Айбын Төреханов. Жылқы азығы (ФОТО)
Белгілі ғалым, профессор Айбын Төрехановтың «Жылқы – қазақтың жаны» атты мақаласында айтылған мәселелерді жеке-жеке тақырыпшаларға бөліп, оқырманға жеңіл болуы үшін шағындап беруді жөн көрдік. Олай болса, қазақ жылқысы, жылқы шаруашылығы, ат баптау жайлы оқуға асығыңыздар.
Байырғы қазақ жылқыны жыл бойына жайылымда баққан. Ерте көктемнен тау етегіне ілініп, жаз жайлау жайлап, күз күзекке тұрақтап, қыс мезгілінде ықтасыны көп, өрісі күнгей бетте орналасқан жайылымдарда ұстаған.
Жылқы жейтін шөптерді екі түрге бөлген: ақ от және қара от. Ақ от дегеніміз қара топырақты жердің селеулі шөптері, қара от дегеніміз сары топырақты жердің жусанды, изенді шөптері. Халық жырларында «жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы» деген жыр жолдары кездеседі. Осындағы «тарлау» – шын мәнінде, ерекше шөп, жылқының жан азығы. Халық оны тіпті дәріптеп «атқұтыртқан» деп те атайды. Тарлаудан соң жылқының сүйсініп жейтін азығы – бетеге. Сондықтан да бабалардан «бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген де сөз қалған.
Жылқының азығын жан-жақты зерттеген ғалымдар: «Жылқы ажырықты – жыл бойы, шиді – қыстан көктемге дейін, изенді – жыл бойы, ебелекті – күзде және қыста, тас бұйырғынды – күзде және қыста, көкпекті – күзден көктемге дейін, майқараны – күзде және қыста, бетеге, боз ақселеуді жыл бойы жейді» деген тұжырым жасаған.
Көшпенді бабаларымыз жылқының арқасында Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Жалпы жылқы күш көлігі ретінде ғана емес, қазаққа дәмді әрі сіңімді етімен, шөліңді қандыратын шипалық емі бар сусындық сүтімен қадірлі. Сондықтанда, қазақ тұрмысында жылқы сән-салтанаттың, сұлулықтың символы ретінде әспеттеліп, байлықтың өлшемі ретінде қарастырылған.
Биологиялық жаратылысына орай жылқы түлігі еліміздегі табиғи жайылымдарда кездесетін шөптесін өсімдіктердің 416 түрін пайдалана алатыны ғылыми зерттеулерде дәлелденген. Мысалы, жайылымда кездесетін 91 түрлі жусанның 39 түрін, 181 түрлі сораңның 48 түрін жейді екен. Енді шөлейт аймақтарда кездесетін жатаған өсімдіктер, көбіне, ақуызы мол бұршақ тұқымдастар екенін ескерсек, осындай алуан түрлі шөп түрін жеген жылқы етінің құрамы ерекше болатыны заңдылық.
Әлбетте, табиғи жайылымдарда бағылған жылқы еті экологиялық таза өнім талабына сай келеді және жылқы еті мен сүтінің заманауи адамдардың тамақтану үдесіне сай дәмді, жеңіл қорытылатын сіңімді болатын қасиеті жылқы өнімдерінің сапалық алғашарттары. Сондықтан отандық жылқы тұқымдарының жайылымға бейімділігін толық пайдалану табиғи жайылымдарды табыс көзіне айналдырудың ұтымды жолы болар еді. Дегенмен, басымдылықты ұйымдасқан ірі шаруашылықтарға берген жөн. Өйткені, ұсақ шаруашылық малды асылдандыруға да, тұрақты өнім мөлшерін жоспарлауға да қауқарсыз.
Мақаланың жалғасы бар. Ал басын мына жерден оқуға болады.
Профессор
[…] жалғасы бар. Ал басын мына жерден оқуға […]