Төкен ӘЛЖАНТЕГІ. Қарагердің қарымтасы
(Хикаяттан ықшамдалып алынды)
…Есіне әне бір жылдағы оқиға оралды. Онда кеңшілік кезең қанат жайып тұрған. Онда да ісі Оңдыбайға түсіп еді.
Малын алдырған ауылдар азан-қазан болғанда еріксіз атқа қонып, оңтүстікке сапар шеккен. Белден бел асып, құмнан құм кешіп жеткенінде болыс ауылы жайбарақаттық танытты. Сыр бермеді-ау, бермеді. Құдайы қонақ келгендей қол қусырып қарсы алды, қой, құлынын сойып қазанын майлады. Әңгіме малға ойысқанда көрген-баққандары жоқтай ауыздарын қу шөппен сүртісіп шыға келісті.
— Қонағым бол – қыс бойы жатсаң да сыйлаймын, оған ырысым жетеді. Бірақ, құныкерлігіңді әрі тарт. Шаруасын күйттеген момын ел дәл осы күнде алысқа ат арытар шамада емес. Дауыңды басқадан даула, күйеңді жазықтыға жақ, — деген сонда Таманың болысы беті бүлк етпестен.
Оны-мұныны ақтарып көріп еді, анау бұлқынып маңайына жуытпады. Қолында дәйегі жоқ жан не істей алсын, ақыры далаңдап босқа қайтуға мәжбүр болды. Кейіннен жансыздар арқылы білсе, мал астыртын әрі асырылыпты. Тай, құлынына шейін көз көрмес, құлақ естімеске жытырылған.
Мынандай қорлыққа шыдамады, әудемде жігіттерді қосын-қосын етіп сайлап, қыс ішінде аттандырды. Белгілі мөлшерлерге қос тіктірді. Ондағылардың міндеті негізгі топтағы жігіттерді ас-сумен қамтамасыз ету, сосын із тастау болатын.
Ақыры ойлағаны болды. Тебінге түскен арғы жақтың қыл-құйрықтары аз күнде қоңыр құмдардың бір тасасына жасырылды.
Ғажабы, мал соңынан қуғыншы қара көрсетпеді. Әлде қысқы жолды ауырсынды, әлде өз кінәларын сезінді, әйтеуір тырс еткен дыбыс естілген жоқ. Сөйтсе… Сөйтсе олар бар зілін кейінге сақтаған екен. Тарпып еді тұяғы тәнді ойып, жанды сыздатып қоя берді. Соның әсерінен айығар күнді ел болып күтуде. Жеңсе – мәртебесінің асқаны, жеңілсе – тірідей жерленгені.
Жоқ жеңілмеу керек. Өйтсе ата-баба әруағы кешпейді. Қасқыр да өз жарасын өзі қауып өледі. Сонда мұның қасқыр құрлы қайраны қалмағаны ма? Ол бар. Құдайға шүкір, ел тұрғанда, сайдың тасындай жігіттері самсап жүргенде бір қайранға жетері хақ. Онысы нендей әрекет? Міне, жұмбақ түйіні осы арада тұр. Бұл жолғы соққы өте дәлдікпен жасалуға тиісті, жанды ғана ауыртпай, бүкіл болмысты қақыратып түсер амал қажет. Ол әрекеті болысты ғана тұралатып қоймай, елдің қабырғасын қайыстырса, бүкіл жұртқа таңба болып басылса…
Әлде…
Өз ойынан өз шошығандай селк етті. Он ойланып бір кеспек әрекет. Соңы кісі өліміне соқтыруы да мүмкін жай. Онда құдай алдында күнәлі болар еді…
Желі оңынан туса ше? Жолды оңғарып, тәңірінің өзі жар болып, Қаракер тақымына тисе. Ондай күн туса басқа дүниенің бәрін талақ етері даусыз. Үш жүздің аузына іліккен бәйге ат жалғанның бар жалтырағын жинасаң да дара қояр байлық. Шіркіннің бітімі қандай – көзді арбап, көңілді жегі боп жейтін нағыз сиқыр ғой, сиқыр. Айтуға сөз, суреттеуге тіл жетпейтін құдырет. Самарқау тұрған тұрысының өзі тым бөлек-ау, бөлек. Еріні салпиып, бар мүшесі шашылып, төрт аяғы төрт жаққа далиып, мынау жалғанды жалпағынан басқан жануар жалғыз өзіндей тәкаппар. Айналасында тіршілік бар ма, жоқ па қаперіне де кірмейді. Болмыстағы толып жатқандарға селт етер сыңай танытпастан сексиген де қалған. Тіпті, мал екеш мал түгіл, маңайына жан жуыса да елең етпейді-ау. Осы бей-жай қалпымен-ақ адам тәнтілігін одан әрман ұңғып, көз құртын өргізіп жібереді. Ал, шабыс салғанда…. Мұндай ғажайыпты көрген де арманда, көрмегенде арманда. Бұлтылдай ойнап бара жатқан бұлдырық дерсің. Дүние дөңгеленіп қоя береді. Төрт аяқ тең түскенде қара жердің өзі дірдек қағып ала жөнеледі. Тұяғының дүбірі айшылық алыстан айқын естілетіні анық. Мың жылқы жөңкілсе Қаракердің дыбысы дара шығары дау тудырмайды. Мұндай жануарға қызықпаған көз көз емес те, мұндайға елітпеген жүрек жансыз.
