Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ. Ағамның Тортөбелі

tory-tobel

Астанадамыз. Қонаев көшесі 4. Қазақ радиосы. Керей Жәнібек-Ақмешіт көшесінің қиылысындағы №17 Мемлекеттік қызметкерлер жатаққанасында біраз журналистер тұрамыз. Кезінде әркім, тамыр-танысын салып жүріп алып алған. Өзі арзандау, ішінде жағдайы жасалған. Бір күні кешкісін жұмыстан шығып әріптесім, әрі әнші інім Жасұлан Наурызбайұлы екеуміз әйнекті Мерседесімен жатаққа қайттық. Бір кезде Жасұлан: «Аға, досым Даниярдың орындауындағы мына әнді тыңдап көріңізші»,-деп гитарамен орындалған әсем әннің ырғағына қосылып отырды. Бұл озық ойлы сазгер Ержан Белғозиевтің «Бауырды сағыну» әні еді. Бұрынырақта Ержанның өз орындауында есітіп, бұл ән менің де көкейімдегі шерімді қозғаған болатын.

Алыста аяулы қалды ауылым,

Аңсаумен күтеді ол да ұлын.

Қапыда қалдық-ау қоштаса алмай,

Мен сені сағындым жан бауырым,-деп келетін жеріне келгенде қабырғам қақырап, бауырым елжіреп сала берді. Жасұланға: «Өте жақсы ән, Ержан бұл әнді бауырына арнаған, өзі бабына келтіріп орындайды»,- дедім…

1992 жылдың маусым айының 22 жұлдызы болатын. Теледидардан: «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Жәнібек Кәрменов 43-ке қараған жасында, Қапшағай күре жолының бйында жол апатынан қайтыс болды»,- деген суық хабар дүңк ете қалды. Арқаны ақжал аяз қарығандай күй кешіп, туыстарына Алладан сабыр, қуат беруін, ешкімнің басына мұндай қайғы келмесе екен деп тілеген едім.

(Ағам Садығұл (Сатан) Мұстафаұлы, 1953-1995)

(Ағам Садығұл (Сатан) Мұстафаұлы, 1953-1995)

Араға жылдар сала, 1995 жылы өзіммен тете өскен бауырым Садығұл да, қамал бұзар қырықтан асқанында сұм ажалдың сұрмергені, көк берен сауытын бұзып, фәнидің есігін жапқызып, бақидың қақпасынан енгізіп жіберді. Сол уақытта ол да 43-ке қараған еді.

2003 жыл. Отызында орда бұзып, қырықтың қамалына беттеп, 42-ге қараған жасында, ақтаңгер ақын бауырым Әзімбек Жанқұлиев та, көк жусандай жайқалып, елге есті сөз айта бастағанында, әзірейілдің ала баулы құрығына ілігіп, кете барды. Осындай құпия, тылсымы мол, жаратқанның жазуына, пенденің еш шарасы жоғына қайран қаласың. Өзегіңді өкініш өртеп, кермек жас кірпігіңді майыстырып, ботадай боздайсың, бірақ көнесің. Кеудемді кернеп, жұдырықтай жүректі сыздатып жүрген ағам жөнінде мына естелігімді сіздермен бөліскенді жөн көрдім.

1984 жылы Алматы ауылшаруашылық институтының жеміс-жидек факультетін бітіргенмін.

1990 жыл. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жарсу совхозында бас агрономмын. Жұмыстан кештете келсем, ауылдағы ағам Садығұл (Садан) келіпті. Ауыл елді, ағайын туыстың амандығын сұрасып, түннің бір ауғына дейін отырдық. Бір кезде ағам: «Әкемнің баяғы тортөбел биесі, теңбіл көк айғыры есіңде ма?», – деп сұрады. Әрине есімде, керемет жылқылар еді ғой деп, қостап қойдым. «Ендеше сол әкемнің ісін жалғастырып, жылқы ұстасам ба деймін. Қазір ауылда баяғы жүйрік жылқылардың тұқымы қалмады, осында Балтабай деген совхозда асыл тұқымды жылқы асырайды екен, сол жерден жылқы алып, құмның қазақы қарабайыр жылқысымен будандастырса, керемет жылқы тұқымы шығады, соны қолға алайық»,- деді. «Әрине, бірақ ол жылқыға қаражатты қайдан аламыз?», – дедім мен. «Менде біраз ақша бар. Ертең сонда барайық, сосын көреміз», – деді.

