Қаналым ТАЛАСБАЙҰЛЫ: Қазақ халқының ат сынау үлгісі

6907

Бәйге аты – ер қанаты, ол суыққа төзімді, аса сезімтал, талғампаз келеді. Қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасқан ат баптау тарихы оның атадан балаға мұра болған дәстүрлі атбегілік өнерін дүниеге әкелумен бірге, атты тұлғасынан бір көріп біле қоятын әйгілі сыншыларын да арт-артынан жетілдірген. Олар атам заманнан тартып ат жаратып, бәйгеге қосып, озғандарын таңдап алып, сәйгүліктерді сапқа тұрғызып отырған. Атбегілер мен сыншылар бәйгені тұқым-тегіне, тұлғасына, сымбатына, мінез-құлқына, көндігу қасиетіне және басқа белгі-нышандарына қарап сынай білген. Осының ішінде аттың тұқым-тегі басты нысана етілген. Бәйге атын құлынынан таңдап алу, жылқының қыры мен сырына түптен қанық болғандығының белгісі.

Шын жүйріктің сын-бітімі қазақы түсінікте мынадай болады:

Қалбыр өкпе, болат тұяқ, тәует бас, қамыс құлақ, құлан жал, бұлан мойын, бөкен қабақ, үңгір сағақ, салқы төс, ой желке, қоян жон, құс топшы, бөкен сан, бота тірсек, қой жұтқыншақ, қақпан бел, тар мықын, тоят төс, салпы ерін.

Немесе:

Құйырығы – қынаптан шыққан қанжардай

Жалы – күлтеленген жібектей,

Шықшыты – оралып жатқан түбектей,

Құлағы – көлге біткен құрақтай,

Көзі – қорыққа жаққан шырақтай,

Танауы – түбін алған шелектей,

Омырауы – Еділден шыққан аңғардай,

Сүбелігі – тастан соққан қорғандай,

Жамбасы – ұста соққан сандалдай,

Тұяғы – от орнындай, т.б. Қазақ жүйрікті кекіл қағысынан-ақ біледі.

Тарқата айтсақ, қазақтың сұңғыла сыншылары жүйрік атқа мынадай сын айтады:

Сыртқы бітімі:

Ойқы-шойқы, сүйегі алқа-салқа, сала сүйекті, қоң еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек, төрт аяғы денесіне дөп біткен, құлан тұяқ, жазық бауыр, қоян жон, құлан жалды, сымпыс құйрық, түсі бірыңғай, өркеші жоқ нардай, жуан тұғырлы, жалпы бітімі құп жарасқан, көздің жауын аларлықтай.

Бас бітімі:

Тәует бас, етсіз (қу бас десе де болады), кең маңдайлы, кекілді, қамыс құлақ, көз аясы шығыңқы, бота көзді, жанарлы, бөкен қабақ, қоян жақты, үңгір сағақ, теке мұрын, салпы ерін, талыс танау (танауында 5-тен 7-ге дейін иненің көзіндей тесігі болады, мұны «жел танау» деп атайды). Ауыз омырқа шығыңқы, қой жұтқыншақ, саңлақты, кең тынысты келеді. Мұның өзі төтенше жүйрікке бітетін бітім.

Мойын бітімі:

Шүйделі, қаз мойын (бұлан мойын, қой мойын бітімділері де болады), ой желке, ит өндіршек, ауыз омыртқа шығыңқы, қарақұсқа дөп біткен, мойын түбі шоқтықпен тығыз қабысып жатады. Мойын ұзындығы қалыпты, еті жұқалау, құлан жалы құбылып, шоқпардай кекілі төгіліп, аттың сын-сымбатын көріктендіре түседі.

Кеуде бітімі:

Шоқтығы томардай, ұзын, кең жауырынды, омыраулы, салқы төс, құс топшы, қуыс қолтық, қабырғалы. Бұл күші алдына біткен кең тынысты бәйге атының бітім белгісі. Мұндай аттар күштілігімен ұзаққа мойымайтын, өршіл, талмас шабыскер болады.

Бөксе бітімі:

Бауыры жазық, қарынсау, қоян жонды, қалбағайлы, қақпан бел (кейбір бәйге атының белдемесі жаямен біте қайнасқан әрі жіксіз бітеу болады. Мұны «қақпан бел» деп атайды. Бітеу белдемелі, қақпан бел ат төтенше жүйрік болады). Жел қанатты, сүбе-сербегі алапты, жазық жая, сауыры жалпақ болады. Құймышағынан шоқтығына дейінгі бір түзу сызық бойында жатады. Мұндай аттар алысқа жортсаң талмайтын, күдірге шапшып самғайтын, аламан бәйгені бермейтін ұзақшыл болады. Жүйрікте жұп немесе қос жел қанат болады. Ол белдемемен буындасып, белдемені қанаттандырып, сүбені көтеріп, сүбе-сербекті алаптандырып жайылып жатады. Қанаты қарыс сүйем немесе сынық сүйем келеді. Бітімі сүбе қабырға тәрізді, одан көрі жіңішке әрі жұқа болады. Мұны жылқының қабырғасын санау арқылы тауып шығуға болады. Әдетте жылқыда 18 жұп қабырға болады. Ал жүйрікте жұп қанат болғанда 19 жұп, қос қанат болғанда 20 жұп болады. Мұны «жел қанат» деп атайды.