Үш жүздің баласына сауын айтылған бір аста топ жарған Қаракерге қызыққаны соншалық сұқтан, тіл-көзден сақтау үшін жасырылған жануарды, амалын асырып тауып алғаны бар. Сонда Ондыбай қатты назаланып еді.
— Көзің құйрығыңа түскір мұндар, бүйтпесең Бұзау болармысың!… –деген болыс тіксініп – Қызық, қызығып қал, бәрібір қара үзер Қаракер маңдайыңа бітпеген, бітпейді де. Өйткені саған озғандық, айғырыңа азбандық бұйырмаған…
Мына сөз шымбайына батса да өз кінәсін өзі түсінген Бұзау шыдамдылық танытты.
— Сап Оңдыбай, сап! Көпке топырақ шашардай не көрініпті. Мен озбасам бүгін озбаға шығармын – ертеңге сәуегейлік жасама, сандалып қаларсың. Ал, айғырдың азбан есемтігін биеңді қосып байқамаған шығарсың. Бармақтай бақ берген екен, оны басып отырар артыңның да болғаны дұрыс.
— Бақ адамын танып қонады.
— Көз қорықса түйсік үстем. Ал түйсікте көз болмайтыны тағы белгілі.
Екі қошқар ол жолы да сүзіспеді, бас шайқасып, тұяқтарымен жер тарпысып тарасты. Тек айырылысар шамада Оңдыбай:
— Күйлей қалса байталдарыңды бері асыр, сәуріктерімнен сарқыншақ қияйын, — деп шиқ-шиқ күлген еді, Бұзаудың басына қан тепті:
— Кімнің кімге сарқыт сыйларын уақытында көрерміз. Тек сонда осы сөзіңді ұмытпа!
Шіркін, сол Қаракер қолына түссе! Ондай күн туса Оңдыбайдың көзінен жас емес, қара қан ағар еді. Сон қанды уыстай сапырып отырса одан өткен ләззат табылмас, мына жалғаннан. Шіркін, сондай күнге жетсе!
Суыт жүріспен келе жатқандар тағы бір қырдан асып түскенде ауыл қарасы бой шалдырды. Әлі де қыстақтарына тарамаған ел шашыраңқы қоныстаныпты. Бір шеті қоңыр құмның етегіне жармасып, екінші басы көксеңгірге қарай ұмсынып қонып жатқан бір қауым ел дәл қазір тіршіліктің қан базарын толастатып, енді тыныштық әлеміне бой алдыруға дайындалған сияқты. Кешкі астың хабаршысы – түндіктерден көтерілген қою түтін аспан мен жер арасын ширатылған көк арқанмен айқыш-ұйқыш шандып тастаған.
Тыныштық бесігінде тербелуге ыңғайланған мал атаулы да қимыл-қозғалыстарын бәсеңдетіп, шоғырлана бастапты. Сонау шығыстан созылып келіп оңтүстікке қарай бетін кілт бұратын Сарысу өзеннің бойына ұйлығысып, бірі мамыражай күйіс қайырса, екіншілері үйездеуге шақ тұр.
Мынаны көргенде Бұзау үзеңгіге салмағын сала сәл көтеріліп қойды. Сол-ақ екен күні бойы құрысқан денесіне жан біткендей серпіліп қалды. Дегенмен жан-жағындағыларға мойын бұрмады, ой ашар сәтті кейінге қарай ысырып, алға қарай ентелеуін одан әрмен жалғастырды.
Енесінің сүтін арда емген қасқа құлын сойыла бастағаннан-ақ танауларымен ауа шалған ауыл адамдары жылы-жұмсаққа ұрттарын армансыз майлап, тіс шұқырға келгенде ғана тоқтық шақырыса бірінің тізесіне бірі қисайысқан. Енді олар жуыр маңда әңгіме-дүкенге желі тартпайды. Әрісін-берісін ой елегінен өткізгендей көздерін тарс жұмып бірі мүлгісе, екіншілері қас-қағымда қалғып қалуға ыңғайланған.
Солай болды да. Тек үлкендеу шарамен қымыз жеткенде сілекей шұбыртар ашқылтым иістен әуелі мұрындары жыбырлап, артынан сылп-сылп еткен еріндер сырнайын сала ұйлыққан қанды ойнақтатып, ұшыққан сұлбаларды қайтадан қалқайта берді. Жәй қалқайтпайды, ішке тығылған жалынды «уһілеген» демдермен демей бой жаздырды.
— Өткендегі жол соғып тастаған-ау, денем әлі салдырауын қояр емес…Ой. белім-ай!
— Е, жер ортасынан астым дегенше қомнан аудым десейші.
— Соны айтамын да: жастыққа жану тән болса, жасамысқа тәуба қылу ғана бұйырғанын енді ғана біле бастағандаймын.
— Уһ, қара санымның бастырмауын қара… Мынау қирап қалғаннан сау ма?
— Ту-у, сегіз көзімнің алып түсуін-ай, ә…
Сөйткенмен қымыз толы сырлы тостаған қолдарына тигенде құнжыңдаса ерінге қарай жеткізуге асықты.
— Шіркін, күзгі қымызға жетер дәм табылар ма екен!?
— Е, қымызды көктем мен күзде іш. Жаздың ыстығында бұл жарықтық шөл басар сусын ғана…
— Баққан соң малдың игілігін көрген де жақсы-ау…
— Жаратқан адамға мал бергенде қызығын көрсін деп берген ғой. Сүтін сауып ішпесең, жүнін тоқып кимесең, етін сойып жемесең ұстадың не, ұстамадың не?
