Нұржан Қуантайұлы. Секiлдi Керқұласы баяғы ердiң

kerqula

Тебiнде

Ықтасын болмай тау iшi,
Ызғарын ұлытып.
Сары аяз қарып бет-жүзiн, мұз қатып кiрпiк,
Қайың құрығын сүйретiп қайқаңға шықты
Жылқышы малға «һай-һайлап»,
Түз-тағы үркiп.

Елтiрi тымақ кигенi, қасқырдан iшiк –
Суықтан қамсау.
Сары аяз – қас қылған күшiк.
Алашабырланып қоян жон беткейдiң қары –
Ажырап қалған бейнебiр басқұрдан үзiк.

Иiнiнен өтiп құлама, иiрлi жардың,
Тебiндеп кешке шыққаны үйiрлi малдың.
Төсiнде қырдың тебiсiп құлын мен тайы,
Сергiтер бойын, қандырып иiн құмардың.

Үйiрдi мынау үйiрген айғыры күштi,
Шау тартса дағы әлiгүн айбыны сұсты.
Қарагер құлын қалқиған шалынып көзге,
Тегi бiр айғыр есiне тай күнi түстi…

…Аршып тастады айғырдың тұяғы қарды,
Жылқышы көзi жiтiрек –
Қияны шалды.
Бетеге, жусан белде жоқ,
Қыр астын қармап,
Жұғын да болмас жұмырға қияғы қалды.

Қараңғы iңiр қара шат төрiнде жатқан,
Бiр сүйкем жұлдыз шаңытты көгiнен аққан…
Тобықтай оймен толғанар жылқышы шалым
Көп малға қарап қырдағы тебiнде жатқан.

Шыңылтыр аяз алмайды-ау тызақтап тағат,
Сiңiп барады қойнауға түсi аппақ алап.
Әлiмсақтан-ақ тектi мал,
Әлi кеткен бе,
Әйтеуiр қаны сұйылып ұсақтап барат.

…Бұзылып күнi,
Бiлiндi үскiрiп алдан,
Борасын жаяу жүгiрдi – ұшқыны қардан.
Кешегi белдi жылқының ұстыны қалған:
Дәмелi көптiң жылқыдан мiнiп кеткенi –
Ау жетпес шабан,
Алдаған түс қылып арман.

Жылқышы шал да айтып қап iлкiде шынын:
– Жыға танымас кей тантық жылқының сынын!..
Жүйрiктiң сойын бұзғаны бөтен жұрт келiп,
Ұға алмай ұрпақ бұрынғы үлгiнiң сырын.

Қазақы жылқы азайған,
Арғымақ қайда?
Дүйiм жұрт жатыр даурығып, дау құрап ойда.
Рысактардың буданы – ел сүйген тұлпар,
Жүгiртiп мәз бол…
Сабаумен салғылап, қойма!..

…Мал бағу қиын – ес кетiп, жан шығарасың…
Тебiнiп атын жылқышы, қамшыға басып.
Тұлпар шығатын құлын бар,
…Тұғыр да болар,
Жабысы келiп тайына қанжығаласып…

…Жүйрiгi жауыр болды ма, тұғыры – тұлпар?
Дем-күшi еске алынбай: тығыны шырқар.
Озбаса тұғыр –
Иесiнiң сезiгiн секем
Көтерме сүйрер деген бiр ұғымы қымтар.

Көтерме қалмас тоқ үмiт, ұзын дәмемен…
Қарагер құлын ақ қарда қызынған денең!
Тақымға басып құрықты,
Көңiл түбiнен
Жылқышы сонда суырда шыжымдап өлең…

Көңiл мен көк дөнен

Құлдилап түссең қырқадан еңiске төмен,
Ылдилап су да ағады егiске көбең,
Қызылiңiрде жiберсең тоқымын алып,
Кiсiнеп алып жөнелер өрiске дөнен.

Өрiске дөнен жөнелер кiсiнеп алып,
Шылбырын үзiп көңiлдiң…
Кiсiге анық.
Шегiртке түнде шырылдап,
Шақырып байғыз,
Көк дөнен кiрер кiсiнiң түсiне маңып.

Елегiзiп жатам, естiлсе текiрек тағы,
Көбейер жылқы ашылып жетiмек бағы.
Ұры-қарыдан сақтаса, ит-құстан аман,
Жайылым бермес жоқ қазiр өкiмет малы.

Өкiмет малы жоқ бұ күн,
Өрiс те кеңiп,
Жайсаң да көрiп ойланды, кемiс те көрiп.
Бұрынғы заман белгiсi – маңқиған қора,
Кешегi күннен қалқиған егiс – теберiк.

Көк дөнен жүйрiк, қобалжып емiнбе, көңiл,
Сойында сойқан жатыр-ау, тегiнде де бiр…
Көңiлмен құйрық тiстесiп, жануарым-ай,
Нең бар ед сонша,
Онсыз да ебiл де дебiл.

Ебiл де дебiл екеуiм, егiлме тiптi,
Ауырдың күшi ендiгi жеңiлге бiттi.
Көптiгiн iстеп көрсетер итақай-заман,
Көк дөнен үркiп осыдан,
Көңiл де күптi.

