Жанбатыр Бекмұсаев: Қазір жаппай көкпарда ат та, балуан да бағаланып тұр

Zhanbatyr1

Аударыспақ спорты бойынша Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы, жаппай көкпардың шебері, додапаз Жанбатыр Бекмұсаев аударыспақта біраз тер төкті. Оның дайындап шығарған палуандары Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиевтар бүгінде әлем чемпионы болды.

Дегенмен бүгінгі әңгімеде біз аударыспақ жайлы емес, Жанбатыр палуанның келесі бір қыры, жаппай көкпардағы додапаздығы, салымгерлігі жайлы сөз қозғамақпыз.

- Сонымен, Жанбатыр палуан, халқымыздың ұлттық ойындарының ішіндегі ең ерекшесі – көкпар. Соның ішінде жаппай көкпар. Мұхтархан Ділдәбековтің «Жаппай көкпар – командалық көкпардың әліппесі» дейтін сөзі бар. Расымен, жаппай көкпардан командалық көкпарға келіп, ойын көрсетіп жүрген жігіттерді білеміз. Ендеше, осы жолы жаппай көкпар туралы әңгіме қозғасақ. Өзіңіз де осы додаға талай қатысқан шығарсыз?

- Иә, жаппай көкпарға талай қатыстық қой. Әлі де додаға түсіп жүрміз. Ауылдағы той көкпар, дода көкпар, бата көкпар, ас соның барлығының басы-қасында, Алланың нәсіп еткен салымдарын салып жүрміз.

 Жаппай көкпардың өзіне келер болсақ, оңтүстікте кең таралған, жақсы дамыған, ұлттық спорттың төресі ғой. Қазіргі кезде жаппай көкпардың маусымы аяқталып келеді. Негізі бұл доданың нағыз қызатын кезі – қазаннан бастап мамырға дейін. Осы аралықта жаппай көкпар қайнайды. Той көкпарлар, қысқы шілде басталысымен бата көкпар көбейеді. Бата көкпар көктем шыққанша толастамайды.

- Сырттай қарағанда командалық көкпар мен жаппай көкпардың айырмашылығы көзге айқын көрінеді. Дегенмен өзара нақты ерекшеліктері де бар ғой?

- Ең басты ерекшелігі – өзің айтқандай, сырттай көрініп тұратындығы. Екіншіден, жаппайда додаға түсіп жүрген кез келген көкпаршы командалық көкпарға дайын болып келеді. Алайда, командалық көкпарда көбінде салқынқанды, салмақты, ойынды ақылмен ойнайтын көкпаршылар сап түзейді. Әрине, бұл жаппай көкпарды кім болса сол ойнап, ақылсыздар алаңына айналады деген сөз емес. Керісінше, жаппай көкпарда білек күші мен жүрек күші мығым, ештеңеден тайсалмайтын нағыз палуандар додаға түседі. Бір сөзбен айтқанда, командалық көкпарда әдіс-айла көбірек іске қосылса, жаппай көкпарда мықты ат пен палуан жігіттің қара күші сынға түседі.

- Қазіргі кезде өзіңіз білесіз, жаппай көкпардағы салым салған көкпаршыға берілетін жүлде көлемі ұлғайып келеді. Яғни салым сомасы қымбаттады. Қалай ойлайсыз, бұл той жасаған адамның мақтангерлігі ме, әлде палуан мен аттың еңбегін бағалау ма?

- Қазіргі дода көкпардағы ат ұстайтындардың барлығы қалталы азамат. Ал көкпар беріп жатқандар байлығын көрсету, болмаса елге мақтану үшін көкпар бермейді. Олар елдің ынтымағын арттырып, қуанышын көбейтіп, бата алу үшін көкпар береді. Салымға қатысты тағы бір айта кететін жайт, бұрынғы кезде ат ұстаушылар, яғни көкпар тартқысы келетін азаматқа атын беретін кісілер салымнан онша дәметпейтін еді. Салым салған жігіт ат иесіне көңілі түскенін беріп, әйтпесе, «бәленнің атымен салым салыпты» деген сөзге марқайып қалатын еді. Қазір бұл үрдіс өзгерген. Салым мың теңге болса да, миллион теңге болса да, тең бөлініп, ат иесіне де, салым салған палуанға да беріледі. Қандай спорт түрі болса да, жүлде қоры қомақты болған сайын дамуы да, бәсекелестігі де артады ғой.

