Фархадтың пырақтары немесе көкпар бізге керек пе?

4021

…Өзің өмір сүріп, тірлік кешіп жатқан ортаңды бүге-шігесіне дейін білетін сияқты сезінесің кейде. Оның үстіне мамандығымыз да соны жүктеп, міндеттейтіндей.

Алайда кенеттен бір қызық тағдырлы, елден ерекше бір кәсіппен айналысатын адамды кездейсоқ кездестіресің де, «осы уақытқа дейін қалай білмегенмін?» деп өзіңді кінәлай бастайсың. Фархат Сәрсенбайұлы Сансызбаймен де кездейсоқ таныстық. Өзіміздің Алғаның Маржанбұлағында шаруа дөңгелетіп отыр екен. Бірден назар аударғанымыз Фархаттың әңгімесінен байқаған оның бойындағы үш ерекшелік болды…

… Қырыққа әлі жете қоймаған азамат алдымен ҚазАТК-ні бітіріп, теміржолшы мамандығын алып шығады. Қалада өскенмен атасының тәрбиесінде болған бала малсақ болып өссе де, заман талабына сай шойынжол кәсібін таңдады. Еңбек жолын қарапайым слесарлықтан бастады. Қоғам өміріне аралса бастап, ат жалын тартып мінген шақта кейбір діни мәселелердегі қайшылықтарды байқап, теолог мамандығы бойынша магистратураны бітіріп шықты. Білім қоржынын барынша байытқан жас жігіт бертін келе жеке кәсібін ашып, қазір екі бірдей серіктестікті басқарып отыр. «Защита КZ» және «Асылмұрат Құрылыс».

Әңгімеміздің кейіпкерін жан-жақты зерттеуге тырысатын әдетімізге басып, Фархаттың құрылыс саласындағы жұмысын да індеттік. Ауадан ақша жасайтын кейбір бір күндік фирмалар қатарынан емес, елден алғыс алып жүрген азамат екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерін еркін меңгерген Фархатқа қай сала да қиын емес сияқты көрінді бізге…

Байқап отырғандарыңыздай, Фархат айналысып жүрген үш кәсіп бір-бірімен қанша қайнаса сорпасы қосылмайтын салалар. Бірақ бәрінен де Фархаттың бізді қызықтырған қыры тіпті, бұл үшеуі де емес еді…

…Еліміз бойынша, біздің өңір «қолына найза беріп, жауға қоятын» ат үстіндегі халық аталса да, өкінішке қарай, батыс өңірде ат спорты кемшін дамыған. Содан да болар, республикалық, халықаралық додаларда оңтүстіктің жігіттерін жалдап, ұятқа қалып жүргеніміз жасырын емес.

«Көкпар тарту ойындары тек қазақта емес, Орталық Азия елдерінің кейбір елдері: ауған, қырғыз, өзбек, тәжік сияқты өзге де халықтарында бар деседі. Бұл спорттың шығу тарихын қаншалықты білеміз? Әуелден, бұл спорттық ойынның қай уақыттан бергі келе жатқанына назар аударсақ. Түркі дәуірінде бұл ойын жауынгерлердің әскери машығын шыңдау әдісі мен құралының бірі болған екен. Соның арқасында жауынгер аттарының соғыс барысындағы шапшаңдығы байқалған. Жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Содан бері біршама ғасырда бұл спорттың мақсаты мен міндеті біршама өзгеріске ұшыраған» дейді ғаламтор мәліметтері.

Ал, академик Ә.Қ. Марғұлан: «Сырдария мен Арал бойын мекендеген Сақ тайпалары жыл сайын қасқыр тотемінің құрметіне арнап, қатысушылары қасқыр терісін жамылып, маска киетін атты-спорттық мейрам ұйымдастыратын. Бұл дәстүр түрік-моңғол тайпаларында күні бүгінге дейін сақталды. Қазақ, түрікмен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкпар – көк бөрі» деген атаумен сақталған» деп тұжырымдайды.

Ғаламтор кеңістігін шарлауды қоя тұрып, соңғы жылдары БАҚ құралдарында бірнеше мәрте көтеріліп жүрген тақырыпқа назар аударсақ…

Жалпы, түркі бауырлардың, оның ішінде қазақтың да ұлттық ойыны болып есептелетін көкпар спортының айналасы да дау-дамайға толып кетті. Біреулер «қазандықты алып тастап, шеңбер сызу керек» деді. Енді бір осы сала мамандары «баяғыдан келе жатқан қазандықты қалдыру керек» деді. Сонымен бұл мәселенің соңы немен біткенінен хабарсызбыз, бірақ осы шу өңірлердегі, соның ішінде, біздің облыстың да көкпар саласына кері әсерін тигізгені анық. Өзі де «қашайын деп тұрған қоянға, «шәйт» дегесін не оңсын?» дегендей, ілдалдалап, легионер жалдап… «әйтеуір, облыстан команда қатысты» деген атқа ғана ие болып жүрген көкпарымыз… көкбөрі тартқан терідей күйге түсті.

Farkat

Дәл осы кезеңде біздің кейіпкеріміз облыста Көкпар федерациясын құрды. Осы федерация аясында ауыл жастарының арасында ұлттық ойындардың кең насихаты жүргізілді. Содан бері облыста көкпар ойындары тұрақты өткізіліп келеді. Әзірге аудандарда құрылған бес команда бар. Шалқар ауданының «Жылтыр» ауылында, Мұғалжарда, Талдысайда, Алғада және Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылында. Фархат өз ауылындағы («Алға» көкпар командасы) көкпаршыларының киімін, ат әбзелдерін түгелдей өз мойнына алған.

