Шынболат көкпаршы: Ат қимылыңды тақымыңнан тануы керек
Әдетте біреулерге көбінесе өзімше ат қойып алатын дағдым бар еді. Көкпар шабады дегеннен-ақ, Шынболатты Шабандоз деп кеткенмін. Сүйекті, денелі еді. Сіңірлі.
Әсіресе, қолы үлкен, саусақтары ірі. Зүбайдүлланың (Түркістаннан өз қаржысына үлкен мешіт салдырып, Құдай үйіне Екінші Дүниежүзілік қырғында қаза тапқан бауыры Нақып Алтай атын қойған). Базарбайының тілеулесі, жігіті есебінде екен. Ат ұстайтын бай туысқанның көкпар шабатын бір дәмелісі. Келінтөбедегі күріштеріне де бас-көз болып, оны-мұны жұмысына араласады дегендей. Бөкентұмсық, Күрең, Бөкен, Торы ат деген құлқұйрықтары болған. Тақымына бұдан басқа да талай жүйрік түсті ғой. Жаңағылар соның ішінен ыстықтаулары еді.
— Шабандоз екеніңді білеміз. Қазақтың сүйегінде атқұмарлық бар ғой. Бірақ екінің бірі шабандоз бола бермейді. Атқұмарлар қаршадай күнінен-ақ есекке, тайға мініп, көкпарды, бәйгені қызықтауға барады. Сен де осы сатылардан өткен шығарсың.
— Біз де солай болдық қой. Тайға мінгеннен бастап, көкпардан қалмайтынмын. Өзіңіз білесіз, әулеттегілердің көпшілігі күреске құмар, ал мен көкпарға құмармын, қызығушылығым бала кезден-ақ оянды. Бір атым бар еді, соны Қасымбекұлы Балтабай деген шабандоз ағамыз үйретіп әкеп берді, соны мініп, ары қарай көкпар шауып кеттік қой. Қасқа ат бар еді, жуас еді, жастайымнан, бала кезімнен, сонымен шауып, үйрендім ғой. Тоғызыншы кластан бастап-ақ ірі салымдарға қатысып жүрдім. Одан бері талай көкпарға араластық қой. Шымкентке де бардық, Жетісайға да жеттік. Ол жақтың көкпарлары біздердікінен басқашалау.
— Осы айырмашылықтарын айтшы.
— Оңтүстік Қазақстан облысының көкпары – ұйық болады, соқ-соқ. Жеке шықпайды. Топпен кетеді. Ал біз жақта жеке кетеді ғой. Оларда – команда-команда. Біз жақта көкпарды, тай мініп барғандар да шабады ғой. «Рахаттанып қайттық» дейді. Ең болмаса, біреуі сирағынан ұстап қайтады ғой. Бізде тартыс бар. Біздің Қызылорда облысының көкпары осындай. Үлкен де шабады, кіші де шабады. Ал ана жақтың көкпарында – команда-команда. Кез келгенге көкпар тие бермейді. Ал бізде – емін-еркін. Мына мәреден бастап тақымға басып шықсаңыз, ана мәреге жеткенше, көкпарда жүрген қанша адам бар, соның бәрі ұстайды. Соның бәрінен алып шығуың керек. Құмарлық – көкпарды мәреге жеткізесіз ғой. Апарып саласыз. Сол айырмашылығы.
— Байлап шабу жағы қалай екен?
— Біздің кезімізде байлап шабу деген болмайтын. Қазіргі жастардың кейбіреулері сөйтіп жүр ғой.
— Осы бөлініп шабу деген бар ғой.
— Ы-ы-ы-ы, бөлініп шабады ғой. Кейде арғы бет, бергі бет болып шабады. Кейде екі облыс бөлініп шабады.
— Сондайда Шымкенттен де көп келе ме?
— Өте үлкен көкпар, ірі салымдар болмаса, Шымкенттен көп келе бермейді. Себебі өздерінде көкпар көп қой. Салымдар да көп. Біз жақта көбінесе Түркістан, Шәуілдір болып бөлініп шабамыз.
