Нұрлан СӘДІР. Жылқымен емдел, Қазақ!

8650

«Алжудан әбден қорлық көрген Батысқа(!)» қоғамның қартаюы салдарынан Альцгеймер ауруы әкелетін орасан зор шығындар туралы ғаламтордағы ақпарат себеп болды. Бұл шығындарға қарттар үйін күтіп ұстау, ауру адамға жасалатын үйдегі күтім, науқастың және оны күтушінің өндрушілік қасиетінен айрылуы, т.с.с кіреді екен. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек әлемде деменцияға 160 млрд доллар, бір АҚШтың өзіне жыл сайын 100млрд шығындалатын көрінеді.
Атам қазақ жасы ұлғайған кезде тек ақыл-есін ғана емес «қойнындағы қалашын» да сақтап қала алғаны туралы деректер аз емес. Сонау жаугершілік заманда қазақ өзінің санын жоғалтпағаны осы «балақтан бала саулатарлық» қасиет біздің халқымызда ортадан жоғары болғаны туралы тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Бұның сырын тағы да салт-дәстүрден іздейміз. Біраз адамдар қазір бұрынғылардың белдік қуатын ет пен қымызбен байланыстырады. Мен бұны түбегейлі жоққа шығармағанымен, бұл мәселеде шешуші роль ет пен қымыз емес, осы қасиетті ас-сусынның көзі — жылқы екенін туралы пікір білдіргім келеді. Жылқыға күнделікті міну, басқа табиғи жағдайларда дамыту мүмкін емес дерлік, аса маңызды бұлшық ет-сіңірлер тобы – тақымды дамытады. Ал аттан аунап түсіп қалмайын деген талпыныстан тастай болып дамыған тақым, өз кезегінде, қарауындағы бүкіл маңызды органдар: қуық, бүйрек, тік ішек және біздің әңгімеге етене жақын еркектік без – простатаны формасын жоймай, қуысынан ауытқытпай белсенді, тонусы жоғары қалыпта ұзақ ұстауға зор себебін тигізеді. Жаңа ғана айтып кеткендей күнделікті тірлікте, не отырып тұру, ұзақ жүру сияқты кәдуілгі қарекет-қимылдар арқылы тақымға күш түсіру, яғни дамыту мүмкін емес. Әрине, Лег Мэджик сияқты тақымды дамытатын арнайы тренажерлер бар, алайда табиғилығы мен ләззаты жағынан жылқыдан артық тренажерді ешкім ойлап тапқан жоқ, сірә таба алмас та. Жылқының жалына қол тигізгеннен басталатын ауызбен айтып жеткізе алмайтын күй, желгеннен басталатын желік қанша жеткіншекті есірткіден, суицидтен, неше түрлі жыныстық азғындаулардан сақтап қалар еді деп ойлап қоямын. Жер бетінінің еркек кіндіктісінің жарымға жуығын жерге қаратып жүрген простатиттің себебі ретінде ғалымдар салқын тию, жамбас қуысында қан айналымның баяулауы (застой), стрессті атап жүр. Ал қолданылатын ем-домның алдыңғы қатарында массаж бен физио-емшаралар тұр. Сөйтіп, біздің жылқы өзінің табиғи қызуы мен үйкелісінің әсерінен емшараның екеуін де біріктіріп, кірген суықты қайтарып, қан айналымды жақсартып простатиттің алдын алып, бастала бастағанының бетін қайтара алады. Ал стресске келсек бұл тұрғыдағы атыңнан айналайын жылқы түлігінің әлеуетін (Қамбар атаның жатқан жері жарық болсын!), менің орныма, емі-жоқ деген аутизм, ДЦП, Даун дерттеріне шалдыққандар жүгінетін иппотерапия ілімі айтып берсін.
Реті келгесін айтып қалайын, қазақтың қазіргі қалталы азаматтары осы бақуатты күйіне ең әуелі өзінің ет тірілігінің арқасында жетті дегеннің өзінде, олар қоғам алдында қарыздар. Олар осы қарызын жылқыға қатысты салт-дәстүрлерді жаңғырту, бір сөзбен айтқанда жылқы культін қалыптастыру арқылы қоғам алдындағы әлеуметтік қарызынан біраз құтылар еді деп ойлаймын. Мен «жылқы культі» деген ұғымға қымыз ішу, соғымға жылқы сою, жалпы өзге етке қарағанда жылқы етін барынша жиірек тұтыну, көкпар, аударыспақ, ат жарыс тағы басқа жылқыжанды іс-тірлікті жақсы мағынасында сәнге айналдыруды кіргізіп тұрмын. Мен неге бұл жерде сөзімді қалталы азаматтарға арнап отырмын?
Біріншіден, бұндай тірлік сәнге айналу үшін онымен міндетті түрде беделді адамдар айналысуы керек, ал қазіргі заманның геройлары (ешқандай мысқылсыз) кімдер? Әрине – байлар. «Тегін адам таз болмайды» дегендей, бай болу үшін де тәуекел, еңбек, бір сөзбен айтқанда мінез керек. Және бұл мінез жұртқа оғаш «қазақбайский» тірлікті бастаған кезде өте-мөте керек болады.
Екіншіден, жылқы культін жаңғырту әжептәуір ақшаны талап етеді.
Үшіншіден, материалдық құндылықтарға қол жеткізген байлар ғана саулығымен шындап айналыса алады. Осылай байлар бастап, қоғамның қалған бөлігі қостаса жылқының арқасында деніміз сауығып, рухымыз құлпырып бір өрлеп қалар едік. Бұл жерде кейбір замандастар өй, бұның бәріне уақыт қайда? деп уәж айтуы мүмкін. Иә, уақыт деген — аса қат категория. Алайда, сауна-сыраханаларда сағаттап отыруға, картаға күн-түндеп мөлиюге, байкерленуге, компьютер ойнауға, сериал қарауға жететін уақытты жылқыға келгенде жер жұтып кете ме? Жылқыға қатысты салт-дәстүрді жаңғырту маған, Сізге, елге керек іс. Ойланыңыз.

1412579_592434547470377_1059025392_oСізге және ата-бабалар салтына деген құрметпен
Нұрлан Сәдір

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!