Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. Қылқаламда құлпырған «Қамбар ата»

12815

(Суретші Жеңіс Кәкенұлы қылқаламындағы Қамбар ата бейнесі)

Суретші-график Жеңіс Кәкенұлы қазіргі заманда қазақ шыға барғанды өзіне пір тұтқаны айдан анық. Қазақ шыға бару – Керей мен Жәнібек дербес мемлекет құрар алдындағы буырқанған құбылыс болғанына тарих айғақ: халық дара этнос болып қалыптасудың ұйытқысы болды.

XXI техногендік-материалистік ғасырда кері үрдіске ден қою, қазақтыққа қиянат, ұлтсыздануға ұрыну сананы жегі құрттай кеулеген заманда Жеңістің қазақтығын ерекше мадақтау, ата-баба рухын айбынды бейнелеу стилі, әлбетте, метафораны түйсінер естияр елді елең еткізіп, жаны көркемдікке құмар қауымды жалт қаратады.

Қазақтық негізі – жылқы. Еуразияның кең даласында жаралып, ежелгі Ботай қонысынан төрт құбылаға таралған Қамбар ата түлігі – жылқы. Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Жылқысыз қазақтың, қазақсыз жылқының күні күн емес. Халық болып ұйысу қазақ үшін жылқының арқасында өтті, жылқы тіршілік көзі, мәні мен сәні болатын.

Отанды андыздаған жаудан ер мен қазанат қатар қорғады, ел мұраты тәуелсіздік болса, ол ауыздығымен су ішкен, найзаға сүйеніп ұйықтап, ат арқасында түн қатқан ерен ерлердің ісі болатын.

Қазақты әлемдегі күллі жұрттардан шоқтығы биік қылып тұратын мол эпосы болса, жылқысыз эпос жоқ. Эпосы жоқ халықтар жылқы мінбеген. Оның ішінде өзін ұлы санайтыны тағы бар.

Урбандалу дүниеқоңыз сананы еңсерген сайын архетип – тектік негізге тартпай, лағып кетуді өнер иелері қош көрмейді. Шығармашылық энтузиазм тектік нышанды біртектіленген қоғамда, жарнамасы мақал болған, арзанқол көпшілік мәдениеті билеп-төстеп тұрғанда рухани жұтаңданудан аман алып қалу үшін жан аямайды.

«Жылқы семантикасы» – суретші үшін мәңгілік ғұмыр символы. Суретшінің жылқылары – шетінен адам кейіпті, өйткені, «қазақ – жылқы мінезді халық». Жылқы адамға тән сезімдерді бастан кешеді, қуанады, жылайды, құсаланады, шабыт кернейді, қыршын өледі, сүйіспеншілікке құлайды. Оның жылқы циклына салған барлық суреттерінің астарында туған халқының «Жылқы – тілсіз кісі» деген төл дүниетанымы тұнып тұр.

Өрген шашына күміс теңгеден шашбау тағып, басына бөрік, үстіне дүрия көйлек, жеңсіз кеудеше киген бойжеткен қыз қос қолымен жануардың жағынан ұстап, айшұбар жылқының тұмсығына бетін тигізіп тұр. Қыз жылқымен, бірақ құдды жас жігітпен сүйісіп тұрғандай эротикалық әсері бар.

Эпостағы ұлттық бейнелерді жадынан шығармайтын суретшілер мәртебелі. Тайбурылды баптап жатқан Құртқа сұлудай бұратылып, жылқының иесі – ер жігітке деген сүйіспеншілігін ер қанаты – атына көрсетіп тұрғаны тасқа басқандай анық. Жылқының жалы ақ, басы арқасына қайырылған, үсті теңге-теңге, айшұбарлығы қыздың дөңгеленген шашбауымен шебер үйлеседі. Қыз бен жылқы қатар тұрғандай емес, қос ғашықтың құпия жолығысуындай мистикалық астары танылады.

Бүгінгі заман бойжеткені келесі картинада ақ балтыры жарқырап, жылқының тасасында тығылып тұр. Қыздың әппақ аяқтары ғана бейнеленген, басқа денесі ата малдың ар жағында, тасада қалған. Бұл да көре білгенге ғашықтық хикаясы. Қыз бір аяғын көтеріп алғаны, оның еркелігін, жарына бұраңдап, наз қылып тұрғанын толық айғақтайды. Ер жігітті суретші санасы қазанат бейнесінде бедерлейді. «Азамат – қазанат» символын суретші ерен сүйеді.

