Берік ЖҮСІПОВ: Тілегеннің торысы

dsc_2287

Жылқы деген жануар қазақтың көзайымы ғой. Мынау сондай бір жүйрік жануардың уақиғасы.
…Патшаның баласы бірге толып, той қылыпты. Содан дала қазағына бұйрық, жарлық келіпті. «Уәлаятымдағы, жан-жақтағы жатқан елдердің бәрі той жасасын» деген. Тойға Шалқар, Ырғыз уезіне қарасты елдің бәрі келіпті. Шалқарда – көбіне Тілеу мен Қабақ, ал енді бұларды Қырдың шектісі, жақайымдарды – Сырдың шектісі дейді. Бас-аяғы бес шекті. Ақбасты, Көкарал, Ауан жақтағы жақайымдарды Сүлей деген кісі, Рамберді, Ісембай, Семізектің Төлегені бастап келіпті. Балымбет деген сейіс өзінің «Ашаң көк», «Қаратабан көк» пен Тілегеннің «Торы атын» апарыпты.
Тілеу жақтан бәйгіге шабылатын ат – Байманның «Қара қасқасы». Сонымен, бүкіл Жақайым, Тілеу, Қабағың бар. Сейістер түгел жиналып болғаннан кейін атты көреді екен. Балымбет сейіс бәйгіге қосылатын жылқыларды аралап жүріп, жағалап көріп келе жатыр: мынау бірінші келеді, бұл екінші келеді, анау бір айналымнан қалады, мынаның жарауы кеміс болған… Барлығын қолмен қойғандай ғып айтып келе жатыр. Бір кезде Тілеу-Қабаққа тигізіп: «Бұлар ат жаратуды қайдан білсін? Тілеу Байманның Қара қасқа аты түніменен ұйықтатпай, от пенен жемін кездіріп жүріп берсе, оған еге жоқ», – депті. – Тоғыз немесе он айналдыр, қаңтарумен келеді. Ал оны білмесе, біздің ат алады, Торы ат келеді», – депті. Сонда Ақтеке Ізбас деген кісі: «Ойбай, Нұрымбетті байла, айтып қояды, айтып қояды», – деп жаны қыдырыпты. Сол елдің күйеу баласы екен.
– Қой, қайдағыны айтпай. Аруаққа қарсы шығып не көрініпті оған. Қырға күйеу болғанымен, ол да Жақайымның бір баласы емес пе? Шалдың аруағына қарсы тұрады дейсің бе? – деп, біреуі жекіп қалыпты.
…Бәрі жатып қалған. Таңертең ат бауырынан жарап қалыпты. Айтып қойған екен. – «Ох, болмады, енді он-он бір айналымға таласыңдар. Тоғыз айналымнан ол қаңтарумен келеді», – депті, Балымбет сейіс.
Әбдіжәмілдің атасы Нұрпейіс болыс екен. Ал, Шалқарды билеп тұрған Тілеу Тотан деген бай. Ертесіне жалпақ жұрт жиналып тұрғанда қолына қамшысын алып Тотан айқайлапты: «Атты тоғыз айналдырамын. Күн ыссы. Адам да, ат та шөлдейді. Сосын жорға, құнан, күрес…», – деп.
– Олай деме, атты он екі айналдырайық. Ашылып келсін, таралсын десе, Нұрпейіске: «Қамыс қостың астында жатқан Жақайымға да не билік керек? Мұны қопаның арасындағы жайын мен торта дейсің бе, шаншып жейтін? Бұл – мал ғой шабатын! Бұл – бәйге! Жайыңа отыр! Қыс көтіңді!», – деп тиып тастапты. Нұрпейіс үндемей қалыпты. Үндемегені сол, Нұрпейіс: «Олай ғой, былай ғой» деп қисаңдатып, әңгімесін айта алмапты.
Сүлей сол уақытта болыс емес екен. «Былай тұршы, қоя тұршы, маған берші, айта алмаған сөзің болса мен барайын», – деп басында қызыл мақпал тымағы бар екен. – «Петерборды отырған орыстың баласының тойын жасап отырмын. Мейлі, қамыс қостың астында болайын, мейлі балық қуайын, атты он бес айналдырамын, ашылып келсін. Сен өз әкең Уақбайға ас берген күні… сол күні билерсің», – депті. Сонда маңдайына жеті мың жылқы бітіп талтаңдаған Тотан бай сол кезге дейін әкесіне ас бермеген екен ғой. Сонысын бетіне шыжғырып басып жіберіпті.
