БҚО-да жылқыны асылдандыру мәселесіне арналған семинар өтті

4347

Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында облыстағы ірі жылқы шаруа қожалықтары жетекшілерінің басын қосқан «Табындық жылқылардың жергілікті тұқымдарын асылдандыру жұмыстары» тақырыбындағы семинарда жылқы жайы кеңінен қаузалды.

Аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиев алғысөз сөйлеп, ашқан шараға ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген, аталмыш палатаның төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, «Мұғалжар», «Көшім» тұқымдарының авторы, қазақы жабы тұқымының тегін зерттеуші Серікбай Рзалиев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, палата төрағасының орынбасары Нәбидолла Кикібаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, атбегі Алтай Зинуллин сынды белді ғалымдар қатысты.

Семинарда алдымен Н.Кикібаев еліміздегі жылқы шаруашылығының даму тарихына тоқтала отырып, Қазақстандағы жылқылардың генетикалық ресурстары туралы әңгімеледі. Ежелден арғымақ баптап, сәйгүлігін серігіне балаған қазақтың шежіресінде алғаш жылқы туралы мәліметтер б.ғ.д ХIV ғасырда кездеседі. Алматы облысы Тамғалы шатқалындағы петроглифтерде ежелгі тайпа жылқышыларының сұлбасы бейнеленсе, Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан табылған бальзамдалған жылқылар ата-бабаларымыздың төрт түліктің төресіне деген құрметін аңғартса керек. Өңірімізде үйір-үйірімен жайылған, бүгінде жойылып кеткен тарпаң, жойылудың аз-ақ алдындағы Пржевальский жылқылары туралы баяндаған ғалым қазақтың төл тұқымдарына тоқталды. Айталық, елімізде төрт мезгілге төзімді қазақтың шұбар жылқысы, денесі ірі, әрі ұзын жабы, салт мініске ыңғайлы Адай жылқысы, биелері жақсы құлындайтын Көшім жылқысы сынды тұқымдары бар. Ал Қазақстанда шығарылған Мұғалжар жылқысының атағы елімізге ғана емес, шетелдерге де мәлім. Әйтсе де, қылқұйрықтыны асылдандыруға бет бұруда шаруашылықтар тарапынан бейқамдық байқалады.

— Жылқының генетикалық паспортын жасақтау, асыл тұқымдыларды таңбалап, сұрыптау ісіне келгенде қазақы болмысымызға салынып, енжарланып кететініміз жасырын емес, — деді Нәбидолла Ақанұлы.

Сонымен қатар ғалым Қазақстан жылқыларының генетикалық ресурстарын басқару бойынша бағдарламасына енгізілетін ұсыныстармен таныстырып өтті. Атап өтер болсақ, отандық тұқымдық түрлілікті сақтауға жауапты ұйым құру, Қазақстандағы тұқымдық түрлілікті сақтау туралы заңның болуы, ірі шаруашылықтарда компьютерлік мәліметтер базасын құру, паспорттау жұмыстарын жіті қолға алу, таңбалау бойынша бекітілген нұсқаулықтар шығару, Қазақстанда мамандандырылған ғылыми орталық ашу сынды мәселелерді ортаға салды.

Осыдан кейін сөз алған ғалым Серікбай Рзабаев еліміздегі ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын сұрыптау, қазақы тұқымдардың ерекшеліктері, жылқыны асылдандыру мәселелері жөнінде кеңінен баяндады. Қазақ Қамбар ата түлігін сұрыптауды бағзы замандарда қолға алды. Соның нәтижесі Батыс өңіріне әйгілі Құдайберген мен Шоша байлардың кәмпескеленген жылқыларының негізінде ірі зауыт құрылып, асылдандыру жұмысы жолға қойылды. Міне, арада ғасырға жуық уақыт өткен соң, нақты селекциялық жұмыстың нәтижесіне қол жеткіздік деп айтуға толық негіз бар, — дейді жарты ғасырдан астам ғұмырын осы салаға арнаған ғалым.

Расында да, ғалымның шығарған мұғалжар мен көшім жылқыларының тебінге түсу, ет пен сүтінің емдік қасиеттері жылқышылардың арасында жоғары бағаланады. Айталық, Ақтөбе облысында мұғалжар жылқысының саумалымен емдейтін санаторий ашылып, оған еліміз, шетелден келіп демалатын қонақтардың саны жылма-жыл артып келеді. Қазіргі селекциялық жұмыстардың кенжелеп қалғанына қынжылысын білдірген Серікбай Сағитжанұлы бұған себептің алдын ала жоспардың болмауы, жұмыстың жүйелі ұйымдастырылмауы екенін айтады. Содан барып жылқы тұқымының азып, ұсақтануы белең алады.