Қос жылқы қарама-қарсы бейнеленген. Екеуінің үстіндегі шашыраған күн сәулелері мен үйлесімді жарастығында әлемнің жетпіс жеті түсі, кемпірқосақтың шаттығы, ғарыштың бейнесі бар. Шуақ қос жылқының тұла бойларын тұтас шарпып тұр және бұл үт кірген бұла күй бір-біріне айқын беріліп тұр. Адамзаттың нашарында кей сәт табылмайтын таза жар сезімі жылқы жануарда бар деуге болады.

"Екі жирен" картинасы

«Екі жирен» картинасы

Қос жылқы – суретшінің сүйікті сарыны. Сарыарқада қос жылқы қатарласа шауып келеді. Қызылсары жалқын түсті, бірі ақ жалды, бірі қоңыр жалды. Алдыңғы аяқтары жерге тимеген ақжал айғырдың кең даланы жарып кісінеген жаңғырығы құлаққа естілердей. Қазақ: «Жақсы айғырдың үні жақсы» деп тегін айтпайды. Айтөбел жас байтал деуге келетіні қиғаш шауып келеді. Жіліншігі ақ. Картинада салтанат, мастық, дүние думан бейнеленген. Суретшінің «Адамдар бақыт пен азаттықтың не екенін жылқы жануардан үйренсе болмас па екен?!» – дегісі бар.

«Жылқы жығылғанға жалын төсейді» дейді қазақ. Бауырмалдық идеясы. Жеңістің 1937 жылдың қасіретін елестетер бір картинасы бар. Жылқының үш-төрт бас тұтасқан полотносы қызылқоңыр фон, сол азалы кеңістікте бір жесір жас әйелді суретші арқасымен суреттейді. Ақ кебіндей көйлегі, арқасында тарқатылған қара шашы. Шаш жаю ескіде қазақ салтында құсалы мезет, жоқтау, кісі қазасында жылаулы әйелдер шашын жаяды. Бұл кімнің жесірі? – деген ой туындайды. Мағжан, Ілияс, қай арыстың жастай қорлық көрген жары ол?

Bula«Бұла». Картинада жалғыз ақбоз ұрпағымен мың жасайтын өмір символының өлмейтін мәңгілік қозғалысы бейнеленген. Суретші «бұла» сөзін жылқыға байланысты таңдап алғаны айқын. Белгілі ақын, тілтанушы ғалым Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың «Тіл ұшындағы тарих» атты танымдық кітабында: «Арда» сөзі жылқыға байланысты «арда құлын», «арда құнан», «арда дөнен» тіркестерінде кездессе, адамға байланысты «ерке», «емін-еркін», «бұла» деген мәндерде де қолданылады. Өзінің «құлыным» деп еркелетіп, емін-еркін өсірген перзентін ардақ тұту, қазаққа жат емес».

«Бұла өсу» – еркіндік, азаттықта шат өмір кешу. Оның түсінігінде ежелден ата-бабамыз бұла өсіп, табиғатпен біте-қайнасқан.

Ақбозат тұман құрсаған дүниеде, су мен бу оранған қалың нөсердің ортасы ма, әлде теңіз тұңғиығында ма, әйтеуір, жойқын кеңістікте самғап келеді. Жер мен көктің ортасында ұшып келе жатқан қанатты ат – Пырақ-Пегасқа сырт кескіні аумай келеді. Бауыры жазылып, жалы тарамдалып, алдыңғы аяқтары есіліп, артқы аяқтары көсіліп, омыраулы, тұяғы жерге тимей шауып келе жатқан эпостық сұлу жануар. Арқырай кісінейтіндей, өйткені, астыңғы және үстіңгі ерні бір-бірімен жымдаспай алшақ суреттелген.

Бәлкім, бұл қазақ аңызында тұлпардың атасы саналатын – Суын, су жылқысы. Әйтеуір, бір құдірет бар бойында, тұла бойы аппақ түске малынған, тек тұмсық тұсы қаралау.

Құйындап көкке ұшқан мен – бір пырақ, Арамыз екеуміздің тым-ақ жырақ, – деп Досмағамбет ақынмен айтысқанда тұлғалық «менін» жырау Жамбыл мифтік қанатты жылқыға теңейді. «Мен жырда күштімін, шабытым шалқар, жер-көкті тұтас орайды» дегені.

ASN_55812«Ерке» – «Бұламен» төркіндес картина. Қарама-қарсы тұрып, тұмсығы түйіскен қос жылқының тізгінінен суретші кішкентай қыз балаға әткеншек тепкізіп қойыпты. Әбзелдері күмістелген таңдаулы аттар, 3 жасар қыз бала мәз-мейрам. Ауылда қалған балалығын, мүмкін, автор осы тектес ассоциациямен бергісі келген болар. Ол ауыл, ол балалық шақ енді қайтіп оралмайды. Қазақтың сәбидей аңқау бір бейнесін тұспалдағаны болуы ғажап емес. Әйтеуір, жарық дүниеге разылық кемерінен асып төгілер бір күй.