— Оған де еп керек, оған да бап қажет.
— Көз де.
— Ол болса-болмаса. Әйтпесе баққаныңды басқа біреу аузыңнан жырып әкетіп жатса…
Жәй айтыла салған қаңғыма сөздің өзіне қарай бағыт алғанын сезінген Бұзау жеңіл жөткірініп қалғанда жиналғандар тізгін басын босатып жібергенін аңғара жым болысты. Біреулері жәутеңдей жан-жағына алақтаса, енді біреулері жанарларын төмен салысып, әлденеге кінәлі баладай томсырая қалысты…
…Қымыз ішіліп, кекірік шалғандар орындарынан ауырлай көтерілгенде болыс Өтеміс пен Бекқұлының аялдай тұруын өтінді.
Бұл екеуін даралайтын жөні бар. Бірі – көпті көрген көнекөз болса, екіншісі – атса мылтығы, шапса қылышы. Болыстың ғана емес, бір қауым елдің айбары. Атан түйенің өркешімен таласар бойына қарап Бекқұлыны ебедейсіз санайтындар қатты қателеседі. Сіңірлі қолдар серіппедей шалт, шымыр дене ерен күштің құймасы. Күректей уысы ұстағанын тапжылтпаса, батпандай жұдырығы өлермен өгізді жалқы соққысымен тырапай асырып кетеді. Осындай бола тұра біреуге тектен текке көз алартқан пенде емес.
Қазір де ол босаға жаққа тізе бүккен қалпы міз бақпайды. Болыстан дыбыс шыққан бетте төрге қарай жылжымай, тұрған жеріндегі киіз шетіне шөге берген, енді сол орнынан қозғалар райы жоқ. Ат құлағын соғар тізесінен аса дамыл алған қолдары да сұлық.
— Бір ойдың мазалап жүргені…. — деді Бұзау адам аяғы басылған шамада жөткірініп қойып, — Өзім де өзеурегенде езуімізден ақ көбік атқылайды, елім деп еміренгенде екпінімізден тау жығылады. Сөзге келгенде ешкімге есе жібермейміз, ал іске тірелгенде кежегеміз кері тартады да тұрады. Жанды жегідей жеп жатқаны осы…
Әңгіменің төзім тауысар үнсіздікке ұрынбай тез басталғанына қуанғанымен, жылаңқы бағыт алғанына көңілі толмаған Өтеміс:
— Аспан ашық, күн жарықта су болып сүмірейердей не көрініпті? Елім деп елірсе екпін алар, өзім деп өзеуресе өзегін жұлып берер апай төстер оң мен солыңда қаптап жүргенде тарылардай не қара басыпты! Тек, оларды тани біл, таны да таланын аш. Сонда жаның – тыныштықта, жағаң – жайлауда болатынына мен кепіл, — деп таралғыны тартып қойды.
— Келісемін, Өтеке. Ашық алаңқайға шығып дұшпаныңмен шартта-шұрт алысқанға не жетсін. Бірақ оған жағдай жіберіп тұр ма? Шағым түссе мылтығын шошаңдатып жететін әскер дәл желкеңнен бедірейгенде қол-аяғың матаулы екен. Қорғаншақтық сананы тұмшалап, ойың топшысынан қағыла беретіні осыдан.
— Олай болса маңдайыңа жазылғанға мойын ұсынған. Басқа амалын тапапасаң талтайып тұрып өлуден басқа амал жоқ.
— Арам етіңе көрінген ит сарысын демексіз ғой?
— Е, сарымағанда несі қалды? Әйелдер сыртыңнан ерін сылпыса, еркектер қарекетсіз іштен тынса, тіршілігіңнен не қайыр!..
— Сонда не істеуге болады?
— Ойың кеткен екен – қолды қаптат та шап. Қатынын – тырдай, баласын – құлдай, жұртын – жұрдай ет! Мүмкін сонда айызың қанар, аптығың басылар!..
— Мынауыңыз шыныңыз ба, әлде ойыныңыз ба? Мен сізді мүлдем танымай қалдым ғой? Сіз мені қаныпезерлікке итермелеп отырғаннан саумысыз?!
— Е, түздегінің түгін қалдырмай сыпырсаң, ол қаныпезерлікке жатпағанда не дейміз? Малын алдым дегенше, қазақтың жанын алдым десейші. Ал жанын еншілеген соң құр сүлдерді сүйретіп не керек!..
Өтеміс өзінің тым шығандап бара жатқанын сезіп сөзін кілт үзді де, дірілге алдырған денесін сабасына түсіруге әрекет жасағандай тымырая қалды. Артынша үй ішін өлі тыныштық жайлады.
Болыс ұшар құстай қомданып қойды. Оның әр қимылын баққан екеу де селт етіп, серпіліп сала берді.
— Қолдасаңыздар менде бір ұсыныс бар, — деді Бұзау зорлана жымиып.
— Құлағымыз сенде, айта бер.
— Біле білсек бұл жолғы әрекетке біз айыпты емеспіз. Жатқан жыланның құйрығын басқан екінші жақ.