Ертесіне Балтабай совхозының асыл тұқымды жылқы зауытына бардық. Кәрі-құртаң биелелер, аяқтан қалған айғырлар сатылады екен. Бірақ бағасы қымбаттау. Басшыларын таниды екенмін, не керек сол жерден бір байтал, бір кәрілеу бие, алдық. Ферманың жылқышысы, ұйғыр жігітінен «Орлик» деген тортөбел байталды ағам болмай, қымбатқа сатып алды. Барымызды қосып, көрші ауылдарды аралап, базарлап жүріп, бір жирен, бір ірі көк бие таптық-ау әйтеуір. Біржарым ай дегенде, ағам ауылға әрең қайтты. Сонымен тынбай еңбектеніп жүріп, ағам екі жылда жылқының басын онға жеткізді. Бұл – бір үйір жылқы.

Келесі жылдың көктемінде ағам: «Ауылға келіп кетші», – деп өтініш жасады. Астымда УАЗ-469 машинем бар, таңғы сағат бесте тұрып, ауылға тарттым. Менің туған жерім Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан ауылы, Сарыбарақ бөлімшесі. Толқып ағып жататын қарт Таластың жағасында. УАЗ машинесі ұзақ жолға арналмаған, ауылшаруашылық машине болғандықтан он сағаттан аса жүріп, шаршап жеттім. Ол кезде ел іргесі сөгіле қоймаған, совхоздың тірлігі қан базардай қайнап жататын. Ағам: «Бүгін демалып ал, ертең жолға шығамыз», – деп қысқа қайырды..

- Қайда?

- Құмға…

- Неге?

- Жақсылықта шаруам бар, соған барамыз.

Ертесіне таңертең шайымызды ішіп алып, жолға жиналдық. Баратын жеріміз қызыл құмның іші. Шамамен 90-100 шақырым. Не шаруа екені маған белгісіз. Аң атамыз деп, қос ауыз мылтықты да ала шықтық. Көктемнің көк жауыны бірде нөсерлетіп жауып, бірде баяулап, ауа райы құбылып тұр.

Ауылдан шыға, Қожабаздан ары жиекке дейін, аппақ боп, тұзы шығып жатқан сортаң басталады. Құмға, малшыларға бара жатқан машинелер сортаңға батып, тығылып жататын еді. Бұл жолы да солай екен. Оншақты машиненің шопырлары үстінде шошайып-шошайып отыр. Ауылымызда Әзімбай Әбдіханов деген ДТ-75 трактор айдайтын ағамыз, оларды кезекпен тартып шығарып жүр. Тоқтап, амандасып, сортаң жерді соқаша тіліп өтіп, кете бардық. Бет алысымыз – Қызылқұмның бел ортасындағы Қылтықты аталатын жер. Ол үшін алда алар асуларымыз көп. Астауқобы, Шеңгелдіой, Опот, Жусанды, Қарайып, Боздақбай, Есқара атты биік-биік бархан құмдар. Жиекке ілінісімізбен жол жөнделе бастады. Биік белестер болмаса, құмның ішіндегі жолдар татырлау, машине жүргенге ыңғайлы. Жолда Жамбыл, Жуалы аудандарының «Штабтары» орналасқан. Міндетті түрде тоқтап, сусын ішесіз. Бұл жерде оншақты үйден бар, бәріне электр сымдары тартылған. Малшылырдың балалары оқитын мектеп, интернаты жоғары үлгіде. Дүкендерінде Алматыда жоқ неше түрлі заттар сатылады.

