Қайрат САБЫРБАЙ. Ақжал мен көкжал

7686

1

Бәрі ертегі секілді кешегінің,
Құпиясын өткеннің шешеді кім?
Сенесің бе, «сонау жыл Ақжал айғыр
Айқасыпты Көкжалмен» десе бүгін?

Ақжал айғыр – үйірдің тірек күші,
Топ жылқының ішінде жүректісі.
Көкжал қасқыр – даланың жыртқышы ғой,
Қанға тимей тынбайтын күректісі.

Бірі – тағы болғанда, тарпаң – бірі,
Тарпаңның да аз емес тартар жүгі.
Көк желкесін көкжалдың үзген Ақжал,
Әрекеті әркімді таңқалдырды.

Уақиғаның үңілсем тереңіне,
Өткен шақтың өрнек көп белеңінде.
Бола қоймас ол жағдай түсінікті
Тоқталмасам толықтау себебіне.

Ойың келмей, әуелі, қайырымға,
Бару қиын бұл жайдың байыбына.
Жылқының да жан-жағы қауіп-қатер,
Қысы-жазы жүрген соң жайылымда.

Талап жейтін жетсе егер кімге күші
Қасқыр жақтан қатердің күрделісі.
Жыртқыш аң деп біржақты жазғырмайық,
Оның солай болған соң күнкөрісі.

Жем болмай ма күштіге сақтанбаған,
Қапияда қор болып жатқан жаман.
Түздің-дағы түрліше тірлігі бар,
Әлі жеткен әлсізді қақпандаған.

Құлақ естіп, ешқашан, көз көрмеген,
Заңдылық көп далада өзгермеген.
Әрбір аңның соқпағы әр алуан,
Құла түзді тынымсыз кезгенменен.

Сезгендіктен дауыл мен құйын барын,
Бөрілер де сайлайды қиырдан ін.
Кезіккенді жей бермес кеселі бар,
Жемтік етер ол-дағы бұйырғанын.

Дала жайлы болмаңыз сөзіме таң,
Табиғаттың мұндайда өзі қатаң.
Жанын пида ететеді кезі келсе,
Жыртқыштың да серті бар өзіне тән.

Талайларды тағылық тепсіндірді,
Оған куә іңір мен кештің нұры.
“Қас қылмайды қасқыр да жолдасына”
Десек-тағы, керемет кекшілдігі!

Жортуылы бөлектеу бөрілердің,
Шабуылға шықпайды көбі тегін.
Болатынын айырып қауіп қайдан,
Танып-біліп жүреді төңірегін.

Жалпы жұртқа жыртқыштың тұрқы әйгі,
Жемесе де, жесе де ұрты майлы.
Қойға қасқыр шабады ермек үшін,
Ал, әрекет басқаша жылқы жайлы.

Тағыны да танып біл, күйін ұғын,
Тек қамы үшін жортпайды бүйірінің.
Аң да болса өздерін қуып жетер,
Сезеді екен жылқының жүйрігін.

Жылқышының қор болмай құрығына,
Қалу үшін өзінің тұғырында.
Ажалына ертең күн себеп болар,
Жүйрікті жоқ қылмақ құлынын да.

Міне, осындай қасқырда қағида бар,
(Қағиданы кім қалды тани алар?!)
Тілдесетін тылсыммен түйсігі зор,
Кетті-ау, әттең, келмеске, қариялар!..

2

Парағынан тарихтың жұлынбайтын,
Өтті күндер, керіге бұрылмайтын.
Жазғасалым шақ еді, ерте көктем,
Биелердің мезгілі құлындайтын.

Аса жыли қоймаған күн қабағы,
Қыс ызғары қайтса да, сыз қалады.
Күн сығалап қалың бұлт қапталынан,
Шашуға ол да шуағын бұлданады.

Күндіз мынау болғанда, түн оңай ма?
Қараңғыда келеді күмән ойға.
Қай уақыт екенін шамаларсың,
Лақтаса киіктер туар айда.

Жауын-шашын мұндайда жиілетіп,
Арық малды тасйтайды бүйірлетіп.
Көк қуалап мал біткен бытырайды,
Қыстан әрең шыққан соң күйі кетіп.

Ары-бері жүрісті ірку үшін,
Қосы қырда қашанда жылқышының.
Бытыратпай үйірді бағам десең,
Алдыменен сол жердің біл қыртысын.

Жас құлын да секілді нәзік бала,
Ширататын оны да азық қана.
Құлын ертіп болғанша бие біткен,
Жылқышыға қолайлы жазық дала.

Күндер жылжып жатқанмен бұрынғыша,
Қарасуық оңдырмас, ұрындырса.
Табын жылқы ішінде құлындайтын,
Бірі кәрі биенің, бірі – тұмса.