— Бірнеше бәйгені көрдім. Сол бәйгелерде Жаңақорған ауданының аттарына қарағанда, Шиелі ауданының аттары басым түсіп жатты, ірілік қылды. Ал көкпарда қалай?
— Жоқ, олай ірілік қыла алмайды. Қайта біздің аудан ірілік қылуы мүмкін.
— Көкпар аттарын машинаға артып, алыс-жақынға барасыңдар. Осындайда ГАИ-лар ұстамай ма?
— Көкпар атын жабулап, бара жатасың. Көкпарға бара жатқаның – бірден белгілі. Бір ат болсын, бірнеше ат болсын, тіпті бірнеше машинаға артып бара жат, Оңтүстік Қазақстан облысында еш ұстамайды. Ал біздің Қызылорда облысында кейбір ГАИ-лар ұстап, әурелеп жатады. Ауылда тұрғанымызбен, Жаңақорғанға, Шиеліге көкпарға барамыз ғой. Ұстайды. Сондайда түсіндіресің. Бұл да біздің облыста көкпарға деген пиғылдың дұрыс дамымағанынан шығар.
— Мынадайды да естіп қалып жүрмін, әрі байқап та қаласың. Топ-топқа бөлінген шабандоздар, олардың сөзін сөйлеушілер «Бұл жолы – сен, келесі жолы – мен» деп келісіп алатын көрінеді. Төселіп алған шіркіндер қандай аласапыранда да бір-бірін ымнан түсінеді ғой. Әлбетте, додадан алып шығу оңай емес, жанкештілік керек, атың да, өзің де мықты болуың керек, қасыңда жанашырларың болу керек, одан шыққан еңбегі бар, бағалауға тұрады, бірақ көкпар дегеніміз – тек қана додадан алып шығып, мәреге апарып тастау емес қой, келесі мәреге жеткенше бір адам тартпайды. Бұл енді, менің түсінігіммен қарағанда, көкпарды қорлау, қызықтаушы халықты қорлау.
-Ы-ы-ы, рас, жалпы ол жақтың көкпарында тарту аз болады. Содан соң, көкпардың серкесі, тоқсан килолық салмақ, оны әрең дегенде алып, тақымына басады, содан доданы жара-мара мәреге қарай заулайды, өзін байлап алса, енді мұны кім тартсын. Тартыс жоқ шынында да.
— Жетісай, Шардара жақтағылар тіпті жерде жатқанда да таласпайтын сияқты. Соның өзін кезектесіп көтере ме, бір нәрсе. Былтыр үш-төрт көкпарын көріп, «Қор болған уақытым-ай!» деп кейігенмін.
— Ы-ы-ы.
— Ал енді Нұрекең сенің көкпар шапқаныңа қалай қарады? Қуанды ма, қостады ма, қарсы болды ма?
— Алғашында қарсы болды. Бірақ көкпарға құмармыз ғой. Ол кісі: «Сендердің шапқандарың шапқан ба, біздер екі аттың аржағындағы көкпарды тартып алатынбыз» деп отырушы еді. Біз жасы ұлғайған кезін білеміз ғой, соның өзінде қарулы еді.
— Көкпар шапқанын көрдің бе?
— Көкпар шапқанын көргенім жоқ. Бірақ атқа мініп, мылтық ұстап, жалғыз қолмен-ақ дәл тигізгенін көрдік қой.
— Сенің көзіңмен қарағанда, әкең қандай адам еді?
— Елге болсын, халыққа болсын деген адам ғой. Еңбегін ел біледі. Сол кісі істеген қызметтерде жүрген қазіргі жігіттерді де білеміз ғой. Көріп жүрміз. Әкеміз қайда – олар қайда. Ұсақ па, бір түрлі. Ол кісілер әйтеуір елім-елім деп кетті ғой. Оның үстіне, о кісілердің көргенін, біз көргеніміз жоқ. Құдай көрсетпесін де. Екі соғысқа қатысып келген. Қиыншылық жылдары шаруашылыққа араласып, ел басқарды.
— Тәшқыз екеуі тату тұрды ма?