С.Рзабаев селекциялық топты жинақтау үшін атқарылар қам-қарекеттерге жіті тоқталды. Айталық, алдымен қылқұйрықтылардың арасынан аса құнды үйірді, соның ішінде ірі айғырды іріктеп алу керек. Осы айғырдан келетін ұрпақтың өзінен де артық болуы үшін селекциялық жұмыстар жүргізіледі. Ол үшін айғырлардың ата тегін тіркеп, оның еттілігі, сүттілігі жағынан артықшылығын, тебіндік қасиетін қадағалаған жөн. Бұл жұмыстарды ғылыми тілмен айтқанда аталық ізді сақтау (асыл тұқымды айғырлардың үйір ұстау қабілетінің, тебінге, қыстың аязына шыдамдылығының ұрпағынан көрініс табуы) дейді. Мысалы, селекционер-ғалым Бархат, Зубр деген айғырлардан жақсы зауыттық линия шыққанын, оның ұрпақтарының талай мәрте Мәскеуде чемпион атанғанын тілге тиек етті. Бұл ретте болат тұяқтыны асылдандыруды мықтап қолға алған шаруашылықтың арнайы жылқыға арнап жасақталған расколы болуы керек. Оның өлшемдері: ұзындығы 2,5 метр, ені 80 см. Көпшілік иеліктерде осындай расколдер салынбаған, яғни бұл жердегі жұмыстың тиімділігі төмен.

BQO1

Семинар барысында сөз сөйлеген танымал атбегі Алтай Зинуллин жылқы еті, оның сүтінің өнімдеріне ерекше тоқталды.

– Жер бетіндегі адамдардың бәріне ортақ мәселе бар: таза су, таза ауа, таза тағам, — деді А.Зинуллин. — Осы ретте халыққа экологиялық таза өнімді ұсынып, ұлттық брендімізді қалыптастыратын кез келді. Бізде қазақтың жылқысы дегенде, олардың басының көбеюімен ғана шектелетін шаруашылықтар көп. Оның қымызы мен қазы-қартасын экспортқа шығарсақ, экологиялық таза өнімге қызығатын шетелдіктер жетіп артылады. Басқа елдердің жылқыларымен салыстырғанда, қазақы жылқылардың сүті мен еті талай ауруға ем екені мәлім. Ал жылқы малын асылдандырсақ, тиісті құжаттарын дер кезінде рәсімдеп отырсақ, он жылдың ішінде-ақ Қамбар ата түлігінің өнімдерін экспорттайтын әлеуетіміздің артады.

Сонымен бірге ол облысымызда ат спортын дамыту, оның еті мен сүтінің өнімдерін жарнамалау, ғылыми тұрғыда негіздеу үшін арнайы орталықтың ашылғанын баяндады. Қазіргі таңда орталықта 7 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Мысалы, Мөлдір Шәукенова бие сүтінің 7 түрін зерттеп, «Балалар тағамдарына арналған экологиялық таза бие сүтін өндіру» тақырыбында жобасын қорғаса, Балсекер Нұрғалиева жылқы тағамдарының 7 түрін дайындау туралы «Жылқы етін өндіруде инновациялық технологияларды енгізу» тақырыбында ғылыми материал дайындауда.

Палата директоры Еркегүл Тілеген де осы мәселенің өзектілігіне баса мән берді.

-Қазіргі заманда адамдар өз денсаулығын күтеді, яғни адам ағзасына зиян келтірмейтін тағамдарға сұраныс мол. Сондықтан нағыз жайылымда жайылған жылқының етін алуға ешқандай ел қарсы болмайды. Мысалы, Жапония, Қытай елдерінде жылқы етіне сұраныс жоғары, әйткенмен, жайылымға жерлері аз болғандықтан, олардың қылқұйрықтардың санын көбейтуге мүмкіндіктері жоқ. Ал қазақстандық жылқышылардың осы мүмкіндікті пайдаланып, өнімдерін экспортқа шығаруға еңбек еткендері абзал. Жеріміз кең, тиімділігі жағынан төрт түліктің қай қайсысынан да артық жылқы төлін өсіруге, оны асылдандыруға ешқандай кедергі жоқ, — деді Е.Тілеген.

