Айдос Садықов: Ат әбзелдерін жасайтын іргелі өндіріске айналсақ дейміз (ФОТО)

4274

Ұлттық құндылығымызды дәріптеп, ат әбзелдерін жасаумен айналысатын кәсіпкер Айдос Садықов карантин бізге кедергі болған жоқ, керісінше кәсібімізді дамытуға мүмкіндік берді дейді.

«Шапағат — 2020» республикалық байқауының жеңімпазы атанған кәсіпорынның қазіргі жай-күйі, карантиннің әсері жайлы әңгімелесудің сәті түскен еді.

— Биылғы жеңістерің құтты болсын, Айдос! Кәсіпорның не өндіреді? Қандай бұйымдар шығарады? Толығырақ айта кетсең.

— Негізгі өндірісіміз ат әбзелдері. Ер-тұрман, жылқыға керек басқа да бұйымдарды жасаймыз. Мысалы, көкпар атына сіңір қорғанысын, тұяққабын жасаймыз. Одан бөлек, атқа мінушілерге арнап киім-кешек дайындаймыз. Көкпар бөрік, етік, етіктің ішінен киілетін қорғаныс байпағын тігеміз. Негізгі бағытымыз — көкпар ойынына керекті жабдықтарды дайындау. Шаруашылық ер-тоқымдары, қамшының 6 түрін жасаймыз. Шаруа қамшысы, сыйлыққа берілетін қымбат қамшылар, көкпарға арналған жеңіл қамшылар, т.б. қатарлы өнімдеріміз бар. Өз өнімдерімізге «Мирас» затбелгісін қойып, брендке айналдыруға күш салып жатырмыз. Біздің кәсіпорын өндіретін бұйымның барлығына «Мирас» затбелгісі салынған. Көкпар бөркіне, қамшысына, етігіне, ер-тұрманына түгелдей «Мирас» белгісі қойылған.

Етіктің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы «Мирас бес жұлдызды етігі», күнделікті шаруаға киюге ыңғайлы, жеңіл етіктер, көкпарға арналған, бәйгеге арналған, салт мініске киетін аяқ киімдер бар. Және бұлардың маусымдық түрлерін де өндіруді қолға алып жатырмыз. Жазғы, көктем-күзгі және қысқы етіктерді біздің өндірістен алуға болады.

Жаңа атап өткенімдей, көкпарға арналған басқа да бұйымдар өндіреміз. Соның бірі – «жаттығу серкесі». Яғни, муляж өндірумен де айналысамыз. Муляждың екі үлгісін шығарамыз. Ересектерге сосын балаларға арналған. Біз екеуін де патенттеп алдық.

— Ісің берекелі болсын! Әлемді жаулаған індеттен аман-есен өттіңдер ме? Карантин кезінде кәсібің тоқтап қалған жоқ па?

— Індеттен аман-есен өттік. Барлығымыздың да деніміз сау, төрт көзіміз түгел. Карантин кезінде кәсібіміз тоқтаған жоқ. Себебі карантин кезінде қаладағы ірі кәсіпорындар, тойханалар, жұмыс орындарының жабылуынан болып, адамдардың әсіресе жастардың көбі ауылға кетті. Бұл біз үшін оңтайлы болды десек болады. Себебі ауылға барған жастар көкпар ойнауға, атқа мініп серуендеуге көп мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде көкпардың дамуына, жастардың жылқыға қызығуына оң әсерін тигізді. Соның нәтижесінде ат әбзелдеріне деген сұраныс артты. Тапсырыстың көлемі ұлғайды.

Осы жағдайларға байланысты біздің кәсіпорын карантиндік режимді сақтай отырып, жұмыс істеуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға мәжбүр болды. Карантин басталған алғашқы айда біз де жалақыны азайтып, жұмысшыларымыздың санын қысқартамыз ба деген ой болған. Тіпті 20-25 пайызға дейін қысқартқан едік. Алайда, карантиннің екінші айынан бастап жұмыс реті бұрынғы қалпына түсті. Ат әбзелдерін жасау қарқыны артып, жұмыс қызып кетті.

Осы ат әбзелдеріне сұранысты артуына байланысты осы қыркүйек айында тағы үш адамды жұмысқа алдық. Олардың екеуі шеберханаға жұмысқа келсе, біреу жеткізу бөліміне қызметке орналасты. Жеткізу бөлімі демекші, карантин кезінде біз арнайы жеткізу бөлімін ашып, оған жеке көлік сатып алдық. Қазіргі кезде бізге еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түседі. Тіпті Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан тапсырыстар түсетін еді. Қазіргі жағдайға байланысты шетелдік тапсырыстарды қабылдамай отырмыз.

Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай, интернет арқылы сатуды қолға алдық. Ол үшін арнайы SMM маркетинг бөлімін ашып, сол жерге тағы үш адамды жұмысқа алдық. Олар видеограф, фотограф және SMM маманын. Бұлар қазіргі уақыт талабына сай, біздің өндіріп жатқан өнімімізге жарнама жасайды. Біз өндіруші болғандықтан, Қазақстан төңірегінде ғана емес, халықаралық деңгейде, тіпті әлемдік деңгейде біздің отандық өнімге сұраныстың болғанын қалаймыз. Және сол үшін жұмыс істейміз. Оған сапамен жауап берсек те, жарнама болмағандықтан, сұраныс та белгілі деңгейде бола бермейді.

Біз өз өнімімізге еліміз көлемінде сұраныс барына көз жеткіздік. Соның нәтижесінде коронавирус індеті кезіндегі карантинде басқа кәсіпорындар жабылып жатқанда, бізде керісінше даму динамикасы болды. Штатымызды кеңейтіп, өнім көлемін арттырдық.

Біріншіден, біздің басты мақсат карантинді пайдаланып, сауда жүргізіп, пайда табу емес. Екіншіден, бізге халық өзі іздеп, өзі тапсырыс береді. Үшіншіден, біздің мақсатымыз ұлтымыздың байырғы кәсібін жандандырып, жастарымызға үлгі көрсету. Төртіншіден, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, Елбасымыз айтқан «Атқа міну мәдениетін» дамыту, соған жағдай жасау.

— Бұл бұйымдарды жасау үшін шикізатты (қайысты, былғарыны) қайдан аласыңдар?

— Қазақстанның өз шикізатын пайдаланамыз. Шымкенттегі «Turan-Skin» зауытының, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Жамбыл ауылындағы былғары зауытының, Семей қаласындағы тері зауытының және Тараз қаласындағы былғары зауытының өнімдерін пайдаланамыз. Яғни, толықтай отандық өндірушілерге қолдау, солардың өніміне сұраныс жасаймыз деген сөз.

— Өзіңнің жеке цехың бар ма, әлде жалға аласың ба? Тігін аппараттарын қайдан алдың?

— Қазіргі кезде ғимаратты жалға алып жұмыс істеп жатырмыз. Үш бөлімшеміз бар. Біреуі – темір ұстаханасы, екіншісі – ағаш шеберханасы, үшіншісі – құрастыру бөлімі. Ұстахана мен шеберханада дайындалған дүниелер құрастыру бөлімінде бұйым болып шығады. Сонымен қатар құрастыру бөлімін тігін цехы ретінде де пайдаланамыз. Киім, муляж, ер-тұрман секілді бұйымдарды осы құрастыру бөлімінде жасаймыз.

Тағы бір ерекше айтып кететін шеберханамыз – өрме орталығы десеңіз де болады. Ол жерде қамшы өріледі. Өрмелі арқан жасалады. Онда үш адам жұмыс істейді. 6 түрлі қамшы өріледі.

Ал тігін аппараттарына келер болсам, барлығын өз күшімізбен сатып алдық. Әрине, барлығын бір жолда сатып алу мүмкін емес. Біртіндеп, қаржымызды жинап отырып, өз қаржымызға алдық. Үкіметтің көмегіне жүгінбедік, банктерден несие алған жоқпыз.

Әлде де сатып алатын аппараттар, жұмыс құрылғылары керек. Алдағы уақытта солардың бәрін алып, кем-кетігімізді бүтіндеп, керек-жарағымызды түгендеп, үлкен кәсіпорынға, ат әбзелдерін шығаратын өнеркәсіпке айналсақ па деген үмітіміз бар.

— Жаңа өкіметтен ешқандай көмек алмай, аппараттарды сатып алдым дедің. Жалпы шағын кәсіпкер ретінде мемлекеттен көмек болды ма? Салық жағынан болсын, қаржылай болсын?

— Ешқандай қолдау жоқ, тек өзіміздің күшімізге сенеміз!

— «Мемлекет осы мәселемізді реттеп берсе» дейтіндей, қандай да бір мұқтаждықтарың бар ма?

— Мемлекет жұмыс орнын яғни, қалаға жақын жерден шеберханаға орны жағынан көмек берсе. Үлкен аумақты қамту біз үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнімнің 2-3 есе көп шығаруымызға мүмкіндік тудырар еді.

— Әңгімеңе рахмет, Айдос!

Айтпақшы, карантин кезінде жылқы туризміне сұраныс артқаны жайлы жазғанбыз бұған дейін.

Айдос Садықов жасаған бұйымдарға тапсырыс берем десеңіздер 87051747498, 87753521455 номерлеріне хабарласуларыңызға болады.

Ержан Жаубай

baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.