— Әзірге, «Буденный», ағылшын аттарымен шауып жүрміз. Өзімнің де көкпарға шабатын – «Талисман», «Сұлтан», «Көкдауыл», «Асылкүрең» атты төрт атым бар, — деп әңгімелейді Фархат бізбен сұхбатында. — Облыстық, республикалық турнирлерге қатысып жүрміз. Қазір бірте-бірте сүндет той, ас сияқты жиын-тойларда көкпар өткізуді әдетке айналдырып келеміз. Халықтың көзқарасы жаман емес.

Кейіпкерімізбен әңгімелесіп отырып, оның көкпармен айналысуын, шынымызды айтсақ, «жаңа қазақтардың» ермегіне балағымыз келген. Алайда, ұлттық идеология, ана тіліміз, ұлттық спорт десе, таңды таңға ұрып әңгімелеуге бар Фархаттың осы тақырыптар десе көзі жанып кететінін және кейбіреулердей өзеуремей, байыппен, білімді түрде сараптайтынын байқадық.

— Облыста ұлттық ат спорты аздап болса да дамып келеді. Көзі қарақты, тарихты білетін, кітап оқитын адамдар болмаса, көкпарды бізде, өкінішке қарай, көбісі білмейді. Сол олқылықтың орнын толтырсам, көкпар шабуға деген жас жігіттердің құлшынысын оята алсам, мақсатым орындалар еді.

…Аз ғана уақытта бірер сұрақтың айналасында мәселенің мән-жайын біліп аламыз деген ойымыз далада қалды. Балаларды атқа мінгізіп емдеу, жалпы жылқы өсіру, оның пайдасы мен қажеттігі… таусылмайтын тақырыптың көбесі сөгіліп кетті.

Атасының тәрбиесінде өскен Фархаттың қазақы ата-әже, нағашы институттарына, әйелдің от басындағы роліне деген көзқарасы да бөлекшелеу екен.

— Нағашы атам тәрбиесі менің малсақ болуыма әсер етті. Әсіресе кішкентайымнан жылқыға әуес болып өстім. Бозбала шағымнан оңтүстіктің жігіттерінің көкпар ойындарына қызығуды бастадым. Біздің өңірде бұл спорт түрінің жоқтығы намысымды қайрады. Сонымен… бастадым. Жасырмаймын, қалталы екенім рас, кәсібім бар. Бәлки, жеке адамдарға, тағы басқа қажетті жерлерге қайырымдылық көрсету де керек шығар, бірақ облыс көлемі ғана емес, батыс өңірлерде енді қозғалып жатқан осы шаруаны қолға алу керек деп шештім. Оныма өкінбеймін де.

Отбасымда бір ұл, бір қызым бар. Жұбайым жұмыс істемейді, менің пайымымда әйел үй шаруасымен, бала тәрбиелеумен, гүл өсірумен, тамақтың түр-түрін істеумен ғана айналысу керек. Әрине, бұл дегеніміз әйелдің екінші орында қалуы деген сөз емес. Жолдасымның да мамандығы бар, айналысатын хоббиі бар, бірақ «отбасын еркек асырау керек» деген – менің жеке принципім.

«Көңіл көңілден су ішеді» дейді қазақ. Ізімізден осындай жан-жақты, көзі ашық жастардың өртеңге біткен өлеңдей көптеп өсіп келе жатқаны жанымызды жадыратты. Ұлттық ат спорты туралы сұқбатымызға «Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?» деген кезекші сұрақты «жапсыра» салдық. Жауап – манадан бергі әңгімемізді жолда қалдырып, таңданысымызды тіпті күшейтті.

— Қазір көбіміздің көзіміз ашық, сауаттымыз. Мен Қазақстан көкпары үшін Италияның Колизейі, Испанияның коррида өткізетін Plaza Monumental аренасы тәрізді Қазақстанда да «Көкпар арена» болса екен деп армандаймын. Бәлки, республикалық деңгейде қолымнан келмес, бірақ облыста осы тәріздес бірдеңе ашуды ниет етіп жүрмін. Алға ауданының Маржанбұлақ округіндегі аттарымды Ақтөбеден заманауи атқора ашып сонда ұстамақ та ойым бар.

Не деген өршілдік, дені сау амбиция десеңізші?! Несі бар, қолынан келетін-ақ азамат! Тек қақпақылдап, шенеуніктер шалғайдан тартпаса, мұз қалашық салынып, көктемде еріп кететін, дұрысы – суға ағып кететін қаржының көзі табылып, облыс билігінен оң қабақ болса…

Армандар орындалады!

…Қырғыздар өткізген Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Ұлттық командамыздың көздерімен жер шұқып, «ауыздыға- сөз, аяқтыға- жол» болып қайтқанына қаны қайнамаған қазақ аз шығар. Футболдың Отаны – Англия, хоккейдің Отаны – Канада десіп жатамыз ғой. Ендеше көкпардың Отаны – Қазақстан болса ешкім бізді атымыздан аударып тастамайтын шығар!? Ол үшін қай-қай облыстан да, әсіресе батыс өңірлерден осылай бой көтеріп, бірақ нөсер астындағы қозыдай бытырап, басы бірікпей жүрген Фархат Сансызбай сияқты азаматтарға жоғары жақтың көмегі қажет-ақ.

Shara turmagambetovaШара Елеусіз, Ақтөбе облысы

«Жұлдыз» (Алға аудандық газеті)

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!