Өспен жүйріктері жайлы

7184

Өспен жерін мекен еткен ел ардақтыларының тұлғаларын дәріптеп, бәйге аттарына дейін тамсана әңгімелейді. Өспендік атбегілер туралы жергілікті өлкетанушы, орта мектептің ұстазы, ел мен жер тарихының білгірі Нұржанов Файзолла Шәкімұлы былай әңгімелейді:

«Нілді елінде сонау ХІХ ғасырдағы Тоқа Тойынбектің «Тайкөгі» мен Ордабек қалпенің «Көкбурылынан» бастап, кешегі соғыстан кейінгі уақыттағы Сенбектің «Қақторысы», Иманжанның «Жіңішкеторысы», Боранның «Торысы», алпысыншы-жетпісінші жылдардағы Жолдыбайдың «Торысы», Рахманның «Шайтанторысы», одан кейінгі жылдардағы қожа Қайролланың «Күреңі», Оралдың «Байқоңыры», Аманның «Көгі», Жолдыбайдың «Қасқалдағы» мен «Тайбурылы», Тоқтамыстың «Алаяғы», Қайыркеннің «Торылары», Сембайдың «Көгі», Әйкештің «Торысы», Байзақтың «Торысы» тағы да басқа бәйге аттары Успеннің (Нілдінің) даңқын асқақтатты. Біздегі атбегілік өнер Успенде үзбей тойланатын 1-мамыр, 7-қараша мерекелерінде жанданып отырды. Аттарымыз сонау Баянауылдан, Ұлытаудан, Қызылжардан т.б. жерлерден бәйге алып жүрді. Кейінгі таза қанды жүйріктер қосылғалы қазақы аттардың тауы шағылып, халықтық қызық – бәйге байлардың бәсекесіне айналып бара жатқандай. Десек дағы, Әсеттің «Аймаңдайы» сол таза қандылардан озып, екі рет бас бәйгеге автомобиль алды. Таза қандылардың да бабын жақсы меңгерген Талғат, Қайыркен, Әміржан, Жолдыбай, Қапан, Ғалым, Егінбайлардың тұлпарлары автомобильдерді көзінен тізіп, бас бәйгелерді ұтып жүрді.
ХІХ ғасырда Баянауылдағы Қаржас елі атақты дуанбасы Мұсаның әкесі Шорманға ас беріп, алты алашқа сауын айтады. 9 дуаннан жиналған халық 70 шақырымға жіберілген 300 аттың бәйгесін қызықтайды. Бәйгенің алды болып Алтай-Қарпықтың екі аты: Алтайдан Саңырақтың Қияшы апарған Мінәсіптің «Меңсізқарасымен» Қарпықтан Тоқа Тойынбектің «Тайкөгі» үзеңгілесіп келіпті. Қияштың аты «Тайкөктен» құлағы озып келіп, мәреден өткен соң, «Тайкөк» алдына шыққан. «Қияштың бағы жүйрік, Тойынбектің аты жүйрік» деген сөз содан қалған.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бас кезінде Ақтоғай ауданының 60 жылдығы тойланып, бізден барған аттарды бәйгеге қосқызбай, дау болды. Шабандоз балалар ызадан булығып жылап, Орал мен Рахмандар ренжіген соң, сол кездегі Ақтоғай ауданының 3-ші хатшысы әйел адам екен, бірақ ер мінезін танытты. «Бұл той аз ғана басшы топтікі емес, мына халықтікі. Рұқсатты халықтан сұраңыздар» деуі мұң екен, Орал «Елім-ау, жұртым-ау, тойларыңды қызықтап келген ағайын едік, ат қосқызбай тұрсыңдар, мұндай сұмдықты қай аталарыңнан көріп едіңдер» деп айғай салғанда, қалың халық нөпірі «қосыңдар, қосыңдар» деп шулап, жіберілмек болып тұрған аттарды қоршап алды. Той басшылары лажсыз аттарымызды қосқызды. Әбиүр болғанда, арасына ат салмай біздің алты ат тізбектеліп, бәйгеден келді. Бірінші болып, Жолдыбайдың «Тайбурылы», екінші Сембайдың «Көгі», үшінші қожа Қайролланың «Күреңі» одан кейін Оралдың, Қайыркеннің, Рахманның аттары мәре сызығын қиды.
Сол 90-жылдардың басы болу керек. Балқашта Шашубайға ас берілді. Біздің елден екі құрдас: Жолдыбай мен Рахман бәйгеге ат апарды. Атбегілердің әдеттері – бір-біріне ашылып сыр айтпайды және бәйге аттарын да көрсете қоймайды. Ол уақытта бәйге біздің ауылдан басқа жерлерде онша дами қоймаған болатын және біздің аттар ғана бәйгеде бір-бірімен таласып жүретін.
Бәйгеде жол бермей жүрген Жолдыбайды бір сүріндіруді ойлаған Рахман бір қарабайыр қаракер атты құйрық-жалын сүзіп, саптағы қатарға тұрғызып қояды. Жолдыбай өз тәсілімен қатардағы аттарды көріп өтіп, өзі атына кеткенде, Рахман қатардағы атын атақты «Метрбас» қаракермен ауыстыра салады. Оны Жолдыбай байқамай қалады да, шабандоз баласына «Рахманның атынан қауіп жоқ, атты қинамай, соңғы айналымда ғана тізгінін босатарсың» деп тапсырады. Аттар қоя беріліп, «Метрбас» сөредегі 50-60 аттан суырылып шығып, атқып жөнелгенде, жолдыбай санын соғып қалады. Сол ұзағынан ұзап, «Метрбас» бірінші келіп, Рахман мотоцикл алады. Құрдасынан айласын бір асырып, қарқ-қарқ күліп, мәз болады.
1989 жылы Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығы тойланды. Ми қайнар ыстықта ат шабар алдында ауылдан алып келген бие сүтін «Қасқалдаққа» ішкізе алмай тұрған Жолдыбайға: «Қасқалдағыңыз» дұрыс, ал мынау қорашты неге әкелгенсіз, деп сұрап едім, Жолдыбай «бүгін осыдан көресің қызықты» деп шынын айтып қалды. Айтқандай-ақ сол қораш бәйгеден бірінші келіп, кейіннен «Тайбурыл» атанып, он жылдай бәйге бермей қойған сәйгүлікке айналды. «Қасқалдақ» ол жолы үшінші болып келді».

Ібірахым Ісләмұлы, Жомарт Оспан.
«ӨСПЕН: ел мен жер шежіресі» кітабынан

1 comment

  1. Жулдыз 28 Наурыз, 2015 at 09:24 Жауап беру

    Осындай акпараттар жиі беріліп тұрса екен. Жалгыз Айса ауылынын жуйриктери туралы бір емес бирнеше китап жазуга болады

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!