Сәдібек ТҮГЕЛ. Елімізге жылқытану институты керек

8903

Қазақ халқы жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Жүздеген ғасырларға созылған көшпенді өмір салтының негізгі аспектісі мал шаруашылығы десек, соның ішінде жылқы түлігінің маңызы ерекше. Азияның апайтөс даласынын дүбірлеткен тұлпарлардың тұяғы мүлгіп жатқан Еуропаны ұйқысынан оятты. Адамзат баласы үшін жылқы – қарым-қатынас, хабар алмасу һәм әскери стратегиялық құндылықтардың дамуына үлкен әсер берді.
Осы орайда, қазақ тарихында аты аңызға айналған тұлпар Құлагерге арнайы ескерткіш тұрғызып, қазақтың төл түлігі Қазанаттың тарихын зерттеп жүрген жазушы-журналис, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, атбегі Сәдібек Түгел мырзамен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз. (Сұқбат бірнеше жылдың алдында өткен — Арғымақ.кз)

Sadibek T.– Құлагерге ескерткішін тұрғызу идеясы қалай пайда болып жүр?
Қазақ халқының тарихында Ақан сері мен оның атақты тұлпары Құлагердің орны ерекше. Олардың тағдыры трагедияға толы. 1876 жылы күзде атақты Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынайдың асында Құлагерге тарихта бұрын-соңды болмаған қастандық жасалды. Жүзден — жүйрік, мыңнан – тұлпар атанған Құлагеріміз қанішерлердің қолынан Ерейментау жеріндегі Қусақ көлінің маңында мерт болды.
Қазақтың маңдайына біткен осы тұлпардың бейнесін халықтың жадынан өшірмеу үшін 1989 жылы Ерейментау қаласы мен Еркіншілік стансасының дәл ортасына, биік дөңеске Құлагерге арнап ескерткіш орнатты. Оған мұрындық болған азамат ұлты неміс Еркіншілік кеңшарының директоры А.Ример дейтін адам.
Мүсін ерекше шеберлікпен жасалып, мыстан құйылған. Жаңадан үйленген жас-жұбайлар келіп тағзым ететін дәстүр қалыптасқан. Мектеп оқушылары арнайы саяхат ұйымдастырып, өлкетану туралы мағлұмат алатын болған.
Осы мүсінді 1996 жылдың жазында белгісіз біреулер бұзып, қиратып, бір жаққа алып кеткен. Шамасы метал ретінде темір қабылдайтын орынға өткізіп жібергенге ұқсайды. Содан бері қаншама жыл өтті. Құлагердің орыны үңірейіп бос тұр. Ұрылар әлі ұсталған жоқ.
Осы келсеңсіз жәйт Құлагерді құрметтейтін, ұлттық спортты, ұлттық өнерді бағалайтын азаматтардың ренішін тудырып, жанымызға ызғырдай батып, шаншудай қадалып, намысқа тиіп жүрді. Мысалы, мүсіннің тоналғанын естіп, сенер-сенбесін білмей, өз көзімен көруге Шығыс Қазақстаннан Сатый есімді азамат келді. Өзі Ильяс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жатқа айтатын, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын белгілі атбегі азамат. Бұл 1996 жылдың ақпан айы болатын. Содан орыны үңірейіп, кергіш темірі алқам-салқам болған мүсіннің сипатын көрген Сакең өкіріп жылады. Есіл азаматтың сол жерде жүрегі ұстап қалды.

— Құлагер ескерткіші үшін ол жерді неге таңдадыңыздар?
– Біріншіден, Құлагер образы Ұлы Даланың символы. Екіншіден, Ақан сері мен Құлагердің туған өлкесі осы Сарыарқа. Үшіншіден, «Астана-Көкшетау» жәй ғана қатардағы жол емес оның стратегиялық маңызы зор. Бүгінгі таңда туризмге басты көңіл бөлінуде. Ал, Бурабай қазіргі туризмнің – көзі. Сол себепті, Құлагердің мүсіні Бурабайға бара жатқан саяхатшылардың көзіне түседі. Әлемдік тәжірибеде жол бойына осындай ескерткіштер орнату мәселесі әлде қашан шешілген. Төртіншіден, ескерткіш орналасқан жерге болашақта «Құлагер-Аламан» атты ат жарыстарын өткізуге болады. Бесіншіден, бұл жерде болашақта Ұлы Даламыздың құндылықтарына арнап музей ашуға да мүмкіндік қарастырылған. Алтыншыдан, ескерткіштің таңдалған жері – ұлт зиялыларының интелегенция өкілдерінің, ғалымдардың, жазушылардың, өлкетанушылардың ұсыныстары бойынша реттеліп отыр.

