Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ. Дарабоз шабандоз

8538

Ат спорты түрінен КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев туралы толғау

Кеңес заманында түркі тектес халықтардың ұлттық спортын дамытуға шектеулі түрде көңіл бөлінген. Соның бір саласы ретінде 1938 жылдан бастап Орталық Азия елдері (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан) арасында ұлттық күрестен спартакиада өтетін болған.

1940 жылы шілде айында Мәскеу қаласында ҚазССР-нің 20 жылдығына орай орталық «Динамо» стадионында мыңдаған көрерменнің алдында біздің балуандар қазақша күрестің үлгісін көрсеткен. Кеңес одағының спорт мамандары қазақша күрес үлгісін оңтайлы көріп, осы үлгі бойынша 1941 жылы ақпан айында Фрунзе (Бішкек) қаласында Орталық Азия республикаларының чемпионатын өткізген.

Сондай-ақ, түркі тестес халықтардың ат спорт түрлерін дамыту да аздап болсын қолға алынған. Бұған жоғарыда аты аталған бес республикамен қатар Әзербайжан елі және Солтүстік Кавказдың халықтары қатысып, өнер көрсеткен. Осы орайда, әрбір мемлекет өздеріне тән ұлттық спорт түрлерінен көріністер көрсетсе, ал барлығына ортақ сайыс ретінде көкпар таңдап алынған.

Одақ деңгейінде екі немесе төрт жылда бір рет өтіп тұратын Бүкілодақтық ат спорты сайысына Қазақстан құрамасы да қатысып, команда капитаны Әбілхан Дауылбаевтың басшылығымен намысты қолдан берген жоқ. Ал, Қазақстан құрамасының капитаны Әбілхан болса тоғыз дүркін КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ.

абилхан 3

Ат спорты түрінен КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев

Көкпарға бастаған жол

Әбілхан 1949 жылы Жамбыл облысы Түлкібас ауданының Иірсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Дауылбай да аты әйгілі шабандоз болған екен. Ал, Әбілханды көкпарға алғаш баулыған адам үлкен ағасы Пайызхан. Пәкең колхоздың шолақ бастықтарының бірі һәм жылқы бригадасының жетекшісі себепті інісі Әбілханға сүйген атын мінгізіп, бес жасында тақымын шынықтырған.

1955 жылы мектеп табалдырығын атаған бала Әбілхан оқу-тоқуға көндіге алмай, ауылда мініп-түсіп жүрген аттарын аңсап, бөтен жұртқа жерсінбейтін сары атандай төрт шақырым жердегі үйіне қашып кетеді. Екі айдан кейін әйтіп-бүйтіп әрең оралады. Бастауышты біріген соң Әбдікерім дейетін көкесі оны Сайрам ауданының орталығындағы мектеп-интернатқа әкеліп орналастырады.

Жастайынан атқа мініп, тұла бойы желқақты шымырланып ержеткен Әбілхан а дегенде мектеп-интернаттың волейболшылар сапынан табылып жүрді. 1966 жылы орта мектепті тәмамдеп, Түлкібастағы гидромелиоративтік техникумға барған соң, баскетболдың тарғыл добын қуалап, біразға дейін барды. Алғашқы спорттық разрядын да баскетболдан алды. Ол 1969 жылы оқуын бітіріп, туған ауылына электрик болып жұмысқа орналасты.
Бір күні жастайынан бірге өскен Сейітмұхан дейтін досы келіп тұр: «Әбілхан сенің қолың ұзын және қарулы көкпарға бейімің бар жігітсің, ертең Дәубаба ауылында бір әулет көкпар бергелі жатыр деп естідім, соған барып қатысып көрмейміз бе?». Әрине, ұсыныстан біздің жігіт бас тартқан жоқ. Оның сыртында Сейітмұхан додаға түсіп ысыла бастаған шабандоз. Содан екі дос жоспар құрады. Қолы ұзын Әбілхан доданы жарып кіріп жердегі көкпарды лып еткізіп, іліп алады да Сейітмұханға ұстата қояды. Аты ұшқыр Секең қолма-қол мәре көреді.