- Жанбатыр палуан, осы жерде оқырмандарымызға түсінікті болу үшін «ат ұстаушылар» дегенге кеңірек тоқталып өтсеңіз.

- Жаппай көкпарға қатысатын жігіттердің, әсіресе салымнан дәмелі палуандардың өз аттары жоқ. Бар болса да додаға салуға жарамсыздау, салт мінуге арналған аттар. Сондықтан көкпарға арнап арнайы ат баптайтын жігіттерден ат алып, сонымен додаға түседі. Осы көкпар атын баптап, бағып-қағатын азаматтарды «ат ұстайтындар» немесе «ат иесі» деп атайды. Қазіргі дода көкпарда салымды тең бөліп, салым салған палуанға да, оның мінген атының иесіне де беретіні – ат иесінің де еңбегін бағалап, оның ат дайындауына аз да болса көмек жасау. Қазір аттың да, балуанның да бағаланып тұрған кезі.

- Көкпар атын дайындау, баптаудың өзі өнер. Тіпті ғылым десек те болады. Ал жаппай көкпар мен командалық көкпар атының айырмашылығы бар ма?

- Бар. Мысалы, командалық көкпардың аты жылдам, басқайым (басы жұмсақ, тізгін қағысымен бұрылатын басбілгі жылқы – Е.Ж.) болуы керек. Ал жаппай көкпарда қарапайым, жылдамдығы болмаса да күші мығым, қолтумалар жарайды. Әсіресе қай жерде жаппай көкпар өтсе, сол жердің табиғатына етене болған, жергілікті аттары салынады. Біздің оңтүстікте де сондай. Жер жағдайына бейімделген, таулы аймақта туып-өскен қолтумалар додаға түсіп жүр қазір.

- Жаппай көкпарда додаға түсіп жүрген аттарды командалық көкпарға саласыздар ма?

- Әрине, жаппай көкпарда шабысы, ілуі, қайтуы барлығы сыналып, содан кейін командалық көкпарға әкелінген аттар көп.

- Менің білуімше, біраз жылдың алдында көкпар аттарын Қырғызстаннан әкелетін едік. Жаңа өзіңіз айтып отырсыз, қолтума құлындарды баптап, соларды дайындап жатырмыз деп. Сол қолтумалар өзіміздің қазақы жылқы тұқымынан ба, әлде қан бар ма?

- Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта еліміздегі спорттық аттарға қан араласа бастағаны анық. Әсіресе, ағылшын, араб тұқымдарының қаны бәйге аттардың тұқымына араласты. Бұл жылдамдық үшін жақсы болса да, аяқтары жіңішке, сидаң болғандықтан көкпарға онша келмейді. Ішінен бірен-саран ғана командалық көкпарға алынатындары болады. Ал жаппай көкпарға олар мүлде жарамайды десе де болады. Керісінше, жоғарыда айтқанымдай, оңтүстіктің таулы аймақтарында туған құлындарды баптап, жетілдіретін болса, олардан жақсы додапаз аттар шығады. Оңтүстік өңірі аттарды ірілендіріп жіберді. Ортаға тасталған серкенің салмағына, көкпарға қатысушыларға лайықты аттар ұстайтын жігіттер көп.

- Атты сатып алатындар да бар шығар, бағаларына тоқтала кетсеңіз?

- Қазіргі кезде додаға түсіп тұрған ат болса, бағасы әжептәуір болады. Біз сырттай «көкпар аты» деп атағанымызбен, өзің білетіндей, көкпарда тек айғырлар ғана шабады. Сондықтан көкпарда жақсы танылып жүрген айғырлардың тұқымы да жақсы бағада болады.

-Мысалы, бір аттың құны қанша болуы мүмкін?

