Қара тайдың ақырғы бәйгесі

4288

«Таудан аққан тас бұлақ тасыса құяр теңізге,

Қанша малы болса да бай қуанар егізге». Осы әнді білмейтін қазақ кемде-кем. Бірақ біздің халық егіз тапқанның бәріне қуана бермеген, сиыр немесе жылқы екеуден төлдесе, жаман ырымға балаған.

Күн ұзарып, көктемнің игі сезіле бастаған кез. Мал жайлайын деп қораға кірсем, қоңыр сиырдың жанында екі бұзау жүр. Сүп-сүйкімді өздері. Сүйіншілеп үйге жүгірдім. Бірақ әжем мен әкемнің аса қатты қуана қоймағанын қабақтарынан аңғарғандаймын.

Совхоздардың мыңғырған малы талан-таражға түскен тұс. 1995 жыл. Солтүстікте қазақтар Қантемір деп кеткен, ал шын атауы атақты Кантемиров танк дивизиясының құрметіне қойылған Кантемировец деген миллионер совхоздың мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені әлі көз алдымда. Қайта бұл ауылдың басшылары Құдайға қараған адамдар еді, түйені түгімен жұтса да ешкім қой демеді ғой. Ауылдың қарапайым жұмысшыларына бір қора ірі қараны бөліп алуға рұқсат етті. Әкем жарықтық сол көп малдың ішінен таңдап жүріп, жалғыз сиырды жетектеп келді.

– Сүтті сиыр көрінеді. Ауыздарыңды ақтан айырмас. Бригадир бес балаң бар ғой, көбірек ал деп еді көнбедім. Аманатқа берілген мал, ертең қайтару қажет, – деді де қойды. Оннан-жиырмадан алғандар болды. Сол күні-ақ етке өткізіп, ертеңіне машина мініп жүргендерді де көрдік.

Көп уақыт өтпей сабақ үстінде гүрс еткен дыбыс естілді, терезеден бұрқ еткен шаң көрінді. Мектептің жанындағы ағаштан салынған совхоздың екі қабат кеңсесі екен құлап қалған. Қайғырған ешкім болмады. Жекешелендіру туралы барлық құжат соның ішінде кетті.

Қоңыр сиыр сүтті еді. Бұзау да, біз де тоқ. Әкем марқұм қос төлдің біреуінен құтылудың қамын ойластыра бастады. Мен болсам бөтенге беруге қимаймын. Шеткерірек тұратын орыс жігіт жекешелендіру кезінде құлынды бие алыпты. Қазір нақты есімде жоқ, шамасы биені сойып, құлыны жетім қалған-ау деп топшылаймын. Өлі жүні үрпиіп кеткен, денесін қотыр, көзін бит басқан. Адам қызығатын түрі жоқ. Әкем уызға әбден тойған, тұрқы бұзаудан гөрі торпаққа келіңкірейтін егіздің еркегін қотыр тайға айырбастады да жіберді.

Алты айлығымнан әжемнің қойнында жатып, қолында өстім. Күнде кешке ертегі айтып береді. Шытырман оқиғалы қиял-ғажайыптарды тыңдауға әуеспін. Бір қызығы, сол ертегілердегі оқиғалар өмірде орындалатындай көрінетін, қотыр тайдың оқиғасынан кейін сенімім тіпті беки түсті. «Алтын сақа» ертегісіндегі: «Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болыпты», – деп келетін тұсы санамда әлі күнге дейін сайрап жатыр.

Алғашқы күндері қотыр тайды менсінбей жүрдім. Жем-шөп салғаным болмаса, жанына жақындағым келмеді. Бұрынғы иесі жарытып азық бермеген-ау сірә. Алдына салғаныңды лезде жоқ қылады. Көздері мөлтілдеп қайтадан қарап тұрғаны. Жетім ғой. Аяй бастадым. Жемді әкем мен ағамның көзінше бір, жасырып екі беремін. Шайды да қантсыз ішуге көштім, шақпақ қантты кесеге салған боламын да қалтаға басамын. Әжем екі кәмпит берсе, біреуін қотыр тайға апарып беремін. Бір жақсысы, не берсең де жей береді.