Құмның көктемгі табиғаты деген адам айтқызсыз ғажап. Білмейтін адам, Қызылқұмда не өседі деуі мүмкін. Бірақ аралап, шөптің мыңдаған түрін көргенде, өзіңіз куә болатын нәрселер жетерлік. Адамның жанына жағымды түрлі шөптердің иісі француз иіссуынан артық болмаса кем емес. Жүзген, жусан, құмсағыз, түрлі шөптер өскен, асу бермейтін сүйір тұмсық-тау шоқыларындай сұлуланып, сұлбаланып жатқаны. Бархан-бархан құмдардан асып, түс ауа Жақсылық жездеміз отырған ойға да келіп жеттік. Әпкем Күләйлә, бізді күтпесе керек, қуанышы қойнына сыймай, қысқы соғымнан қалған сүрін қазанға салды. Ағамның үлкені Өмірбек, осы құмда, әпкемнің үйінде. Күн еңкейе құдық жақтан малын жайып келе жатқан жездеміздің де төбесі көрінді. Абыр-сабыр басталып, мал жайғауға көмектестік. Қой төлдеп, жылқы құлындап, сиыр бұзаулаған кез. У да шу базар болды да кетті. Әпкеміз көршілерін шақырып үлгеріпті. Күн бата малды жайғап болып, бәріміз дастархан басына жайғастық. Мейіздей боп сарғайып, бабына келіп сүрленген сары қазы, жал, жаядан қиялай кесіп, асқазанға ел қонғанша, қарбытып-қарбытып тастадық. Әпкем бауырлары келгесін несін аясын, қаймақ, жент, қарынға сақталған май, құрт – барын салды. Бір кезде барып жездеміз: «Ия, жайша жүрсіңдер ме?», – деп әзіл-қалжыңын араластырып, ауыл-елді сұрап жатты. Әпкем сандықтың түбіндегі иісі бұрқыраған үнді шайларын да шығарды. Қаймақ қатқан күрең шайына кіріскенде ағам: «Жақа, Тортөбел айғырыңды сұрағалы келдім», – деп әңгімесін бастады. Аң-таңмын. Жездеміз біраз үнсіз отырып: «Қарағым-ау, сол Тортөбел айғырға осындағы бір қауым ел қарап отырмыз, бәрінің жылқысы кешкісін мына үлкен ойға түседі, сосын бәрі Тортөбел айғырға бағынады. Ит, құс дегенің бұл айғыр тірі тұрғанда мұнда жақындай алмайды. Ал айғырды саған берсем не болмақ?»,- деді. Ағам тақымдап болар емес, әпкем бір кезде інісіне жақтасып: «Өмірінде бір рет бұйымтаймен келген екен, неге бермейсің, бер», – деп болыса кетті. Мен: «Сәке, не деп отырсың, бұл айғырға шағын ауыл елі қарап отыр екен ғой, егер айғырды алсаң бәрі жылқысынан айырылады ғой, қасқыр қырып салса қайтпек, олай болмайды», – деп, жездеме жақтастым. Жездем де бергісі келмеді. Не керек, сонымен біз таңертең ауылға қайттық.

Жолда келе жатып ағам маған ренжіп: «Сенің нең бар еді араласып, бергелі тұрған адамды айнытып», – деп маған өкпелеп, ауылға жеткенше сөйлемей қойды. Ауылға келгесін екі күн ауылымды аралап, ағаларыма сәлемдесіп, мауқымды басып, кейін қайттым. Күздің күні, егін орақ, жеміс-жидек терімі аяқталып қалған кез. Бір күні ағам тағы хабарласып: «Ауылға келіп кетсеңші, саған даярлап қойған сыйлығым бар», – деп шақырды. Бұл жолы бала-шағамды алып, бір аптаға баратын болдық. Ертелеп шығып, кештете ауылға жеттік. Ағамның үйі ауылдың шетінде. Мен әскерден келгенде 1977 жылы күзде екеуміз кірпішін құйып, көтерген болатынбыз. Үйінің айналасы биік тал, сәл әріректе «Көк өзек» аталатын үлкен өзен ағып жатыр. Талдардың көлеңкесінде желіде қатарлап байланған 5-6 құлын. Сәл әріректе биелері, үлкен трактордың дөңгелегінен жасалған астаудан жоңышқа жеп, шыбындап тұр. Көк биесі көк жоңышқаны күрт-күрт шайнап, оқыранып қояды. Ағам сол жақты меңзеп, маған бас изеп, солай жүрді. Мен де артынан аяңдадым. Көк биенің қапталында биемен теңесіп, құйрық жалы жер сүзіп, биік Тортөбел айғыр тұр. «Көрдің ба мынаны», – деп айғыр жақты сілтеді. Ештеңеге түсінбей, «ол-не?» дей бергенімде: «Тортөбелді қара, қалай, сұлу жылқы ма екен?» – деп сәл масайрап, көңіліндегі қуанышын жасыра алмай айғырына жақындап, күліп қойды. «Бұл Жақаңның тортөбелі, өткенде сен кеткесін Қойшыман екеуміз қайта барып, орнына өзімнің күрең айғырымды беріп, тракторға басып келгенбіз», – деді де үйге қарай аяңдады. Жанында тұрған жиенім Асқар оны қоштап екеуі мәз майрам боп, күлісіп алды. Жылқыларға жақындап барып, көк биенің жанында тұрған тортөбелді арырақ айдадым. Бөкен тұмсық, қаз мойын, бота тірсек, кеудесі сала құлаш, есік пен төрдей, төбелін кекілі жауып, құйма тұяғы құйған қорғасындай сұлу мүсінді жылқы екен. Үстінен бит домалап түсердей дөңгеленіп тұр.

