Алексей Подкорытов: Ат баптау ісін университеттер қолға алса

3012

ШҚО, Бородулиха ауданында тұратын, асыл тұқымды жылқы өсіруші кәсіпкер Алексей Подкорытов ат баптайтын маман табу қазіргі уақытта үлкен мәселе екенін айтады.

– Жеріміз құмды, ат баптауға өте қолайлы, – дейді «Алекс» шаруа қожалығының басшысы Алексей Подкорытов. – Дегенмен жақын ауылдардан келіп ат спортымен айналысуды ойлаған балалар үшін бірқатар кедергілеріміз де жоқ емес. Өңіріміз алты ай қыс құрсауында жататындықтан аязды, көктайғақ күндері мен күз бен көктем мезгілдері біршама қиындық тудыратыны рас. Осы ретте ат спорты мектебінің тура алдында жабық манеж салсақ па деген ойдамын. Егер осындай нысан тұрғызып алсақ ат спортымен айналысамын деушілер үшін жыл он екі ай жағдай жасаушы едік. Бұл жерде жергілікті әкімдіктің қолғабыс етуі қажет. Әрине әкімдік үшін қорадағы жылқыларды күтіп-ұстау мүмкін емес. Жұмыстың бұл бөлігін түгелдей дерлік өз мойныма алсам, әкімдік өз тарапынан манеж салуға көмек көрсетсе деп ойлаймын.

Aleksei

Балалардың бір апта келіп, бірнеше апта келмей қалатын кездерінің жиі орын алатынын айтқан ол мүмкіндігі шектеулі жандарды иппотерапияға жұмылдыруда кәрі-жас деп бөлмейтінін алға тартты. Церебриалды сал ауруына шалдыққан балалармен қатар қарттар үйлерінен де келушілер санының соңғы жылдары еселеп арта бастағанын тілге тиек етті.

– Ат спорты мектебіне Ертіс өзені де алыс емес, – деп Алексей Подкорытов сөзін жалғады. – Өзен жағасына шығу онша қиындық туғыза қоймайды. Ендігі кезекте қожалыққа келген туристерді арнайы соқпақтар арқылы атқа мінгізіп өзен жағасына апаратын қызметті жолға қойғым келеді. Жағалауға арнайы демалатын сәкілер мен күнқағарлар орнатып, табиғат аясында тынығуды ойластырғандар үшін бар жайлы жағдайды ұйымдастырсам ба деген ойдамын.

Спорт мектебінде асыл тұқымды жорғалардан бастап таза қанды ағылшын сәйгүліктерін баптап отырған кәсіпкердің бір жорғасы өткен жылы Еуразия кубогын ұтқан екен. Оның баптаған жылқылары 2017 жылы екі рет «EXPO-2017» көрмесінде де болып қайтқан. Желісті жылқылардан жорға жүрісті ат шығарған қожалық иесі ат баптайтын мамандардың тапшылығына қарамастан асыл тұқымды сәйгүліктерді өсіріп отыр. Бүгінде оның қожалығынан тараған бірнеше жорғаның көрші Қытай мен Ресей елдерінде де жақсы жетістіктерге жетіп жүрген көрінеді. Соңғы жылдары ат спортына ден қойған адамдардың саны өңірімізде 500-ден асып жығылғанын алға тартқан ол бабы келіскен жылқыны сатып аламын деушілердің қатары көбейгенін айтады.

– Ауылды жер үшін ат баптайтын жақсы маман табу қиын істің бірі, – деп қосты ол. – Менің өзім де осындай бірнеше маманды ауыстырғаным рас. Жалпы, ат баптап, бәйгеге шабу қазақтың қанына сіңген дәстүр. Қазақстанда осы мәселені жоғары оқу орындары да қолға алса деймін. Оның үстіне мұндай спортың табысы да жаман емес. Мысалы алып қаралық, менің бір сәйгүлігім 25 шақырымдық бәйгелерден 12 автокөлік ұтып алған кездері болды. Қараңызшы, бұл жаман көрсеткіш пе? Жоқ. Оған қызыққан адамдар жылқыны үш миллион теңгеге сатуымды өтінген кездері де болды. Міне осы себепті жоғары оқу орындарының денешынықтыру факультеттерінің құрамында атбегілерді даярлайтын мамандықтарды ашса деп ойлаймын.

Азамат Темірбек, altaynews.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.