…Үнi де сазды даланың, түнi де сылқым,
Шақырып байғыз көрсеттi-ау күнiне сыртын!
Әлмисақтан-ақ өзiне кiсiнiң ұлын
Iңкәр ғып қойған қайтейiн, дүние шiркiн…

Тал мойын аттың сауабы

Еңсесi биiк боз Орда,
Еңiреген ердiң ашуы мұндай қозар ма,
Дiңi де берiк, дiнi де қатал жамағат
Шiлдiң қиындай тозар ма…

Торғайы ұшқан сор далам,
Толғамалы найза толғатар ердей қомданам,
Тұтам емшектi ту бие үшiн нар бабам,
Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам
Басы қайда қалмаған?!

Салқар тарихты сайына тығып сар далам:
«Қарашы жұрттың қай сөздерiн қарманам».
Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда,
Қазағым қайда аумаған…

Жорық батырлары өткесiн,
Жойылып кетпес жадыңнан өшiп тектi есiм.
Апырай, ендi ақырзаманды төндiрдiң:
Абылай түсi жер қаптырып кетпесiн…

Ұрпақтар бiлмес шежiре ұлы ұғымдай,
Ұлы ұғымдардың ұлағатын бiр ұғынбай,
Құлақты түрсең, ескiден қалған үлгi сөз
Құнан бiр қойдың құнындай.

Тоғысар ма екен тоғыз жолдардың торабы,
(Көл жайқаған бидайық көрiнбей қайда барады?)
Арман-ай, арман, алаштың Орда тiгiлер –
Тал мойын аттың сауабы…

Екi жирен

I

Дейдi дағы:
– Әндетсек бiр, әй, бәлем, –
Науа жолға көз тастайды жайменен.
Күлiмсiреп
Мұртын сипап қояды –
(Қияқ мұртын қияға iлген Ай көрем).

Сырмақ жоннан су қашады сылтыңдап,
Шымшық үнiн шыбық пен тал тұр тыңдап.
Қасқа жирен үйездеп тұр жағада,
«Екi жирен» домбырада тыңқылдап.

Құлап түскен құс үнi ме,
Қандай үн,
Құлақ түрген қыр қағады таңдайын.
Дөңгеленген жұмыртқа үй ыстықтап
Дөңес бетте түрiп қойған маңдайын.

Ағамыздың көмейi де кең екен,
«Екi жирен» өрге қарай желе тең.
«Өй, деген!» деп қошаметтеп қойсаңшы,
Қоңыр үнiн әуелетер Ерекең.

Жусап жатқан қарап қойып қой жаққа,
Күн өткен бе –
Қыбырлайды ой шаққа.
Қара туша көзiн байлар көбiнiң…
Қап, кебенек, желдеп кеттi ой жаққа…

Жәудiр қаққан қаратар көк жүзi де,
Шөкiм бұлттар шөрегейдей тiзiле.
Құбақан тал бұралады бұтағы
Қолаң шаштың белiндей боп үзiле.

Ағаң сөйлер арқа тасқа сырт тiреп:
– Мына қасқа судай жорға,
Жұрт бiлет.
Бiр қызығым – жақсы ат ұстау жасымнан,
Тек, бар болғыр, қызғандырар сыртты көп…

II

Айхай, жылдар –
Жылдамдықтың өрi ме,
Сарқырама болып өттi төгiле.
Тәлкек күндер сол өңiрге тағы да
Тәлтiректеп алып келдi менi де.

Лепiрiп жан леп сағынды ерекше,
Қырға шықтық.
Қыр желi, ал сен екше!
…Жылқылар жүр,
Күрiк болған тауықтай
Саяқ жирен жайылады бөлекше.

– Ерекеңнiң жорғасы ғой бұл қасқа, –
деп серiгiм жалт қаратып тұрмас па, –
– Ол кiсi өзi қалада ғой,
Емделiп…
Аяқасты жүрек ауру ұрмас па?!

Үш ай бойы иесiз бұл саяғың,
Әулекiлер мiнiп құртты аяғын.
…«Екi жирен» құлағыма келедi
Екiңдiде айтылатын баяғы.

– Сорпасы мен суаны ендi соғымның.
(Көк үстiнен келiп түстi жеңiл дым…)
Оқыранып қасқа жирен, ойпыр-ай,
Отын алып кете барды көңiлдiң…

Керқұла

Секiлдi Керқұласы баяғы ердiң,
Өзiңнен, тұлпар күнiм, сая көрдiм.
Болдырған жануарым жайылсын деп
Жүгенiн сыпырып ап қоя бердiм.

Өр уақыт өзегiмдi өттi басып,
Сағындым, сәйгүлiгiм, жет қыр асып.
Жаяумын,
Кезi келген салтаттысы
Үстiме шаң-тозаңды кеттi шашып…

Керқұла,
Сағынтпадың қай ұлыңды,
Жүрмiсiң жәннат жерде жайылымды?
Құранды ер қыр арқаңды қажап жүр ме,
Бос тартып жiберiп ем айылыңды.

…Арық қып алаң көңiл атырабын,
Сағыныш – саумал бұлақ жатыр ағып.
Керқұла қайта айналып бiр соқсын деп
Жүгенiн сылдыратып шақырамын…

nurjan-qНұржан Қуантайұлы, argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>