Айғыр оқыранып, құлағын жымитып, мені жақтырмаған кейіп байқатты. Алла тағаланың осы жануардан сұлулықты аямағандығына таңқаласың. Анандай жерде тұрған ағам: «Әй, байқа, теуіп жібермесін, бөтенсіп тұр, қой үйге барайық», – деп үйге шақырды. Ағамның даусын естіген тортөбел қозғалақтап, оқыранып, ағама қарай жүріп барып, жанына тоқтады. Ағам: «Қарашы қандай ақылды жануар», – деп маңдайынан сипап, мойынын қасып еді, тортөбел түсінгендей басын иіп, рахаттанып тұрды. «Құдіреті күшті Алла, адам баласын балшықтан жаратқанда, бір уыс балшығы артылып қалыпты да, содан жылқыны жаратыпты. Ұлттармен ұлыстарға бөлінгенде қайсысы оны жақсы көрсе соған жақын болады екен» деген аңыз-әпсананың түбінде шындық бар екен-ау деген ойға қалсың кейде. Батырлар жырындағы тұлпарлар осындай ақ болған шығар-ау! Үйге кіріп, жеңгеміз Дәнияның ыстап, бабына келтірген бесті қымызынан кесемен екеуін тартып жібердім. Әкемнің «Теңбіл көк» айғырынан кейінгі біздің үйге бітіп тұрған үйірлі жылқы осы болды.

«Мынауың Арқаның қымызынан артық болмаса кем емес қой», – деп, маңдайдан шып-шып шыққан терімді сүрттім. Ағам: «Кеше осы ауылдың директоры Берден Байқошқаров келіп ішіп, ол да осылай деді. Немене, Арқадан басқа жердегілер қымыз даярлай алмайды деп, кім айтты сендерге»,-деп, аздап намыстанған болды. Асқар жиенім де оны қоштап қойды. «Жердің отына, биенің сүтіне байланысты, сонымен қатар күбіні ыстау, оның пісуі деген тағы бар, таудан киікотын алдырам немесе тобылғымен ыстаймыз күбіні»,-деп бір қойды. «Екі-үш күндігі дөнен қымыз, көптеу сақталғаны бесті қымыз, ал оған мейіз, сүр қазыдан жұқалап кесіп салып піссең, дөкей қымызың сонда болады», – деп қымыз даярлаудың технолгиясын тізіп шықты. Расында да қаншама жерден қымыз ішіп жүрміз, дәл мынадай иісі аңқыған керемет қымызды сирек кездестірдім. Бала-шағамызбен улап-шулап, бір жұма болып, кейін қайттық.