Алдыңғы аяғының бітімі:

Алдыңғы аяқтың қиылысы қалыпты, ұзын, кең, қу жауырынды (етсіз), тоқпақ (тоқбас) жілігі қысқа, ит жіліншік, сіңірлі, жерсоғарлы, қысқа бақай, құлан тұяқ, (тұяғы тік, табаны қуыс, қалың, шымыр) болат тұяқ деп те айтылады. Ойынды еті бөп-бөлек, кедір-бұдыр болып бұлтиып тұрады. Тоқтаған жері шоқтық пен табанның дәл ортасында жатады. Алдыңғы аяғы мұндай бітім кеуде бітіміне бап келіп, жүйріктің тұлғасын қиюына келтіріп, сымбатын әрлей түседі.

Артқы аяғының бітімі:

Қылыш жіліншік, арасынан ел көшкендей кең, артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрады. Шақпақ етті, аласа ұршық, жамбастың басы делдек, серке сан, өр шідерлі, шідерлігі жуан, бота тірсек. Артқы аяқтағы мұндай бітім бөксе бітіміне сайма-сай, құйып қойғандай жараса түседі.

Сымбаты:

Шапсаң жел, мінсең жайсаң. Тұрса селқос, көркиіп көзге қораш көрінеді. Салбырап тұрғанына қарап ат сынын білмеген жан онша назар аудармайды. Ал жылқы танитын жандарға көз тоймас сұлу сымбат байқалады.

Мінезі:

Селт етпес жуас, қыз мінезді, ерке, жайдары, сылаң, бойкүйез, байлауға сергек, көлденеңдеп тұрады, қарауылшыл, алысты көргіш, отшыл, сонырқалағыш, шөп талдағыш, оттағанда көк құрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен таусып орады. Суарғанда ағысқа қарсы өрлей, тұнығын таңдай жұтады. Желісті, жетекшіл, қосарға алғанда алды-артыңды орап, елпілдеп отырады. Мінсең жайлы, көңіл-күйіңді тауып, лыпып отырады. Сүрініп-қабынып тапырақтамайды. Жар астынан жалп етіп жапалақ ұшса, селт етіп үрікпейді. Өжет келеді. Сонымен бірге, суытқанда артқы екі аяғына кезек салмақ салып, тұяғының ұшын жерге демеп, ат ағаш немесе киіз үйге иегін артып бойын суытқыш келеді.

Жүйріктің тегі:

Құлын немесе аттың тұқымы – арғы тегі, қатысты жылқы тұқымдарының тарихынан бастап анықталады. Осы әдіспен талғайтын сыншылар сарапқа салынған құлын, тай, құнандардың дене бітіміне, сүйегіне қарап, көрген жерден «бәлен айғырдың баласы, бәлендей биеден туған» деп арғы тегін таратып бере алады. Ал баптаған жүйрікті көргенде дене бітімінен, сүйегінен оның айғыр, енесін, жасын, жарауын, баптауын, жүгіру жер аралығын, нешінші болып келетінін бәйгеге түспей тұрып танып, дәл басып айтатын көреген сыншылар болады.

Бәйге атының белгісі:

Құйырығын қайырып сербегіне жеткізіп өлшейді – құйырық тұқылы сербекке жетсе не асса, шаша тұтамға толса, май өкше төрт еліге толса, қасқа тісі күректей, оның үстіне қасқа тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, құндыздығы құйрығына дөп біткен, құйырығы қылта түптен басталып ұшына қарай сүйірлене бітсе және үстінгі ернінен тас төбеге дейінгі бас ұзындығын тас төбеден құймышаққа дейін үш еселеп өлшегенде бір сүйем жетпей қалса, т.б. Міне, бұлар шын жүйрікті сынаудың өлшем белгілері болып есептеледі.

Ат бәйгесі үлкен өнер, оның тамаша әсер беретін, батылдыққа, жылдамдыққа, зеректікке, көңілділікке, ерен күштің иесі болуға баулитын қасиеттерінің молдығы, отан қорғауға, шаруашылықты дамытуға тигізетін әсерінің барлығы көпшілікке аян. Өйткен, жақсы жылқыны тани білу, оны баптай білу, мұрагерлік етуге татитын тамаша дәстүрлі өнер.

Қазақтың көреген сыншылары, көзі қарақты атбегілері кез келген атқа оп-оңай ден қоймайды, алдымен оның тұқым-тегіне, бітім-қасиетіне, белгі-нышандарына ден қойып, көңілінен шықса ғана баптап, күйін табуға кіріседі. Сыншылар шын жүйріктің алуан түрлі қасиет-бітімін шежіредей сыр етіп айтады.