— Білместікті кешіре алмасаң білгендігің қайсы…
— Әрекетсіз қалсақ сүйегімізге таңба, елдігімізге сын. Сыртымыздан баққан көз барда, қаңғыған сөз барда тұяқ серпер кез жеткен секілді. Бұдан әрі қарекетсіз қалсақ тірлігімізден не қайыр, жер басып жүргенімізден не үміт? Сіздерден сұрарым – қолымды қаға көрмеңіздер!
Ол орнынан шапшаң көтерілген бойда нақ төрге ілінген қамшыны кереге басынан жұлып алып, білемдеп-білемдеп қойды. Сөйтті де қайта кері бұрылып, отырған екеуге азу тістерін ақсита тағы ыржиды.
— Жаугершілікке бастар қанға құныққан жерім жоқ, бітімгершілікке тағы бармайтыным – алғанымнан кеткен есем көп. Бірақ оны сөз етуден аулақпын. Менде бір ғана тілек бар. Оңдыбайдың бәйге Қаракері қолыма тисе тесіктің бүтінделіп, жыртықтың жамалғаны.
Аттың тұрпаты анықталып, түсі түстелгенде Өтеміс шошынысын жасыра алмады.
— Бұл талабың ешқандай қалыпқа симайды. Қаракерден гөрі бізге жұлдыз жуық, — деді тұтыға.
— Маған керегінің өзі осындай кесектік емес пе, Өтеке-ау! Жақынға жымысқы да үйір. Ал, біз құлашты кеңге сермеуге тиістіміз!
— Оңдыбай арғымағын қатынынан артық қадірлейді.
— Өзге қатынның етегіне қол жүгіртуге болғанда, өзгенің атын тақымға басуға неге болмасқа! Түкірдім бәріне!
— Қаракер жеке үйде ұсталады екен деп естідім. Оның қарулы күзеті мықты.
— Ал менің суға салсам батпайтын, отқа салсам жанбайтын Бекқұлым бар. Алдыруға ойым кетті – алдырам! Қалғанын сосын, көрдім де қойдым…
— Аптығамыз деп арандап қалып жүрмейік.
— Артының бар салмағын өзім көтеремін. Әгәрки сынып кетсем арманым жоқ.
Болыстың мына іске біржолата бет бұрғанын байқаған Өтеміс шарасыздықтан санын соқты. Бұзау енді Бекқұлыға шүйлікті.
— Айлаң асса аласың, аспаса… аспаса оралмай-ақ қой.
Болыс өзіне төнгенде орнынан шапшаң тұрған Бекқұлы ләм-мим сөзге келместен қолын қусырып басын иді…
…Үшеуіне ғана тән сыр үшеуара ғана өрбіді. Жолға дайындық мұқият жүргізіліп, әр қалтарыс есепке түсті. Алған күнде Қаракер жасырылатын орын құм жыңғылынан табылып, оны жасақтауға біраз уақыт кетті. Бәрі тамам болғанда Бекқұлы жолға шықты. Дабыра болмас үшін жалғыз аттанды. Мінгені желмен жарысар жүйрік емес, алысқа жарар белді ат. Мұны көргендер бұл жолғы сапардың тіршілік күйбеңімен сабақтас екендігіне сенген де қойған. Сондықтан мән бермеген. Ал, келешектен үмітті үш жанға керегінің өзі осы еді.
Әуелі Сарысу өзеннің арнасын қуалай, артынана жол қысқарту мақсатында мидай жазыққа бет бұрған Бекқұлы белден бел асып, құмнан құм кешіп, діттеген ауылы қара көрсеткенде тізгін тартқанда олжасының оңайлықпен қолына түспейтінін аңғарып бас шайқағаны бар. Осыдан ай шамасы бұрынғы төбе басындағы Бұзаумен бетпе-бет кездесуі соңында зіл қалғанын сезінген Оңдыбай неге болмасын тас-түйін бекінгендей күзет қатарын молайтып, еңкейген шалдан, еңбектеген балаға шейін түрікқұлақ жүруді тапсырған сияқты. Оған ербеңдеген топ, ереуілдеген салт аттылар куә. Қазан-ошақ басын баққан қатындардың өзі қолы қалт еткенде теріскей бетке қадала қалып, қара шолуға құмар. Ондайда олар ғасырлар қатпарын бұзып-жарып жеткен балбалдарға ұқсап қалады. Тым төзімді, тым тәкаппар.
Дегенмен мұның арты бір үмітке жетелейтіні тағы сөзсіз. Қанша қатқылдық танытқанымен елдің басым бөлігі қазақы мамыражайлыққа ден қойып, ерік тізгінін босатып алады екен. Ал, бойкүйездік барда енжарлық шырай ашатынын түсінген жан табандап күтсе талабы қанағаттанатынына шүбә келтірмеу керек.
Бекқұлы да ұзақ барлады. Үш күн, үш түн бір орнынан тапжылмады. Ауыл деңгейінен сәл жоғарыға орналасқан тастақтың қалтарысын қалқан етіп, міз бақпастан жатты да қойды. Талғажауына ірімшіктің түйірін жұқ қылып, шөл басарға малтаны пайдаланды. Малта жарықтық тіл астына салып тастасаң әрі тамақ, әрі сусын.
Оңтүстік жерінің қыртысы әліде тоң алмаған шақ. Сәл құйын өтсе борпылдақ шаң тік көтеріліп, көзі басыңды жауып тастайды. Жазық тұрмақ, сайлардың да шөбі күйіп кеткен. Содан да болар мал атаулы ұзақты шолып, алыстарға аяқ артады. Елден ұзай қоймайтыны түйелер ғана. Қарпуынан малжаңдауы көп жарықтықтар маң-маң басқан қадамының өзін санай жылжып, отқа да, оттауға да самарқаулық танытады.
