«Мұғалжар», «Көшім», «Қазақы жабы» тұқымдарын зерттеуші ғалым 80 жаста!

8310

Қай заманда болмасын туған жерге, өскен ортасына, жалпы айналасына сыйлы болып, елге қызмет етуді басты міндет-парызы санаған, жас ұрпаққа білім берумен айналысып, жан-жағын нұрландырып, өзінен бұрын өзгенін қамын ойлаған жан мұратына бірінші жетіп, алғыс пен ілтипатқа бірінші бөленіп, үнемі Алланының назарында жүретіні ақиқат!

Осындай болмысы бекзат, абзал жүректі, пейілі таза қайраткер тұлғаның бірі – елімізге белгілі ғалым, зоотехник-селекционер, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ КСР-ының мемлекеттік сыйлығының иегері, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе бекетінің жылқы бөлімінің меңгерушісі — Серікбай Сағитжанұлы Рзабаев.

Туған өлкесінен алған өнегесінің, өмірлік тәжірибесінің арқасында әрдайым өз ортасына сыйлы болып, қадыр-қасиеті өзгелерге жұғысты болып жүретін қадірлі ұстаз ретінде ол отандық аграрлық салада бірінеше буын шәкірттерге білім беріп, тәжірибелі мамандар мектебін қалыптастыруға белсене атсалысып келді. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде бірнеше мәрте жоғары республикалық, халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болып келді.

Серікбай Сағитжанұлы қай ортада болмасын, мағанасы терең аталы сөздермен айналысын баурап алатын ерекше рухани қасиеттерге ие.

Бүгін, міне, сексеннің сеңгіріне шығып, саясы мол жеміс ағашындай болып отырған доцент Серікбай Сағитжанұлыегемен еліміздің ауыл шаруашылық саласына, оның ішінде жылқы өсіру бағытында сіңірген еңбегі орасан.

Текті атадан тараған Секен ағамыз жасынан оқу-білімге деген ерекше қабілеттілігімен, өте зеректігімен көзге түсіп, орта мектепті жақсы біліммен аяқтады. Ол 1956 жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының зоотехникалық факультетіне түсіп, оны 1961 жылы үздік бітіріп шыққан. Ұядан көрген тәлім-тәрбие, ұстаздарынан алған тағылым жас маманның болашақ өміріне таусылмас рухани азық болғаны сөзсіз. Болашағынан зор үміт күттірген ол – ұстаздарының сенімін ақтап, өз уақытында кандидаттық диссертациясын қорғап, есімі тек біздің елге ғана әйгілі ғалым болып қалмай, әлемге аты шықты. Ғылыми еңбектері дүниежүзіне белгілі ғалымдар тарапынан ерекше бағаланып, 1976 жылы жаңа көшім жылқысының тұқымын шығарып және өсіріп ауыл шаруашылығына енгізгені үшін 1980 жылғы қыркүйек айының 4-ші жұлдызында Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті, Қазақстан министрлер кеңесінің шешімімен Серікбай Сағитжанұлына Қазақ КСР-ның мемлекеттік сыйлығының (ғылым және техника саласынан қосқан үлесі үшін) иегері атанады.

Қазіргі уақытта еліміздің білім-ғылымға сусап отырған сан мыңдаған жас ғалымдары Серікбай Сағитжанұлының ұзақ жылдар бойы шаршап-шалдықпай, қажып-жалықпай, терең бойлай еңбектеніп жазған 165-тен астам ғылыми, соның ішінде «Мұғалжар жылқы тұқымы» атты бір монография, 9 авторлық куәлік, 5 патент және ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектерін оқып, өндірісте іс жүзінде пайдаланып, қолданып білім-біліктерін шыңдап жүр.

Ауыл шаруашылығығылымының осындай заңғар ғалымының өзі таңдап жолына түскен ғылымын өркендетуге қосқан ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – «Ерен еңбегі үшін» медалі, ол – «Бүкіл Одақтық ауыл шаруашылығының жетістіктер көрмесінің» қола медаль, ол – «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі.