- Баға әрқалай. Дегенмен жақсы аттардың бағасы қай кезде де қымбат. Қазіргі кезде бір аттың құны 15-20 миллион теңге көлемінде.

- Жаппай көкпарда қауіпсіздік мәселесі, ережесі қандай?

- Иә, жаппай көкпарды сырттай қараған адам, ешқандай ережесіз, жапатармағай серкеге таласып жатыр екен деп ойлайды. Алайда, оның да өз ережесі бар. Мысалы, серкені алған соң, жолда жығылған көкпаршының салымын салынды деп есептейді және жүлдесін береді.

Әрине, тәртіпсіз, ережесіз ештеңе болмайды. 500-1000 аттық көкпарларда (жаппай көкпарға қатысушыларды ат санымен атайды – Е.Ж.) салымды алып келе жатқан көкпаршы құлап, оның серкесін басқа біреу алып кетуіне болмайды. Шамаң жете ме, жерден көтеріп ал, не тақымынан тартып ал.

- Мысалы, командалық көкпарда «атты жетелемеу», «ойын алаңынан шығып кетсе, ойынды тоқтату», «қарсыласты көлденеңінен соқпау» т.б. ережелері бар. Ал жаппай көкпарда атты жетелейді…

- Жаппай көкпардағы атты жетелеуге қатысты айтар болсам, «бата көкпар» деп аталатын 200-250 аттық көкпарлар болады. Сол көкпарларда ортада айналдыру бар, сыртта жетек болмайды. Серкені жерден көтеріп алған палуанның көсіле шабуына мүмкіндік жасаған көкпар бұл.

Бұдан бөлек, 45-50 келілік серкені тақымға басып алып, астыңдағы атты еркін меңгеріп, жеке шабатын көкпар да бар. Бастан-аяқ жетекпен өтетін көпар бар. Бұның барлығы ат санына байланысты. Ат қанша көп болса, жетек те соғұрлым маңызды болады. Мысалы, мыңнан астам ат болған додада жалғыз аттың суырылып шығуы қиын.

Жаппай көкпардың тәртібін айтып жатырмыз ғой, мен саған бір жайды айтайын. Мысалы, басқа тойға, асқа, тіпті көшедегі көлік тұрағына да кейде машинамызды қалай болса солай қоя саламыз. Ал жаппай көкпарға келген адамдардың көлік үшін белгілеген орынға өз машинасын қою тәртібін көрсеңіз, таң қалар едіңіз. Ешқандай МАИ қызметкерінсіз, ешкімнің нұсқауынсыз, адамдар машиналарын біркелкі етіп қояды. Осының өзі жаппай көкпардың жазылмаған тәртібі.

- Өзіңіз қатысқан көкпарлардың ішінде ат саны ең көп болған көкпар есіңізде ме?

- Әр доданың есте қаларлықтай өз ерекшелігі болады. 2006-2007 жылдары Арыста Елеу деген азамат көкпар берді. Сол көкпарда 2000-нан астам ат жиналған еді. Одан басқа, 2018 жылы Шардарада «Астана Нүркен» деген азамат көкпар берді. Сейіл көкпар болған еді, ат өте көп жиналды. Көкпарға келген қариялармен әңгімелескенде сол кісілер, «осы жасқа келгенше, мұнша халық жиналған көкпарды көрмедім» деп отырды.

Байқасаңыз, серкені жерден көтергенше, аттар шеңбер жасап айналып тұрады ғой, соңғы кезде осы шеңбер айналмай қалатын болды. Адамның, қатысушының көптігінен, сығылысып, жүрмей тұрып қалады.

- Осындай дода кезінде басыңыздан өткен бір оқиғаны айтып беріңізші?

- Көкпардың қызығын, әсіресе жаппай көкпардың қызығын қасына барып, ішіне кіріп, аралап жүріп, өз басыңыздан өткергенге жетері жоқ. Ал сол доданың ішінде жүрген соң біздің бастан небір уақиғалар өтті.

