Қадірі білінбеген Қадыр атбегі
Қадыр Нұрқанов жайлы әңгіме қозғалса Жаңаүлгі ауылы тұрғындарының қай-қайсысы болсын оны өзіне жақын тартады. Ол ауылдастарына тура мінезімен, адал еңбегімен, айналасындағылардың мұң-мүдесімен күн кешетін азаматтық болмысымен жаққан.
Қадыр Құмашұлы көп жылдан бері ауыл биі, медиатор, Катонқарағай ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып ауылдастарының ауызбірлігін сақтауда, егде жастағы адамдардың әл-ауқатын төмендетпеуде жан-тәнімен беріле жұмыс істеп келеді.
Қ.Нұрқановқа жоғарыда аталған қасиеттерден өзге принципшілдік, қиянатқа төзбеушілік сияқты мінезді де өмірдің өзі дарытты. Өйткені оны тағдыры басынан сыйпамады. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, бір жылдан кейін дүниеге келген Қадырда балалық шақ болған жоқ. Ес біле бастағаннан-ақ майданнан бір қолынан айрылып келген әкесіне болысып, қолынан айыр мен күрек түспеді. Енді ер жетіп, етек жеңімді жидым ба дегенде анасы, бір жылдан кейін әкесі қайтыс болды. Армия қатарында жүріп, туған әке-шешесіне топырақ та сала алған жоқ. Өзіне өмір берген, ең жақын адамдары алдындағы перзенттік парызын өтеп, мұсылмандық жолымен бір күрек топырақ та сала алмағанына Қадыр әлі күнге өкінеді.
Әскери мерзімін бітіріп, елге оралғаннан кейін ағайынның қолында қалған алты іні-қарындасын жинап алды. Бұл кезде қарындасының ең кішісі – Айнагүл небәрі екі-ақ жаста болатын. Рухы мықты, қайсар жігітті тағдырдың бұл сыны тұқыртса да, жасыта алмады. Солдат гимнастеркасын шеше салысымен мектепке шаруашылық ісінің меңгерушісі болып жұмысқа кірген ол інілері мен қарындастарының нәпақасын да тауып оларға ағалық та, ата-аналық та жан жылуын бере білді.
Азаматтығын бағалаған Мария Құсайынқызы да оған адал жар, жақсы серік болды. Мектепте мұғалім болып істейтін ол Қадырдың іні-қарындастарын өздерінің жалғыз ұлы Раджанмен бірдей көріп, қамқорлық танытты. Ер жеткізіп, оқытып-жеткізіп, өз алдарына түтін түтеттді.
Таудай талабы бар ол үй тұрмысы жағдайына байланысты жоғары білім ала алмаса да, өз қатарынан әлдеқайда сауатты болды. Сол білім, сол жұмыс тәжірибесімен жұмысын ақсатпай он жылдай уақыт Катонқарағай механикаландырылған орман шаруашылығында орманшы, он бес жыл «Алтай» совхозында қойма меңгерушісі, бір жыл Жаңаүлгі бөлімшесінің басқарушысы болып еңбек етті.
Алайда Қадыр Нұрқановты ауылдастарынан басқа жұрт іс-қызметімен емес, білгір атбегі ретінде жақсы біледі. Жүйрікті іште жатқанынан танымаса да, тай күнінен тап басып танып, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап бәйге аттардың бағын ашып жүр. Мәселен, Самардың атақты атбегі Ш.Шайырғазиннің өзі Қадырды қадір тұтады. Қ.Нұрқановтың ол жаққа бара қалғанын естісе болды іздеп жүріп үйіне апарып, сәйгүліктерін сынатады. Күреңбайкөз Қадыр Нұрқанов таңдап берген оның жүйріктерінің бірде-бірі додалы үлкен жарыстардан жүлдесіз оралған жоқ. Туа біткен сыншылық, ерінбейтін атбегілік қасиеттерінің арқасында Қадыр Нұрқановтың өзі де талай рет қуанышқа кенелді. Катонқарағайлық Ерқаш Сыдықовтан құлынды биеге айырбастап алған көк жабағысы бестісінде бүкіл ауданға, одан кейін облыстың атқұмарларына танымал ақпа жорға болды. Қазақ КСР-інің елу жылдық торқалы тойына Қадыр Нұрқанов Көкжорғамен облыс спортшыларының туын ұстап барды.
«Қас қылғандай Алматыға жүрер кезде атымның тамағынан сақау шыққаны білінді, — деп еске алады Қ. Нұрқанов. — Облыстағы спорт комитетіндегі жігіттер бар, бәріміз енді не істейміз деп қатты састық. Тамақтан шыққан жара атты еркін тыныстатпайтыны белгілі. Апармайық десек облыста сынақтан өткен екі аттың бірі — Көкжорғаны жарысқа қатысады деп алдынала Алматыға хабарлап қойғанбыз. Сонымен не керек тәуекелге бел будық. Жарыс комиссиясы мен малдәрігерлерінің көзіне түсірмеу үшін аттың мойынына бойтұмарға ұқсатып шыт байлап, жасырып жүрдік. Олар біздің бұл қулығымызды біліп қойған жағдайда сақау жұқпалы ауру болғандықтан бізді жарыстан шеттететін еді. Бақ болғанда ешкім мұны сезбей қалды. Жарыста көк ат төртінші келіп, жүлделі орынға ілікті».