Бір орында тұра ма тұяқтылар,
Тұяқтылар қашанда қияққұмар.
Шалып оттап шарлайды неше қырды,
Шөбі ұнаған бөктерді тұрақ қылар.

Қыста өріс іздейді көктем түгіл,
(Дала жайын білмесең шеткері жүр).
Тойған жерде тоқ басып жата кетер,
Сиыр емес, жылқы ғой өйткені бұл.

Аяқасты мәжбүрлік келсін мейлі,
Өлең шөпті өлсе де менсінбейді.
Жылқы малы секемшіл болғандықтан,
Оны-мұны мекенді жерсінбейді.

Су тұнығын іздейді, шөп құнарын,
Кең даладан қандырар тек құмарын.
Жылқышымен жүріп қайт серуендеп,
Жылқы жайлы бар болса көп сұрағың.

3

Көңілдің қазбаласаң әр қабатын,
Өткеннен оқиға көп жалғанатын.
Берсе де төңірекке түн тыныштық,
Тағы бар қараңғыда қамданатын.

Аңдар да, адам түгіл, жортпақ түнде,
Бәріне азық табу – ортақ мүдде.
Әркелкі әрекеті әрбірінің,
Жортпайды қоян ғана, қорқақ мүлде.

Далаға келмей тұрып таң сілемі,
Жыртқыштың қайтарылмақ қанды кегі.
Бір торып қайтатұғын жылқы жақты,
Көкжалдың көптен бергі дағдысы еді.

Жүрсе де құдайдың кең даласында,
Жаралған тірлік үшін таласуға.
Жиектеп жылқы жақты жүретіні –
Жеп тынбақ кей құлынды арасында.

Қасқырдың қандай құлын аңдығаны –
Естіген адамды бұл таң қылады.
Көзіне бірден түспек көкшуланның,
Жылқының ертең болар арғымағы.

Жыртқыштың жыртқыштығы өздігіне,
Себеп бар дәл осылай көз тігуге.
Құртпаса құлынында жүйірікті,
Жетпей ме ертең күні өз түбіне!

Бұл жолы, міне, сондай құлын көрді,
Бір қыжыл көкірегін жұлып жеді.
Дәмі кеп таңдайына уыз еттің,
Шұбырды сілекейі тіліндегі.

Байқаған бұған дейін құлын қанша,
Ал, мынау әйгіленбек, тұғырланса.
Ұзатпай қуып жетер қашағанды,
Жалтарып бір жыңғылға бұрылғанша.

Тамсанып жас құлынның батылына,
Бойына бар ашуын шақыруда:
«Тажалы талай аңның болғалы тұр,
Аңшының тисе егер тақымына».

Туса да ақжал құлын кеше ғана,
Бойында өнер бардай неше дара.
Шабуыл жасамақшы жас құлынға,
Бөгет жоқ кезді тосып еш арада.

Ындыны ауып мүлдем ынтығады,
Құтырып сала берді құлқын әні.
Айласын асырмаса, алай-дағы,
Емес қой оңай олжа жылқы малы.

Жемтікке жасау үшін нық қадамын,
Әзірге жалғастырмақ бұқпалауын.
Оңтайлы сәтті тосып, тасаланып,
Құлынның тосу керек ұйықтағанын.

Үйірдің үріккенде басқалары,
Бұл келіп жас құлынды бас салады.
Тосыннан сопаң етіп шыға келсе,
Кемде-кем қылқұйрықтың қашпағаны.

Осылай көкжал құрды ұмтылысын,
Қашанғы соза бермек іркілісін.
Қанталап екі көзі, есі кетті,
Қатерді кейін келер құрту үшін.

Азуы елестетер қанжар жүзін,
Көкжалдың нысанасы – Ақжал құлын.
Көзіне түскен бірден құлын мынау,
Ертеңгі елесіндей ажалының.

Жиреніп жирен бие жат иістен,
Жусаған құлынды сәл тарпи түскен.
Биеменен арланның осы сәтте,
Көздері бір-біріне дәл түйіскен.

Жыртқышқа, құлынды кеп жаншымақ-ты,
Жасқанбай жирен бие қарсы шапты.
Арланның азу тісі оңдыра ма,
Биені қалжыратты, қансыратты.

Қарамай денесінің жарасына,
Арланға айбат шекті аласұра.
Тарпынып, тайсалмады жирен бие,
Анадай ара түскен баласына.

Құлынын қорғамаққа шыр айналды,
Үрейі бойындағы былай қалды.
Арбасу, айбат шегу, ақырында,
Бөрінің беті қайтты тым айбарлы.

Қан тамып шабы менен қолтығынан,
Сан еті ортасынан опырылған.
Тап болып қарсылыққа, кері қайтты,
Жыртқыштың жолы болмай жортуылдан.