Өнімді жылқы шаруашылығындағы асыл тұқымды есеп нысандарымен жиналғандарды аға ғылыми қызметкер Қалыбек Рзабаев таныстырып, оны толтыру тәртібі жөнінде баяндама жасады. Мысалы, бастапқы зоотехникалық асыл тұқымдық есепті жүргізу асыл тұқымды айғырлардың карточкасы, асыл тұқымды биенің карточкасы, үйірлік ведомосіне негізделеді. Сонымен қатар селекция жұмыстарымен айналысатын маман маусымдық қымыз фермасында биелердің сүт өнімділігін және төлдерді есепке алу журналын, шағылыстыру мен құлындауды есепке алудың жиынтық ведомосін, төлдің таңбалану журналын, жергілікті тұқымды жылқылардың бағалау ведомосін, асыл тұқымды жылқылардың бағалау нәтижелерінің ведомосін жүргізуі керек.

Соңғы 5 жылда өңіріміздегі жылқылар саны бар түліктің 17 пайызына дейін өсті. Себебі, оңтайлы бағдарламалар жасақталып, бұл саланың дамуына мемлекет тарапынан жағдай жасалуда. Мысалы, «Құлан» бағдарламасының қолжетімді несиесі қолға тиген соң, жылқы шаруашылығының нақты қарқын алғанын облысымыздың ауыл шаруашылық саласын бірнеше жыл басқарған Марат Оңғарбеков тілге тиек етті. Әйткенмен ішкі сұранысты толығымен өтеп, жылқы қорын ұлғайтамыз десек, мемлекет тарапынан қолдауды көбейткен дұрыс. Егер ірі қара малының тұқымын жақсарту үшін, тіпті, қолдан ұрықтандырғаны үшін де біраз жағдай жасалып, асыл тұқымды бұқа сатып алып баққан малшы қауымға субсидия бөлінсе, жылқыға мұндай игілік жоқтың қасы. Мысалы, асыл тұқымды айғыр сатып алғандарға мемлекет тарапынан жүз мың теңге, бие үшін қырық мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Асыл тұқымды жылқының етін, қымызын өндіру, төлін көбейту, асылдандыру ісіне субсидия болса, жылқы баққан ағайынның еңбегі қыза түсер ме еді? Жылқы шаруашылығын ұстап отырғандарға жер беру мәселесін де қарастыру қажет. Ғылымда бір құлынды биенің жайылымы үшін 16 гектар жер бөлу керектігі қарастырылған. Бірақ көп шаруашылықтарда ондай жер жоқ.

Марат Кенжетайұлы өз жылқы шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы селекциялық орталықтың қажет екенін айтты. Мәселен, ірі қараны көбейту үшін арнайы асыл тұқымды ірі қара орталығы құрылған, ал жылқы малын асылдандыру бойынша бұл іс кенже қалып тұр. Шаруа қожалықтары асыл тұқымды айғырды 700 мың теңгеге сатып алады, ал бұл қаражатты кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні анық. Селекциялық тұқымдық түрлендіруді жүзеге асыру үшін жақсы айғырлардан ұрық алып, оның қоры жасақталса, жылқы иелері қолдан ұрықтандыру тәсіліне көшер еді. Жоғарыда айтқанымыздай, бәленбай мың теңгеге айғыр сатып алып, үйірге қосқаннан гөрі, осы әдісті тұқымды жаңарту үшін пайдаланса, шаруалардың ұтары мол болатыны сөзсіз.

Семинардың тәжірибелік бөлімі Ақсуат ауылдық округіне қарасты Жанғабыл Сәтпаевтың «Ернұр-Ж» шаруа қожалығында өтті. 2010 жылы шаруашылық ашқан ол алғашында 10 мұғалжар, 1 көшім айғырын сатып алса, бүгінде тынымсыз еңбектің арқасында асыл тұқымды жылқы басын 1200-ге жеткізген. Бұл иелік жылма-жыл 600 бас жылқыны саудаға шығаруда. Шаруашылықтың басына стандарттарға сай раскол салған. Мұндағы мақсат – бір мезетте 10 биені сауып, жылқы сүтін өндіруді жолға қоймақ. Кәнігі шаруаның жылқы шаруашылығына қатысты жоспары орасан. Ол мұнда 1000 жылқыға арналған бордақылау алаңын салса, сонымен қатар күніне 1 тонна қымыз өндіру үшін тиісті жұмыстарды да жоспарлап қойған.

Семинарға қатысушылар қожалықтағы осы игі істермен танысты. Шара қорытындысында сертификаттар табыс етілді.

Әлия Шарапиева

zhaikpress.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!