— Бұрын қазақта Қазанат тұқымды тұлпарлар болған. Ол туралы эпостық жырларда көп айтылады. Сіз қазақтың осы жылқысын зерттеумен айналысып жүрсіз, бұл тақырыпта не айтасыз?
— Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мен ең әуелі қазақтың Қазанатын іздеуіме не түрткі болды, сол туралы айтайын. «Қазанат» деген сөзді ең алғаш 1960 жылдары 5 жасымда әкемнің аузымнан естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. «Мынау қазақтың ұлан-ғайыр даласын біздің батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана қорғады десеңдер қателесесіңдер. «Ат — ердің қанаты». Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған. Қазір сол аттар көзден бұлбұл ұшып, тұқымы құрып барады. Қазақ – Қазанатқа қарыздар» деген еді.
Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен бір күні Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты.
Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын, қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды. Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орыс, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бекер айтпаған.

— Бірнеше жыл бұрын «Қазанат тұқымы толық жойылып кетті» деген сыңайлы пікір айтып едіңіз…
— Қазанат тұқымы қазір жаппай қолдасыныста жоқ. Бұрын болған. Қазақ даласында 1930 жылға дейін 60 миллионнан астам мал болған екен. Тек жылқының өзі 4 миллионнан асқан. Бұл сол тұстағы 6 млн халыққа жетіп жатыр деген сөз. Одан кейін Голощекин Қазақстанда «кіші октябрь» жасаймын деп қазақтардың қолынан жылқысын тартып алды. Сондағы ойлап тапқаны «маңқа ауруы» еді. Сау малға маңқа тиді деп, жылқыны қынадай қырған.
Алапат жылқы қырғыны болған жер Ақмола облысы Егіндікөл ауданына қарасты Жалманқұлақ ауылы. Ауыл іргесінде «Жылқы моласы» аталатын үлкен сай күні бүгінге дейін бар. Бірнеше жүз адам жабылып қазған терең орға 1931-32 жылдары қисапсыз көп жылқыны мылтықпен атып құлатқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, осы қазан шұңқырда бірнеше облыстың құйма тұяқтысының сүйегі жатқан көрінеді. Нәтижесінде жоғарыдағы 4 млн жылқыдан 150-ақ мыңы аман қалған.

— Сәке, біздің ұлттық спорт ойындары дегеніміз негізінен «Ат ойындары» емес пе?
— Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омыраулату, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары», құсбегілік-саят өнері деген сияқты…

– Ат спорты ойындарының жанданған кезі соңғы жылдары ғана емес пе?
–Ат спорты ойындары өткен тоқсаныншы жылдардың басыңда қолға алынды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары өте жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.
Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайының ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойнындары жанданды. Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылықтар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.
Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылы Жастар ісі, туризм және спорт министріне хат жаздым. Ол хат абырой болғанда министрліктің бөлім бастығы Елсияр Қанағатовтың қолына тиіпті. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр мырзаға әлі күні алғысымыз шексіз. Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Бір жылдан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет Қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы шақырылды. Бұл күн – Ұлттық Ат спорты түрлері федерациясы үшін тарихи дата болып есте қалды
1998 жылы ҚР Ұлттық Ат Спорты Федерациясының І съезін өткізіп, арнайы тіркеуден өттік. Нәтижесінде ұлттық спорт заңды күшке ие болды.
Елімізде ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында біраз шаруаларды атқардық. Алғашында бір ғана Ұлттық Ат спорты Федерациясы болса, қазір бұл үлкен Ұлттық Спорт Қауымдастығына айналып, ол өз құрамына 17 республикалық федерацияны біріктірді. Олардың өзінде облыстық, аудандық филиалдары бар. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын.

— Кезінде шетелдерде өтетін дүбірлі додаларға қатысып жүрдіңіздер, нәтиже қандай болып еді?
— Ең алғаш рет 1996 жылы Венгрия Республикасы ұйымдастырған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалінің бас жүлдесінен дәмелі 23 мемлекет ішінен қазақтың жұлдызы оңынан туды. Көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері бойынша оқ бойы озып шықтық. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген еуропалықтар жапырылып құлады. Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Бізге дейін мажарлықтар: «Бізді дүниеде ат үстінен аударып түсіретін ұл туған жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Осы мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қасқағымда ат үстінен жұлып-жұлып алып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлардың салмақтарының өзі 120-130 келі, бойлары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бойлы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс-айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.
2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы деген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия сынды ірі мемлекеттер де бар.

— 2007 жылы Ұлыбританияға барған бүркітшілеріміз зор табысқа кенелді деп естідік. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– 2007 жылдың 14-15 шілдесінде Еуропаның төрі Лондон қаласында біздің бүркітшілер тарихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінен суырылып алға шықты. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, текемет, қамшыдан тартып, сегіз қанат киіз үй апарған біздің жігіттер – бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды. Франция, Германия, Бельгия, Британия, Бразилия, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер қатысқан бұл фестивалға 5000-дай адам қатысты. «Британ құсбегілері» ұйымының басшысы, халықаралық құсбегілер Федерациясының президенті Джим Чикпен кездесу өткіздік. Мәдени-спорт саласына қатысты екіжақты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері талқыланды. Біз апарған киіз үйді Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрінің орынбасары, БАӘ Құсбегілер клубының төрағасы Шейх Хамдан бин Заед Әл-Нахянның өзі келіп тамашалады. Киіз үй Британия мұражайына табыс етілді.