Күн жылынды. Қылтиып көк те көрінді. Жұрт малын өріске айдай бастады. Сиырларды шығарып болдым. Кезек қотыр тайдікі. Қора түгілі үйде жарық жоқ ол кезде. Есік байлап жүрген қысқа жіпті мойнына салдым да, жетектеп сыртқа алып шықтым. Екі-үш ай қараңғыда тұрып, жарық дүниені ұмытып қалған-ау. Құлағын тіктеп алған, жан-жағына үрке қарайды. Арланның керіліп үйшігінен шыға келмесі бар ма? Иттің боғын жеген мал өліп қалады деп оны қораға жолатпайтынбыз. Сондықтан екеуі бірін-бірін танымайды. Бөтен көрсе тілерсектен бір тістемей тынбайтын Арлан арс етті. Қотыр тай да бір осқырынып алып, қолымдағы жіпті жұла шаба жөнелді.

Үйдің алды жазық дала. Әріректе, сиырлар жайылып жүр. Қотыр тайдың да бағыты сол жақ. Бәріміз қораның үстіне шығып алып, көз алмай қарап тұрмыз. Құйрығын көтеріп алып, ары-бері ұзақ шапқылады. Жан-жағындағының бәріне үрке қарайды. Кешегі жүні үрпиген, денесін қотыр басқан жетім құлынның бір белгісі де жоқ. Көз алдымызда қаз мойынды, бота тірсекті тұлпар ойқастап жүр. Осыдан кейін қиял-ғажайыпқа қалай сенбейсің?

Зымыраған уақыт. Жыл айналып өте шықты. Алда Наурыз мерекесі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әз-Наурыз ауылдарда ерекше тойланушы еді ғой. Балуан күрес, арқан тартыс, ат жарыс. Бұрын тайға мінген балаларға терезеден қызыға қарап отыратын мен биыл бел ортасындамын. Қотыр деген теңеу лезде ұмытылды. Қазіргі атауы – қара тай. Нағыз сүлік қараның өзі. Бұдан басқа жылқымыз болмағандықтан суды жаяу тасығым келмей шанаға жегіп те көрдім. Бос шананың өзін тарта алмады, әлде тарқысы келмеді ме екен? Сәйгүлікті қор қылмайын деген оймен мен де оны көп қинаған жоқпын. Басы өте қатты еді. Денесі қызған соң тоқтату қиын. Танауы делдиіп кетеді.

Солтүстікте наурызда қар әлі қалың. Күртік қарда шабу қауіпті. Сондықтан күні бұрын трактор егіс алқабын айналдыра жол салып шықты. Бір айналымның өзі екі шақырым шамасында. Тайларға арналған қашықтық – үш айланым. Халық ерте жинала бастады. Алдымен тамашалайтындары – тай жарыс. Тұлпарларымыз дене қыздырсын, жолға көз үйретсін деп бір айналым шауып өттік. Мұндай кезде сыншы көбейіп кететін әдеті ғой. Бәрі болжам айтқыш. Әңгіменің негізгі кейіпкерлерінің бірі менің астымдағы қара тай екенін ішім сезеді.

– Ала тайдың тұрқы бөлек, бәйгені сол алады-ау, – дейді орыс сыныпта оқитын Сашаның Қамбар ата тұқымынан гөрі зебраға келіңкірейтін тайын көрсетіп.

– Жоқ, қара қайдың аяқтары ұзын. Қара үзіп кетеді, көр де тұр, – дейді екіншісі сұқ саусағымен мен тұрған жақты нұсқап.

«Баста» деген белгі беріліп, тізгінді жібергенім сол тыпыршып тұрған тұлпарым бірден суырылып алға шықты. Қамшы салдырған жоқ. Мәреге жеке дара жетті. Тек ала тай ғана ілесе алған екен. Бұл кезде суық желден жасаураған көзден қуаныштың жасы да қосыла шығып кеткен еді. Бір шапса тоқтату қиын екенін жоғарыда айттым ғой. Тізгінді тарта-тарта қолым қарысты. Үлкендер жанаса келіп, ұстап алмағанда не боларын білмеймін?!

– Бұл қай айғырдың тұқымы екен? Болашақта бәйге бермейін деп тұр ғой, – деп ауылдың үлкендері тамсанып жатты. «Кеше бұзауға айырбастап алған қотыр құлын осы» десең ешкім сенбес еді. Сондықтан әңгіме осы жерден тыйылды.

Бұл қара тайдың алғашқы және соңғы бәйгесі екенін ол кезде білмеген едім. Ұры-қарылар алдымен үкіметтің малын құртты, ол жақта ұрлайтын ештеңе қалмаған соң  жеке адамдардың қорасына түсе бастады ғой. Қара тай да ауылдың бір үйір жылқысымен бірге бір түнде зым-зия жоғалды. Мен де содан кейін бәйгеге шапқан жоқпын.

Ербақыт Амантайұлы, журналист.

Солтүстік Қазақстан облысы

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.