Бұл ағам екеуміз тете өстік. Үй шаруалырын да екеуміз қосылып жасайтынбыз. Кейде үлкендігін көрсетіп, інім Қойшыман екеумізді төмпештеп-төмпештеп те алатын. Үлкен әпкем Нәзімкүлдің баласы, жиеніміз Асқар ала-жаздай біздің үйде. Бабаларымыз, «Бірге тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ екен», – деп бекер айтпапты. Ер жеткесін, әскер, оқу дедік, не керек жан-жаққа тарадық та кеттік. Тілеу ағам екеуміз – Алматыда, Үлкен әпкем – Назымкүл, Күләйла, Гүлбахира, ағам Садан, інім Қойшыман ел жақта қалды. Әке-шешеміздің өмірден ерте кеткендіктен, бәрімізді үйлендіріп, тойымызды жасап, әке орнына-әке, шеше орнына-шеше болған кіші әпкем Гүлбахира. Бауырларым: «Елге кел, сол жұмыс Таразда да бар»,-деп жүретін. Бір күндері Таразға келдім. Ойым Облыстың бірінші хатшысы Өмірбек Байгелдіге жолығу. Ол кісінің баласы Тимур екеуміз СХИ-да, бір факультетте қатар оқыдық. Әкесі бір келгенінде: «Алда-жалда елге келем десең, жолығарсың», – дегені бар еді. Тараз қаласындағы МАИ-дың жанындағы бір қабатты ақ кірпіштен соққан үйін іздеп таптым. Ол кездің хатшылары, бүгінгі адам танымастай өзгерген, алды-артында қарауылы бар әкімдердей емес, халықпен бірге жасасатын. Баласы Тимур үйінде екен, жақсы қарсы алды. Әкесі шет елге іссапарға кетіпті. «Оншақты күннен кейін келеді», – деді. Жолым болмай, қайтуға ыңғайланып тұрғанымда, сарайдан үлкен қара шұбар кавказ күшігі шыға келді. Құйрық, құлақ кесілген, ірі болатыны байқалып тұр. «Кәне кел, мәшинеме мін», – деп, еркелетіп едім, келді де секіріп мінді. «Ал Тимур, енді сен шақыр, барса алып қал, бармаса менімен кетеді», – деп едім, ол да жанұшыра шақырды, бірақ күшік машинадан түспей отырып алды. «Маған бұйырыпты» деп, күлдім де алып кеттім. Жолай ауылға бардым. Ағам Садығұл үйінде екен, «мына күшігің жақсы екен, маған байла» деді. Болған оқиғаны айтып: «Шақырыңыз, егер қалам десе қалады, ал қалмаса Алматыға кетеді» деп, әзілдедім. Шай ішіп болған соң жүруге жиналдым. Ағам: «Жолбарыс, Жолбарыс кәне келеғойшы маған», – деп еді, күшік секіріп түсіп, ағамның алдына жатып алды. «Ал сен шақыр енді», – деді. Шақырсам күшігім орнынан қозғалған да жоқ. Сонымен күшікті тастап қайттым.

Бір келгенімде жаңағы қарашұбар кавказ күшігімді танымай қалдым, арс етіп қауып ала жаздады. Оған арнап арнайы тамақ жасап, күндіз қараңғы қораға қамап, түнде ғана шығарады екен. Кішігірім тайыншадай, ағам: «Жақындама, қабады»,-деп бәйек болып жүр.

Келесі келгенімде кавказ төбеті көрінбеді. Төбет жайын сұрағанымда ағам қимастықпен: «Құлындарды желіге байлап, биелерді сауынға қойған болатынбыз. Күнде кешкісін Тортөбел айғыр келіп, бір атдорба жемін жеп, құлындарды бір айналып, кетіп жүрді. Бір күні дарбаза ашық қалып, мен қораға жем алуға кіргенімді көрген айғыр, ол да қораға кіріп келе жатты. Іште жатқан Жолбарыс оны көріп ұмтылып, айғыр үркіп, ит айғырды қуа жөнелді. «Қап, мына арыстандай ит, бір жерін жұлып алар ма екен» деп, айғайлап мен де ұмтылдым. Ашық дарбазадан өткесін, құрық тастам жерде, желіде құлындар жатыр. Сол мезетте шаңқ еткен төбеттің дауысы шықты. Апырайлап, мен де жеттім. Ойпырай, өз көзіме өзім сенбей аң-таң болып, тұрдым да қалдым. Төртөбел айғырым мойнын иіп, осқырынып құлындардың жанында жер тебініп тұр. Ал Жолбарысым болса қорқырап, миы шашырап, бүк түсіп жатыр. Қайсысына жүгірерімді білмей мен тұрмын. Әркімнің баласы өзіне, құлындарын қасқырға алдырмайды дегенге сеніңкіремеген едім, міне көрдің бе, желідегі құлынның қатарына көк төбет жеткенде, айғыр қақ маңдайдан дәлдеп теуіп, бас сүйегін тас талқан етіп, миын көбікше шашыратып жіберіпті. Сол күні айғыр жем де жеген жоқ, сырттағы үйіріне барып, қайтып келіп, түнімен құлындардың жанында болды, мен жақындасам да жақтырмай, құлағын жымитып, тебуге әзірленіп, әрең-әрең сипалап, жем беріп жүріп, ашуын бастым»,- деп ағам болған жағдайды айтып берді.