Бір жолы өз ауылымызда той болды. Той иесі жаппай көкпар берді. Байдулла деген інім дайындаған «Жиырма» (20 мың долларға сатып алғандықтан аттың есімі «Жиырма» атанған – Е.Ж.) деген атпен серкені тақымға басып алып, топтан енді шыға бергенде қарсы келіп қалған аттан жалтара алмай, соғылып құладым. Құлағанымды білемін, ары қарай есімде ештеңе жоқ. Бірақ сол додаға қатысқан таныстарым, сол күні күнібойы 5-6 рет салым салғанымды айтады. Ал менің есімде ештеңе қалмаған. Санамда бір күн бойғы жасаған әрекетім сақталмай қалыпты.

- Осы жағдайдан кейін менің ойымда «жаппай көкпарда қауіпсіздікке кім жауап береді?» деген сұрақ тұр.

- Көп жағдайда әркім өзі үшін жауап береді. Өз басым 16-17 жасымнан бастап жаппай көкпарға араласа бастадым. Бүгінге дейін 25-30 жыл бойы осы доданың ішінде өсіп келемін, Алла «сақтансаң сақтаймын» дейді, өз амандығымыз өзімізге қымбат.

Қауіпсіздік дегеннен шығады, жастау күнімізде аяққа шылғау орап, балтырға аздап қорғаныш үшін бірдеңе орасақ орап, орамасақ ол да жоқ еді. Ол кезде етіктің қонышына киіз қою, балтырқап (шиток) кию деген мүлде болмайтын. Ал кейінгі кезде ішінде киіз байпағы бар саптама етіктер шықты. Одан бертін Шымкентте тігілетін қайыс етіктерді кидік, бүгінгі таңда көкпарға киетін аяқ киімді Өзбекстаннан тасып жүрміз.

Енді осы аяқкиімнің қонышына сақтық үшін пластмасса құбырларды кесіп, балтырқап жасап, соны пайдаланамыз. Қазіргі кезде аттың көптігі сонша, дода кезінде сығылысқанда балтыр етін езіп, жіліншік сүйегіңізді сындырып жібереді. Содан қорғану үшін жаңағыдай балтырқап киюге мәжбүрміз. Кейбіреулер темір құбырларды да қойып алады. Әркім өз халінше қауіпсіздіктің түрлі амалын жасап алады.

Бір сөзбен айтқанда, жаппай көкпарды көзімен көрмеген адам, сыртай тон пішудің керегі жоқ. Кез келген адам топқа түспесе де, бір атты мініп, жаппай көкпарды бір айналып шықса, ол жердегі аураның, атмосфераның мүлде басқа екенін ұғады.

- Өміріңізде бүгінге дейін қанша салым салғаныңызды санап көрдіңіз бе?

(Күлді). Санап көрген емеспін және санау мүмкін емес. Бұйырғанын салып жүрміз. Аптасына кемінде 5-6 рет көкпар өтеді. Әр көкпарда аз дегенде 1-2 салым салуға болады. Бір тойда ең көп салым салдым дегенде төрт салымға дейін ғана жеткізе аласыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдарда серкенің салмағын ауырлатып жіберген. 70-80 келіге дейін жеткен кездері болды. Қазірге кезде 55-60 келі серкені алып шауып жүрміз.

- Аңызға бергісіз әңгімелер бар ғой, «көкпарға тана тартыпты» дейтін. Расымен тана тартатын кездер бола ма?

- Оның ешқандай аңызы жоқ. Тананы өзіміз де тартқанбыз.

- Міне керемет! Осы жайлы айтыңызша?

- «Көкпарға тана тартыпты» дегенде, тананың да танасы бар ғой. Бірден 150-200 келілік тана тастамайды. Ең ауыры 100 келіге дейінгі таналар тасталады ортаға. Тіпті, тананы тақымға басу серкені басудан оңайырақ. Егер тірсегіне, яғни жіліншігіне тұтамың, уысың жетсе болды, тартып кете бересің. Бірақ тананың терісі серкенің терісі секілді шыдамды емес. Тез жыртылады.

- Сонда, сиырдың терісі серкенің терісінен әлсіз бе?

- Иә, шыдамайды екен. Тананың терісі серкенің терісінен тез жыртылады. Серкенің терісі шыдамды, берік болады.