Жанталас екеуін де деміктірді,
Сонымен қасқыр кетті кезіп қырды.
Биенің бауырында ақжал құлын,
Емшекті қанталаған еміп тұрды.

4

Ойласам ол да бүгін ескі бір шақ,
Мезгілді қоя алмайды ешкім тұсап.
Ажалдан аман қалған ақжал құлын,
Дөненнен, енді, міне, бесті шықпақ.

Ер салып баптап мінсе ердің бірі,
Білдіртпей жіберердей кемдігіңді.
Бітімі бөлектене бастаған соң,
Талқыға түсетұғын келді күні.

Өзара жылқышылар кеңес құрып,
Ақжалды қас тұлпарға теңестіріп,
“Ат қылып алсақ” дейді жастау жігіт,
Жүрмекші айдарынан жел естіріп.

«Ол үшін піштірелік, кестірелік,
Әйтпесе бермей кетер бестіде ерік.
Және де арқан іліп жіберелік,
Мойыны жуандар деп естіп едік».

Айтатын соңғы сөзді осындағы,
Қарады сол кісіге сосын бәрі.
Бәрінің ойын бөлмей тыңдағанмен,
Ешкімге қарт жылқышы қосылмады.

Оздырған талай мәрте боз қасқаны,
Байыппен бас жылқышы сөз бастады.
Танығыш тарланды да, тарпаңды да,
Жылқымен жаны бірге көз ашқалы.

Біледі құлынынан Ақжалды да,
Ойының бір жұмбақ тұр ар жағында.
Егделеу еңсесін ол тіктеп алып,
Мән берді ойлы көзбен жан-жағына.

Бір тоқтам жасамаса бәрі ойланар,
Жетпекші дегеніне қалайда олар:
“Бұл Ақжал – нысаналы жылқы емес пе,
Жылқыға нысаналы абай болар!” –

Деді де, сөзін ары сабақтады,
Дәптерін көңілінің парақтады.
Ақжалдың адуынын сезінсе де,
Ат қылсақ дегендерін жаратпады.

Сан рет өзі де оны салмақтаған,
Бұл сырды қайдан ұқсын мал бақпаған?
Мал құты болмақ мұндай жануарды,
Ежелден ата қазақ ардақтаған.

“Еркіне, тиіспей, біраз жіберелік,
Өнерін оның сонда білер едік.
Өзіне үйір жиып алары анық,
Бойында болса егер бір-ер ерлік.

Ерек мал, толығымен екшелінсін,
Қимылы, жүріс-тұрыс ескерілсін.
Ат қылып мініп алу қиын емес,
Танытпаса тұлпарлық еш белгісін”.

Соңында, келді осындай тұжырымға,
Тұжырым тиіс емес бұзылуға.
Ақжалға қандай шешім шығаруды,
Қалдырды бас жылқышы құзырына.

Бірінші үйірге сап сынамақшы,
Өйткені, тұрқы оның, сірә, тапшы.
“Көбейту керек керім жылқы түрін”,
Бәрі де осы сөзге құлақ асты.

Бұл кезде бекіп белі, топшылары,
Бұлшықты кеуде кеңіп, өсті жалы.
Жонданып шоқтығы мен желке тұсы,
Алыстан шалынатын қос құлағы.

Ақшулан жал-құйрығы бозға жақын,
Жібектей желмен бірге қозғалатын.
Секілді кәрлен кесе төңкерілген,
Тұяғы – тұяқ емес, жез болатын.

5

Сонымен, Ақжал бесті – Ақжал айғыр,
Су ішпес, ең әуелі, талғамай бір.
Түзелмей алдыменен аталығы,
Болмасын білген қазақ малда қайыр.

Мән беріп баға білсең тай-құлынға,
Айналмақ алдағы күн байлығыңа.
Тұқымы зор болуы, мол болуы –
Үйірдің байланысты айғырына.

Жылқыны бағудың көп үлгілері,
Мықты айғыр – жылқышының бір тірегі.
Үйірге еру емес, ие болу –
Айғырдың айғырлығын білдіреді.

6

Қашар кезде басқа мал шошып түнде,
Сойқан салған сол Ақжал тосын бірде.
Хайуанның қайран қып хас мінезі,
Жетті міне, үзілмей осы күнге.

Басылғанда далада қарлы боран,
Өрге бұрмақ жылқышы малды тәмам.
Омбылы қар ойпат жақ, қалың жылқы,
Тебінгіге қыратсыз мандымаған.

Қыста пана сай-сала қалтарысы,
Шыдатпайды жазықтың жалтаң тұсы.
Малға жайлы болғанмен, бұл маңайда,
Қасқырдың да жоқ емес қамданысы.

Қапы кетпес қасқырдың қамданысы,
Қамданысы жыртқыштың – жан бағысы.
Тағылардан үйірге қауіп төнсе,
Сынға түспек айғырдың арда күші.