1994 жылы Алматы қалалық телекомның шаруашылық мекемесінің директоры болып жүрген кезім. «АЛТЕБА» деп аталатын басқарманың Бас директоры Әдебиет Сәтеков деген ағамыз еді. Өзі сондай салиқалы, елге жақсылық жасап жүретін. Көмекшісі – курстасым Саят Сексенбаев, шаруашылық бөлімінде Елеусіз Аяпов деген тағы бір досымыз бар. Сол мекеменің автобазасының директоры Табын Жұмабек деген, кезінде СХИ- дың мехфагын бізбен қатар бітірген бойы биік сымбатты, адуынды азамат. Осылай-осылай, қимас күндер, сырғып өтіп жатты.

Бір күні ауылдағы әпкем Гүлбахира: «Тез жетсін»,-деп хабар жіберіпті. Аяқ асты не болып қалды екен деп, Таразға тарттым. Садығұл ағам науқастанып, қаладағы спиртзаводттағы онкологиялық ауруханаға түсіпті. Олар операция жасап, шығарғалы отыр екен. Дәрігері В. Ким деген кәріс жігіті: «Ауруын өткізіп алған, ертерек келуі керек еді»,-деп қынжылыс білдірді. Ағамды Алматыға онкология институтына әкеліп 7-8 ай тынымсыз қараттым. Профессорлар бар амалын жасап-ақ бақты, амал не, дәлдеп келген ажал алмай қоймады. 1995 жылы ақпан айының бесі күні ауылға апаруымыз керек болып, үлкен ағам Тілеу, автобаздың директры Жұмабек бәріміз ауылға алып кеттік. Ауылға аман жетіп, үй-іші, бала-шағасымен қауышты. Науқасы қанша ауыр болып тұрса да, еш сыр бермей, мойымай көңілін сұрап келген ағайынмен емен-жарқын әңгімелесіп отырды. Ақпанның сегізі күні Алланың берген дәмі таусылып, аяулы ағам мәңгілік сапарға жол тартты. Ағайын, ауыл ұлардай шулап қала бердік. Естігесін Алматыдан, Қайрат Байбосынов ағам бастап, Ырымтай Бөдесов, Жұмабек Құтжанұлы тағы біраз өнер азаматтары келді. Ауылдан Қасқырбай Нарбатыров, Әбдіразақ Қазаншиев, Оралбек Солтыбеков, Әзімбек Жанқұлиев тағы біраз жігіттер қызмет жасап жүрді. Сол уақытта ағамның жасы қырықтан жаңа ғана асқан. Мәйітті жууға туыстар, құдалар, құрдастары түсетіні белгілі. Бәрі іріктелгенде ағайындар арасыннан өзімен бірге оқыған құрдасы, қалыс ағайынымыз Ермахан түссін деп, қостырдым. Сол кезде кенже баласы Ғалымжан, бір жарым жасқа ғана келген еді. Алланың ісіне амалың бар ма, ағамның жаназасын шығаруға ел дайындалып жатқан. Ақсақалдар: «Ойпырмай мынаны қараңдаршы» деп, таңқалысты. Үйінің жанындағы дуал қоршауды жағалап, Тортөбел айғырынан бастап, жиырмаға тарта жылқы қатар-қатар көздері боталап, қоштасқандай қарап тұр. Ала шұбар төбеті ұлып, үйді айналып жүр. Көргендер аң-таң! Ағамды мәңгілік мекеніне жайғастырып келгесін қарасам, Тортөбелі бастаған жылқылары бастарын төмен салып, құм жақтағы өрістеріне кетіп бара жатты. Ауыл мен құмның арасы 6-7 шақырым. «Ойпырай, иесімен қоштасуға келгендерін қарашы, жылқыдан бекзат жануар жоқ-ау, олар да түсінетін болғаны ғой, жылқыда он жасар баланың есі болады деуші еді»,-деп жатты қариялар. Ағамның жетісін өткізгесін жеңгем, інілеріме: «Боз биесін, я болмаса торы айғырын тұл ғып күзеп жіберіңдер. Далада жүрген жылқыға ұры-қары тимейтін болады. Жануарлардың иесіз қалғанын түсінеді»,- деп, біздер аттанып кеттік.