Осы жерде аттардың мықтылығын да айта кету керек. Мысалы, 80 келі серкені, 100-120 келі палуанды көтеріп, доданы жарып шығатын аттар бар.

- Қалай ойлайсыз, жаппай көкпардың дамуы тиімді ме, командалық көкпардың дамығаны тиімді ме?

- Оңтүстікте жаппай көкпардың орны ерекше. Ол бірінші орында тұрады. Содан кейін барып командалық көкпар жайлы айтылады. Ал басқа өңірлерде керісінше, командалық көкпар маңызды деп саналады. Тіпті командалық көкпарды алдыңғы қатарға қойып отырған облыстарымыз бар.

Ұлттық ойынымыз, ұлттық спортымыз болғандықтан екеуінің де дамығаны жақсы. Мысалы, биылғы Қазақстан чемпионатына 15 команда қатысты. Алғашқы жылдары 4-5 команданың ойынын тамашалағанымызға мәз болатын едік. Ал алдағы уақытта биыл қатардан көрінбеген Шымкент пен Алматы облысының командалары келетін болса, Қазақстан чемпионаты толық құрамда өтетін болады. Бұл да болса ұлттық спортымыздың дамығанының бір көрінісі.

- Жаппай көкпарда «бару», «келу» деген ұғымдар бар. Сонда екі қазандық құрыла ма?

- «Мәре» дейді оны бізде. Кейде бір ғана мәре белгілеп, 10-15 метрлік шеңбер сызылады. Ал екі мәре белгілеп, апарып тастап, қайта алып қайтуды «қума көкпар» дейді. Осы қума көкпарда серке әуелі шартақтың (жаппай көкпарда көкпарды жүргізуші, көрермен, той иесі т.б. адамдар отыратын трибунаны айтады – Е.Ж.) алдына тасталып, сол жерден көтеріледі де, белгілі бір межеде сызылған шеңберге тасталады. Шартақ пен шеңбердің арасы 120 метрден 500-1000 метрге дейін созылады. Бұл ат санына байланысты. Сол шартақтан көтерілген серкені шеңберге апарып тастауды – «баруы», қайтадан шартақ жаққа алып келуді «келуі» деп атайды. Екеуінде бір көкпарша жасауы мүмкін немесе баруын бір адам, келуін басқа адам салуы мүмкін.

Қума көкпардың бір жақсысы, «жар көкпарда» (бір ғана шеңберге тасталатын көкпар – Е.Ж.) 30 салым болса, мұнда 60 салым салынады.

- Салым қаншадан басталады? Яғни бір салымға қанша сомадан жүлде беріледі?

- Әрқалай. Әркім өз шамасына қарай салым береді. 20 мың теңгеден басталып, жол талғамайтын 50-60 мың доллардың көлігін тігетін салымдар болады.

- Жаппай көкпарда кешегі Салыбек Сағымбекұлының, Әбілхан Дауылбаевтардың ізін басқан әйгілі жігіттерден кімдерді атайсыз?

- Қазір жаппай көкпарда мықты жігіттер көп. Сарыағаштық Ғалымжан Мырзабаевты, қос Тілләні айтуға болады, ағайынды Рауан мен Бағлан Жәрменовтер қазір жаппай көкпардың жұлдызы болып келеді. Бір ғана Ақылбай Манкеевтің өзі неге тұрады?! Халыққа «Қошқар палуан» деген атпен танылған Темірхан Айтбаевтың тақымына тиген серке салым болып салынары анық.

- Ал додаға түсіп жүрген аттарды атап бере аласыз ба?

- Бұрын «мынау ат мықты екен» деп бірден айтатын едік. Бүгінгі таңда бір додадан, келесі додаға дейін «мынау мықты ат екен» дегенді айта алмай қалатын болдық. Әр кезде әр қалай. Қазір мықты аттар өте көп. Оған шабатын палуандар да жетеді. Осы тойда шықпаған ат, келесі тойда топ жарып, салым салуы мүмкін.

- Әңгімеңізге рахмет!
erzhan-zhaubaiЕржан ЖАУБАЙ, argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>