Осылай алғашқы салымның дәмін татқан Әбілхан енді шындап айналыса бастайды. Екі жылдың ішінде Әбілханды Түлкібас былай тұрсын, көршілес Леңгір, Сайрам ауданының шабандоздары танып болды. Сол жылдары Әбілхан көкпарға Пістелі ауылында тұратын ақсақал Аман Сапаровтың «Сары» дейтін айғырын мініп шабатын.

Сары айғырды мініп, жасанып шыққанда Әбекең Тайбурылға ер салған Қобыланды батырдай сылаңдайтын. Шіркін Сары айғыр да жылқының төресі еді ғой, шабандоз көкпарға еңкейгенде төрт аяғымен тең тіреп тұрып, белін созатын да, үстіндегі адам көкпарды ілгенде лып етіп қынаптан суырылған алмас кездіктей, топты қақ айрып шыға беретін.

Ол кезде бұл өңірдің жігіттері де жаман болған жоқ. Әбілханмен тартысуға білегі мен жүрегі шыдайтын азаматтар көп болды. Кейін атақты шабандоз ретінде танылған Шайдулла Сәрсенқұлов, Шымырбай Әуезбаевтар керек болса тақымдағы серкені айырып әкетуге дайын тұратын. Осындай жалаңдаған жас бөрілердің қанды азуынан олжа айыру оңай емесі әмбеге аян.

88 киев медетбек жанабаевӘбекеңнің сол жылдары Біліс деген палуанмен тартысын көзі көргендер аңыз қылып айтады. Екі марқасқа топтан көкпарды тартысқан күйі алып шығады. Тартыс әбден қызғанда Әбілхан атының басын сайдағы қалың доланаға қарай бұрады. Жыныс өскен бұта-бүргенге екпіндей шапқанда Біліс палуан атын аяп көкпарды жібере салады екен. Бұл әдісті Әбілханға әкесі Дауылбай үйреткен дейді көнекөздер. Өйткені, Даулыекең де жас кезінде атақы палуан Шымырбай Үсеневпен тартысып қалғанда долана сайға қарай шабады екен.

Әбекеңдер 1970-ші жылдардың соңында қырғыз асып барып ол жақтағы таудың көкаршыларымен тартысып қайтатын. Олар да осал емес, аттары да мықты. Ерте де таудың қырғыздары серке орнына тайынша-тана тартады екен. Әрине, тана тақымға басылмайды, сондықтан өңгеріп шабатын көрінеді. Басқасы – басқа бір центнерден астам салмағы бар тананы жерден іліп алудың өзі қаншалық қиын дүние…

Сонымен қырғыз еліне Әбекең шабандоз досы Медетбек Жанабаевты ертіп барған. Бұл 1979 жылы болатын. Олар Бахайыр ауылында өткен көкпарға қатысып, салымға тігілген бес жылқыны ұтып алады. Қырғыз бауырларда қазақ шабандоздарын қадірлеп, үлкендер ақ батасын берсе, жасы кішілер Әбілханның беліне байлап шыққан ақ шытын тәбарәк ретінде бір-бір жапырақтан бөліп алып жатты. Тіпті бір қырғыз Әбілханды тірідей алып келіп, көкпар тартысын көрсеткен Медетбекке көрімдік ретінде бір қойды өңгертіп жібермесі бар ма?!

Өткен ғасырдың сексенінші жылдардан бастап Әбілхан Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында тұратын Қаракөз деген өзбек әканың Ақжал атын мініп шапты. Ақжал нағыз көкпардың аты екен. Кезінде иесі оны 10 мың рубльге қығыздардан сатып алыпты.

Оңтүстік өңірдің көкпаршылары әлі күнге ұмытпай айтып жүретін 1984 жылы Ордабасы ауданы Шанақ ауылында өткен көкпарға өңір-өңірден аты әйгілі 600 шабандоз жиналыпты. Осы тартыста көкпарды додадан алып шығудың өзі мұң болған деседі көз көргендер.