— Тату тұрды. Сол татулығының арқасы да, төрт ұл сүйді. Қазір бір қауым елміз.
— Тәшқыз қандай адам еді?
— Анамыз ерекше адам еді ғой. Қиындықтарды да көрді. Әйтеуір бізді өсірді, жетілдірді. Анамыздың, әкеміздің жатқан жері жайлы болсын.
— Әкеге бар бала да – ыстық қой, әйтсе де, біреуі ерекше ыстық болады. Мәселен, аңсап, қырық төртке келгенде зарығып көрген Айдарханды көкем ерекше жақсы көруші еді. «Шөлдеп жүріп көргесін, Айдаржанның орны бөлек қой» деп көкем ашық айтып отыратын. Нұрекеңнің де ерекше жақсы көрген перзенті болды ма?
— Бәрімізді де жақсы көрді ғой. Әсіресе, қарашаңырақта қалған Ақәділді жақсы көрді, сосын Ерназарды. Басқаларымыз есейіп кеткенбіз. Сол екеуін көп еркелететін. Қартайғанда көрген қызықтары ғой.
— Ал шешең қайсысын ерекше жақсы көруші еді?
— Ішінде шығар. Бәрімізді де жақсы көріп, айналып-толғанып жатады. Ананы ерекше жақсы көрем деп, ашып айтқан емес қой.
— Талай шабандоз, небір палуандардың балаларын көріп жүрміз, көкпар шаппайды. (Оңтүстікте шабандоздарды қолпаштап палуан дейді. Мәселен, Шынболат палуан, Базарбай палуан, Бақош палуан деп кете береді). Ақын Қажытай Ілияс айтады, «Қазақтың атын алып қойып еді, бірден басылып қалды ғой» деп. Хрущевтің кезінде атқа нәубет келген.
— Ы-ы-ы-ы, шет-жағасын естігенмін.
— Сосын «Атқа мінген адамның басы қайқайып кетеді» деген де сөз бар қазақта. Ат үстінің желі бар ғой. Осыдан барып білейін дегенім, көкпардың уақыты екі-үш ай ғой, жазда басқа тірлікпен үзіліс жасайсыңдар, сол үзіліс кезі мен көкпар шауып жүрген кездегі көңіл-күйлерің қалай болады? Айырмашылығы қандай?
— Е, айырмашылығы көп қой. Көкпар шауып жүргенде еш жерің ауырмайды, уақыт жетпей жатады, қайтсең де көкпарға ілінуің керек. Атқа мінгенде, бәрін ұмытасың. Денсаулыққа да жақсы. Жұмыс істемесең тағы болмайды. Енді шамалы ғана жұмысымыз қалды. Құда қаласа, ұзамай көкпардың маусымы басталады. Той, жиын, ас дегендей. Көбісі көкпар береді ғой. Содан бәріміз де көкпар шабамыз.
— Әр ауылда тұрасыңдар, ірі көкпарлардың хабарын естігеннен-ақ алдын-ала бір-бірлеріңмен сөйлесесіңдер ғой?
— Ы-ы-ы, кейде екі-үш ауыл болып, кейде Жаңақорған ауданы болып, екі-үш КАМАЗ шығарып, барып қайтамыз ғой. Оның үстіне, Шымкент жаққа, одан арыға сиректеу шығамыз. Өзіміздің жақтың да көкпары жетеді. Аз болмайды. Ал алыс жерлерге үлкен ас, той болса, барып, қызықтап қайтамыз.
— Өзіңе ұнаған аттарыңның жайынан айтсайшы.
— Бөкен деген – ақ ат емес, қозыкүрең ат болған. Оның тұмсығы бөкен тұмсық еді. Ол шапқанда ерекше кететін, атқа жеткізбеуші еді, додаға кіріп, серкені алуға талап қылғаныңда, жануар, ықпал етуші еді. Жастайымнан көкпарға сол ат үйретті. Ел болғасын, тәуір ат ұстайды. «Атыма мініп бер» дегесін, жасымыз қырыққа дейін, атқа секіріп міне беретінбіз, ал қырықтан асқан соң, ел де қазір ат беруді азайтты.