XVIII ғасырдың орта шегінде өмір сүрген ұлы жүздің Бақай деген сыншысында желқанат күрең аттың болғаны атадан балаға аңыз болып жеткен. Желқанат күрең табан аудармай 25 жыл бойына үш жүздің басы қосылған ұлы сын бәйгелерде алдына қара салмай, исі қазақ даласына даңқы жайылған. Сол кәрі құлақ қарттардың айтуынша желқанат жүйріктің басты белгісі – құлан жал, бота тірсек, құйма тұяқ еді дейді. Әсіресе үстінен қарағанда белі қақпандай дөңгеленіп, еңселі біткен қабырғасы тынысының кеңдігін бірден танытатындай екен. Әрине, мұндай аттар алысқа жортсаң талмайтын, аламан бәйгенің алдын бермейтін біртуар деп аталады.

Қалай десек те, қалыптан шыққандай, бірінен-бірі аумай қалған жүйріктер өте сиерк кездеседі. Дегенмен, бірінде жоқ қасиет екіншісінен табылып, зерек сыншыны тамсандырып отырады. Сондықтан жақсы аттың бойындағы бітім-қасиетті айтқанда ел аузында сақталған небір әсем теңеулер, тұрақты сөз тіркестері, белгі-нышандар шын жүйрікті айыра тануға көмектесері сөзсіз. Мысалы, мынадай сөздерді жылқының қадірін білетін кез келген көне көз қарттардан естуге болады:

Бота тірсек, қыл сағақ, қамыс құлақ, жазық бауыр, сербек қабырғалы, салқы төс, салпы ерін, етсіз бас, құйма тұяқ, сымпыс құйрық, көз аясы шығыңқы, ой желке, теке мұрын, жұмыр тұяқ, шынтағы шығыңқы, шақпақ етті, төмен ұршық, шідерлігі жуан, бітімді, құлан жал, т.б.

Шын жүйрікті мінез, бітіміне қарай да тануға болатын алуан түрлі ұғымдар бар. Егер құлын кезінен көзі түссе, желкесін қадағалайды, тіпті тай-құнанында да иесіне үйірсек болуы үшін бас білдіріп, қойғаны болмаса, жаншып мінбейді.

Осы тұста қазақ дәстүрінде жылқының бір жасын қосып санайтынын айта кетудің артықтығы жоқ. Мұның сыры, жылқы түлігінің құрсағындағы құлын күніне дейінгісін бір жасқа балағандықтан, одан арғы тай, құнан, дөнен, бесті деп кете береді.

Сыны келіскен сәйгүлікті нағыз атбегілер ұқсата жаратып барып көзге түсіреді. Аты келіскенімен бабы келіспесе иесінің десі қайтады.

Қазақтың ежелгі тәжірибесінде жүйріктігіне анық көзі жеткен сәйгүліктің қасына бір құрбандық жылқы қосып баптап отырған. Сәйгүліктің жілік майының ағарып, жарау өлшемінің жеткен-жетпегенін анық білу үшін оның қасындағы бірге оттап, бірге жүрген қосар жылқыны жілік майы ағарды-ау деген мезетте сойып көрген. Егер жілік майы ағарып, шынылана бастаған болса сәйгүлікті жаратуға кіріседі. Бұл, әрине, желқанат пырақты арман еткен көшпелі бабаларымыздың шын жүйрікті баптауда қандай шығынға болса да даяр екенін білдіретін қызық мысал.

Ата-бабаларымыз жүйрік аттың бітім, мінезін 15 түрге бөліп, оның түп-төркінін былай деп тұжырымдаған:

Еркектен алған үш бітім – батылдық, сергектік, мойымас күштілік;

Әйелден алған үш бітім – сұлу денеге жарасқан жібек жал-құйрық, әсем біткен шығыңқы кеуде, қимылдағы көз тоймас елпектік;

Қояннан алған үш бітім – бас бітімінің етсіз қаңылтақтығы, көз ауданының кеңдігі (бұл сүрінбеуіне, үрікпеуіне себепші), ұшқырлығы;

Түлкіден алған үш бітім – түлкідей тың жортатыны, құлақтарының ойнауы, құйырығының қылта тұсынан бастап ұшына қарай шұбалаңқы бітуі;

Есектен алған үш бітім – оймақтай дөңгеленген төрт тұяғы, етсіз жақ, кең сағағы.

Біз бұларды ата-бабалаымыздың ат сыны, ат бабы жөніндегі даналығының кемеңгер қорытындысы деп мақтанышпен айта аламыз.

qanalym-tҚаналым Таласбайұлы, «Ат сыны» кітабынан алынды

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

(Негізгі сурет: Ақтөбе облысы, Алға ауданындағы «Жансая» ШҚ-ның «Бурасан» есімді мұғалжар тұқымды айғыры)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!