Түйелерге ерекше ден қойғаны – олар кешкілік ауылға құлайды екен. соған қарағанда кенже боталаған інгендер барына ұқсайды. Бірлі-екілі тұмсалар тайраңдай жөнелгенде басқалар да соңдарынан қалыспай маңып қоя береді. Көзге түспей ауылға кірудің бір жолы – түйелер тобырының арасына сіңісу.
Мұны ішіне алғашқы күні-ақ түйген Бекқұлы ақырын күтуді баққан. Әр үйдің тіршілік тынысын зерттеудей-ақ зерттеген. Ат ұстайды-ау деген екі-ақ нүкте көңілінде қалды. Бірі шет тұстағы қараша баспана да, екіншісі түйелер кіретін үлкен аранның ортасындағы алаңқайға тігілген алты қанат ақ үй. Соңғысын қыр басынан ғана байқауға болады. Ұзын-ұзын қамыстан қалқайтқан қорған қабырғалар жазықтан ішті мүлдем көрсетпейді. Алты қанат деп жорамалдауы –шаңырағы не шошайып тұрған жоқ, не жалпайып жатып қалмаған. Шошайса шөміштей қысаңды, жалпайса жалпақтықты білдірер еді. Алғашқы үйге назар аударғаны – басқа баспаналардан сабылыс байқалғанда мынаған кіріп шығар аяқ там-тұм. Бірді-екілі үлкендер болмаса бала біткен мүлдем жуымайды. Ал, екіншіден дік алуы – тым тасада екен. ерекше ден қоймаған адам елер орын емес.
Көрерін көріп, түйерін түйіп әбден біткен шамада алысқа қалдырған арқандаулы атына барып, қорыжндағы қордан жүрек жалғап алды. Сосын артық-кем дүниені сол жерде қалдыра, сыптай болып межелі тұсқа беттеді. Өзімен алғаны — өткір кездік пен қайыстан өрілген жүген ғана. Оның өзін беліне орап, шылбырымен шандып тастады.
Қас қарая маңған түйелердің арасына сіңіскен ол жуастау, қолға үйренген бір нардың шудасына жабысқан күйі ауыл шетіне іліккенде өз көзіне өзі сенбей тағы бас шайқағаны бар. Аран маңын күзеткен қарулы жігіттер жүр. Олар інгендерді бөліп тастап, атандарды ішке қарай қақпақылдап жанталасады. Айқай-сүрең тудырмай жұмыстарын жымдай қылып атқарғанына қарағанда іске әбден машықтанғандары байқалады. Ылғи бір әлеңкідей жаланған жандар. Жылп-жылп етеді.
Мынаны көргенде нарды тастай беріп үйілген отын ба, ескі үй сүйегі ме, әйтеуір елеусіз жатқан үйіндінің тасасына жасырына берген. Енді бар күдігін аран ішіндегі тігілген баспанаға аударып алды. Шынында да, мал тұрар орынға адамның қоныс тебуі мүмкін емес дүние. Ұры-қары азда күзетшілердің қауымдасуы да миға сиымсыз әрекет. Ендеше аран ішінде бір пәле жатқаны ақиқат.
Түннің бір уағына шейін орнынан тапжылмайды. Көзімен қараңғылықты тінткіледі, құлағымен дыбыс аулады. Шаруасын тәмамдасқан жігіттер ананы-мынаны қауқылдасып ұзақ бөгелді. Тек аспандағы жетіқарақшы жұлдызы ожау сабын төмен сала бастағанда қарайған сұлбалара бір-біріне әзіл-қалжың аударыса тараса бастады.
Бекқұлының қуанғаны – бұл маңда иттің болмағаны. Қара шалса шәуілдеп шыға келер әңгүдік немелердің қолбайлау жасары сөзсіз еді. Қазір олар кешкі астың сүйек-саяғын мылжалап есік көзінде жатқаны жанына дем.
Адам аяғы әбден басылды-ау деген шамада тасадан шыққан Бекқұлы әуелі тағы да ұзақ-ұзақ дыбыс шалды, сосын ғана мысықша басып аранға кірер ауызға беттеді. Көптен бері әдетінен жаңылған дене тітіркеніп, жүрек аунап-аунап кетеді. Қол-аяқтың дірілі де басылар емес.
Ол аз аралықтың өзін бірнеше мәрте тоқтап барып өтті. Межелі тұсқа жеткен ішін тарта тағы бөгелді. Қақпаның екі қапталында екі жігіт қаннен-қаперсіз ұйқыға шомған. Бірі қыстыға қорылдаса, екіншісі теріс айналған күй басын шапанымен тұмшалап, тырайып жатыр.
Енді батылданайын деді. Денені жайлаған жағымсыз әсер де сап басылып, ескі жындар қоздап қоя берді. Бұрындары болса екі жынды ек-ақ ұрып есінен тандырар еді. Бірақ өйтпеді, жылыстап әрі асты. Қақпа қайыспен шандылған екен. оны кездігімен қиналмай қиып, ішке жылп еткенде таңданысын жасырмады. Мына қулықты қараңыз, ауыз тұсқа шөгерілген түйелер бір-біріне арқан арқылы шандылып тасталыпты. Егер тосын біреу байқамай арқанды керсе жануарлар бақырып маңайды азан-қазан етері даусыз.