Жайылымға таң ата жетті бүлік,
Шұрқыраған дыбыстар өтті жүріп.
Бір бүйірден бөрілер бұқпантайлап,
Табын жатқан кетпекші шепті жырып.

Арқыраған Ақжалдың соңындағы,
Үйір бірден үрікпей, шоғырланды.
Арқа тұтып айғырды биелер де,
Тай біткенді ортаңғы орынға алды.

Үйір басы шоғырды шыр айналып,
Алшаң басып аяқты жүр айбар ғып.
Бұлшық еттер бусанып, білеуленіп,
Алған тіпті тұрқы да шырайланып.

Көшті амалсыз қос бөрі айласына,
Шабуылды шешпекші пайдасына.
Тоспақ енді үйірдің бытырауын,
Мүләйімсіп ауаша жайғасуда.

Шыныменен бұл үйір үрікпеді,
Үріккені – тырнаққа іліккені.
Қорғайды екен жауынан жылқыны да,
Бір ортаға басының біріккені.

Ақжал өстіп сырт күшке беріспеген,
Айналып жүр үйірін желіспенен.
Шеңбер түсіп ізінен анағұрлым,
Қалың қарды тұяғы тегістеген.

Жиып алып алапат бойға күшті,
Ол осылай орнатты қорғанысты.
Айбатымен бүгінгі қасқыр түгіл,
Тоқтататын түрі бар жолбарысты.

Қос бөріде сыңай жоқ кері кетпек,
Жүріп алды үйірді төңіректеп.
Килігудің амалын күткен сайын,
Басылғандай бойдағы желік ептеп.

Шерте басып шіреніп шеңберменен,
Жал-құйрығын айғырдың жел кернеген.
Осы тұста ойқастап осқырынды,
Тұз тигендей жараға емделмеген.

Билеп-төстеп тұрғандай боз даланы,
Көкжал жаққа оқыстан көз қадады.
Жасын ойнап, жарқ етіп жанарында,
Көріністер көмескі қозғалады.

Көз алдына оралды құлын күні,
Енесінің таланған жұлым түрі.
Қайтатын кез кешегі кеткен есе,
Бұған соны бір тылсым ұғындырды.

Ширыққанда шиырлап ары-бері,
Көбейді бұрынғыдан әбігері.
Таңдайына бір кезде ұмыт болған,
Қан аралас саумалдың дәмі келді.

Әкелді ме әуеден көктің нұры,
Кеудесіне осылай кек тығылды.
Аласұрып қашанғы тұра берсін,
Көкжал жаққа кідірмей бетті бұрды.

Буырқанған бурадай құтырына,
Орынынан қозғалды ытырыла.
Көз алдында сол көкжал сойқан салған,
Тиіс емес ол енді құтылуға!

Бір қауіпті көкжал да сезді білем,
Бара жатты жылыстап өздігінен.
Жетіп барған Ақжалға айбат шекті,
Шыға келген тентектей кездігімен.

Бір-біріне екі жақ атылғанда,
Айып етпес, теңесек батырларға.
Тағының да серті бар, тарпаңның да,
Бір-біріне дегендей “қапы қалма”.

Көкжалыңның қаруы – тісі ғана,
Тісі тисе теңдессіз күші дара.
Арда өскен адуын асау айғыр,
Оңайлықпен мойынын ұсына ма!

Дала куә осы бір арпалысқа,
Дауыл тұрды ақ түтек кардан ұшпа.
Жер жадысын білетін жеті түнде,
Зар боп қалды көкжал бір қалтарысқа.

Оңай емес жан беріп, жан алысқан,
Ол да жақсы – жауыңды ала құшсаң.
Көкжал, бірақ, жер қуып, қала берді
Кетпен тұяқ тигенде қарақұстан.

Болмаса да жанашыр жүз жақыны,
Секілді бір көжал да түз батыры.
Өзі танып, кезінде қауіптенген,
Көкжелкесін сол құлын үзді ақыры.

***

Кеткенді кері қайтіп қайтарарсың,
Өткенді өшпес үшін қайталарсың.
Жырладым аңыз болып қалмас үшін,
Тарпаңның тағыменен тайталасын.

Сан жұмбақ қалған солай белестерде,
Сарыны жететіндей жел ескенде.
Білсеңіз, жылқыныңда естісі бар,
Есесін қайтаратын егескенде.

Көкжалға Ақжал есе жібермеді,
Ақжал ма, жылқышы ма, кім ерледі?
… Тақымы атқа жарып талай жанның,
Сан жүйрік сол үйірден жүгенделді.

12 мамыр, 2014 жыл
Безымянный777Қайрат Сабырбай, Семейден.
adebiportal.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!