Торғай тұлпарлары: Қошқардың «Қайқыкері»

952

Мұхтар Қоденұлының «Ел атын шығарған жануарлар. Амантоғай алқабы мен Жалдама, Торғай бойында елдің атын шығарған аттар туралы бірер сөз немесе Сәйгүліктер» атты мақаласын жалғастырамыз. Бұл жолы Қошқар батырдың жан серігі болған Қайқыкер ат жайлы.

Argymaq.kz

Айтуға қарағанда кер ат ірі, белі қайқы, бірнеше күн шабысқа шыдайтын төзімді тұлпар тұқымы болса керек. Батырдың айтқанын түсінетін жан серігі болса керек. Көп жыл соғысқа мінген аты.

Аңызға қарағанда Қошқар насыбайшы болыпты. Насыбайы таусылғанда Терісаққан бойындағы насыбайшы досынан Кератқа мінгізіп адам жіберіп, насыбай алдырып атады деген аңыз бар. Кеткен жігіт келгенше үйге кірмей, төбеге шығып, қарап отырады екен.

Бірде, жауласқан адамдар Қошқар ауылының жылқысын айдап кетеді. Қошқар оларды қуып шығады. Жолдастары ере алмай батыр жалғыз қуа берген. Барымташылар жолдағы өзеннен өтіп кетеді. Қошқар келген кезде өзен бұрқырап тасып жатады. Барымташының басы жол тосып жалғыз қуғыншыны күтіп, жағада тұрады. Қошқар келсе сең аралас тасқын жүріп жатады. Қуғыншымен барымташы өзеннің екі бетінде кіжіңдеп тұрады. Бір кезде барымташы қалтасынан шақшасын алып, ер басына қағып-қағып насыбайын атады. “Ер болсаң жас кезіңде есеңді қайырарсың ” – деп мысқылдайды.

Қошқар “Оны кезінде көреміз. Қолыңдағы шақшаңды лақтыр менде насыбай атайын” – депті.

– Ер болсаң өзеннен өтіп келіп ат – дейді жортуылбасы.

– Солай ма? Ой, ақымақ! – деп Қошқар Қайқыкерді бір салып, тасқын суға қойып кетеді. Қайқыкер Қошқарды арғы бетке сыр еткізіп алып шығады.

Барымташы күміс шақшасын Қошқарға ұсынады. Алақанын толтырып насыбай атып, құмары қанған Қошқар шақшаны иесіне қайта ұсынады.

– Қошқар сен шын батыр екенсің. Шақшам сенде қалсын, екеуіміз ақыреттік дос болайық – деп қолын ұсынып, төсін ашады.

Екеуі төс тигізіп, дос болады. Қайқыкердің алғырлығы екі ерді дос етеді.

Қайқыкер күндіз кигіз үйде тұрып, кешкілік сыртқа шығып жайылады екен. Елге жау немесе, барымташы келсе, кісінеп ауылға келеді дейді.

Кене хан оңтүстікке ауысып, қырғыз бен соғыспақшы болып көшкенде хан кеңесінде Төлек Жәуке: «Бізге Қошқар ермесе, не маған Қайқыкерді бермесе мен Сізге ермеймін» – депті.

Қошқар: «Атқа мініп еруге денсаулығым келмейді. Атым Жәуке мен Аллаға аманат» – деп атын беріпті.

Жәуке соңғы шайқаста қатты жараланып, ес түссіз жатқанда Қайқыкер Жәукені иіскеп жаралының жанынан кетпесе керек. Оны көрген қойшы үйіне апарып, емдейді. Жәуке есін жиған соң үй иесіне: «Досымның аты еді, мені ажалдан құтқарды шылбырын мойнынан түріп, еркіне жібер» – депті. Ел менің амандығымды осыдан білер десе керек. Қайқыкер қанша жүргенін кім білсін әйтеуір Қошқар ауылына келіпті.

Атты көрген Қошқар батыр Төлектерге сәлем айтыпты: «Жәуке тірі іздесін» – деп.

Қайқыкер туралы аңыз әңгімелер көп. «Ат адамның қанаты, батырдың серігі – деген осындайдан шыққан шығар.

Mukhtar Q.Мұхтар Қоденұлы,

Амантоғай ауылы. argymaq.kz

(Негізге фото: Depositphotos)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!