,9 сантиметр. Жылқылардың тірілей салмағы 553 келіге жетіп отыр. Биелердің де күйі тәуір, 300 келіге тарта таза ет береді.

2010 жылы жылқының бұл түрлеріне патент алуды қолға алдық. Сол жылы Ауыл шаруашылық министрлігі істі қайта мақұлдап, тура бір жылдан соң Әділет министрлігінің «Интеллектуалдық меншіктің ұлттық институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бекітті.

Қазір елімізде бар болғаны 1 миллион 700 мың ғана жылқы бар (2014 жылғы көрсеткішті айтып отыр. 2019 жылы бұл көрсеткіш 2,8 млн-ға жетті – Argymaq.kz). Ақтөбеде 1891 жылы 348,4 мың жылқы болса, 2000 жылы аймақта жылқы малының саны 58 мыңнан асты. Ал облыстық статистика басқармасының мәліметінше өткен жылдың 1 қазандағы көрсеткіші бойынша Ақтөбеде 82 700-ден астам ғана жылқы қалған. Соның ең көбі – Шалқар ауданында.

Қазір елімізде асыл тұқымды мұғалжар және көшім жылқыларына сұраныс артқанмен, республика оны небәрі 5-7 пайыз ғана қанағаттандырып отырған көрінеді. Мұның сыры неде?

– Бұған дейін мұғалжар және көшім тұқымын өсіретін шаруашылықтарда 1,5-3 жас аралығындағы асыл тұқымды еркек төлдер сұранысқа сай сатылып келді. Мемлекет тарапынан субсидия ірі қараға (бұқа, қашар) көп берілетіндіктен, былтырдан бастап бұл сұраныс күрт азайып кетті. 2010 жылға дейін асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарға 1,5-5 жас аралығындағы асыл тұқымды жылқы төлдеріне тірілей салмағына қарай 90-100 теңге беріліп келді. Ал 2011 жылдан бастап сатып алушыларға әр малға 40 мың теңгеден субсидия берілетін болды. Бұл жағдай асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысатындар үшін тиімсіз болды. Жалпы айтқанда жылқы шаруашылығын дамытуға үкімет тарапынан дұрыс көзқарас керек.

Бір сұхбатыңызда бұл саланы дамыту бірыңғай жылқы тұқымын асылдандыру деңгейімен ғана шешілмейді, өндірісті ұйымдастыру және жылқы шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеу қажеттілігі жайында айтыпсыз.

– Бұл – шешімін таппай тұрған мәселелердің бірі. Әзірге Ақтөбеде жылқы еті мен қымыз қабылдайтын өндіріс орындары жоқ. Сондықтан жылқы етін қабылдайтын ет комбинатын және қымыз қабылдайтын дүкендердің санын мейлінше көбейткен абзал. Өйткені қазір облыста жылқы өнімдерін сыртқа шығаруға мүмкіндік бар. Облысқа жылқы өнімдерін шетелге шығарумен айналысатын мамандандырылған мекеме керек. Өйткені өнім әлемдік стандартқа сай келетіндей болуы керек. Бұл мәселелер дұрыс шешілген жағдайда ғана, жылқы өнімі бәсекеге қабілетті бола алады.

Жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты проблема көп. Ең бастысы, асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуда селекциялық жұмыстар үшін үкімет тарапынан субсидия берілгені дұрыс. Бүгінгі күні шаруашылықтар үшін қажетті мамандар мен жылқышының жетіспеуі де өзекті мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ, мал ұрлығы да жанға қатты батады.

Қазір облыста 13 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы бар. Оның алтауы – асыл тұқымды жылқы зауыты. Бүгінгі күні Ақтөбедегі «Көктас» акционерлік қоғамы асыл тұқымды жылқы шаруашылығы мұғалжар тұқымды, ал «TS-AGRO» серіктестігі көшім тұқымды жылқыларды өсіріп жатыр. Облыстағы өзге шаруашылықтар секілді бұл серіктестіктер саны және сапалық құрамы жағынан асыл тұқымды жылқы зауыттарына қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді, әрі республикадағы алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірі саналады. Болашақта аймақта тағы да осындай 3-5 асыл тұқымды жылқы шаруашылығын ашу жоспарда бар.

Қымыз жайында не айтасыз?

– Қымыздың тамақтық, емдік қасиеті жайлы мақалалар жеткілікті түрде жазылған және жазылып та жатыр. Қазіргі уақытта облыстағы шаруа қожалықтары жаз айында ғана маусымдық қымыз өндіреді және сатады. Өткен жылы Тараз қаласында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақстан аймақтарындағы қымыз өндіру тәжірибесі және оның даму келешегі» тақырыбында «Қымыз – ұлттық құндылығымыз» атты бірінші республикалық форум өтті. Бұл форумға Қазақстаннан өзге, Түркия, Ресей, Қырғызстан өңірлерінен мамандар, еліміздегі көптеген мекемелер мен ұйымдардан өкілдер қатысты. Форумда алдағы уақытта елімізде қымыз өндірушілердің палатасын құру жайы айтылып, қымыз өндіру ісін жақсарту бойынша бірнеше ұсыныстар қабылданды. Соның бірі – жергілікті биліктегілердің бастамасымен бюджеттік және бюджеттік емес қаражат есебінен заманауи технологиялар негізінде қымыз өндіретін зауыт ашуға жағдай жасау мәселесі көтерілді.

Қазір қалталылар шетелдік сәйгүліктерді сатып алуға құмартып жүр. Жергілікті жылқылардың бәйгедегі бәсекелестері де осылар. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Қазақ жылқының қадірін ертеден білген. Әркім келісті де сүйкімді мініс атын ұстаған. Бұл үрдіс қазір де бар. Қазақ жылқылары алыс жүріске өте мықты. Мәселен, бұрынғы Жем қаласындағы №52 жылқы зауытында жабы тұқымды Золотник атты айғыр 1950 жылы бір тәулікте 264 шақырым жер жүріп өткен. Көшім тұқымының жылқылары да жүрісте өзінің мықтылығын мойындатты. Көшім жылқысының мініс түрінің 3 жасар Секундомер атты айғыры 2000 метр қашықтықты 2 минут 17 секундта шауып өткен. Яғни 1000 метрді 1,085 секундта шауып өткен бұл көрсеткіш араб жылқысының мың метрлік жылдамдығымен бірдей болғанын білеміз. Соңғы жылдары адай жылқылары 90-160 шақырымдық халықаралық жарыстарға қатысып, араб, таза қанды ағылшын ақалтекелерін артта қалдырғанын білеміз.

Арайлым Нұрбаева

aqtobegazeti.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.