Асықпай жүріп айқыш-ұйқыш байланған жіптерді мұқият қип шықты. Күйіске түскен жарықтықтар мыңқ етпеді. Киіз үйге жеткенінде жорамалының нақтылығына риза болды. Алжаспапты: алты қанат кереге алпамсадай жайылып, едәуір жерге салмағын сала қаздия қалған.
Табалдырықты аттар-аттамастан оқыранып қоя берген аттың жалына саусақтары тигенде жалғызіліктен жапа шеккен жануар сап тыйылып, сипаланған қолдардың ықтиярына бағынғандай мойынын иді. Бекқұлы жан-тәнімен сезінді: адам мысы басқан тұлпар әлденені сезінгендей қалтырап тұр. Дегенмен, не тарпынбады, не оқыстық таныта оқыранып ала жөнелмеді, шабыс алар шағын аңсағандай салқаулыққа салына, тер сіңген адам денесіне сүйкеніп-сүйкеніп қойды.
Мына қылыққа жүрегі жылыған Бекқұлы ұрлыққа келгенін сәл ұмыта мекіренгенін байқамады. Ол әркімнің қолы жетпес жануар екендігі күнде басыбайлы өз еншісіндей сезінді, сезінді де шамалы сәтке рухтанып шыға келді. Жер апшысын қуырар Қаракер тұрғанда дүниенің кеңдігі бұйым емес, аңдыздаса бас-аяғын бүріп тастардай қоқиланып тұрған.
Адам санасы да қызық жаратылған-ау, ылдиды өрдей бағалайтын кездері көп. Мұндайда шама-шарқын екшемей самсаған қолға дара шабуға бар. Жапырып тастардай жойқын қуат көзіне шел қаптатып, секемдіктің сілікпесін құрдымға қалдырады да, уақытша болса да үстемдікке жеткізеді. Дегенмен, осы уақытша үстемдіктің өзі бақыт шылауын ұстатуға жетіп жатыр. Ал, бақыттың пұшпағын іліктіру өмір бойғы арман. Ендеше сананың бопсаға еліктеуі алданыш іздеуінен.
Әрине тысыр еткенде тамсанған тәттісін әлдекім аузынан жырып әкетердей тіксінген Бекқұлы біржағынан қиял теңізінің әп-сәтте жоғалғанына қапаланса, екінші жағынан сақтыққа шақырған дыбыстың қайалануын шыдамсыздана күтті.
Қанша елеңдегінмен жаңғырық қайта естілмеді. Содан дәтке қуат алған ұры сипаланған қалпында беліндегі жүгенді шешіп алып, атқа кигізді. Қаракер бұл жолы да оқыстық танытпастан адам еркіне бағыныштылықпен мойынсұнды.
Сақтық үшін шылбырдың бір басын білегіне ораған Бекқұлы аттың шандудан толық босағанына көзі жеткенде мысықша басып есікке беттеді. Аулаға шыққанында жып етіп жайдақ мініп те алды.
Шабандоздың тақымын сарыла күткен жануар өзіне ғана таныс белгі берілгенде орыннан ата жөнелді. Енді оның қожасы шабандоз. Ол ырық берсе көсілудей көсіледі, тізгін тартса ғана тоқтамақ. Иә, сәт.
Тұяқ дүбірінен оянған күзетші жігіттер ес жиып, аттанға салып-ақ жатыр.
— Аттан, жау шапты.
— Әкетті, ойбай, әкетті!
Маубастарды мысқылдай мырс еткен Бекқұлы артына мойын бұрып қарамады да. Оның бар ойы ер ауыстыруда ғана тұрған арқандаулы атына жету.
Қыс бойы Тамалар жағынан тысыр еткен дыбыс білінбеді. Жел үрлеп, қамыс басы сылдыр етсе аттанға басып, андағайлап жөнелетін жауынгер ел атын, ат болғанда елдің абыройын асырар сәйгүлігін алдырмағандай тым-тырыс жатты да қойды. Мұның сырына түсінбеген Найманның Бағаналы бұтағы дал. Күрзісін тоқпақтап, аузынан жалын ақтарылар жаушы күткен халық жымысқы басқан тыңшының қарасын көрмей пүшәйман. Сонда қалай, Қаракерден қадір кеткені ме?
Көңілге кірген күдікті сейілту мақсатында құм ішіне жасарылған атқа жасырын түрде сыншыларда жеткізілді. Олар тұлпарды танып, толқығандарынан көздерін суласты. Ат маңайын айналсоқтаған байғұстар ас-суын айдалада ішіп, тұлпармен тағдырлас болуды ойлағандарымен Бұзаудың қаһарынан қаймыққанынан ғана кері қайтқандары сөзсіз. Бәрі де басқаға ауыз ашпауға ант қабылдап, өлердегі сөздерін айтып тарасқан еді.
Көктемнің қоңыржай желі оңтүстіктен шығып, қар көбесі сөгіле бастағанда да осы кеп ұшығын үзбеді. Тесілген жерді қулай көшетін көшпелі ел түйелерін қомдап, ат-көліктерін сайлап, ірге көтергендерімен жоқшы аттандырар сыңай танытпады, әдеттегілерінше баяу қозғалып, бағыттарына ауытқымастан қыбырлай берді.