Ақжал атпен ортаға кірген Әбілхан көкпарды іліп алып тақымға басқанымен, додадан алып шыға алмай 30 минут тартысып тұрып қалады. Кәнігі көкпаршылар жақсы біледі, нағыз дода қызғанда отыз минутты былай қойып серкені бір минут ұстап тұрудың өзі ауыр. Атақты Шайдулла палуанмен Әбілхан тартысқанда маңына жолау мүмкін емес еді, дейді білетіндер Әбілхан палуан Шайдулладан құтылса, күллі оңтүстікке танымал өзбек Мәулен палуанның төрт бірдей жалаңдаған, аш бөрідей ұлдары астындағы арғымақтары ауыздығын қарш-қарш шайнап, қаздай тізіліп күтіп тұр екен. Осы төрт қасқыр қатар шапқанның өзінде Әбілханның тақымындағы көкпарды ала алмай қиналыпты. Ақыры бәрін жеңіп салымға апарып көкпарды тастаған Әбекең киімін сыпырып сыққанда төгілген тер су боп аққан екен.

Тағы бір есте қаларлық үлкен көкпар 1985 жылы қараша айында Сырдарияның бойындағы «Овцевод» совхозында өткен дейді. Баяғы Ақжал айғырын арқыратып Әбекең келген. Осы тойдың бас төрешісі, яғни үкім айтушы Асан дейтін аузы дуалы ақсақал Әбілханның шабысына қарап тұрып: «Мұндай шабандозды өз басым бұрын-соңды көрмеппін, бұл ғасырда бір туатын палуан» деген екен.

Басқаға салым бермей бәрін қырып бара жатқан Әбілханға қаны қайнаған біреулер шабандоз додадан сытылып шыққан сәтті аңдып тұрып, мәредегі кілемді алып тастайды. Ақжалмен ағызып келіп мәрені іздеген Әбекең, «мәре қайда, мұндай иттікті қойыңдар!» деп күркірейді. Оқиғаның барысын қадағалап тұрған бір ақсақал ортаға шауып шығып, шапанын шешіп лақтырып жіберіп, «мәре әне сал!» депті.

Осы көкпардан біздің кейіпкеріміз 2 жылқы, 4 ірі қара, бірнеше ұсақ мал және ақшалай сыйлық ұтып алыпты. Оның бәрін Сансызбай Смайылов деген бөлесі жүк көлігіне тиеп алып кетіпті.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап оңтүстік жақта көкпардың салымы өзгерді. 90-шы жылдардың басында көкпарға машина тігіле бастады. Алғаш рет 1994 жылы мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толған мерейтойы кезінде бас жүлдеге «Жигули» жеңіл көлігі қойылды. «Дүние көздің құрты» дегендей, ақ жигулиді ұтып алу үшін барлық мықтылар жиналады.

Содан дода басталады. Серкені тақымға басқан Мұхтарәлі Ибрагимов деген шабандоз топтан сытылып шыққанымен мәреге жетпей көкпарын түсіріп алды. Жердегі көкпарды іліп әкеткен Жансейіт Төленов те мәреге жеткізе алмай айырылады. Бәрін сырттай бақылап тұрған Әбілхан келіп додаға түсті. Көкпар Сейіт деген палуанның тақымына кетіп барады. Оны Раушан деген шабандоз жұлып әкетті. Раушан мен Дәуірбай тартысып жатқан сәтте көлденең келіп киліккен Әбілхан екеуінің қолындағы көкпарды жұлып әкетті. Әбілханның қолына көкпар тиген соң басқалар сыпырылып шыға берді. Сөйтіп, көкпар тарихындағы алғашқы машинаныны да Әбекең мінді. Бұдан кейінгі жарыстардан да атақты шабандоз жеті дүркін жеңіл көлік ұтып алды.

Одақтың биігінде…

краснодарӘбілхан Дауылбаев тек оңтүстік өңірге ғана емес, күллі Одаққа танылған шабандоз. Оқиғаны басынан бастасақ: 1980 жылдары Қазықұрт ауданы «Күйік» совхозында шопандар слеті өтіп, осы жиын үстінде обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров көкпаршылардың облыстық құрамасын жасақтауды тапсырады. Құрама сапына Әбілхан да алынады. Осы жылдың мамыр айында Алматыда шопандардың республикалық слеті өтіп, бағдарламасына көкпар ойыны енгізілген екен. Аталмыш сайыста Әбілхан бастаған команда жеңіс тұғырына көтеріледі.

