Жылқы қаңқасы (ФОТО)

19275

«Жылқы шаруашылығы» саласын өз дәрежесінде игеру үшін жылқы сүйер қауым ең алдымен анатомия, физиология, гистология, генетика, зоология, мал өсіру және селекция, мал азықтандыру, мал гигиенасы т.б. ғылымдардан жеткілікті дәрежеде білім алуға, олардың негізгі мазмұнын, мақсат-бағдарын толық игеруге тиіс.

qanqa1

Сондықтан, алдымен экстерьер деген терминге тоқталайық (exterieur–сыртқы, франц.) – бұл француз сөзі, сөзбе-сөз аудармасы жылқының сыртқы тұрқының түр-тұлғасының пішінін білдіреді.

Барлық тілде экстерьердің нақты балама аудармасы болса да, «экстерьер» сөзі зоотехния ілімінің аударылмайтын төл сөзіне (термин) айналған. Жылқы экстерьері оның анатомиялық және физиологиялық жүйесіне көп ықпал етеді.

qanqa2

Ал, интерьер дегеніміз (франц. interieur–ішкі) – жануардың ішкі құрлысы мен оның атқаратын қызметін зерделейтін ілім.

Жылқы интерьеріне – оның «анатомиялық» және «физиологиялық» органдарының жүйелері әсеретеді. Оның анатомиялық яғни қозғалыс органдары «енжар» және «белсенді» болып бөлінеді.

qanqa8

Енжар мүшелеріне – қаңқа сүйектері жатады. Ал белсенді мүшелеріне –бұлшықеттері жатады.

Қаңқа (скелет) — гректің skeleton (кебу, сему) деген сөзінен шыққан.

Ол – белгілі бір зандылықпен сүйектер мен шеміршектердің бір-бірімен өзара байланысып құрылған жүйесі.  Қаңқаны анатомияда остеология бөлімі зерттейді.

Жылқының қаңқа сүйегі – жылқы денесінің қатты сүйек-тірегінің негізін құрайды және оның организмінде тіреуіштік қызметін атқарады. Сонымен бірге қаңқа сүйегі жануардың ішкі мүшелерін қоршаған ортаның сыртқы әсерінен қорғау қызметін де атқарады.

qanqa5

Жалпы қаңқа – сүйектен, шеміршектен және оны байланыстырып тұратын сіңірлерден құралады. Қаңқа–«арқау» және «шеткі» деп бөлінеді.

Арқау қаңқаға – бас cүйек, омыртқа жотасы, төссүйек, белдеу және құйымшақ бөлігі жатады.

Ал шеткі қаңқаға – кеуде және жамбас ұштары мен жалғасатын сүйектері кіреді.

Жылқының өсу процесінде қаңқа тек көлем жағынан ғана өзгеріп қоймайды, онда көптеген сапалық өзгерістер де болады.

qanqa6

Қаңқа сүйектері – дамудың дәнекер ұлпасы, шеміршек және сүйек деп аталатын үш сатысынан өтеді.

Құлын құрсақта жатқан кезінде ең алдымен оның жұмсақ дәнекер ұлпасы, яғни қаңқа негізі қаланады. Содан кейін ол шеміршектенеді де, одан әрі біртіндеп қатты сүйекке айналады. Шеміршек сатысына соқпай, бірден сүйекке айналатын бас сүйектің кейбір бөлімі ғана бұл процеске кірмей өтеді. Төс және қабырға сүйектері толық сүйектеніп бітпейді, кейбір жағдайда олар сол шеміршек күйінде қалады. Оның құрамы жылқыны күтіп-бағу және азықтандырудың әсерінен де өзгеруі мүмкін.

Қаңқаның денедегі үлес салмағы жылқының түрлеріне, жасына, жынысына, тұқымына, физиологиялық жағдайларына (буаздық, сауылу т.б.) байланысты 6%-дан 13%-ға дейін өзгеріп отырады.

Мәселен, мініс жылқысының сирағы ұзындау, жіңішке әрі жеңіл болып келеді. Ал ауыр жүк тартатын жылқыда–қысқа және жуан, бұл оның жұмысқа бейімділігін білдіреді.

qanqa4

Жылқы қаңқасын құрап тұрған сүйектердің саны омыртқа бағаны – 53-56, қабырға – 36, төс сүйек – 7, бас қаңқасы – 31, алдыңғы аяқ – 40-42, артқы аяқ – 40-42.

Жылқыда омыртқалардың саны мойын – 7, көкірек – 18 (19), бел – 6 (5), құймышақ – 5, құйрық– 17-19.

Жылқыда жалпы сүйек саны – 207-214 болады.

Сүйектің құрамында органикалық және бейорганикалық заттар болады. Жаңадан сойылған жануар денесінен алынған сүйектің химиялық құрамының 28,2%-ын органикалық зат құрайды. Оның ішінде белоктық коллаген (оссеин) талшықтарының үлесі – 12,7%, ал май – 15,5%.

qanqa7

Коллаген талшықтары сүйекке серпімділік және иілгіштік қасиеттер береді. Сүйектің бейорганикалық бөлігінің 50%-ы су, ал қалған 21,8%-ын минералды тұздар құрайды. Бұлардың 85%-ы кальций фосфатының, 10,5% -ы кальций карбонатының, 1,5%-ы магний фосфатының тұздары иеленсе, қалған 3%-ы ас тұзының үлесіне тиесілі. Организмдегі барлық минералды тұздардың 98%-ы сүйекте жинақталған. Олардың дені кальций (99%) және фосфор (87%) тұздарының үлесінде. Минералды тұздар сүйекке қаттылық қасиет береді.

qanqa3

Сүйектің беріктік қасиеті органикалық заттың серпімділік және иілгіштік қасиеттері мен минералды тұздардың қаттылық қасиеттерінен құралады. Егер сүйектің құрамында қалыпты жағдайдан органикалық заттың үлесі көбейіп, минералды тұздар азайса, онда сүйек иілгіш (мешел, көтерем ауруларында байқалады) болып келеді. Ал, керісінше, оның құрамында минералды тұздардың үлесі көбейсе, онда сүйек омырылғыш және сынғыш келеді. Қаңқа сүйектерінің химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері жануарлардың түрлеріне, тұқымына, жасына, жынысына, физиологиялық кезендеріне тікелей байланысты.

qanqa9

Мысалы: жас төлдің қаңқа сүйектерінің құрамында органикалық заттар мен су көп мөлшерде болады. Ал сақа жануарлар сүйектерінде, керісінше, бейорганикалық заттардың мөлшері көбейіп, су азаяды. Бұлардың сүйектері морт сынғыш, омырылғыш келеді.

qanqa10

Қаңқа сүйектерінің толық жетілу мерзімі, олардың тұқымына, күтіміне, азықтануына, физиологиялық жағдайларына, өнімдік бағытына байланысты. Орта есеппен өсіп жетілу мерзімі: жылқыда — 4,5-5 жылға тең болады.

Khairat I.Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Қайрат Исхан.

argymaq.kz

Фото: Қазақ ұлттық аграрлық университетінің лабораториясында түсірілді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.