— Немене, әлден-ақ сыр беріп қалдыңдар ма? (Шабандоз күлді).
— Жастар өсіп келе жатыр. Небір үмітті жастар бар ғой. Бейнет қып, атын жаздай бағады, таң асырады, баладай мәпелейді, сөйткен аты көкпарда бір салса, қазақтың әдеті ғой, марқайып қалады. Соған ықпал жасап, атымен саламыз. Қазір енді жасымыз елуге жақындады. Өзіміз де ат тәрбиелеп шығарып жатырмыз. Баяғы Бөкеніме ұқсайды.
— Кез-келген атты баптай бермейсіңдер ғой. Жақсы деген, бірдеңе шығады-ау дегендерін ғана баптайсыңдар ғой. Сол үмітті жылқыны қалай танисыңдар?
— Аттың жаманы жоқ. Бәрі жақсы. Әсіресе, жақсы-жаманы топқа кіргенде білінеді. Жаманы қап кетеді, жақсысы шығады. Бір жануарларға өзінің табиғи қасиетін береді, біреулер соны сынап біледі, біреулер жобалап біледі, біреулер, білмесе, ол атқа көкпар көрсетеді, көкпар сонда жақсы-жаманды анық айырып береді. Қандай ат екенін.
— Көкпар мен бәйге атында қандай-қандай айырмашылықтар болады?
— Көкпар аты жуандау, омыраулылау, қолтығы кең болу керек. Жамбастылау, тынысы кең болу керек. Бәйге атына қарағанда, қарулылау болу керек қой. Көкпар да, бәйге де – оңай нәрсе емес, киелі нәрсе.
— Жалпы мал атаулы сезімтал ғой. Әсіресе, жылқы жарықтық. Сенің ойың қалай?
— Ат жарықтық өте сезімтал. Адаммен пара-пар. Сондай жануарлар бар. Тілі жоқ демесең, ондай аттарды көріп те жүрміз, адамша түсінеді. Шапқанда да қолға ықпал беріп отырады. Анау ауыр көкпарды тақымға басып шауып бара жатқаныңызда, демеу беріп отыратын аттар бар. Өз күшіңді пайдаланасың, аттың күшін пайдаланасың. Сондай жерде ат сізді алып шығады. Сондай кезде айтасың: «Жануардың тілі жоқ қой, әттең!..»
— Дода дегеніңіз қайнап жатады. Киноға түсірушілермен бірге талай рет пәленбай сағаттап тура төбесінен қарап тұрдым ғой. Ұзын кранның арқасы ғой бәрі де. Сонда анау қайнап жатқан жанартауға трактор кіре алмайды-ау. Енді соған ат шіркін кіріп кетеді. Негізі, жылқы жүректі ғой деймін?
— Дұрыс айтасыз, трактор кіре алмайды. Бірақ орта аттар да, ірі аттар да соған кіреді. Ат ұмтылады. Сол жүректілігі ғой.
— Келінмен қалай танысып едің?
— Бәрі де әкеміздің айтуымен болған ғой. «Шегебай деген жақсы бар, соның қызын аласың» деді. Бүгінгі жастардай емес, әкеміздің айтқаны — біз үшін заң ғой.
— Қыздың өзі не депті? «Бармаймын» деп туламап па?
— Ондай-ондай болған жоқ. Кездестік, таныстық, сәті түсіп тұрған шығар, шаңырақ құрдық қой. Өмір сүріп жатырмыз.
— Көкпарда ат сүрінеді, адам құлайды дегендей. Өзіңнің басыңнан да өткен шығар-ау.
— Қай құлағанымыз есте қалсын. Бір рет ауылда үлкен көкпар боп, жазым ғой, сол ғана аздап ауырлау тиді.
Бұл Шынболат – атақты Нұртай басқарманың, Палымбетұлы Нұртай палуанның әмеңгерлікпен алған кіші әйелі Тәшқыздан туған төрт ұлының үлкені. Төртеудің бірі – Шынәділ палуан.