Әлбетте, бұлардан да жоғары басқадай атақ-марапаттарға лайық, тұлғасы шар болаттай берік, бір мезет тыным тауып демалуға уақыт бөлмейтін еңбекқор, ізденімпаз, терең ойлы, үлкенге сыйлы, ініге ізетті, абыройы биік, қадірлі ағамыздың көрер құрметі, алар сыйы әлі алда екені анық.

Серікбай Сағитжанұлының азаматтық тұлғасында туа біткен асыл қасиеттер көп-ақ. Соның бірі – ұлтжандылығы десек қателеспейміз. Елім деп, ерен еңбек етіп жүргені соның айқын дәлелі.

Серікбай Сағитжанұлы мұғалжар жылқы тұқымын шығару барысында, 1986 жылы отандық жылқы өсіру бағытындағы жылқы зауыттарының зоотехникалық тәжірибесінде бірінші рет, дүние жүзінде теңдесі жоқ, өнімділік қасиеті өте жоғары «Зубр» және «Бархат» зауыттық аталық іздері шығарылып бекітілді. Соңғы кезеңде зауыттық бағыттағы «Баз» және «Парад» зауыттық аталық іздерімен 10 аналық тотың негізінде қазақы жабы жылқысының жаңа «Қайыңды» зауыттық түрін 1995 жылы шығарып, мемлекетте бекіді. Аталып өткен еңбектердің нәтижесінде 1998 жылы жаңа Қазақтың «Мұғалжар» жылқы тұқымы шығарылды.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында Серікбай Сағитжанұлы басшылығымен қазақ жабы жылқысының қайыңдылық зауыттық түрі (патент №184);

Қазақтың мұғалжар тұқымы «Жем» ішкі тұқымдық түрі (патент № 185 тұқым басы);

Етті-сүтті бағыттағы Қазақтың мұғалжар жылқы тұқымы (патент № 178) алынды.

Қазақтың «Көшім» тұқымында бірінші рет «Крепыш» және «Гром» асыл тұқымды айғырларының аталық іздері қалыптасты (патент № 187, патент № 186, авторлық куәлік 769, 775; 2011 жыл).

Республика бойынша бірінші рет Серікбай Сағитжанұлы жергілікті жағдайда өсірілетін жылқылардың ет-сүт өнімділігін арттыру мақсатында жүргізілуге тиісті мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының алдағы 10 жылдық жоспарларын жазып, өндіріске ұсынды.

1989 жылы Серікбай Сағитжанұлы басқа авторларымен бірге көшім жылқысының мемлекеттік асылдандыру кітабының 2 томын, 2003 жылы Қазақтың «Мұғалжар» жылқысының мемлекеттік асылдандыру кітабының 1 томын ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне ұсынып, кітап болып шығарылды.

2003-2017 жылдар да алдағы 10 жылға жоспарланған «Мұғалжар», «Көшім», «Қазақтың жабы» жылқылары тұқымын асылдандыру жөнінде 19 перспективалық асылдандыру жоспарларын жылқы шаруашылықтарына жасап ұсыныс берді.

Көріп отырғанымыздай, басқа да көпшілікке арналған мақалаларындағы ғалымның талап-ұсыныстары көптің көңілінен шыға білді.

Серікбай Сағитжанұлы секілді көшбасшы – ағаларымыздың орны бөлек. Осындай кісілігі көпке өнеге, бедел-абыройы биік тұлғалардың дер шағында айтылған ақыл-кеңестері мен дұрыс жолға бағыттайтын бағдаршамдай нұсқаулары бізді адастырмай, жарқын болашаққа бастайтыны анық.

Егемен еліміз жаңа заманға жаңаша қадам басқан шақта зор табыспен сексенге жетіп, мерейтойын тойлағалы отырған Қазақтың қара шаңырағы, Ақтөбе ауыл шаруашылық бекетінің жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, доцент Серікбай СағитжанұлыРзабаев ағамызға кейінгі ғұмырыңызда да қазақ ғылымы мен оқу-ағарту ісінде және жастарға тәлім-тәрбие беруде биік шыңдарға шыға беріңіз деген шын көңілден шыққан тілегімізді білдіре отырып, өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз!

Торқалы тоқсаныңызды, жарқыраған жүзіңізді тойлауға Алла жазсын!

 Khairat I.Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

доцент Қайрат Исхан

argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!