Ертеңінде оңтүстік көкпаршыларын ҚазССР ауылшаруашылық министрінің орынбасары Зайнутдинов шақырып, оларға Бүкілодақтық ат ойындары спартакиадасына қатысуға ұсыныс жасайды. Себебі, аталмыш ойын барысында көкпардан тәжіктер 15 мәрте, өзбектер 8 мәрте, қырғыздар 2 мәрте КСРО чемпионы атанып, қазақтар жүлденің қарасын көре алмай қапы кетіп жүрген заман-тын.

Жағдайды түсінген оңтүстік өрендері: Әбдіғаппар, Зұлпықар, Рахметолла, Тілеубектер ортасынан Әбілханды капитан сайлап алып, ХХІІІ Бүкілодақтық жарысқа жұтынып барады. Алғашқы сайыста біздің жігіттер тәжіктерге тап болды. «Тайлалап» ұрандаған тәжік шабандоздары қазақтарды қалпақпен ұрып аламыз деп ойлады. Бірақ жағдай олай болмады, бұлар өткен жылғы ат үстінен көкпармен бірге домалып жататын қазақтар сойынан емес екен. Тәжіктерді тасырлатып отырып, алаңнан айдап шықты. Күллі киевОдақ аң-таң. Кешікпей қырғыздар да тәжіктің кебін киді. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет қазақ шабандоздары 1980 жылы КСРО чемпионы атанды.

Келесі жарыс 1982 жылы Краснодар қаласында өтті. Әбілхан, Медетбек, Әбдіғаппар, Зұлпықар, Үсен, Төлеш, Саттархан, Ораз, Тілеубек қатарлы қазақ шабандоздары екінші рет чемпион атанды. 1984 жылы Бүкілодақтық ат спорты ойындары тағы да Краснодарда өтіп, қазақтар үшінші дүркін жеңіс тұғырына көтерілді.

1986 жылы тағы да осы жетістік қайталанды. Бірақ Әзербайжан құрамасымен болған сайыста Әбілханның үш қабырғасы сынып жарысты жалғастыра алмайтындай күйге түсті. Қазақтың топ бастаған серкесі жарыстан шығып қалғанын аңдаған тәжіктер құтырынып кетті. Шешуші сында олар қазақтарға дес бермеуге айналды. Тәжіктердің үстемдігін байқаған Меделбек палуан: «Әбілхан, жаның бар болса, ортаға шық!» деп айғайлайды. Әбілхан сынған қабырғасын таңып алып, атылып шықты ортаға. Әбілханды көргенде тәжіктердің шеті сетінеп жүре берді.

Аталмыш жарыс 1987 жылы Грузияның астанасы Тбилиси қаласында, 1988 жылы Украинаның Киев қаласында өтті. Киевте өткен жарыста өзбектер өз жігіттеріне сенбей жетісайлық қазақтарды алып барғанын Әбілхан әшкерелеп салды. Бұдан кейін де қазақ шабандоздарды тағы да үш дүркін КСРО чемпионы атанып, қазақтың атын шығарды.

Түйін сөз

Әбілхан Дауылбаев – 2000 жылы көкпардан Қазақстан құрама командасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Ол жаттықтырған команда көкпардан Азия чемпионы атанды. 2001 жылы Түлкібас ауданында елімізде тұңғыш рет ат спорты мектебі ашылып, оған директор болып Әбекең тағайындалды. Осы мектептен Әскер Ибрагимов, Бағлан Шымырбаев, Ерлан Саев болашақ шабандоздар туып шықты. Әбілхан ағамыз әлі де көкпардан қалмайды. Өзі додаға түспесе де, шәкірттерін баулып, ізбасарларын дайындап жүр.

– Көкпарда ең басты дүние жүлде емес, додаға түсіп өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеу, – дейді Әбекең. Ал, қызғаншақтық болса, шабандозға жараспайтын жаман қасиет.

Бекен Қайратұлы,

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!