Зейнолла Сәніктің ат баптау үлгісі

tsengel901

Қолтығын жазу.

Атбегілер бәйгені құлынынан таңдап алып баптайды. Оны жас баладай мәпелеп, тайында жуасытып, қолын түсірмей, қанжілік қылып қанын бұзып алмай, тебінін қайтармай, сүйегін жасытпай, жүрегін шаймай, ақ жілік қалпында бағып-баптайды. Құнан шыққанда аздап бәйгеге қосады. Мұны «қолтығын жазу» немесе «жер таныту» деп атайды. Бұл – бәйгенің алғашқы сын кезеңі.

Қанды бұт.

Бәйгелі боларына көз жеткізген құнандарды күтіп-бағып, мүшел жасы – дөненінде піштіріп, қанын толтыру үшін қоя береді. Мұны «қанды бұт» деп атайды. Бабында піштіріліп қоя берілген дөнен етейіп, күш жинап, тез жетіледі. Азуын жарып, мүшелге толған белгі береді. Сонан бестісінде қайта ұстап, баптайды. Көңілі шайылмай өскен шын жүйріктің менмұндалайтын, «бестімде ұстап бәйгеге қос, келе алмасам басымды кес» дейтін кезі дәл – осы!

Қу тезек.

Бесті кезінде атты көп бәйгеге қоса бермей, күшін үзіп алмай, етін аудырып алмай күзеу сонысына бабымен бағып, қар түсе шөпке байлайды. Дағдылы, жасамал бәйгелерді тебінге қоя беріп, аяқ-қолындағы зорықты қарға сорғызып, жеңілдегенде ұстап бағымға алады. Бәйгенің күйі қалыпты болғанда көк тістетпеген жөн. Өйткені жаңа тебіндеген көк атты көбеңсітіп, өкпесін қабындырады. Сонымен ат шымыр етін тастап, көбік етке айналып кетеді. Сол себепті пішенмен, сұлымен бағады. Мұны «қу тезек» деп атайды. Сұлы атқа жеңіл келеді, қазыландырмайды, етін сақтап, қызылын тептіріп, сүйегін түзейді, тебінін күшейтеді.

Көкке аунату.

Егер бәйге қыс бойы арпа-жүгерімен жемделіп, тым қазыланып кеткен болса, май айында шайқама шалғынға 15-20 күн қоя беріп, далада оттатады. Мұны «көкке аунату» деп атайды. Мұндай бап бәйгенің етін жайдырып, майын таратып, қазысын арылтады. Аттың аяғын шалғын соғып, көкке аунату көңілдегідей болғанда ат қайта ұсталып бапталады.

Көк қарыннан сақтану.

3-4 елі қазылы семіз атты сартап етіп бабына келтіру үшін табандай бір ай уақыт керек. Алғаш жарата бастағанда аз мініп, көп байлайды. Кешкі салқында қағыр, таза жерге қысқа арқанмен арқандап оттатады. Оттау уақытын тәулігіне 5-6 сағаттан асырмаған жөн. Таңертең күн көтеріле ағаштың саясына қайта апарып байлайды (бұрынғы кезде арнаулы киіз үйге баптаған).

Күн сайын 15-20 шақырым жерге аяңдап жүріп келіп, демалдырып суытып отырады. Еті қатқан соң тәуілігіне 7-8 сағат оттатады. Өте семіз атты бастабында 2-3 күнде бір рет суарады, еті қатқан соң күніне бір рет суарады. Ағынды судан емес, бастаудың көзінен тұнық кезінде суарады. Әр жолы ат су ішіп, бірінші рет басын көтергенде-ақ суаруды доғарады, мұны «көк қарыннан сақтау» деп атайды.

Қанын түзеу.

Бәйгеде зорық барлығы білінгенде қара шаймен суарып, ішіндегі ыстықты немесе зорықты айдайды. Қанында бұзылу пайда болғанда-ақ ұннан жұдырықтай қамыр илеп, бастаудың бір шелек тұнық суына езіп, сірнесін алып тастап, ұнды сумен суарады. Мұны «қанын түзету» деп атайды. Мұндайда кейбір атбегілер саумалмен суарып та түзейді. Бұлай ету аттың тебінін де арттыра түседі.

Тілін буып баптау.

Жүлде алып жүрген сенімді бәйгелерді ұстап баптамай-ақ, тілін буып жылқыға қоя беріп, сырттай бақылап жаратады. Мұндай аттар аз оттап, суды қалыпты ішеді де тоқ жарайды. Күндер өте келе қаншырдай қатады. Терін де алмай, бәйге өткізерден аз күн бұрын ұстап, тілін шешіп, үйлесімді баптап барып бәйгеге қосады.

Көбік терін алу.

Қалыпты еті бар бәйгелерге 15 күн, еті ауырларына 20 күн болғанда 10-15 шақырым жерге желдіртіп, бусандырып көбігін шығарып таң асырады. Мұны «көбік терін шығару» деп атайды. Одан соң аттың жарауына қарап, бірнеше күннен кейін қара жарысқа салады. Мұны «ащы терін шығару» деп атайды. Одан кейін тағы таң асырады. Тер алуда аттың бойын алдырудан қатты сақтанған жөн. Тер алу ат көп терлемейтін күйге жеткенде тоқтатылады. Бапкерлер терді жалап көреді. Тердің дәмі мөлдір суға ұқсап, бөтен дәм білінбегенде ащы тері алынады. Осыдан соң бөгде тер қалмады деп есептелінеді. Бұл бәйгенің бабына келгенін білдіреді.

Күйі ауған ат.

Күйі ауған аттар «май етті», «қара етті» болып бөлінеді. Май етті аттың қызылы сыртына теуіп, тырсиып, ішкен-жегені сыртынан көрініп тұрады. Мұндай аттар сырттай қарағанда семіз болып көрінгенімен майы аз болады. Бабын білмеген адам осыған қарап бәйгені баса жаратып жіберсе, етінен ауып, тер басып, қолтығы дірілдеп жолда қалады. Мұны «күйі ауған» деп атайды.

Топ қазы.

Қара етті ат аш көрінеді, сүйегі үңірейіп, арық аттай байқалады, бірақ іші қазылы келеді. Бабын білмегендер мұндай атты шала жаратса, бәйгеде шайлап, тер басып, аяғын ала алмай қалады. Мұны «тері арылмаған», «майы арылмаған» немесе «топ қазы» деп атайды.

Бәйгенің ұйқысын қандыру.

Кейбір атбегілер баптауда ширығып тұрған атты «ертең бәйге болады» деген түні ноқтасын сыпырып жылқыға қоя береді де, арнайы адам арқылы алыстан қауымдап бағады. Байлауда іші пысып тұрған ат жылқыға қосылған соң ойнақтап, онша жайылмайды. Жылқылардың іңіргі, таңғы жусауында бірге жусап, тырайып ұйықтап, ұйқысын қандырады. Мұны «бәйгенің ұйқысын қандыру» деп атайды.

Бұған дейін Зейнолла Сәніктің ат сынау үлгісі туралы жазған болатынбыз.

zeinolla-sanikЗейнолла Сәнік, «Қазақ этнографиясы»

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>