— Қандай істе болмасын әттеген-айлар мен олқылықтар кетіп жатады, ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін алда қандай шешімін таппаған дүнинлер бар?
— Ауқымды істер қиындықсыз, қателіксіз, олқылықсыз болмайды. Қанша жерден еуропалықтар алдында беделіміз үстем болып, оларды мойындатып жүрсек те, өз елімізде пұшайман күй кешетініміз бар. Оның үстіне ұсақ-түйектен үлкен проблемаға айналып кететін дүниелер де жетерлік. Мәселен, ұлттық спорт түрлерін өткізетін спорт кешендері, алаңдар, ипподромдар, арнаулы атшабарлар, сайыс өткізетін орындар аз. Бары жекеменшікке айналған. Олар көңілі қаласа беруі мүмкін, көңілі түспесе ипподромның маңына жолатпайды. Ұлттық спорт кадрларын даярлау, іріктеу деген сияқты мәселелер де өте күрделі болып отыр.

— Сөзіңіз ауызыңызда, қазір елімізде жылқы түлігіне қызығушылық танытып жүрген қалталы азаматтар көбейіп, олар, өзіңіз айтпақшы жеке ипподромдар салып, тіпті, жылқыларын асылдандыру үшін шетелге барып, асыл тұқым әкеліп жатыр. Бұлар сәндік үшін бе, әлде…
— Иә, қазір елімізде қалталы азаматтардың жылқы малына деген қызығушылығы тіпті ерекше. Мұның пайдасы өте көп, бірақ зияны да бар. Олардың жылқыға миллиондаған қаржы жұмсап, тұқымын асылдандыру жолындағы әрекеттерінен ешкім жапа шекпейді. Керісінше, біздің қолымыз жетпей жүрген жағдайларды жекелеген мырзалар атқарып жатса, оған қуанған дұрыс. Ал енді, зиянды жағына келсек, бұл үлкен бәсекелестікке ұласып бара жатыр. Бір-бірінен асып түспек пиғылдағы әрекеттер ішкі кекке, аяқтан шалушылыққа ұласып кете ме деп де қауіптенесің. Және қалтасында ақшасы бардың бәрі бірдей жылқы малынан, оның жан дүниесінен хабары бар деп айтуға келмейді. Бұл жерде абай болған дұрыс. Жылқы өте киелі жануар. Малды асылдандырамын деп жүріп, опық жеуі де ғажап емес.

— Ұлттық спорттың қайнары ауылда. Сол себепті ауыл спорты мен ұлттық спортты жеке дара бөліп қарауға болмайтын сияқты?
— Иә, бұл өте үлкен проблема. Ауылда – нағыз таланттар, болашақ спортшылар, көкпаршылар, бүркітшілер өсіп келе жатыр. Тек, оларға тиісті дәрежеде қолдау көрсетіліп, жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта барлық облыс, аудандарда «Ұлттық спорт мектептерін ашсақ» деген үлкен арманымыз бар. Ең бастысы – Жылқы институтын ашу. Егер елімізде Жылқы институты ашылатын болса, ол жылқы шаруашылығы және ұлттық ат спорты түрлерімен түбегейлі ғылыми негізде шұғылданар еді. Сонымен қатар, еліміздегі жылқының асыл тұқымды тектерін сақтау және көбейту, ат спортына жарамды түрлерін сұрыптап алу, көкпар аттарын өсіру, әсересе жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған Қазанатымызды қайта қалыптастыруға осы институт бірден-бір қажет.
Біз айналысып жүрген спорт түрі «ұлттық» деген сипатқа ие болғандықтан, киім үлгілері де ұлттық нақышта болуы керек. Аттың жалында нағыз қазақ жігітінің шауып келе жатқанын сезіну керек былайғы жұрт. Қазір елімізде жастарды патриотыққа тәрбиелеу деген сияқты жалаң ұраншылдық басым, патриоттық дегеннің өзі қарапайым нәрселерден тұрады. Өзіңіз ойлаңызшы, ұлттық киімді киіп, әсем өрілген тобылғы сапты қамшыны қолына ұстап, бедерлі әбзелмен ерттелген атқа қонған бозбала қалайша рухтанбайды, қалайша оның жүрегін ұлтына деген мақтаныш кернемейді. Сондықтан, ұлттық спорттық ойындар тек қана жігіттерімізді батырлыққа, еркектікке тәрбиелеп қоймайды, оларды өз ұлтын, Отанын сүйетін, елі үшін жанын қиятын жауынгер, ұлтжанды ұлан етіп тәрбиелейді. Ал, біздің әкелеріміз өз кезегінде балаларын ұлттық спортқа өздері балуға міндетті. Бұған — әрбір әке өз ұлы алдында адал атқаратын парызы ретінде қарауы керек.

Beken K.Бекен Қайратұлы, этнограф-журналист

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.