Мына үнсіздіктің астарында бесбатпан зілдің жатқанын сезінген сайын Бұзау да іштен тынып, қыстыға түсті. Оңы мен солын қапсыра, етегін жинай тас түйін домаланып алып, тарпыса тұяқ тигізбес, қарпыса тіс дарытпас қамалға айналды да қалды. өйткені Оңдыбай бір тиіссе осы кезде тиісуге мүдделі. Қыстан сіңірлері созылып шыққан мал да, жан да бұл шақта бейқам. Мал көкке ауыз салар сәтін күтсе, жан «ұзын арқан – кең тұсау» кезеңнің буынан-ақ елтіп, еңсесін жаза алмайды.
Дегенмен, бұл жолғы күдігі де желге ұшқан қайықтай шамада Тамалардың ат-көліктері аман-есен қонар мекендеріне қонып алғанын естіді.
Істерін істеп алып, енді оның орнын толтырар амал таппаған Бұзау дағдылы Атбасар жәрмеңкесінен бас тартуға ниет еткенімен, намысы жібермеді. Құйрығын ішке тығып, қыңсылаған ит кебін киюден қорынды. Ақыры қосын құрып, қопсығанын білдіртпестен айтулы думанға ат басын тіреді.
Атбасар аймағы биыл да салтанатты жайып, сайранын салып-ақ жатыр екен. күндіз ырду-дырдудың ортасына енген жұрт саудасын жасап, сауығые тамашалап алады да, кешкілік бір-бірін сойысқа шақырып, мәз-мәйрам күй кешеді. Ағыл-тегіл астан жүрек шайлығып, ақар-шақар қызықтан бас айналады.
Осындай отырыстардың бірінде шабарманның: «Оңдыбай аттан түсіп жатыр», — деген хабары сең соққан балықтай сенделтіп тастағаны анық. «Сыр бермеу керек, — деді ол өзін-өзі қайрай, — Неге болмасын шыдап баққан жөн».
Сол екі арада Оңдыбай да сәлемін алға сала ішке өтті. Жүзі жарқын, беті ашық. Түк болмағандай, түк алдырмағандай, түрегеп тұрғандарымен төс түйістіре, қолдасқандармен алақан қабыстыра төрге ендеді. Ең соңында Бұзаудың оң қапталын ала жайғаса беріп:
— Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Жеткенге салауат, өткенге бақуат, — деді дауысын әуелете созып, — Иә, мал-жан аман ба?
— Шүкіршілік, — деді Бұзау да әу бастағы толқынысын баса, қалыпты рай танытып.
— Шүкіршілік барда шаңырақ бүтін, қабырға түгел. «Қанағат қарын тойдырады» — деп бұрынғылар бекер айтпаған шығар. Қанағатшыл көңіл қашан да шүкіршілікке жол ашқан. Олай болса жан-жағың келісті екен.
— Әлбетте. өздеріңе да осыны тілер тілекшіміз.
— Ниетіңе рахмет!
Алғашқы шалым шаншусыз өтті. Тама болысы ауыз ашқаннан-ақ оған қадала қалған Өтеміс пен Бекқұлының іш жиысқаны да осы шама. Оңдыбайға салса дұшпандықтың ұшығы байқалмайды. Мына жан көңіл қуған, ауыл адақтаған бір пенде ғана. Бұл не қылған ғажаптық! Әлде сыбызғылап кіріп, сыздатып шықпақ па? Жоқ, ондай пиғылы сезілмейді. Құдайға ғана жарасар жалғыздықты бетке ұстай келуінің өзі ниетінің қараға шыланбағанын байқатады.
— Иә, Оңтүстігіңде не жаңалық?-деп қалды Бұзау сөз желісінің үзілмеуін қалап.
— Ауыз тұшытарлық ештеңе байқамадым. Онда да тірлік қуған ел. Өзің де білесің, біз Арқаға тән халықпыз. Бір бұтағымыз «Толағай» бойын қуалай қоныстанған. Солармен қауышуды көздеп, көктем шыға, көк қылтия көш бетін бері бұрамыз. Қызығымыз да, шыжығымыз да осы өлкемен байланысты. Ендеше, алақандағыдай дүниені айшықтай бергеннен әр шықпас…
— Мұныңа қосалымн. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жұртпыз. Қалыңның қалқасында қалып қоймай, жұқаның жұқанағы болмай әркім өзінше күй кешуде. Бәріміз де мына жалғанның қонағымыз. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Сондықтан сыйласқанға жетер ештеңе жоқ. Келсең, құшағымыз әрқашан ашық.
— Шындығында бөле-жарар неміз ба? Жұтатынымыз бір ауа, ішетініміз бір су. Сарысудың орта тұсын сен бақсаң, төменгі сағасын мен қарауылдаймын. Олай болса, алауыздық жат, алакөздік тақ дүние болуы керек сияқты екі жұрт үшін. Сөйте тұра саған қызығатыным, тіпті сенен қызғанарым да жоқ емес.
— Ондайың да бар ма еді?
— Е, пенде болғаннан соң пендешілігіміз қалған ба, Өтекеңдей дарияң тұрғанда, Бекқұлыдай арысың өкшеңді басып жүргенде сенен өткен бақыт иесі жоқтай көрінеді. Қызғанатыным осы жағы.