Жеңіс Кәкенұлының сүйікті сарыны – тастағы сурет, петроглиф.

Ежелгі аңшылық дәуірін тастағы таңбалармен береді.

11-кунҚұса мен тастағы тарих астасып кететін жұмбақ картина – «11 күнді еске алу» деп аталады. Жылқы жарықтық таста бедерленген, петроглиф. Демек, есте жоқ ескі заманнан бері жалғасқан ізгілік пен зұлымдықтың бітпес драмасын суретші жартаста сүйеулі тұрған айбалта арқылы, замана ауысқан сайын көктегі айдай жаңғыратын қылып бейнелейді. Жендеттік, жолсыз жаза. Айбалта сабы зерлі күміс. Айбалтаның жүзі қан, оның құрбандығы ең таңдаулы тұлпар, қас жүйрік болып шықты. Дегдар. Құлагер. Жеңіс Кәкенұлының жылқыны адам деп риясыз қабылдайтынын аңғарсақ, онда бұл қапияда беймезгіл ажал құшқан жас қазақ, ардақ, суретте биік пафос пен реквием қабат таңбаланған.

Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» атты повесі мен Ілияс Жансүгіровтың ел көшпеліліктен айырылып, отырықшылыққа көшуі, аспандағы жұлдыздан көп үйір-үйір жылқыдан айырылуы, жаппай аттан түсуінің ұлттық трагедиясын астарлайтын әйгілі «Құлагер» атты поэмасы жадымызға орала кетеді.

Жартаста суреті салынған тұлпардың басы төмен, сұлқ жатыр, мойны аққудай қайырылған, төрт аяғы көктен келген. Суретші ажал нышанын, өмірдің сөнуі динамикасын бере алған, жалған дүние төңкеріліп, аунап, бастан бақ ауған соң құрдымға құлап барады. Айбалта ұшындағы сурет бас сүйектің қаңқасына ұқсай ма, қалай?! Тастың түсі қарақошқыл, жүйріктің тұяғы алтын, не күміс реңді сезілетін сияқты. Асылдың тұяғы. Бір суретке суретші көп ой сіңірген, оның негізгісі – қазақ халқында бар аза – ең таңдаулыларды сақтай алмау, ең асылдарды қор қылу. Бұл Алаштың ең ардақты ұлдары, жыраудан Махамбет, әншіден Әміре. Қаралы тізім таусылмай қор қылады. Бұл Жеңіс Кәкенұлының көз жасы, халқы үшін қам жеп, қайғырған, перзенттік жүрегін жарып шыққан жан даусы.

ii«Жазмыш» – трагедия мұнда үдей түседі. Кілең қара түсті бұқалар қоршауында жер тарпып қалған жалғыз жылқы, қызыл түсті. Бұл төңкеріспен қоса келген, аштыққа ілескен нәубет – жылқы қырғынын тұспалдайды. «Қызыл ат» – Сәкен Сейфуллин поэмасының атауы, революция. Бұқалар мүйіздеген жылқы жануар тұяқ серпуге шамасы қалмаған, төңкеріліп құлап бара жатқан өлім мезеті берілген. Қара мен қызыл – испандық коррида. Құрбан идеясын автор осылай айшықты таңдайды. Ауылда сиыр сойғанда өгіздер өкіреді, қан төгілгенді мал екеш мал таниды. Жер тарпып өкірген бұқалар арқылы суретші ұлттық шеңбердегі арысын жоқтауды айтқысы келген шығар?! Адам жазмыштан озбайды.

Қазақ бойжеткен қыз сымбатына сүйсінсе, «құлын мүсінді» дейді.

10482805_1446367802285421_1329772246_n«Кие» атты картинада жылқы денесінде жігіт денесі тұтасып кеткен. Сом дене, көрікті, ер сымбаты мен ерге тән табиғи жұлдыздылығы. Бұл жылқы-адам, адам-жылқы. Жазушы-драматург Асқар Сүлейменовтың «Қазақ жылқыдан жаралған» дейтіні содан.

Жеңіс Кәкенұлы жылқы баласының бекзаттық болмысын адамзатқа тели беру арқылы бауырмалдық, біртұтастық идеясын айқындайды.

250412-20Айгүл Кемелбаева, жазушы,
«Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

http://www.kakenuly.kz/

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.