Мерген ТОҚСАНБАЙ. Арғымақ боп туғандар

8680

Көкқасқа

kucumТарпаң мінез – тектілік сүйектегі,
Жарты дәнді көретін түнектегі.
Шұрқырасып табысар бір-бірімен,
Төл тумасын топырақ жүдетпеді.

Жер тарпып ап тұяқтың ұшыменен,
Құс құйрығын тістеген тісіменен.
Емін-еркін жайылып ен далада,
Айғырлары арқырап кісінеген.

Қайран үйір!
Сусындап бал бұлақтан,
Арайына шомылған таңның атқан,
Өткір желге тұратын қарсы қарап,
Арғымақ боп туғандар арғымақтан.

Беске шығып бекіген биыл жасы,
Көп жылқының Көкбурыл* үйір басы.
Тұяғымен тас жарған тарланым-ау,
Қолқасының игі еді қиылмасы…

Қу дүние түлкідей көп құбылды,
Біреуді – езіп, біреуді – әккі қылды.
Жайлаудағы жылқыда береке жоқ,
Қасқыр – заман өлтіріп Көкбурылды.

Көкбурылдың құрбан боп басы кеткен,
Үйір қалды кезігіп қасіретпен.
Тексіз Қызыл Мәстек кеп кіжіңдеді,
Ен далада Көкбурыл басып өткен…

Мекен еткен теріскей шет қиырды –
Қызыл Мәстек аздырды текті үйірді.
Таза қанды тұлпардың тұқымына,
Тозған тектің лас қаны кеп құйылды…

Қуып шықты үйірден сәуріктерді,
Бас көтерген біреуі сау кетпеді…
Сары Арқаға сыйғызбай Сібірге айдап,
Аз болмады әйтеуір әуре еткені…

Үйір іші бүлінген, басқа бүгін,
Көкбурылдың түсініп рас қадірін.
Көзіңе оттай басылар көп жылқының,
Ішіндегі жалғыз көк қасқа құлын.

Жегі желі заманның жиі үрледі…
Көкқасқаға қалқан боп үйірдегі,
Қарашықтай сақтаған сол құлынды,
Сары азулар ерекше мейірлі еді.

Сары азулар үйірдің шежіресі,
Бәрінің бар жылқыда өз үлесі.
Жаннан бетер қорғайды барлығы да,
Көкбурылдың ең соңғы көзін осы.

Ойнақтамай Көкқасқа құлын, тай боп,
Сырт көзге де сақтықтан ұрынбай көп.
Көкбурылдың намысы қанында ойнап,
Бестісінде жарады жұлындай боп.

Қара қылдай үміті үзілместен,
Желтоқсанның тағасыз мұзын кешкен.
Сары таңда Көкқасқа қарсы шапты,
Қызыл Мәстек құлады қызыл кешпен.

Беу, Көкқасқа жараған қара сүлік,
Қызу қаны тамырда аласұрып.
Құты қашқан үйірді біріктірді,
Көктем келді артта қап қара суық.

P.S.
Сол Көкқасқа – үйірдің киесі ұлы,
Сол Көкқасқа – жерінің иесі ұлы.
Атасынан аманат болып қалған
Ұлы дала тек соған тиесілі!
Ұлы дала тек соған тиесілі!

*Көкбурыл – Кенесарының соңғы жорығына мінген аты.

Кербесті-өлең

Аламанға қосқаным – Арда күрең,
Қала көрме, көз жазып
Ал, ағайын!

Ғалым Жайлыбай

Жас ақын Мерген Тоқсанбай

Жас ақын Мерген Тоқсанбай

Ойды аластап опықтан тоң боп қалған.
Ортекедей орғыса орды аттаған,
Омырауы обадай Кербестімді,
Ортаңызға ап келдім, мол баптаған.
Оңғарсын тек Құдайым, оң боп қадам!

Көркіменен көз тартып керім аймақ,
Күлік – жырды Мен келдім төріңе айдап.
«Көне дала төсінде бір көсіл»,- деп,
Қалды елім, «Қарақай», «Бөрібайлап».

Құшақ ашсаң алдымнан қайран далам,
Қанат бітер көңілге қайраңдаған.
Қандырайын шөлімді көлдеріңнен –
«Қырық мың жылқы су ішсе лайланбаған».

Күмбір-күмбір кісінеп көңіл деген,
Күңгір-күңгір күрсінген көгіңменен.
Ыстықсың-ау, Ереймен, биігіңнен,
Бұлдыр-бұлдыр көз салсам өмірге Мен.

Шатқалыңнан шабытым түлкіңді іліп,
Шалғыныңа аунасам шіркін, күліп.
Шиырланған әжім бет далаңды оқып,
Шежіреңді шаң басқан сілкіндіріп…

Кімдер келіп, кетпеген төскейіңе?
Күліп бәрін қарсы алдың дос пейілде.
Сері Ақанға озбырлық қылғандар да,
Нұралыны улаған қаскөйің де…

Кері айналып сөз етіп келмес күнді,
Қайтем қозғап көңілден өлмес мұңды?
Күреңбай, Толыбайдай сыншың бар ма?
Көрсетейін… сынасын Кербестімді!

Ал, дүбірге бөлейін даланы кең,
(Дүбір үшін әу баста жаралып ем.)
Арда жырым тең басып төрт аяғын,
Саз балшықтай тасты илеп табанымен.

Болат тұяқ жапырып жусаныңды,
Екпіні – Жел, көктегі қуса мұңды.
Бетегелі белдерді басып өтіп,
Бетке алып қоғалы Қусағыңды.

Қуаныштан алаулап жүзім жанып,
Ошақ орны сияқты ізім қалып.
Аш күзендей бүгіліп, оқтай ұшып,
Бәйгеңді алсам, шіркін-ай, бұзып-жарып!!!

Айым теріс тумаса, шалқасынан,
Аман өтер Кербестім жал, тасынан.
Жыланды өзек жанына жеткен кезде,
Сақта, Құдай, Батыраш балтасынан!

10425100_329114633945839_6205077119707409338_n

Мерген Тоқсанбай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!