Қамыс құлақтары төбесіне шаншылған, алды биік арты аласа, кеудесі даладай Көкжорға ат емес, сурет еді. Бауыры қызып жорғалап кеткенде шапқан атқа жеткізбейтін, артқы екі аяғы қос қолтығына тиетін жүйрік-тін. Сол үшінде Қадыр көкті бәйгеге түсерде екі түрлі: алдыңғы аяқтарын бүршікті, артқы аяқтарын бүршіксіз тағамен тағалататын.
Сол Көкжорға ат қартайып, жайлауда ауырып өлді. Мал болмасын білсе де Қадыр оған пышақ тигізген жоқ. Ит-құсқа жем қылмай терең қазып көмді де басына тастан белгі қойды.
Көкжорғамен қатар Қадырдың даңқын шығарған ат — Торытөбел. Оны Қ.Нұрқанов алты жасар кезінде черновалық орман қорғаушылар мінезі шадыр деп, етке жібергелі жатқан жерінен алып қалған болатын. Сол Торытөбелден де атышулы жүйрік шықты. Облыс көлемінде өткен жарыстардан Қадырдың жүлдесіз қайтқан кезі аз. Ол кезде бәйгеге қазіргідей үлкен жүлделер тігілмейтін. Бір парақ мадақтама қағаз бен ары кетсе 100-150 сом салынған конвертке атбегілер мен шабандоз бала марқаятын.
Атбегілер бәйге аттарын қазіргідей дүние жинау үшін емес Тайбурылдар мен Құлагерлерден көз жазып қалмау, ұлттық ойындарымызды сақтап қалу, ең соңында жандарына бәйгеден ләззат алу үшін ұстайтын. Қадырға осы екі атын да сол кезде ақшаға сат немесе жеңіл көлікке айырбаста деп келушілер көп болды. Қадыр оларға келіспеді. Ол материялдық игіліктен рухани байлықты, рухани қанағаттанушылықты жоғары санады. Бәйгеге, ұлттық спортқа деген адалдығын сақтады.
Төрт облыстық спартакиада топ жарған Торытөбелдің өте жүйрік ат екендігі 1988 жылы Тарбағатай ауданының орталығы Ақжарда өткен ауыл-село спортшыларының Vl облыстық спартакиадада көпшілікке танылды. Осы жарысқа Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарында, Орталық Қазақстанда өткізілген республикалық жарыстарда алдына қара түсірмей жүрген Ақсуаттың Еркежирені мен Бошай Кітапбаевтың атақты Тайжирені де қосылды. Жиырма шақырымдық аламан бәйгеде он төрт жасар Торытөбел соңғы айналымда қырық бес аттың ішінен суырылып шығып, Тайжирен мен Еркежиреннен оқ бойы озып, көмбеге жұлдыздай ағып бірінші келді. Шыңғыстайдан жанкүйер болып барған сексен жастағы Кенжебай Әлімжанов ақсақал Торытөбелдің шабысын көргенде:
— Иә, аруақ! Катонқарағайдың топырағынан қасиет кетпепті. Жүйріктеріміз де бар екен,- деп көзіне жас алыпты.
Тарбағатайдағы жарыстан кейін Торытөбел шаппады. Жарты жолға жеткенде басын төмен салып адымын ашпайтын болды. «Атқа көз тиді», — десті үлкендер.
Бұдан кейін де Қадыр Нұрқановқа Алаяқ, Бұйражал, Жирен атты жүйріктер бітті. Өкінішке орай, олардың бірі де Қадырға Көкжорға мен Торытөбелдей қуаныш сыйлай алған жоқ. Алаяқ бос жүріп-ақ мертігіп қалды, ал Жирені толысып, дер бабына келгенде қолды болды.
Жасының еңкейгеніне қарамай Қадыр Нұрқанов қазір де жүйрік іздеп, баптауға бар. Облыс көлеміндегі машинасының доңғалағы жеткен жердің барлығына барып жүйрік қарайды, сынайды. Оның арманы – жақын қашықтыққа шабатын тыз етпе жүйріктерді емес, бір күншілік жерге шапса да болдырмайтын қазақтың нағыз қазанатын тауып, оның өзгелерден артықшылығын дәлелдеу.
Жақында ол ауылдық әкімшілік үйіне әдейілеп келіпті. Қолында облыстан шығатын мерзімді басылымдардың бірнеше саны мен атжарысынан түсірілген ескі фотосуреттер, Ақжарда өткен ауыл-село спортшыларының алтыншы спартакиядасында алған медалі бар.
— Осы жұрт тарихты бұрмалауға неге құмар? — дейді Қ. Нұрқанов. — Жетпісінші-сексенінші жылдардағы ат бәйгесі туралы «Дидарда» беріліп жүрген мақалалардың кейбірі шындыққа жанаспайды. Мына материялдар соның дәлелі. Мен ат спортын дамытудағы еңбегім ескерусіз қалды деп ренжіп жүргенім жоқ. Атсүйер қауым бағасын маған баяғыда беріп қойған. Менің іздейтінім әділдік. Тарихты бұрмаламау.
Қ.Нұрқановтың осы сөзімен мен де мақалаға нүкте қойдым.
Жәнібек Қызыр,
«Арай» газеті (2016 жыл)
Негізгі фотода Қадыр Нұрқанов әйгілі Торытөбел мен Көкжорғамен бірге