Уез басшысы: «Билер, қымыздың қызығына желікпеңдер. Ат он екі айналсын, он бес те, тоғыз да болмасын, таласпаңдар», – деп тоқтам айтыпты. Сонымен, бәйге басталып кетті. Аттарды жіберді. Шынымен тоғыз айналымға дейін Тілеу Байманның Қара қасқа аты қаңтарумен келді. Он екінші айналымда Торы жорға суырылып алға шығыпты… Жануардың нышаны бар екен, озарына келген уақытта өзінің құйрығын өзіне қамшы қылып бұлғақтатып, екі жаққа сабалап, өзін-өзі қамшылап отыратын. Бәйгі торы сол нышанына басыпты. Жалпақ Жақайым «Аруақ!» деп шулап жатыр. Сонымен, не керек, он екінші айналымда, алдына жан салмай қарақшыдан жалғыз өтіпті. Бәйгеден келген атты жас бала сияқты өбектеп, жабулап алып кетеді. Ешкімге көрсетпейді. Сөйтіп, Жақайымның аты бірінші болып келіпті.
… Сол уақытта Мөңке Өтәлінің Яхия деген атақты мырзасы бар екен. Көне өкіметке де қызмет еткен, жаңа өкіметке де жұмыс істеп жүрген. Сол Қабақ пен Тілеудің шалдарын бөліп алып, бөлек үйге кіргізіп жатыр: «Сен мында, ал сен анда барасың» деп. Бәйгеден аты келген Жақайымның шалдары состиып тұрып қалыпты. Сонда Яхия, жан-жағын қармап тұрған жігіт қой: «Ой, ақсақалдар, қабақ, сені де жайлаймын, жақайым, сені де жайлаймын, екеуіңе де үй жетеді. Жай бар, тамақ бар» деп, екі рудың шалдарын бір үйге отырғызыпты, жібермепті. Рамберді, Тілеуқұл, Жалмағамбет, Сүлей, Нұрпейіс, Ісембайлар бар екен. Сонда Яхияның әкесі Мөңке бас шекерді қолшотпен шауып, шетінен дастарханға тастап отырып, басы қисайған қалпы әңгімені гөйітеді ғой: «Көзі ашық, ұлты аз елден маңдайы жарылған батыр шықпайды, таңдайы жарылған би шықпайды, ұйытқылы бай шықпайды, елеулі ер шықпайды» деп еді. Ат төбеліндей Жақайым бағана біздің Тотанжанға бірдеңе деп айтты дей ме?» – депті. Сонда, Рамберді би қасындағы Ісембайды түртті дейді. «Мынау атып салды ғой, жауап берсейші» дегендей. Өзі білікті адам болса да, қай нәрсенің де аңысын аңдап, көп сөйлемейтін кісі екен.
– Өтеке, айтар сөзден жаңыласың. Ұйытқылы бай шықпайды дедің-ау. Шөмекей Алматтың Самыратына Мыршай апамызды ұзатқанда тоқсан нарға қазына артып, бұйдасын жібектен тағып, елу тиын қаракөзді тығырықтан өткізіп, ұзатқан екен Шаңбай деген бай. Байқаңыз, бұл Жақайым шығар? Өзің айтып отырған мақтаулы Тотаның жалғыз баласына келін алғанда, қыз ұзатқан жақтың тіркеуге берген түйесі қотыр екен, жарты ай бойы келінін келтірмепті, түйеме қотыры жұғады деп. Бай деген байың сол ғой сенің, – депті.
- Маңдайы жарылған батыр шықпайды дедің-ау. Үш рет барып Отыз ұлды Достаның Әлімбеттің құнын ала алмай құр қайтқанда, Жақайым Жылқаман барып алып берген жоқ па еді: «Қалмастың қара төбесінде кім қалмас дейсің?» – деп. Бұл да Жақайым шығар?
Көзі ашық әулие шықпайды дедің-ау. Мөңке өлерінде жұрт жиналып: «Қайда қоямыз, не істейміз?» дегенде: «Әлгі бір бала бар ғой, сол келсе соған айтам, сол келсе сол біледі ғой», – дей беріпті.
– Ол кім?
– Сартай дағы… Оу, Сартай Орта жүз бен Ұлы жүзде билікте жүр.
– Әй, мен де бірдеңе білермін. Далаға шықшы, – десе қос атты парлап жеккен Сартай атам суыт жүріп, қырдан құлап келе жатыр екен. Мөңке әулие соңғы өсиетін біздің Сартайға айтыпты. Әулиеңді де қолымен қойған Сартай ғой. Бұл да Жақайым шығар? – депті.
- Таңдайы жарылған би шықпайды дедің-ау. Достанның үлкен баласы Әйімбет өлгенде, жесіріңді неше рет барып ала алмай, ақыры Жетес барып билігіңді алып берген жоқ па? Бұл да Жақайым шығар?
…Сонда, сөзден тосылып, сасқалақтап қалған Өтәлі жалма-жан көйлегінің етегімен маңдайының терін сүртіп жатыр екен, уәжден ұтылған соң. «Әй, әке-ай! Асыңды беріп, аман кетпейін дедің ғой. Бұлар атылайын деп тұрған мылтық емес пе. Шүріппесін басып, ақыры атылып қалдың ғой», – депті, Әли дейтін бір баласы…

Berik ZH.Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы.
argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>