— Бардың қадірі білінбейді. Жан-жағыңа зер салсаң, ақылгөй мен апайтөстер өз маңайыңнан да табылар…
— Ел болғаннан кейін жарықтың да, сарықтың да жүретіні даусыз. Дегенмен, жұмсасаң алатын, сілтесең шабатын Бекқұлыдай өткірің барда сенің жүзің жарық болады да тұрады.
Мынаны естіген сәтте Бекқұлы көзімен жер шұқыса, Бұзау ішінен: «Болыс бәрін біледі. Ол бәрін біліп келіп отыр», деп қылп ете қалды. Оңдыбайдың тұспалы орынды екенін мойындаудан өзге енді лаж жоқ. Көз қиығын тастағанында Өтекеңнің де ошарыла құлағанын байқады. Құлағаны емей немене, тұмау тигендей көзі басын қол оармаалымен сүрткілеп әлек.
Бұзау маңайындағыларға айбар сала — жөткірініп қойды. Бәрін жайсыздықтан құтқарғандай осы шамада алдарына табақ тартылды. Басты қолына алған Өтеміс құйқадан бір кесіп ауыз тиген соң Оңдбайға қарай ұсынды. Анау үнсіз қабылдап, бұдан арғы сөзге құлықсыздығын байқата, жан-қалтасынан бәкісін шығарып, өз ісімен әлектеніп кетті.
Ас үнсіз ішілді. Аяқ-табақ жиналып, бата қайырылған соң да тыпыр еткен тірі жан жоқ. Тек тұрар шамада ғана Оңдыбай:
— Екеуара әңгіме бар еді, — деді өтінгендей. Сыртқа шыққанда сөз бастаған тағы өзі:
— Бұзеке, — деді ол дауыснда жарықшақ пайда болып.
— Құзырыңдамын, Оңдеке.
— Айтпағым көп еді. Бірақ, бірін-бірі кимелеген немелер ішті алай-түлей етіп көмейден төгіле алмай қыстығуда. Қайсыбірін ақтарып болғандайсың мынандай көңіл-күйде. Мен саған жалғыз ғана қолқа салмақпын. Қабыл алсаң еркің, қабылдамасаң тағы өкпем жоқ…
— Тыңдап келемін, Оңдеке, тыңдап келемін.
— Бұлталаққа бұғалық тастар мен емес, бұлтыңдау маған да жараспайды.
— Ендеше, ашық әңгімеге жүгінейік.
— Оған мен дайынмын.
— Бір атқа бола бүкіл елдің шырқын бұзбайын деп күні бүгінге шейін дымымды шығармадым, өзгенің де екпінін басып тастап отырдым. Әйтпесе, ұл тудым деп қалжа жеген бәйбішелер біздің елде де жетер еді. Еркекпіз деп едіреңдейтіндер де жүздеп табылатын. Бірақ, мен бәріне шектеу салдым. Мұным жасқанғандығымнан емес, екіндіден асқанда елірмеге ұрынбай, елдікке жүгінуді ойлағанымнан. Бүгін біз қырқыссақ оны көрген өскін күні ертең неге бармақ? Қанатыңды қайырып, сағыңды сындырып жатпасына кім кепіл. Бітімге жүгінейік, бірлікті уағыздайық.
— Өндірдің өскеніне қарап өміріңді бағалайсы. Жақсыға қуанып, жаманға күйзелетінің де содан. Олай болса, елдікке мен де жақпын.
— Онда сен Қаракерді ұрлаған жоқсың, мен ұрлатқан жоқпын. Сен жөнімен алдың, мен жолыммен бердім. Осыған тұрсаң атты жеткізіп, үйімнің алдындағы мама ағашқа байла. Құр қайтарма, ер жеткен ұлың бар екен, соны қоса аттандыр. Қалған салмақ менің мойнымда!
-Айтқаның болады!
Екеуі қол алысты.
Шамалы уақыт өткенде Бұзау сөзінде тұрып, Қаракер иесіне қайтарылды. Тұстасының мәрттігін мойындаған Оңдыбай Бұзаудың ұлына өз қызын қосып, жасау ішінде Қаракердің де барын жария етті. Сөйтіп, қазақы қасиет тұрғанда қалың елдің жігі берік екенін дәлелдеп шықты.
Төкен Әлжантегі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Жезқазған қаласы.
Қарагердің қарымтасы жазушы шығармаларының көркемдік квинтэссенциялық бөлігі. Төкен Әлжантегі шын мәнісіндегі заман жазушысы. Қазақ оқырмандарын осы аяулы ардақ жазушы шығармаларымен танысуыларыңызды ұсынамын.
Бұл хикаятың толық нұсқасын оқығанмын. Қазақтың мәрттігі, ұлылығы екі болыстың іс-әрекетінен айқын көрінеді. Осындай шығармалар көп болуы керек. Бұл келешек ұрпақ танымына керек дүниелер.
Оңдыбай мен Бұзау өмірде болған адамдар. Қосылған олардың балаларынан қазір ұрпақ бар. Олар Жезқазғанда тұрады. Ел басшыларының мұндай ымыраға баруы сөйтіп екі жұртты бітістірген. Кейінгілерге үлгі боларлық-ақ оқиға. Бізге бабалардың рулар арасын бітістіруге бағытталған әрекеттері сабақ болғай.
ат -ердің қанаты деген сөздің шындығына ешкім таласа алмас. Сондықтан бабаларымыз жүйрік атты өте қадырлеген. мына қарагердің оқиғасы да тартымды екен.