Кезекті ас жиындары өтіп, ағамның жылына жылқысын әзірлеу, тағы да басқа дайындықтар жасауға төрт-бес күн бұрын ауылға келдім. Інім Қойшыманды ертіп, жылқыға барсам, күзелген жылқы көрінбеді. Ашуланып едім, жеңгем келіспеді, жылына құдалар жылқы әкелетін болыпты деді. Не керек, ағамның жылын өткізіп, ашулы қайттым. Бұл 1996 жылдың ақпан айының 12 жұлдызы болатын.

Наурыз айының ортасында ауылдың бір әйелі Алматыда кездесіп: «Не болды жылқы табылды ма?»,- деп сұрап жатыр. Ештеңеден хабарсызбын. Сөйтсем жағдай былай болған екен. Наурыз айында ағамның үйір жылқысын ұрылар айдап әкетіпті. Інім, іздей-іздей бармаған жері жоқ, ақыры милицияға хабарлапты. «Ел құлағы елу»,-демекші кейін естідік, ұрыларға Торытөбел айғыр қарсыласып, үйірін айдатпағасын, қан жосасын шығарып сойып, жиырмаға тарта жылқыны ізім-қайым айдап әкетіпті. Ішінде ауылдың азаматтары да болыпты деген сыбыстар шығып жатты. Мен арнайы барып оларға жолықтым. Біз ұрлық жасасақ, «Анамның ақ сүті ұрсын», «баламыздың бауыр етін жейік»,-деп азарда-безер болып, ант-суын ішіп, мойындамады. Жарайды бізді қойшы, Алланың алдында, ахиретте, ағамның алдында жауып берерсіңдер деп кері қайттым. Әкем: «Сұқ семірмейді, ұры байымайды, ұры-қарыда, иман да, ар, ұят та болмайды, олар дүние үшін елін, жерін сатуға дайын тұрады»,-деуші еді, сол рас боп шықты.

Әкем Ұлы Отан соғысында бір аяғын тастап аман келгенін айттым жаңа. Бұл кісі, өмір бойы бес уақыт намазын үзбеді, аяғы жоқтығынан намазды отырып оқитын еді. Біздерге: «Қарғыс алма, алғыс ал. Қарғыс жеті атаға кетуі мүкін»,- деп құлағымызға құятын. Зар қақсатқан елдің, жетімдердің көз жасы қойсын ба, халықтың қарғысы тиген болуы керек, артынша ұрылар ұсталып, түрмеге тоғытылыпты. Артында бар оңалар демекші, бауырымнан қалған төрт ұлы да азамат болып ер жетті. Үшеуі от басын құрып, өздеріне тиесілі жұмыстарында. Кішісі Ғалымжан Садығұлұлы атасы Мұстафаға тартқан атсейіс, көкпаршы. Маңғыстау өңірінде үлкен қызметте болған жиеніміз Досжан сол жақта ат спортының дамуына қолдау жасап, Ғалымжанды апарып, көкпаршылардың қатарына қосып, үлкен додаларға салды. Қазір Республика көлемінде өтетін ат спорты жарыстарына Маңғыстау облысы атынан қатысады. ЭКСПО-2017 қарсаңында өткен аударыспақтан, екінші орынды иеленді.

Міне, осындай алдамшы өмірдің бағасын кейде біліп, кейде білмей жүріп жатқан жағдайымыз бар.

qoshan-mҚойшығұл Мұстафаұлы, «Қазақ Әдебеті» газеті

Басты сурет: pxhere.com

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>